Хабар телеарнасы

Әлем климатты құтқару үшін өндіріс орындарын жабуға дайын ба?

200 млрд доллар 2030 жылға қарай климаттың өзгеруі және оның салдарымен күресу үшін дамушы елдер жыл сайын осынша қаржы жұмсауға мәжбүр болады.

Дубайдағы жиында Біріккен Ұлттар Ұйымы осындай мәлімет жариялады. Бұл болуы мүмкін шығынның бер жағы ғана. Жалпы әлем елдері қандай қадамдар жасауда, нендей жоспарлары бар? 

Ердәулет Ыбырайұлы, шолушы:
- Климаттық мәселе әр ел, тіпті әр қала мен ауылдың халқы сезетін жағдайға жетті. Өзімізді мысалға алсақ. Былтыр құрғақшылық, биыл жауын-шашын мол болды. Қазіргі қыс мезгіліміз әдеттегіден әлдеқайда жылы болып тұр.

Әлем бойынша айтсақ – теңіз суының деңгейі көтеріліп, дауылдар жиілеген. Тек осыған бейімделу яғни қауіпсіздік шараларын жасау үшін дамушы елдер жыл сайын кемінде 200 млрд доллар ақша жұмсауы тиіс. Сондай-ақ барлық құрлықта орман өрттері жиілеген. Жаһандық жылынудың алдын алу үшін, ең алдымен әлем елдері өндіріс орындарын азайтуы тиіс. Сарапшылардың есебінше тек осындай қадам ғана климаттың өзгеруін бәсеңдетеді. 

Деннис Фрэнсис, БҰҰ Бас Ассамблеясының төрағасы:
- Градустық межені ұстап тұрудың жалғыз тұрақты жолы қазба байлықтарға тәуелділікті азайту. Әлем халқымен жаһандық жылынумен күрес жолында жеңіске жетейік. Париж келісімін сақтайық.

Осы климаттық тақырыпқа қатысты Қазақстан әлеуметтік арт жоба жасаған. «Әлем бейнесі» атты бұл картина бұған дейін халықаралық көрмелерде көрсетіліп, Гиннестің рекордтар кітабына енген болатын. Дубайдағы саммите де халықаралық өнертанушылар мен сарапшылардың жоғары бағасына ие болды. Туынды жаһандық мәселелерді шешудегі ынтымақтастықтың нышанына айналып отыр.

Джамал Алхарби, саммитке қатысушы:
- Өнер жобасы расымен де әсерлі. Әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған адам оны тамашалауда. Бұл туынды климаттың өзгеруіне қатысты әрқайсымызға ой салады. 

Әлем нақты қадамдарға кешуге ниетті. Соның дәлелі Дубайдағы жиында климаттың өзгеруіне қарсы күрес қоры құрылды. Оның басты бағыты құрғақшылық – су тасқынының салдары және теңіз деңгейінің көтерілуінен болатын залалдардың алдын алу және салдарын жою. 

Дженнифер Морган, Германияның климат бойынша арнайы елшісі:
- Бұл күрделі мәселелерді шешіп, мақсатымызға жете алатынымызға үміт беріп отыр. Осының арқасында қазбалы отыннан біртіндеп бас тартып, жаңғыртылатын энергия көздерін арттырамыз. 

Айта кетейік, жаңа қордың алғашқы салымшылары да бар. Біріккен Араб Әмірлігі мен Германия – 100, ал Ұлыбритания – 51 млн доллар бөлді.