Хабар телеарнасы

Қытайға қатысты жөнсіз үрей болмауы тиіс – Тоқаев

Президент «Егемен Қазақстан» басылымына берген сұхбатында сыртқы саясаттағы еліміздің басты мақсаттарын айтып берді.

Қазіргідей аумалы-төкпелі геосаяси жағдайда шетелдік серіктестеріміздің бәрімен, әсіресе көршілерімізбен өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту маңызды. Қазақстан осы бағытынан айнымай, бұл жолда үлкен жетістіктерге жетті.

Әлемнің түрлі аймақтарында болып жатқан қақтығыстар Еуразияға да әсер етіп жатыр. Осындай жағдайда ең алдымен өз елі мен халқының мүдделерін ойлау керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан тиімді әрі салиқалы сыртқы саясат жүргізу арқылы өзінің ұлттық мүддесін қорғап, стратегиялық міндеттерін орындап келеді. Біздің өзгермейтін мақсат-мұратымыз бар. Бұл – еліміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтау, Қазақстан азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау, экономикамыздың орнықты дамуына барынша қолайлы жағдай жасау.

Халықаралық мәселелерді тек бейбіт жолмен шешу керектігін үнемі мәлімдеп жүрген Қазақстан тәуелсіздікке ие болғаннан кейін барлық көрші елдермен шекарасын межелеп, өзара тиімді сауда-экономикалық қатынастарын дамытып келеді. «Алыстағы ағайыннан жаныңдағы көрші артық» дегендей Қасым-Жомарт Тоқаев: «Елімізде Қытайға қатысты баяғы қасаң түсініктерге негізделген немесе бізге сырттан таңылған жөнсіз үрей болмауға тиіс», - дейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазіргі Қытай – өте жоғары дамыған, соның ішінде озық технология саласында зор табысқа жеткен мемлекет. Мұны бүкіл әлем мойындап отыр. Сондықтан шығыстағы көршімізбен ынтымақта болу, достық қарым-қатынас пен өзара сенімнің артықшылықтарын тиімді пайдалану Қазақстан үшін аса маңызды.

Қазақстан мен Қытайдың қарым-қатынасы достық, тату көршілік және мәңгілік стратегиялық серіктестік рухында қарқынды дамып келеді. Екі елдің өзара тауар айналымы 24 млрд 300 млн долларға жетті. Мемлекет басшысы Сианьда бірінші «Орталық Азия – Қытай» саммитіне қатысты.

Сарапшылар: «бұл жиын Бейжіңнің аймақтағы 5 елмен қарым-қатынасының алдағы бағытын айқындайды», - дейді. Орталық Азия елдерінің әлеуетін Қытайдың орасан зор экономикалық қуатымен ұштастыру керек. Мұны саммитте Қазақстан Президенті айтты. Барлық мемлекеттер, соның ішінде ұлы державалар да Орталық Азия аймағымен берік байланыс орнатқысы келеді. Былтыр Си-5+Еуроодақ және Си-5+АҚШ өткен саммитер бұған дәлел. Орталық Азия аймағында 76 млн халық бар. Энергетикалық, экономикалық ресурсқа да бай.

Сондықтан тағдыры мен тарихы ортақ елдердің болашағы – өзара мығым байланыста. Осыны әу баста ескерген Қазақстан 2015 жылы С5+1 форматын ұсынған болатын.

Бекболат Тұрмаханов