Хабар телеарнасы

Футбол. Легионерлер және сан мен сапа

Футбол. Легионерлер және сан мен сапа

Футболшыларымыз Солтүстік Ирландияны ұтып, мерейімізді көтеріп тастады. Футбол тарихында Әлем чемпионатына үш рет қатысып, тіптен жартылай финалға дейін жеткен. Сол себептен футбол отаны саналатын Англия жерінде ұтысымыз салмақты. Ағылшындарға қазақтар қазір осылай доп тебе алады деп жігеріміз бен мінезімізді көрсетіп қайттық.

Бұрын-соңды футболдан ұлттық құрама Еуро ойындарының іріктеу кезеңінде қатарынан үш жеңіске жетпеген. Сондықтан үшінші жеңісті қазақ футболының, қазақ спортының үлкен сенсациясы ретінде қабылдадық, қуандық. Аяқ доп сарапшылары әсіресе Солтүстік Ирландиялық құраманы жеңу қиынға соғады-ау дескен. Расымен солай болды, соңына дейін екі командада қақпадан саңылау таба алмады. Ал 81-минутта алаңға шыққан Абат Айымбетов 87-минутта жалғыз өзі жарты алаңды жүгіріп өтіп, гол салды. Бұл жеңіс голы болатын.

Абат Айымбетов, Футболдан Қазақстан Ұлттық құрамасының шабуылшысы:

- Ол соңғы минут болды және біздің ойыншылар шамалы шаршап қалды. Ол жерде видеоны қарап өтсеңіздер, беретін адам да болған жоқ, жан-жағыма қарап та үлгермедім. Футболда доли секунд деп атайды. Тәуекел, жан алысып, жан беріскен сәт! Солай болды.

Біздің мамандар да, жанкүйерлер де мұны тарихи жеңіс деп бағалады. Алайда, құраманың бапкері әліптің артын бағып отыр. Әлі алты ойын бар.

Магомед Адиев, Футболдан Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері:

- Бұл, әрине, ойын аралық нәтиже, бірде ұтамыз, енді бірде ұталымыз. Айтқым келгені, бізді дәл осы ойындармен бағаламайды. Соңғы нәтиженің маңызды екенін бәріміз білеміз, сондықтан біз соңына дейін күресеміз.  

Қыркүйекте Қазақстанмен бірдей 9 ұпай жинаған Финляндияға қарсы ойын өтеді, ары қарай Солтүстік Ирландиямен қарымта ойын бар. Осы екі ойынның нәтижесі маңызды болғалы тұр.

Аслан Қаженов, спорт журналисі:

- Жігіттер қазір жақсы ойнап жүр, командалық ойын ғой, ойыншылар арасындағы үйлесім, тактикаға байланысты бір-біріне пас беруде қалыптасып келе жатыр. Бірақ ол енді әртүрлі жағдайларға байланысты өзгеруі мүмкін, тұрақты болмауы мүмкін. Өйткені бір легионерді әкеп тығып жатыр, Ресейден Зуев деген. Ол қалай ойнайды, білмейміз.

Ұлттық құраманың бас бапкері Магомед Адиев Александр Зуевтің ұлттық құрамада ойнайтынын жасырып отырған жоқ. Тобылдың түлегі, соңғы бірнеше жыл Ресей азаматы болып, көрші елдің бірқатар клубында өнер көрсетті. Жартылай қорғаушы енді көк паспортты қайта алып жатыр.

Магомед Адиев, Футболдан Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері:

- Мен аты-жөнін айтпаймын, бірақ кейбір үміткерлер бар, Футбол федерациясы арқылы құрамаға келгісі келеді. Маған федерация президенті жағдайды айтады, ал мен болсам, бірден бас тартамын. Себебі олардың көксегені - ұлттық құрамының жеңісі емес, материалдық девидент. Әрине, ондай ұсыныстар менің шамыма тиеді. Ал Зуев болса, олардың қатарынан емес деп санаймын. Ол өзі сұранып, ұлттық құрамаға келіп жатыр.

Сұранып келген және сырттан келіп жатқан легионерледің легі аз емес біздің спортта. Әсіресе футбол, хоккей, баскетбол клубтарынан өзге елдің азаматтарын көп көреміз. Айлықтары миллондап саналады. Бірақ нәтиже аз, деп ашынады спорт журналисті, спорт жанашыры Аслан Қаженов.  

Аслан Қаженов, спорт журналисі:

- Тартқанда Роналду мен Мессиді әкеп қойса, бір жөн, қайдағы жоқ Молдова деген елдердің екінші, үшінші девизионында жүрген ешкім танымайтын, ешқандай нәтиже көрсетпейтін жігіттерді әкеледі. Санамалап жаздық, күніне 1 млн теңгеге дейін табатындар бар.

2021 жылы Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса футбол командаларында 166 легионер жүр деп айтқан еді. Қазір де бұл сан көбеймесе, анау айтқандай азайған жоқ.

Аслан Қаженов, спорт журналисі:

- Бір жаманы қазір бізде Ресей, Армиян, Беларусь ойыншыларын легионерлерге қоспайды, шет елден ғана оның сыртынан ғана әкеле аламыз 8-ді. Хоккейде де солай осы елдердің ойыншылары легионер болып есептелмейді және Канада, Америкадан үйіп-төгіп әкелдік, хоккейшілерді, ресми 8 млрд теңге бөлінді деген ақпарат шықты, «Самұрық-Қазынадан» ол. Бірақ КХЛ оны 2,5 млрд» деді. Қалған 5,5 млрд қайда екенін білмейміз. Ешкім бермейді, есеп беруді міндет деп ойламайды жалпы. 

Бұл қаржы «Спорт қоры» арқылы өткен жылы клубтарға берілген еді. Аз ақша емес. Тек «Барыс» хоккей клубына 8 млрд теңге. Ал ондағы кейбір ойыншылардың айлығы 40 млн теңгеден асады деген де ақпарат шыққан еді. Әрине, ондай қомақты сомма шет елден келген легионердің қалтасына түседі. 

Асқар Хамиден, «Спорт қорының» баспасөз хатшысы:

- Хоккейде де өткен жылы 12 команданың арасында соңғы орын алды деген пікірлер, осы журналистер арасында талқыланды олардың жалақысы. Ол туралы бірінші кезекте біз бюджеттен тыс ақша-қаражатын бөлу бойынша бірыңғай оператор болғандықтан, клубтардың маусымға берер өтінімдерін қараймыз. Ол жерде бізге арнайы әр ойыншының айлық жалақысын немесе жылдық жалақысын емес, бірінші кезекте жалақы қорын ұсынады. Сол бойынша шешімдер қабылданады.

«Спорт қоры» клубтарға бөлінген қаржының сұрауы бар екенін айтып отыр. Маусым соңында нәтиже сұралады. Егер тиісті жеңістерге қол жетпесе, ол клубтың алдағы бюджетіне әсер етуі мүмкін-мыс.

Асқар Хамиден, «Спорт қорының» баспасөз хатшысы:

- Әрине, көп мөлшерде бөлінген қаржының кейбір тұстары балаларға жетпей жатады. Легионерлерге, негізгі командаларға кетіп жатады. Сол тұрғысынан бізге көп ойлану керек сияқты.

Ойлану бөлек, шешім қабылдап, оны іске асыру бір бөлек. Жүйе демекші, қазір миллиондаған қаржы алатын «Барыс» хоккей клубында ғана жағдай бар. «Қалған спорт мектептері өлместің күнін кешіп отыр», - деп базына айтқан ата-ана бар.

Мемлекеттік деген аты болғанымен де, ақша жинап баланы жарысқа апару, жаттықтырушыға қосымша ақша жинау әлі бар. 

Нұрболат Туысбайұлы, Астана қаласының тұрғыны:

- Мен салыстырайын, менің балам баратын мамандандырылған нөмірі 10-мектебі мен «Барысты» алуға болады. «Барыстың» бұл жерде жақсы мүмкіншілігі ата-ана мен балаға олар бүкіл эпикировкасын өзі әпереді. Сосын Ресей сияқты басқа да Еуропа елдеріне балаларын жарысқа шығаратын болса, ата-ананың қалтасын қақпайды. Онда да өзіміздің жора-жолдастарымыздың балалары бар ғой, ауыздарынан естіп жатамыз. Ал мына әкімшілікке қарайтын 10-мектепте ондай мүмкіндік жоқ. Баланы сыртқа шығара алмайды. Эпикировкасын түгел алып бере алмайды.

Осы мәселені ретке келтіру үшін кулбтарға бөлінетін қаржының шекті соммасы белгіленген еді, мәселен өңірлердегі клубтар оның ішінде футбол және шайбалы хоккейге бөлінетін қаржы 1,2 млрд теңгеден аспауы керек. Ал басқа клубтардың маусымдық шығыны 450 млн теңгеден жоғары болмауға тиіс. Бірақ «Астана» футбол командасы «Барыс» секілді командалар регламент арқылы қомақты қаржы алады, сәйкесінше легионерді көптеп тартады. Міне осы жүйе алдағы уақытта өзгеретін болды.

Айгүл Бектенова, ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары:

- Қазіргі уақытта министрлік заң жобасын әзірлеп жатыр, лемиттерді қоюға өзімізге компетенция қосып жатырмыз.

Нақтырақ айтсақ, клубтардың жұмысына министрліктің өзі араласып, тиісті шешімдер шығарып отырмақшы. Бұған дейін ондай мүмкіндік болмаған еді. Мамандар: «Күзде заң жобасы әзір болады», - деп отыр.

Сәкен Сейітханұлы, Тоқтар Терлікбаев «7 күн»