Хабар телеарнасы

Италияда бокстан Олимпиадаға іріктеу турнирі басталады. Спорт жаңалықтары

Бүгін Италияда бокстан Олимпиадаға іріктеу турнирі басталады. Қазақстан атынан жалпы саны 11 боксшы Париж ойындарының лицензиясына таласады. Шаршы алаңға алдымен бұрымды былғары қолғап шеберлері шығады. Жарыс 12 наурызда аяқталады. Ал бүгін елордаға Париж олимпиадасының бойтұмары келді.

Қазақстанға Париж Олимпиадасының ресми бойтұмары келді.

Ойындардың естелік белгісін Францияның еліміздегі Төтенше және өкілетті елшісі Дидье Канесс Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевқа табыстады. Кездесуде алдағы Олимпиада ойындарына әзірлік барысы сөз болды. Кейінгі жылдары Қазақстан Франциямен спорт саласында екі жақты байланысты нығайтуға ниетті. Министр Алматы облысындағы олимпиадалық дайындық базасында Париж ойындары қарсаңында бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткізуді ұсынды. Сонымен қатар француз делегациясын 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындарына шақырды.

Ермек Маржықпаев, ҚР Туризм және спорт министрі:
-Бүгінде бізде 19 лицензия бар. Сегіз спорт түрінен. Өкінішке қарай Токио Олимпиадасына қарағанда аздау. Токио Олимпиадасында осы уақытта 30 лицензия болған. Қазір алдымызда 60 лицензиялық турнир бар. Сол 70-тен астам лицензия алсақ деп үміттеніп отырмыз.

Қазақстанда футболдан әйелдер лигасы құрылады.

Бұл жайында жаңа маусым алдындағы салтанатты жиында айтылды. Турнирге еліміздің бес өңірінен алты команда қатысуға ниет білдірді. Сонымен қатар ерлер футболында да жаңа жарыстың тұсауы кесілді. Ол лига кубогы деп аталады. Оған 16 команда қатысады. Ұтыс қоры 1 млн АҚШ долларын құрайды. Жаңа маусым қарсаңындағы жиында отандық футболдың жаңа бойтұмары таныстырылды. Биылғы премьер-лига 1 наурызда басталады. Алғашқы матчта елорда дербиі өтеді. «Астана» жоғарғы лигаға қайта оралған «Жеңіспен» кездеседі. Астаналық клубтардың ойыны Алматыда өтеді. Себебі «Астана арена» жөндеу жұмыстарына байланысты биылғы футбол ойындарын қабылдай алмайды.

Қазақстандық велотрек шеберлері Азия чемпионатынан олжалы оралды.

Велоспортшылар құрлық біріншілігінде 4 алтын, 2 күміс, 4 қола медаль ұтып алды. Жасөспірімдер мен жастар арасындағы чемпионат Үндістан астанасы Делиде өтті. 23 елдің жүйріктерін жинаған жарысқа еліміздің атынан 17 спортшы сынға түсті. Ердәулет Егізбай скретч бағдарламасында жеңіске жетті. Аружан Рақымжан мен Мария Елькина да алтыннан алқа тақты. Жерлестеріміз қыздар арасындағы командалық жарыста екінші орыннан көрінді. Данияр Шаяхметов жекелей сында күміс жүлде еншіледі.

Таэквондодан олимпиадаға іріктеу турнирі 15 наурызда Қытайдың Тайань қаласында өтеді.

Қазақстан атынан Париж ойындарының лицензиясына Мария Севостьянова, Жансель Дениз, Самирхон Абабакиров және Батырхан Төлеуғали таласады.