Хабар телеарнасы

Шымкентте стенд атудан әлем кубогының маңызды кезеңі өтеді

Шымкент қаласындағы стенд ату орталығында 2026 жылғы әлем кубогы жолындағы жарыс өтеді. Мұндай шешімді спорттық ату түрлері бойынша Азия конфедерациясы шығарды.

Халықаралық ұйым мамандары еліміздегі спорттық инфрақұрылымдарға сараптама жүргізіп, нәтижесінде Шымкент және Алматыдағы жарыс алаңдарын барлық талапқа сай деп таныған. Дауысқа салу нәтижесінде 2026 жылғы лицензиялық доданы Шымкентте ұйымдастыру туралы шешім қабылданды.

Айта кету керек, мұндай деңгейдегі жарыс елімізде алғаш рет ұйымдастырылғалы отыр. Бұған дейін оңтүстікте тапанша және винтовкамен нысана көздеуден Азия чемпионаты өткен болатын. Құрлықтық жарыс келер жылы да өтеді деп жоспарланып отыр.

Сондай-ақ Алматы облысындағы стенд ату алаңында алдағы күзде Азия кубогының жалауы желбірейді. Бұл бәсеке де ресми түрде күнтізбеге бекітіліп, қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр. «Мұның барлығы еліміздегі ату спорттарының дамуына ықпал етіп, кәсіпқой спортшыларымыздың шеберлігін шыңдауға айтарлықтай   көмектеседі»,- дейді отандық мамандар.