Хабар телеарнасы

«Үркер» байқауына биыл 1056 материал келіп түсті

Қазіргі қазақ журналистикасының екі төл сыйлығы бар. Екеуі де былтыр тағайындалған. Бірі – телевизиялық «Тұмар», екіншісі – баспасөз сыйлығы «Үркер». Биыл наурыз айында өткен «Тұмар» ұлттық сыйлығы қазақ телевизиясының 60 жылдығына арналса, осы жылғы «Үркер» сыйлығы «Қазақ» газетінің 105 жылдығына орайластырылмақ. Себебі заман өзгерсе де, қазақ баспасөзінің мақсаты өзгермек емес. Ол – халықтың көзі, құлағы һәм тіліне айналу.

«Үркер» сыйлығына «Үздік фотосурет», «Үздік репортаж», «Үздік сұхбат» сынды 14 аталым тағайындалып отыр. Жүлде қоры да қомақты, бір млн теңге. Үздіктер 28 маусымда жарияланып, марапатталатын болады.

Жыл өткен сайын «Үркердің» шоқтығы биіктеп барады. Байқауға былтыр келіп түскен жұмыстардың саны 700-ге жуық болса, биыл байқауға 1056 материал келіп түсіпті.

Сәбина Хасенова, байқау «Қазконтент» АҚ менеджері:

- Биылғы «Үркерге» өтінім қабылдау 10 маусымда аяқталды. Оған 1056 өтінім келіп түсті. Қазіргі күнде олар қазылар алқасына берілді, қаралып жатыр. Биылғы «Үркерде» негізгі акцент аймақтық БАҚ өкілдеріне берілді. Жұмыстардың жартысынан көбі осы өңірлік БАҚ өкілдерінен келіп түсті.