Хабар телеарнасы

«Нұр Сұңқар» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Салтанатты жиынды ашқан партия Төрағасының бірінші орынбасары Мəулен Əшімбаев бұл байқау журналистер арасындағы бәсекелестіктің күшейіп, отандық журналистиканың дамуына оң ықпал етіп отырғанын айтты.

Конкурс 10 аталым бойынша өткізілді. 9-шы рет ұйымдастырылып отырған байқауға 200-дей журналист 800-ден астам еңбегін тапсырған. Оның 85 пайызға жуығы мемлекеттік тілде екенін де ерекше атап өткен жөн. Марапатқа ие болғандардың арасында «Хабар» Агенттігінің» журналистері де бар. Байқаудың «Рухани жаңғыру» аталымы бойынша қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын ілгерілетуге қосқан үлесі үшін «Болашаққа бағдар» бағдарламасының продюсері Ысқақ Дүйсенбайұлы және «5 бастама» номинациясында «Хабар 24» телеарнасының шеф-редакторы Шалқар Қожаев жеңімпаз атанды.

Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары:

-Қазақстанда Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен үшінші жаңғыру процесі жүзеге асырылып жатыр. Барлық салаларда, экономикада, әлеуметтік салада, саясатта, рухани өмірімізде үлкен өзгерістер жүзеге асырылуда. Осы мәселеге келген БАҚ-тың маңызы ерекше. «Нұр Сұңқар» байқауын өткізіп, жеңімпаздарды марапаттау керемет жақсы дәстүрге айналып келе жатыр. Жыл сайын осы байқаудың беделі, нәтижесі өсіп жатыр деуге негіз бар.

Ысқақ Дүйсенбайұлы, «Болашаққа бағдар» бағдарламасының жетекшісі:

-Ұжымдық жеңіс, сондықтан ең алдымен осыны ұйымдастырған «Нұр Отан» партиясына, осындай мүмкіндік берген, осындай бағдарламаны жүзеге асыруды сеніп тапсырған «Хабар» Агентігінің» басшылығына үлкен алғысымды білдіремін.