Хабар телеарнасы

«Junior Eurovision» балалар ән байқауына қатысу талаптары жарияланды

Биыл «Junior Еurovision» балалар ән байқауына 19 мемлекет қатысады. Байрақты бәсекеге алғаш рет Қазақстан да өз үміткерін үкілеп қосады. Еуропалық хабар тарату одағының мүшесі ретінде «Хабар» телеарнасы қазақстандық жас буынның додаға қатысуына барынша ықпал етті.

Жалпы бұл әлемдік жарыста ел намысын қорғайтын жеткіншектерге қойылатын басты талап – ән мәтінінің 60 пайызы өз тілінде жазылуы шарт. Еуро-поп стилінде болуы тиіс. Әрине, байқау ережесі мұнымен шектелмейді.

Ел ішінде әнді жан-тәнімен сүйетін өнерлі балалар жетерлік. «Junior Еurovision» ән байқауы ерекше дауыс иелерінің әлемге танылуына жол ашпақ. Биыл алғаш рет Қазақстан да халықаралық додаға өкілін қатыстыра алады. Іріктеу конкурсына «Хабар» арнасының сайты арқылы тіркелуге болады. Ынталы балғындар мен олардың ата-аналары арнамызға жиі хабарласып, талаптарына қатысты сан түрлі сауалдар қояды.

Айдос Тұрысбек, «Хабар» телеарнасының бас продюсері:

- Ән бұрын-соңды еш жерде орындалмауы керек. Баланың өзі жазған немесе орындаушыға арналып жазылған авторлық ән болуы керек. Қазір менің ойымша, көп бала ән жаздырып жатыр. Талап бойынша бала өзі туралы мағлұматпен бірге сол әнді де біздің ресми сайтымызға жүктеуі керек. Сол әнді тыңдау арқылы біз балаларды іріктейтін боламыз.

Байқауда 9-14 жас аралығындағы балалар бақ сынайды. Әннің ұзақтығы 3 минуттан аспауы керек. Үміткерлер үш кезеңдік іріктеуден өтеді.

Әлжан Әбдірахманов, «Хабар» Агенттігі» АҚ интернет жобалар дирекциясының директоры:

- Біріншіден, 31 тамызға дейін байқауға қатысушылардан өтінімдер қабылданады. Одан кейін 31 тамыз бен 7 қыркүйек аралығында қазылар алқасы дауыс беру арқылы финалға шыққандарды анықтайды. Үшінші кезеңде, яғни қыркүйек айының аяғында ақтық сынға жолдама алғандардың қатысуымен гала-концерт ұйымдастырылады.

Гала-концертті «Хабар» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді. Көрермен мен қазылар алқасы дауыс беру арқылы ел атынан Минск қаласында өнер көртесетін жезтаңдай әншіні анықтайды.

Айдос Тұрысбек, «Хабар» телеарнасының бас продюсері:

- 25 қараша күні Минскіде өтетін байқаудың өзі тікелей эфирде өтеді. Жеңімпазды сол жерде отырған қазылар алқасы анықтайды және көрермендердің дауыс беруі арқылы да анықталады. Бұған қоса, 19 елдің өзінде 5 адамнан құралған қазылар алқасы болады. Оның 3-еуі ересек, 2-еуі 16 жасқа дейінгі бала. Тікелей эфирде Минксідегі эфирге қосылып, өзіне ұнаған балаға өз дауысын береді.

Абайша айтқанда, «құлақтан кіріп, бойды алар, көңілге түрлі ой салар» жақсы ән мен ерекше дауыс иесі анықталады. Әрі қас-қағым сәтте тасадағы талант әлемге танылып, өзге де халықаралық байқауларға жолдама алады.

Авторлары: Гүлмайра Қуатбайқызы, Болатбек Тобалдиев