Хабар телеарнасы

Қазақстанда 200-ден астам шетелдік телеарнаның өкілдігі ашылады

Қазақстанда шетелдік 219 телеарнаның өкілдігі ашылады. Бүгін бұл туралы Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев айтты. Биыл 9 қаңтарда «Теледидар және радио хабарларын тарату туралы» жаңа заң күшіне енді. Оған сәйкес, ел аумағында хабар тарататын шетелдік теле-радио арналар 9 шілдеге дейін өкілдіктерін тіркеуі тиіс еді.

Бүгін министр бұл 219 компанияның контенті мен жарнама жөнінде тікелей келіссөздер жүргізілетінін жеткізді. Ал өз өкілдігін тіркемеген 88 арнаның жұмысы Қазақстан аумағында тоқтатылады. Алайда министр бұл шетелдік телеарналар қалап жатса, өкілдік ашып, әрі қарай жұмыс істеуге рұқсат берілетінін айтады.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

- Шетелдік арналар Қазақстанда мүлдем болған жоқ, адамдары да болған жоқ. Ол тек бізде көрсетілді, біздің талаптарымызға, келіссөздерімізге қатысқан да жоқ. Сондықтан олардың өкілдіктері елімізде ашылып, олармен тығыз жұмысты бастаймыз.