Хабар телеарнасы

Отандық инноваторлар кез келген қызметті жеңілдету жобаларын ойлап тапты

Сандық технология сан саланы қамтып отыр. Мына көрме соған дәлел. Қазақстандық инноваторлар кез келген қызметті жеңілдету жобаларын ойлап тапқан.

Индира Жылқайдарова, тілші:

- Мына жоба «Диджитал жолдар» деп аталады. Инноваторлар көлікке арнайы датчик орнату арқылы жолдардағы шұңқырларды анықтауға болады дейді. Мәселен, Астана жолдарында 167 ойық бар екен. Компания мұндай датчиктерді полиция, жедел жәрдем машиналары мен қоғамдық көліктерге орнатуды ұсынып отыр. Қазіргі уақытта әкімдікпен келіссөздер жүргізілуде.

Ал мына IT стартап арқылы коммуналдық қызмет саласын цифрландыруға болады. Есептегішке датчик орнатып, ыстық-суық су, көгілдір отын төлемін қадағалауға мүмкіндік бар.

Мирус Құрмашев, IT компания құрылтайшысы:

- Кішкентай датчигіміз бар. Әрбір счетчикке қосылады, жаңадан алудың қажеті жоқ. Ол мәліметтерін тікелей әкімшілікке жібереді.

IT технологиялар арқылы электрондық еңбек кітапшасын да жасауға болады. Блокчейн жүйесі негізінде жасалған кітапшаларда қызметкерге берілген баға, оның еңбек жолы туралы мәліметтер түзетілмейді.

Жанат Жахметова, «Зерде» ҰАХ басқармасы төрағасының орынбасары:

- 4 ай бойы мемлекеттік органдармен бірлесіп цифрландыру күндерін өткіздік. Бүгінгі көрмеде қазіргі уақытта 40-тан астам отандық IT компаниялар қатысуда. Олардың негізгі мақсаты – өздерінің бар IT шешімдерін мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларға көрсету. Кемінде 4 меморандумға қол қоюды жоспарлап отырмыз.

Көрмеде ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін көп жоба ұсынылды. «Құпия ақпаратты қадағалау технологиясы негізінен күштік құрылымдарға арналған», – дейді мамандар.

Авторлары: Индира Жылқайдарова, Әли Сәрсенбаев