Хабар телеарнасы

«Junior Eurovision 2018»: Үміткерлер сахнада жүріп-тұру мәдениетін меңгеріп жатыр

«Junior Eurovision 2018» байқауына Қазақстан атынан баратын үздік әншіні анықтау үшін Алматыда өтетін гала-концертке дайындық қызу. Халықаралық додаға қатысуға үміткер 10 бала ән айтып қана қоймай, сахнада еркін қоғалып, би өнерін де меңгерулері тиіс. Сондықтан оларды байқауға дайындап жүрген хореографтардың да жауапкершілігі зор.

Алатау баурайындағы әсем Алматыда өтетін гала-концертте жеңімпаз әншіні таңдау оңай болмайын деп тұр. Бұл байқауға қатысатын балалардың барлығы барын салып, өз өнерлерін жан-жақты көрсетуге тырысып бағуда. Қазір олар қаладағы ең үздік би мектептерінде сахнада жүріп-тұру мәдениеті мен әртүрлі қимыл-әрекеттерін үйреніп жатыр.

Александр Филиппов, хореограф:

- Менің дәрісіме келген үміткерлер жайында айтар болсам, өте еңбекқор, айтқанымды екі етпей орындайды. Кеше үйреткен би қимылдарын бүгін жаттап алыпты. Қазір биіміз 95 пайызға дайын, тек аздаған түзетулер енгізуім қажет.

«Байқауға қатысқалы отырған дарынды балалардың барлығының бойынан өнерге, білмегенін үйренсем деген құлшынысты байқап отырмыз. Біз тек оны дамытып, аша білуіміз керек», – дейді ұстаздар.

Дарья Филиппова, хореограф:

- Бізге екі үміткерді дайындау керек деген тапсырма берілді. Алдымен режиссерлармен кеңесіп, қандай би композициясын құруымыз керектігін анықтадық. Біздің үміткердің таңдаған әні де ерекше. Музыкасы да әдемі, сол себептен биді соған лайықтап қоюды ұйғардық. Меніңше, композициямыз көпшілікке ұнауы тиіс.

Биыл «Junior Eurovision 2018» халықаралық ән байқауына әлемнің 19 елінен үміткер қатысады. Олардың ішінде Ресей, Сербия, Нидерланды мемлекеттерінің әнші балапандары бар. Бұл халықаралық додаға Қазақстан мен Уэльс мемлекеттері алғаш қатысқалы отыр.

Авторлары: Индира Оразалинова, Валентин Лобанов