Хабар телеарнасы

«Junior Eurovision 2018»: Мейіржан Жидебай халық әндерін бала күнінен орындап жүр

Ақтөбелік Мейіржан Жидебай – «Junior Eurovision 2018» байқауы финалына жолдама алған жеткіншектің бірі. 7-сынып оқушысы бұған дейін де бірнеше республикалық және халықаралық сынға қатысып, жүлделі орынды иемденген. Сондықтан Минск қаласында өтетін «Eurovision Junior» байқауына жолдама алудан үмітті.

Жас әншіге алғашқы музыкалық тәлім-тәрбие берген анасы көрінеді. Кәсіби музыкалық білімі бар Бақытгүл Дәрменова бала күнінен ұлттық нақыштағы әндерді орындауға еліктірген. Ақан сері мен Үкілі Ыбырай, Біржан Салдың шығармаларын, халық әндерін Мейіржан мектеп табалдырығын аттағаннан орындап жүр.

Бақытгүл Дәрменова, М.Жидебайдың анасы:

- Алғашқы вокалдық сабақтарды өзім бердім және де креативті түрде жақсы, осы заман табалына сай әндерді орындау үшін жақсы маман іздедім. Осы үш жылдан бері Лаура деген есімді вокалист апайынан сабақ алып жүр.

Кезекті вокал сабағының алдында таза ауамен демалып, серуенге шығу күнделікті әдетке айналған. Бұл дұрыс дем алып, тиісті нотаны орындау үшін маңызды.

Қыркүйек айының 22-ші жұлдызына жоспарланған байқауға дайындық қызу жүруде. Бұл – музыкалық жетекші Лаура Таусарова үшін де жауапты сәт. Талантты жеткіншекті баптап, жаңа белеске жеткізу ұстаз үшін жетістік деп біледі.

Лаура Таусарова, М.Жидебайдың ұстазы:

- Қазір Мейіржанда мутационный период болып жатыр. Сондықтан дауысы жайлап өзгере бастап жатыр. Сол мезетте дауысын қадағалап, дұрыс қою, сондай-ақ болашақта басқа конкурстарға қатысуға жоспарларымыз бар. Бірақ қазіргі таңда бар күшімізді осы конкурсқа салып жатырмыз. Жақсы, елеулі орын алудан үміттіміз.

Қазақ эстрадасының әлемнің өзге елдерінен артықшылығы болмаса, кем емес екендігін дәлелдеу – Мейіржан Жидебайдың басты мақсаты. «Бұл орайда жол бастаған аға буын өкілдері де бар», – дейді.

Мейіржан Жидебай, байқауға қатысушы:

- Негізі барлық әншінің өнерін бағалаймын. Барлық әншінің өнері ұнайды. Бірақ ерекше айтып кететін сүйікті әншім – Димаш Құдайберген. Ол – қазақ елінің мақтанышы.

Димаш Құдайберген кезекті жеке концертіне дайындық үстінде болса, жерлесі Мейіржан «Junior Eurovision» сахнасын бағындыруға бел буған. Ал оның қорытындысы 22 қыркүйек күні «Хабар» арнасында белгілі болмақ.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Гүлмира Досмұратова, Айбек Даутов