Хабар телеарнасы

ҰОС ардагері Қ.Некібаев: 2015 – біз үшін мерейлі жыл

Ақсақал тағдыр қосқан қосағымен 67 жыл бақытты өмір сүріп келеді. Өмірдің қиындықтарына қарамастан ерлі-зайыптылар 10 бала сүйіп, бүгінде солардың қызығын көріп отыр. 

Қожатай Некібаев ел басына күн туғанда 17 жасар бозбала еді. Жас жауынгер қан майданда Украина жерлерін азат етіп, Ұлы Жеңісті Венада қарсы алады. Елге оралған соң, саналы ғұмырын ұстаздыққа арнайды.

Қожатай Некібаев, ҰОС ардагері 

-Қазақшалап айтқанда, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман. Міне 2015 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап зейнетақы тағы көтерілді. Осының барлығы халқымыздың, зейнеткерлеріміздің әл-ауқатының жыл сайын жақсара бергендігінің белгісі.

Ардагердің жұбайы Айша Некібаева соғыс жылдары тылда еңбек еткен. Қиын-қыстау жылдары жұптары жазылмаған екеуі 10 бала сүйіп, олардан 25 немере, 16 шөбере көреді. Бүгінде бүтін бір әулеттің аузы дуалы ақсақалы мен ақ жаулықты әжесі атанып отыр.

Айша Некібаева, жұбайы 

-Ол кезде жаңа тұрмыс құрғанбыз, үй жоқ. Квартирада тұрған күніміз де болды. Қиыншылығына қарамастан, қол ұстасып екеуміз өмір сүрудеміз. Бәрін жеткіздік. Осы хәлге келіп, үкіметіміз үй беріп, тіпті оңды заманға кездесіп жатырмыз.

2015 – Некібаевтар үшін мерейлі жыл. Биыл олар отағасының тоқсанға толуы мен Ұлы Жеңістің 70 жылдығын қатар атап өтпек.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев, Дмитрий Рура