«Қария» телехикаясы жарық көреді - "Хабар" телеарнасы
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

«Қария» телехикаясы жарық көреді

Осы күзде «Хабар» арнасының эфирінде әлеуметтік бағыттағы «Қария» телехикаясы жарық көреді.

Атауы айтып тұрғандай бұл қарттар мәселесін қозғайтын картина болмақ. 80%-ы шындыққа негізделген туынды қарттар үйінде өмір сүретін тұрғындардың талайлы тағдырын суреттейді. 

Оқиға желісі бойынша безбүйрек бала алпыстан асқан әкесін Қарттар үйіне тапсырады. Сағы сынған қария ұлынан көрмеген жылуды аталмыш мекеменің қабырғасынан іздейді. Алайда бұл жерде де жағдай мәз емес болатын. Дегенмен, басты кейіпкер Әбілғазы қария жас кезінде тергеуші қызметін атқарған. Сондықтан туындаған мәселелерді шешуге бел буады. Ол үшін материалдық құндылықтар ешқашан бірінші орында болмаған. Мінезі тік, жұмысына және айналасындағы адамдарға өте адал, сабырлы, батыл және еңбекқор Әбілғазының рөлін М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бауыржан Қаптағай сомдайды. «Мен Әбілғазы деген кісіні ойнаймын. Өте ауыр рөл. Фильмдегі негізгі мәселе Қарттар үйі, сол жердегі тағдырлар, сол жердегі адамдар. Көп нәрсені қарттармен сөйлесіп, қарттар үйінен көрдік. Ондағы азаматтардың 90%-ы өзіміздің қазақтар. Өз кейіпкерім арқылы осы күрделі мәселені көрсеткім келеді» дейді Бауыржан Қаптағай.

Туындының басым бөлігі Алматы қаласында орналасқан Қарттар үйінде түсірілген. «Бала-шағасы теріс айналған, түрлі өмір қиыншылықтарын бастан өткерген қарияларымыздың жанында жүріп сол тақырыптағы дүниені түсіру оңай болмады. Дегенмен де, ата-апаларымыздың көз жасы, мұңы, үйіне деген сағынышы, өзара қарым-қатынастары – осының барлығын ашып көрсете алдық деп ойлаймын» дейді фильм режиссері Асхат Мұсабай. Режиссердің дәл осы тақырыпты таңдауының басты себебі Қарттар үйінің саны артып, ата-анасынан безген балалардың көбеюі екен. «Қазақ халқы ешқашан қарияларын қараусыз қалдырмаған. Ал қазіргі таңда бұл мәселе үлкен өріс алып барады. Қарттар үйінің тұрғындары күн санап көбеюде, оған өзіміз куә болдық. «Қариясы бар ел – қазыналы» дейді, сондықтан да осы сериалымызды көргеннен кейін кемінде бір адам әкесін не шешесін Қарттар үйіне апару ойынан бас тартса – соның өзі біз үшін үлкен жетістік» дейді режиссер.

Хикаяда Бауыржан Қаптағайдан өзге Досжан Жанботаев, Ерболат Тоғұзақов, Айқын Төлепберген, Алмас Шаяхметов, Гүлнәр Байбосынова сынды танымал актерлар бой көрсетеді. «Біздің сериалда кәсіби актерлармен қоса, Қарттар үйінің тұрғындары да түрлі рөлдерді сомдады. Олар өз кейіпкерлерінің образдарын жақсы аша алды деген ойдамын. Дегенмен, түсірген дүниеміздің бағасын көрермен берер» деп ойын түйді режиссер Асхат Мұсабай.

Айта кетейік, аталмыш туындыны «Хабар» арнасы қыркүйек айынан бастап экранға шығармақ.

Гүлнұр ӨТЖАНҚЫЗЫ,

«Ана тілі» газеті, 2 тамыз, 2017 жыл

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

Приложение Хабар для iOS Приложение Хабар для Андроид

Хабар 24 Телеканал Kazakh TV  Телеканал ЕЛАРНА

яндекс.ћетрика

 Тумар EXPO 2017 Акорда Электронное правительство Казахстана

© 2017 «Хабар» агенттігі. Барлық құқықтары қорғалған.