Қариялардың қилы тағдыры - "Хабар" телеарнасы
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Қариялардың қилы тағдыры

5 қыркүйектен бастап «Хабар» телеарнасында жаңа телехикаяның тұсауы кесіледі.

Режиссер Асхат Мұсабайдың «Қария» деп аталатын туындысында қарттар үйінің мәселесі баяндалады. Картинада басты рөлді М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері, Еңбек сіңірген қайраткер Бауыржан Қаптағай ойнайды. Актермен «Қария» фильмінің төңірегінде аз-кем тілдескен едік.

– «Қария» телехикаясының түсірілімі аяқталды, аз уақытта көрерменге жол тартады. Драма не туралы?

– Қария туралы телехикаяның түсірілімі көктемде басталған еді. Қазір түсірілім толығымен аяқталды. Режиссері – Асхат Мұсабаев. Бас продюсері – Нұржайна Жұмаділлаева. «Қария» деп атауы айтып тұрғандай, картина қарияларымыз туралы болады. Жай ғана қариялардың өмірін емес, қоғамдағы ең өзекті проблемалардың бірін көрсететін туынды. Балалары қарттар үйіне тапсырған қарияның тағдырын баяндаймыз. Түсірілім кезінде қарттар үйінде болып, сондағы ата-апаларымызды көрдік. Олармен сөйлесудің өзі қиын, қарттар үйіне қалай келгенін айтқысы кел¬мейді. Көздерінде үлкен мұң бар, сол мұңмен жүреді. Бірақ ешнәрсені білдірмеуге тырысады. Ең қиыны, сол жердегілердің тоқсан пайызы – қазақтар. Оларды көріп, жүрегің ауырады. Сол қасіретті көрсетуге тырыстық.

– Телехикаяда қарттар үйінің проблемасы ашық көрсетіле ме?

– Біз, актерлер қауымы телехикаяны көрген жоқпыз. Сондықтан бұл сұраққа жауап беру қиын. Түсірілімнің басынан бастап жүргендіктен, кейбір нәрселерді байқайтының рас. Айтып кеткенімдей, қарттарымыздың сол үйде жүргені, сол жерде өмір сүргені жанға қатты батады. Қазір заман өзгерді ме, адам өзгерді ме, бұл – үлкен трагедия. Балалар ата-анасын қарттар үйіне ала жүгіретін болды. Тіпті орын жоқ дегенді де айтып жатты.

– Баласы қарттар үйіне өткізген адамның рөлін сомдау оңай болмаған шығар… Кейіпкеріңіз қандай адам?

– Қай рөл оңай болсын?! Өнерде ешнәрсе оңайлықпен келмейді. Біз шамамыз келгенше кейіпкерді сомдап, көрерменге танытқымыз келеді. Алғаш сценарийді оқыған кезде маңызды жоба екенін түсіндім. Былтыр бірінші бөлімін түсіріп, «Хабар» арнасына жіберген еді. Шығарма-шылық ұжым ұнатқан болуы керек, рұқсат беріп, осы жылы түсіріп біттік. Түсірілім ешкімге жеңіл соқпады. Сыртымыз бүтін, ішіміз түтін болып жүрдік. Қарттар үйіне кірген соң көзімізге жас алдық.

Әбілғазы деген кісінің рөлін ойнаймын. Жас кезінде тергеуші қызметін атқарған қария үшін материалды құндылықтар ешқашан бірінші орында болмаған. Мінезі тік, жұмысына және ай-наласындағы адамдарға өте адал, сабырлы, батыл және еңбекқор. Баласы қарттар үйіне тапсырғандығына қарамастан сол жерде жүріп талай былықтың бетін ашады.

Бұл – әлеуметке ой салатын маңызды драма. Әке-шешені тапсыру деген өте қиын, қазақта болмаған, санамызға қайшы келетін нәрсе. Халық көрер, бағасын берер.

Әңгімелескен – Гүлнұр ДОСБОЛ,

«Айқын» газеті,

30 тамыз, 2017 жыл

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

Приложение Хабар для iOS Приложение Хабар для Андроид

Хабар 24 Телеканал Kazakh TV  Телеканал ЕЛАРНА

яндекс.ћетрика

 Тумар EXPO 2017 Акорда Электронное правительство Казахстана

© 2017 «Хабар» агенттігі. Барлық құқықтары қорғалған.