Біз туралы баспасөз

«Тікелей эфирде» – Ләйла

«Тікелей эфирде» – Ләйла aikyn.kz

Ләйла Сұлтанқызы «Хабар» телеарнасына ауысты. 17 қазаннан бастап тележүргізуші көрермендерімен тікелей эфирде қайта қауышады. Жаңа жобаның мақсаты мен бағыты туралы Ләйла ханыммен тілдескен едік.

– «Қазақстан» ұлттық арнасынан кеткеніңізде «шетелге барып, білім аламын» деген едіңіз. Оқуыңыз аяқталды ма?

– Басты мақсатым – ұлдарымның арманын орындау. Олар футбол ойнайды. Сол себепті жазғы демалысында танымал Еуропа клубының академиясынан білім алды. Қосымша тіл үйренді. Балаларыммен бірге өзім де ағылшын тілін жетілдіріп келдім.

– Үйренген жерді тастап кету оңай болмаған шығар…

– Бұдан трагедия жасаудың қажеті жоқ. Кішкентай бала емеспін, өз бағамды білемін. Ересек адамдардың бір нәрсені үйренуі әрі одан бас тартуы қиын болады дейді. Солай болуы да мүмкін. Бірақ маған соншалықты қиындық тудырды деп ойламаймын. Өмір болған соң түрлі кезеңдерді бастан өткізуге тура келеді. Тіпті бәрін жаңа парақтан бастайтын да уақыт болады.

– Instagram-дағы парақшаңызда жаңа жоба бастағаныңызды жаздыңыз. Қандай бағдарлама? Форматы қалай болмақ?

– «Хабар» телеарнасынан «Тікелей эфирді» бастайын деп отырмыз. «Әйел бақыты» аты айтып тұрғандай, тек әйелдерге арналған жоба еді. «Тікелей эфир» – еркін форматтағы ток-шоу. Түрлі тағдыр иелерін, шешімін таппай жүрген түйткілдерді көрсетеміз. Мақсатымыз – қоғам назарына ілінген ерекше оқиғаларды талқыға салу, кезек күттірмейтін мәселелердің тобықтай түйінін табу. Сондай-ақ танымал тұлғалар мен әлеуметтік желі жұлдыздары біздің қонағымыз болады. Телеарна басшыларымен бірнеше рет кездесу барысында мұндай бағдарламалар елімізде аз екенін түсіндік. Әлеуметтік, мәдени, ойын-сауық бағдарламалары бар, бірақ кез келген тақырыпты көтере беретін ток-шоулар аз. Оның үстіне «Хабар» арнасында көрермендерге арналған тікелей эфирдегі бағдарлама жоқ. Сондықтан идея арна басшыларына тиесілі. Оған өз тарапымыздан көзқарасымызды айтып, жетілдіруге тырыстық.

– «Тікелей эфирді» 15:00-ге қоюдың ерекше сыры бар ма?

– Телевизияда жиырма жыл жұмыс істеген болсам, көрермендер соңғы 5 жылда көбірек тани бастады. Бұл «Әйел бақытымен» байланысты ма, жоқ басқа ма, нақты білмеймін. Әр адамның өзінің «прайм-таймы» болады. Іштей менің прайм-таймым сағат 15:00 деген сенімім бар. Өйткені үйде отырған қыз-келіншектерге, болмаса базарда сауда жасап жүрген адамдарға, жалпы барлығына үштің кезі теледидар көруге уақыт бөле алатын кез сияқты. Басшылар тарапынан кешкі уақытқа қою туралы ұсыныстар болды. Кешкісін телехикаялар өте көп, ауыр тақырыппен елдің мазасын алғанды жөн санамадық.

– «Қазақстан» арнасына үйренген аудиторияның пікірі қандай?

– Қанша адам болса, сонша пікір бар. Басым көпшілігін «неліктен?» деген сауал мазалайды. Сұраққа жауап ала алмаған соң кейде күдерін үзеді. Кейбіреулер түсіністікпен қарап жатады.

– Ұзақ уақыт Ұлттық арнада қызмет істеген адамға «Хабар» арнасына ауысу қалай екен?

– Адам үнемі өзіне ыңғайлы жақты іздейді. Өмірінің, жағдайының жақсы болғанын қалайды. Мен де – сондай жандардың бірімін. Кім білсін, келесі жылы Американың немесе Кореяның бір арнасында жұмыс істермін. Сондықтан бір нәрсеге байланып, өзіңе шек қоймау керек. Неғұрлым жақсы, рейтингі жоғары жобалар жасап жатсаң, бір жерде қалып қою, талантыңды тұншықтыру деп білемін. Басында «қалай болар екен?» деген қорқыныш болды. Бірақ үлкен қадамдарға бармай, үлкен іс жасай алмаймыз. Үш айлық демалыстан кейін сезімнің барлығы орнықты, еш нәрседен қорқудың, уайымдаудың қажеті жоқ екенін түсіндім.

– Жаңа кітап жазуды бастап кетіпсіз. Рас па?

– Алла қаласа, айдың соңында шығып қалар. Екі-үш айдан бері осы кітапты шығарумен айналысып жүрмін. Оның жарнамалық пакеті қай уақытта дайын болады? Бір әрпінен қате кетпей ме? Яғни бір-біріне шынжыр сияқты байланған жұмыстар өте көп. Сондықтан «созылып» кетті.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан: Гүлнұр Досбол

Ақпарат көзі: «Айқын» газеті (17 қазан)