×

Warning

JUser: :_load: Unable to load user with ID: 154
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Алматы: Телевизия құпиясы көп аспан әлемі іспетті

Алматы: Телевизия құпиясы көп аспан әлемі іспетті

Биыл – қазақ телевизиясына 60 жыл. Алғаш 1958 жылы Алматыда телестудия ретінде желкенін көтерген отандық арна арада аз уақыт өткенде түрлі-түсті бейнеде хабар таратуға көшті.

Жаңа бағытта даму заманауи техникалық мүмкіндіктерді талап еткендіктен, 1983 жылы екінші аппараттық-студиялық кешен іске қосылды. Қазір бұл ғимаратта «Хабар» телеарнасы орналасқан.

Аспанға апарар жол. 35 жыл бұрын сәулетшілер Ақпараттық студиялық кешенге апаратын мына баспалдақтарды осындай оймен жобалаған. Сәулетші Александр Коржемпо: «Телевизияны құпиясы көп аспан әлеміне баладық», – дейді. Бірегей ғимараттың маңдайшасындағы ақ мәрмәрдан қашалып жасалған ілменақыштар еліміздегі тарихи ескерткіштердің сәулетіне сай жасалған. Ал ғимараттың шынымен қапталуының өз сыры бар.

Александр Коржемпо, АСК-2 ғимаратының сәулетшісі:

– Ғимаратты жобалағанда телевизия ұғымын негізге алдық. Телевизия деген не? Телевизия – күнделікті өмірді жан-жақты көрсететін өнер. Сондықтан біз айналаны көрсетіп тұратын айна шыныны таңдадық. Ол кезде қазіргідей кескінді көрсететін сапалы айна шыны болған жоқ. Дегенмен сол кездегі ең сапалы шыны ғимараттың бастапқы идеясын байқатады.

Ғимараттың бірінші қабаты түнгі аспан әлеміне енгендей әсер қалдыру үшін қара мәрмәр тастан жасалған. Ал ақ баспалдақтар екінші қабаттағы телевизияның қазаны студияға апарады. Жаңа ашылған кешенге алғашқылардың бірі болып 1984 жылы «Алатау» арнасы қоныстанады.   

Фатима Бегімбаева, телевизия ардагері:

– «Титрді теру» дейді. Пульттің басында отырып, бірінші рет қана сол Алатау арнасында болды. Соның өзін Ригадан алдырды. Екі үлкен студия. Оның ішіне кәдімгідей машина кіретіндей мүмкіндіктер болды. Мысалы, атпен кіріп, сондай үлкен телевизиялық бағдарлама түсіруге Қазақстан телеарнасының бұрынғы ғимаратында ондай мүмкіншілік жоқ еді.

Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін, отандық ақпараттық кеңістікке жаңа телеарна қосылды. «Хабар» ұлттық телевизиялық ақпарат агенттігі болып құрылып, төрткүл дүниеге есігін ашқан арна жаңалық таратуды жаңа белеске көтерді.

Даму баспалдақтарынан өткен «Хабар» телеарнасы бүгінде еліміздің медиа кеңістігіндегі алдыңғы қатарлы, жетекші телеарнаға айналды.

Рыскүл Аманбекова, «Хабар» Агенттігі Алматы филиалының бас редакторы:

– Мына біздің тұрған ғимарат бұл қазақ телевизиясы тарихында үлкен орны бар, қазақ телевизиясының үлкен ошағы десе болады. Бұл жерде біз 4 ауысымда жұмыс жасағанбыз. Бұл жерде біздің егеменді еліміздің қаншама тарихи оқиғалары тікелей эфирден берілді. Бұл жерде жұмыс әлі күнге дейін қызып жатыр.

Қазір «Хабар» Агенттігінің Алматы бөлімшесінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасына арналған «Сана», тікелей эфирде «Сұхбат» бағдарламалары түсіріледі. Ал жаңалықтар бөлімі Алматы мен қала маңындағы Алматы облысы  аудандарының тыныс-тіршілігін жеткізудің жүгін көтеріп келеді.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Ерлан Әбжанов, Мұхит Құдықбаев