Хабар телеарнасы

Eurovision 2017

Мамырдың 9-ынан 10-ына қараған түні және 11-інен 12-сіне қараған түні Астана уақыты бойынша сағат 01.00-де екі жартылай финал, ал мамырдың 13-інен 14-іне қараған түні сағат 01.00-де  гранд-финал өтеді.

62-байқауға 42 ел қатысады. Ереже бойынша әр елден 2016 жылғы 1 қыркүйектен кейін шығарылған, ұзақтығы 3 минуттан аспайтын әнді орындайтын орындаушы немесе топ (максимум 6 адам) шығады.

6 ел автоматты түрде гранд-финалға өтеді. Олар – Франция, Германия, Италия, Испания, Ұлыбритания (байқаудың негізін салушылар және демеушілер) және Украина (қожайын-ел). Қалған елдер жартылай финалдарға қатысады, содан шыққан 20 ел гранд-финалға өтеді. Қатысушы елдердің телекөрермендері дауыс беру жүйесі бойынша баллдарды (12 ұпайға дейін) қалған 10 басқа елдің арасында бөледі. Байқаудың жеңімпазы телекөрермендердің және арнайы қазылар алқасының дауыстарын есептегеннен кейін анықталады. Арнайы қазылар алқасының құрамы әр қатысушы елдің музыкалық индустриясының 5 өкілінен қалыптасады.

Финал болатын күні шақырылған әртіс ретінде өткен жылғы байқаудың жеңімпазы Джамала «I Believe in You» деген әнді шырқайды.

«Хабар» телеарнасының көрермендері үшін байқау көрсетіліміне, дәстүр бойынша белгілі қазақстандық жүргізушілер Қалдыбек Жайсаңбай мен Диана Снегина комментарий жасайтын болады.

«Көрерменді көптеген қызықтар, 40 аса мемлекеттен жиналған әншілердің әуезді әні, қатысушылар туралы тың деректер, жалпы әдемі шоу күтіп тұр.  Байқаудың іріктеу кезеңдерінен бастап, осы күнге дейінгі бақылап жүрмін. Байқағаным әртістердің барлығы кіл мықтылар, дегенмен қазақта «бақ шаба ма, бап шаба ма» деген бар ғой, сондықтан ең мықтысы жеңіске жетеді» – дейді  Eurovision 2017 жобасында 9-шы жыл комментатор болып келе жатқан Қалдыбек Жайсаңбай.

Байқаудың 62 жылдық тарихында кешті алғаш рет тек ер адамдар жүргізеді бас сахнадағы көрініс үшін жауаптылар Александр Скичко мен Владимир Остапчук, сондай-ақ Тимур Мирошниченко қатысушыларға арналған арнайы аймақтың модераторы.

Владимир Остапчук украиналық белгілі жүргізуші, сондай-ақ фильмдерді дыбыстаумен жұмыс жасауда танымал. Александр Скичко – 18 жасында «Украина мае талант» («Украинада талант бар») байқауында өзінің пародиялық нөмірімен танылған украиналық атақты пародист. Тимур Мирошниченко – журналист, жүргізуші. Телевидениеде жұмыс істеген 12 жыл ішінде Eurovision байқауы 30 жобасының (соның ішінде «Eurovision Song Contest», «Junior Eurovision Song Contest», «Eurovision Dance Contest», «Eurovision Young Musicians») комментаторы және жүргізушісі болған.

Естеріңізге сала кетейік, бірінші байқау 1956 жылы өтті, оған 7 ел қатысып, әрқайсысы екі әннен өнер көрсетті. Бүгінгі таңда жалпы 1500 астам ән орындалды. Ирландия (7 жеңіс) бірінші орынды, Швеция (6 жеңіс) екінші орынды, Люксембург, Франция және Ұлыбритания (әрқайсысы 5 жеңістен) үшінші орынды иеленіп келеді.

Өткен жылы Eurovision 2016 Стокгольмде 204 миллион адамды құрайтын аудиторияны жинады.