«Жетi күн». Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның белсенді әрі тиімді жұмыс істегені маңызды - "Хабар" телеарнасы
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

«Жетi күн». Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның белсенді әрі тиімді жұмыс істегені маңызды

  • Сенбі, 16 Мамыр 2015 23:53

ОСЫ АПТАДА МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ ПРЕМЬЕР-МИНИСТР КӘРІМ МӘСІМОВТІ ҚАБЫЛДАДЫ.  ҮКІМЕТ БАСШЫСЫ ПРЕЗИДЕНТКЕ НЕГІЗГІ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ КӨРСЕТКІШТЕР, МАҢЫЗДЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАРДЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУЫ МЕН ЖАҢҒЫРТУ ЖӨНІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ КОМИССИЯНЫҢ ҚАЗІРГІ ҚЫЗМЕТІ ТУРАЛЫ БАЯНДАДЫ.

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ КЕЗДЕСУ ҚОРЫТЫНДЫСЫ БОЙЫНША БІРҚАТАР НАҚТЫ ТАПСЫРМА БЕРДІ.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Барлығын келістік, комиссия құрылды. Тапсырмалар берілді. Қазір енді комиссияның жұмысын түзету керек. Надо быстрее чтобы комиссия начала работать и подготавливать. Время быстро идет, если до конца лета к сентябрьской сессии мы сможем подготовить кое какие проекты законодательных изменений, то быстрее пойдет дело. Конечно, не надо забывать весенне-полевые работы, которые сейчас идут по всей стране и другие вопросы.

АҚОРДАДА МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНІҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ІСТЕР, ҚОРҒАНЫС ЖӘНЕ ҚАУІПСІЗДІК КОМИТЕТІНІҢ МҮШЕСІ ҚУАНЫШ СҰЛТАНОВТЫ ҚАБЫЛДАДЫ. КЕЗДЕСУДЕ ДЕПУТАТ МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНА ТӨМЕНГІ ПАЛАТАНЫҢ ЗАҢ ШЫҒАРУ ЖҰМЫСЫНЫҢ БІРҚАТАР БАҒЫТТАРЫ ЖӘНЕ НЕГІЗГІ ЗАҢ ЖОБАЛАРЫНЫҢ ҚАРАЛУ БАРЫСЫ, СОНДАЙ-АҚ АЛДАҒЫ КЕЗЕҢГЕ АРНАЛҒАН ЖОСПАРЛАРЫ ТУРАЛЫ БАЯНДАДЫ. НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ ҚУАНЫШ СҰЛТАНОВТЫ 70 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫМЕН ҚҰТТЫҚТАП, БҰДАН АРҒЫ ЖҰМЫСЫНА ТАБЫС ТІЛЕДІ.

ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚ НАҚТЫ ЖҰМЫСЫНА КІРІСКЕЛІ БЕРІ ӘУЕЛІ АРМЕНИЯ ҚАТАРҒА ҚОСЫЛДЫ. ӨТКЕН АПТАДА ТИІСТІ ҚҰЖАТҚА ҚЫРҒЫЗСТАН ҚОЛ ҚОЙДЫ. ОСЫЛАЙША ҰЙЫМНЫҢ АУҚЫМЫ КЕҢЕЙІП КЕЛЕДІ. ЫҚПАЛДАСТЫҚ ӨЗІНІҢ ТИІМДІЛІГІН ДӘЛЕЛДЕЙ БАСТАДЫ. МӘСЕЛЕН, ОДАҚҚА МҮШЕ МЕМЛЕКЕТТЕР АРАСЫНДАҒЫ ӨЗАРА ТАУАР АЙНАЛЫМЫНЫҢ КӨЛЕМІ ШАМАМЕН 20 МИЛЛИАРД ДОЛЛАРҒА ЖУЫҚТАДЫ. ШИКІЗАТ МӨЛШЕРІ АЙТАРЛЫҚТАЙ АЗАЙДЫ. 

Қазақстан қашанда бұл экономикалық бірлестіктің қызметіне айрықша мән береді әрі әріптес елдермен ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейте түсуге мүдделі. Әрине, әлемдегі күрделі жағдай Еуразиялық одақтың қызметіне өз әсерін тигізбей қоймады. Әсіресе сауда-саттыққа мұның өз ықпалы болатыны бастапқыда айтылмады емес, айтылды. Бүгінгі күні қалай дегенмен де, жұмыс жүріп жатыр. Ілгерілеушілік бар.

ҚАЗІРГІ ТАҢДА ЭНЕРГОРЕСУРСТАРДЫҢ ОРТАҚ НАРЫҒЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ ІСІ АЯҚТАЛУҒА ЖАҚЫН. ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҰЙЫМНЫҢ БІРЫҢҒАЙ КӨЛІК КЕҢІСТІГІН ҚҰРУ ЖӨНІНДЕГІ ЖҰМЫСТАР ЖАЛҒАСУДА. СОНЫМЕН ҚАТАР ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН ҚҰҚЫҚТЫҚ БАЗА БІРШАМА ЖАҢАРТЫЛАДЫ. «ЖЕТІ КҮН» ТІЛШІСІ НҰРБЕК ӘМИША ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚТЫҢ ҚАРҚЫНЫН БАҒАМДАЙДЫ.

Астанадағы № 38 мектептің оқу бағдарламасына Еуропа мен Азияның алып территориясын қамтитын одаққа орын берілген. Кабинет те тақырыпқа сай жабдықталған. Ел тарихындағы ерекше мәнге ие оқиғаны жас ұрпақтың біліп өсуі маңызды. Бұл – өмір шындығы. Себебі интеграция идеясының авторы – біздің Президент Назарбаев. Ал Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа да Астанада қол қойылды. Шарт бойынша одақ 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмысын бастады. Иә, бір жыл бұрынғы 29 мамырдағы кадрға қараңыз.

Сол күнгі мәлімдемеде Елбасы бұл қадамның халықтың өсіп-өркендеуі үшін жасалып отырғанын айтқан еді. Жиырма бірінші ғасырдың жылнамасына енер жаңалықтың бізге берер жақсылығы мол. Жаңа геоэкономикалық аймақ әлемдік пайдалы қазбалардың төрттен бірі шоғырланған мекенде пайда болды. Энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және көлік секілді салаларда келісілген саясат жүзеге асырылатын ықпалдастықтың болашағы зор екенін өмір дәлелдеп отыр.

Айтпақшы, сол күнгі кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев интеграцияға иек арта беру аз, оны дамыту қажет деген еді. Тіпті, әлемдік сын-қатерлердің де одақ жұмысына тікелей әсер етерін де айтқан Қазақстан басшысы.

Зұлфухар Гаипов, саяси ғылымдар докторы

-Совет өкіметі құлаған соң дүние жүзінде бір ғана ось пайда болып қалды. Ол – АҚШ. Олар өздерінің барлық саясатын кез келген аймақта жүргізіп келді. Кешегі Қытай Халық Республикасы басшысының Қазақстанға келуі, онан Мәскеуге баруы, осының бәрі Ресей, Қытай, Қазақстан мемлекеттерінің арасындағы жақындықты көрсетіп отыр. Егер осы мемлекеттер бірігетін болса, дүние жүзіндегі баяғыдай саяси тепе-теңдікті сақтауға әсер етеді.

Бұл, әрине, экономикалық одақтың саяси салмағы. Айтпақшы, үштіктің өрісі кеңейді. Осы жылдың қаңтарында Армения қосылды, мамырда Қырғыздар бестіктің басын біріктірді.

Бауыржан Ысқақов, экономист

-Сыртқы сыни көзқарас танытушылар айтады, Қырғызстанның қосылуы Еуразиялық одақты тек қана артқа тартады деп. Ол жоспарланған нәрсе. Қырғызстанның кіргізуінен ұтарымыз, онда шағын өнеркәсіп қатты дамыған, ол арқылы отандық нарықты бәсекеге қабілетті нарыққа шығара отырып, тауарларымыздың да кеңею аймағын арттырамыз.

Одақ туралы ода айтудан аулақпыз. Дегенмен күн санап бірлестіктің беделі де бедері де күшейіп келеді. Алыстағы Арменияның кедендік одақ елдерімен ортақ шекарасы жоқ. Грузия мен Әзербайжан екі ортаны бөліп тұр. Сондықтан Еуразиялық одаққа қосылу туралы шартта шетелдік мемлекеттер және одақтастар арасындағы жүк тасымалы жөнінде арнайы тәртіп енгізіліп отыр. Енді Израиль, Үндістан, Түркия, Въетнам және Қытай экономикалық аймақпен әріптестікке ұмтылып отыр.

Рахман Алшанов, экономика ғылымдарының докторы, профессор

-Енді біздің кәсіпкерлер өз тауарларын шығарып үйренуі керек. Шын мәнінде үлкен нарық қой. Бізге Түркия, Иран, Үндістан, Пәкістан қызығушылық білдіруде. Бұл елдер де кіруі мүмкін. Олар кіретін болса, бізге де оларға баруға жол ашылады.

Одақ өз ісіне ресми кіріскеніне 4 айдан асып жығылды. Өткенге қарап ой жүгіртсек. Қазақстанның осы мерзім ішінде Еуразиялық одақ елдерімен тауар айналымы 2013 жылмен салыстырғанда 20 пайызға кеміген. Экспорт 12, импорт 22 пайызға төмендеген. Сарапшылар мұны Ресейдегі рубль бағамының құлдырауымен түсіндіреді.

Рахым Ошақбаев, «Атамекен» ҰҚП басқарма төрағасының орынбасары

-Сарапшылар мен экономикалық одаққа мүше мемлекеттер басшыларының ортақ пікірінше, Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден Кодексі қазіргі талапқа сәйкес келмей отыр. Мұны Елбасы үкіметтің соңғы кеңейтілген отырысында да атап өтті. Бізге әрі қарай кедендік әкімшілікті либерализациялауымыз, Кедендік әкімшілік бизнеске жеңіл болуының жолын қарастыруымыз керек. Осы мәселелер Ұлттық кедендік кодексте де қаралу қажет.

Бауыржан Ысқақов, экономист

-Біздегі шығарылатын экспорт көлемінің аздап төмендегенін байқаймыз. Алайда Елбасымыз өз Жолдауында бұл экономикалық өзгерістер болатын жағдай деп айтып өткен. Оның алдын алу шараларын да қарастырғанбыз деп.

Қазір мүше елдер жұмысшы тобы Кедендік кодексті қарастырып, ортақ газ, мұнай және мұнай өнімдері нарығын құруды көздеген тұжырымдаманы әзірлеу үстінде. Барлығы 50-ге жуық актіні қарау және қабылдау осы жылдың еншісінде.

Құжатқа сай, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің азаматтары мүше мемлекеттерге барып, жергілікті тұрғынмен бірдей құқықта жұмыс істеуге, балалаларын балабақша мен мектепке беруге, медицина қызметін пайдалануға құзіретті.

Ал 2016 жылы ортақ дәрі-дәрмек нарығын қалыптастыру көзделіп отыр. Қазақстанның ЕАЭО аясына жасайтын экспорттық тауарлары. Минералдық өнімдер ЕАЭО шеңберіндегі экспорт – 50,9 пайыз. Металл және одан жасалған бұйымдар – 19, 9 пайыз. Химия өнеркәсібі өнімі – 15, 2 пайыз.

Ал ЕАЭО елдерінен Қазақстанға кіргізілетін тауарлар:

-Машина мен құрал-жабдықтар – 33,5 пайыз

-Минералды өнімдер – 21, 0 пайыз.

-Жануарлар мен өсімдік тектес өнімдер, дайын азық-түлік тауарлары – 11, 1 пайыз

Мектеп оқушылары бұл деректерді білмес. Алайда олар көршімен қату емес, тату саясат ұстанған Қазақ елінің болашағына сенеді.

МҮДДЕЛЕР ТЕҢДІГІ МЕН ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТИІМДІЛІККЕ НЕГІЗДЕЛГЕН ИНТЕГРАЦИЯЛЫҚ БІРЛЕСТІКТІҢ МҮМКІНДІКТЕРІН БАЙҚАП КӨРУГЕ КӨП ЕЛ НИЕТТІ. ТІПТІ ӘЛЕМДІК ДАҒДАРЫС КЕЗЕҢІНДЕГІ НАРЫҚ АУҚЫМЫН КЕҢЕЙТІП, БИЗНЕСТІҢ ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРУДЫ КӨЗДЕЙТІН, СӨЙТІП БӘСЕКЕЛЕСТІКТІ ДАМЫТУҒА ҰМТЫЛАТЫН МЕМЛЕКЕТТЕР ҮШІН ОҢТАЙЛЫ БОЛЫП ТҰР. ТАЯУ АРАДА ҚЫТАЙ ХАЛЫҚ РЕСПУБЛИКАСЫМЕН СЕРІКТЕСТІК ЖӘНЕ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ТУРАЛЫ КЕЛІССӨЗДЕР БАСТАЛМАҚ. ӘЗІРГЕ БҰҒАН ҚАТЫСТЫ ЖҰМЫСТАР ТАЛҚЫЛАНУ ДЕҢГЕЙІНДЕ. АЛ ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚ АЯСЫНДА ЕРКІН САУДА АЙМАҒЫНА БІРІНШІ БОЛЫП ВЪЕТНАМ ҚОСЫЛАТЫН БОЛДЫ. БҰҒАН ҚАТЫСТЫ САРАПТАМА ЖҰМЫСТАРЫ НӘТИЖЕЛІ АЯҚТАЛДЫ. ЕНДІ ТИІСТІ КЕЛІСІМГЕ ТАЯУ АРАДА ҮКІМЕТАРАЛЫҚ КЕҢЕС ОТЫРЫСЫНДА ҚОЛ ҚОЮ ЖОСПАРЛАНЫП ОТЫР. ВЪЕТНАМ – ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫ ӨТЕ ҚАРҚЫНДЫ ЕЛДЕРДІҢ БІРІ. 90 МИЛЛИОННАН АСТАМ ХАЛҚЫ БАР. ЖЕҢІЛ ӨНЕРКӘСІП, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ, ТЕЛЕКОММУНИКАЦИЯ САЛАЛАРЫНДА ШЫҒАРЫЛҒАН ӨНІМДЕРІНІҢ ЭКСПОРТТЫҚ ӘЛЕУЕТІ ЗОР. ҚАЗАҚСТАНМЕН АРАДАҒЫ САУДА-ЭКОНОМИКАЛЫҚ БАЙЛАНЫСЫ ДА ТҰРАҚТЫ ДЕҢГЕЙДЕ. САРАПШЫЛАРДЫҢ ПІКІРІНШЕ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ БҰЛ ЕЛДЕН ҮЙРЕНЕРІ КӨП. ЕНДІГІ КЕЗЕКТЕ ВЪЕТНАМНЫҢ ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚ АЯСЫНДА ЕРКІН САУДА АЙМАҒЫНА ЕНУІ ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІСТЕР ӘКЕЛУІ МҮМКІН? ҚАЗІР ОСЫ ТУРАСЫНДА ЭКОНОМИСТ САРАПШЫ САПАРБАЙ ЖҰБАЕВ БІЗБЕН ОЙ БӨЛІСУГЕ ДАЙЫН.

-Сапарбай Досжанұлы, кеш жарық! Еркін сауда аймағында въетнаммен арадағы қатынастың артуы қай тұрғыдан және қай елге тиімдірек деп ойлайсыз?

Сапарбай Жұбаев, экономист

-ЕАЭО-ға қанша мемлекеттердің мүше болғаны біз үшін жақсы. Неге десеңіз, нарықтың кеңейгені жақсы деп ойлаймын. Кімге тиімді деп айтсақ, жалпы қосылған мүше мемлекеттердің барлығына тиімді. Неге? Мәселен, біз бүгінгі күнде Ресей, Белоруссия, Қазақстан, Армения, Қырғызстан мүше болып тұр. Бұлар біздің ежелден экономикалық байланыстарымыз қалыптасқан. Ал ұзақтағы мәселен Оңтүстік Шығыс, Азиядағы Въетнам сияқты, болмаса Еуропа Одағымен қатынасы үлкен Түркия сияқты мемлекеттер қосылатын болса, жаңа нарық қосылып, жаңа технологиялар, жаңа нарықтық мүмкіндіктеріміз ашылады. Біздің арамыздағы баж төлемдері, адамдардың барып-келуі, тауарлардың айналымы, еңбек ресурстарының еркін жүруі, капиталдың жүруі еркін болады. Бұл, әрине, кәсіпкерлер үшін жалпы экономика үшін өте тиімді.

-Ал Қазақстан мен Въетнам арасындағы сауда айналымы біршама арта түсуі мүмкін деп айта аламыз ба?

Сапарбай Жұбаев, экономист

-Въетнамдықтардың біздің металл, химиялық өнімдерімізге, мұнай, энергия ресурстарымызға, уранға олардың сұранысы өте үлкен. Әрине, бүгін енді жанындағы басқа мемлекеттерден пайдаланып отыр. Бірақ баж салығы болғаннан кейін оларға қымбат түсіп жатыр. Ал егер де Въетнам еркін сауда аймағына одақтың мүшелері болатын болса, бізден алынатын өнімдер оларға арзан түседі. Сондықтан олардың кәсіпкерлері бізбен серіктестіктер жасап, бірлескен кәсіпорындар құрып, өздерінің еңбек ресурстарын бізден пайдаланып, туризмді де пайдаланып, біздің халықтарымыздың сол жерге баруы въетнамдықтар үшін тиімді болады.

-Енді бір сұрақ еркін сауда аймағына болашақта қандай елдер қосылуы мүмкін?

Сапарбай Жұбаев, экономист

-Енді менің ойымша, жалпы Оңтүстік шығыс мемлекеттерінен жаңағы Въетнам қосылатын болса, оның қасындағы Малайзия да бізбен өте жақсы қарым-қатынаста. Мен Иран, Пәкістан сияқты мемлекеттер де бұған кіруі керек деп ойлаймын.

 -Сұхбатыңызға рахмет

-БҮГІНГІ КҮНІ ҚЫРҒЫЗСТАННЫҢ МИНИСТРЛЕР КАБИНЕТІ ӨТЕ ҚАУЫРТ ЖҰМЫС ІСТЕУДЕ. СЕБЕП – ҚЫРҒЫЗ ТУҒАНДАРДЫҢ ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚҚА ҚОСЫЛУЫ. МІНДЕТ – ҚҰҚЫҚТЫҚ, ЭКОНОМИКАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ТАЛҚЫЛАП, АРНАЙЫ ЖОСПАР ЖАСАП, КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ МҮДДЕСІН РЕТТЕУ. СОҢҒЫ ЖЫЛДА ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ КОМИССИЯ МҮШЕЛЕРІ ҚЫРҒЫЗСТАНҒА БІРНЕШЕ РЕТ ТАБАН ТІРЕДІ. ҚЫРҒЫЗ ШЕНЕУНІКТЕРІ ДЕ МӘСКЕУГЕ ОН ШАҚТЫ МӘРТЕ БАРЫП ҚАЙТТЫ. НӘТИЖЕСІНДЕ РЕСПУБЛИКАҒА КІРЕТІН 166 ТҮРЛІ ИМПОРТТЫҚ ТАУАРДЫҢ КЕДЕНДІК БАЖ САЛЫҒЫ ТӨМЕНДЕТІЛДІ. ТАҒЫ ДА БІРШАМА ЖЕҢІЛДІКТЕРГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗІЛДІ. «ДЕГЕНМЕН БҰЛ ЖАҚСЫЛЫҚТАР ДА БАСТАПҚЫ ҚИЫНДЫҚТАРДАН ҚҰТҚАРМАЙДЫ», – ДЕЙДІ ҚЫРҒЫЗ ҮКІМЕТІ. МАҚПАЛ МАДИЯРОВАНЫҢ МАТЕРИАЛЫ.

Қырғыз экономикасын Еуразиялық экономикалық одақ шарттарына бейімдеу уақытты қажет етеді. Бірақ сол уақыт тапшы болғандықтан, Қырғызстанға бәрін бірден бастауға тура келіп тұр. Бұл ретте кәсіпорындардың мәселесі ірі инвесторлар мен ауқымды инфрақұрлымдық жобалар арқылы шешім таппақ. Ал орта және шағын кәсіпкерлік жұтылып кетпес үшін мүмкіндігінше жедел әрекетке көшуге мәжбүр. Енді барлығы да одақ шарттарына сәйкес, жаңа кедендік салықтармен жұмыс істейді. Айтарлықтай айырмашылық болмауы мүмкін. Бірақ ешкім, тіпті үкімет те бұл жағдайда кепілдік бере алмай отыр. Сондықтан да кәсіпкерлер алғашқы кездегі қиындық-кедергілерден үрейленуде.

Гүлнәр Өскенбаева, ҚР өндірушілер мен жеткізушілер қауымдастығының президенті

-Кәсіпкерлер кедендік Одаққа кірер алдында өздеріне белгілі бір мөлшерде қор жинап алғысы келеді. Өйткені кедендік рәсімдер, тәртіптер жаңарады. Осы тұста қандай да бір кедергілер немесе мемлекеттік органдар тарапынан түсініспеушіліктер болуы мүмкін. Бұл әрине, аздап үрейлендіреді. Әрине, баға да көтерілуі мүмкін ғой.

Еуразиялық экономикалық одаққа қосылуды Қырғызстанның еңбек мигранттары асыға, қуана күтіп жүр. Болжаммен айтсақ, Қырғызстанның миллиондаған азаматы елінен жырақ, басқа мемлекеттерде тіршілік етіп жатыр. Басым бөлігі Қазақстан мен Ресейде. Еңбек мигранттары экономикалық одақ шеңберіндегі елдерде еш кедергісіз, визасыз еркін жүріп-тұра алады.

 

Бұл қырғызстандықтарды жұмысқа орналасу кезіндегі түрлі күрделі рәсімдерден құтқарады. Жұмыс берушілер де оларды төлқұжатына қарап алаламас еді. Мигранттар үшін ең жақсы жеңілдік – Еуразиялық одақ аясындағы елдерде 90 күн тіркеусіз күн кешу. Яғни үш ай шеттен келген қырғызға жайлы жұмыс тауып, құжаттарын реттеп, етек-жеңін жиюына молынан жетпек.

Айбек Азыранқұлов, ҚР еңбек, жастар және миграция министрі

-Еуразиялық одаққа толық кіріп, барлық келісімшарттар бекітілгеннен кейін көп мәселе шешім табады. Мәселен, ендігәрі орыс тілінен, Ресей Федерациясының тарихынан емтихан тапсыру, медициналық қорытынды алу сияқты мәселелер жойылады. Біздің азаматтар Ресейдің, Арменияның, Белоруссияның, Қазақстанның азаматтары сияқты осы елдердің территориясында еркін жүріп-тұруға, жұмысқа орналасуға, білім алуға, медициналық көмек алуға құқылы болады.

Қырғызстанның Еуразиялық экономикалық одаққа кіруі жөніндегі жол картасын жүзеге асыру үшін Ресей 200 млн доллар бөлді. Қаражат кедендік, шекаралық бекеттердегі зертханаларды, құрал-жабдықтарды одақ талаптары мен шарттарына сәйкестендіріп, жарақтандыруға жұмсалды.

 

Бұл шаруалар жартылай іске асты. Қырғызстанның өткізу бекеттері тіпті дайын. Мұны Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік инфрақұрылымы департаменті мәлімдеді. «Торугарт», «Иркештам», «Манас», «Ош» әуежайлары қажетті құрылғалармен толықтай қамтамасыз етілді. Ал Қырғызстанның кеден туралы заңына толықтырулар мен өзгертулер енгізілді. Ол заң еуразиялық экономикалық комиссияның заңнамасына қайшы келмейді. Одаққа кірген елдердің салық органдарымен де тығыз байланыс орнатылды.

ӘЛЕМДІК ИНДУСТРИАЛИЗАЦИЯНЫҢ БІР ЖЕМІСІ – АВТОКӨЛІК ӨНЕРКӘСІБІ. БІР ҒАСЫРДАН АСТАМ УАҚЫТ БҰРЫН АЛҒАШҚЫ ТЕМІР ТҰЛПАРДЫ ШЫҒАРҒАН АҚШ АРАДА БІРАЗ ЖЫЛ ӨТКЕНДЕ ОРНЫН ЖАПОНИЯ, КОРЕЯ, ЕНДІ БҮГІНДЕ ҚЫТАЙ БАСАТЫНЫН БОЛЖАЙ АЛМАҒАН ДА БОЛАР. МІНЕ, ИНДУСТРИАЛАНДЫРУДЫҢ АРҚАСЫНДА БҰЛ ЕЛДЕРДІҢ ҮЗДІК ҮЛГІЛЕРІ БІЗГЕ ДЕ ЖЕТТІ. «ШЕВРОЛЕ», «ПЕЖО», «ТОЙОТА», «КИА» МЕН «ХЮНДАЙ» ҚАЗАҚ ЖЕРІНДЕ ШЫҒАРЫЛАДЫ ДЕП КІМ ОЙЛАҒАН. ОТАНДЫҚ АВТОКӨЛІК НАРЫҒЫНЫҢ БҮГІНГІ АХУАЛЫ МЕН ӘЛЕУЕТІ ТАҚЫРЫБЫН ӘРІПТЕСІМ АЙДОС ТҰРЫСБЕК ЖАЛҒАСТЫРАДЫ.

Былтыр 662,4 миллиард теңгенің көлігі сатылған еді. Алайда Renault-Nissan концернінің басшысы Карлос Гонның болжамдары расталатын сияқты, былтыр әлемдік автокөлік нарығы 3,5 пайызға өссе, биыл ол 2 пайыз болмақ. Біздің елде де мамандар былтырғыдай емес, 100-110 мың көлік сатылады деген болжамдар айтады.

Халық саны өсіп, тұрғындардың әл-ауқаты артқан сайын көшеде жүйткіп жүрген көлік те көбеюде. Бүгінде оның саны 4,5 миллионға жуықтаған. Яғни долбарға салсақ, әр төрт қазақстандыққа бір темір тұлпардан келеді деген сөз. Биылғы жылдың алғашқы үш айының өзінде 230 мыңдай көлік тіркелген. Бұл былтырғыдан 86 пайызға көп. Әдеттегідей Алматы мен Астана, Алматы облысы мен Оңтүстік Қазақстан облысының автосүйер қауымы көш бастап тұр.

Қазақстан автокөлік бизнесі қауымдастығының мәліметінше, соңғы уақыттары Еуропа елдері болсын, ТМД нарығында да тұтынушылар жергілікті өнімге басымдық бере бастаған. Бұл тенденция біздің елге де тән. Соңғы 5-6 жылдан бері көпшілік отандық көліктерге бет бұрған.

Мәселен, былтыр су жаңа 37 мың көлік иесін тапса, биыл 30 мыңдай авто саудаға түседі. Халықтың «Хюндай Акцент», «SsangYoung Kyron», «Chevrolet Cruze» бен «Hyundai Elantra-ға» қызығушылығы жоғары. Соңғысы 2014 жылдың екіншісі жартысынан бастап шығарылса, саудаға түскеніне жыл толмаған «Toyota Fortuner» де жоғары сұранысқа ие.

Автокөліктің тағы бір түрі – коммерциялық техника. Мұнда жүк таситын ауыр көлік те, автобус та бар. Оның ішінде өзімізде шығарылатын «Хюндай» мен «Ивеко» топ бастап тұр. Жолаушы тасымалдайтын автобустары экспортқа да кетіп жатыр.

2015 жылдың алғашқы айында 205 миллион доллардың 7 мың 800-ге жуық көлігі сатылыпты. Бұл былтырғымен салыстырғанда 30 пайызға аз. Оның 936-ы ғана өз елімізде шығарылған. Қалған 6838-і шетелдік өнім. Сондықтан мемлекет қолдауының арқасында бұл көрсеткішті арттыру көзделіп отыр. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, көптеген елдер өнеркәсіп саласының ішінде автокөлік өндірісіне басымдық береді. Бізде де солай. Өйткені осы өндіріске салынған әр 1 доллар, 4 доллар болып қайтады. Мұны ескерген жергілікті өндірушілер алдағы 5-6 жылда нарыққа таза қазақстандық брендті шығарғысы келеді. Тайланд, Корея мен Малайзия тәжірибесін зерттеген мамандар осындай жоспар құрып отыр. Жаңа өнім құны 12-13 мың доллардан аспайтын, жеңіл көлік болады дейді.

Қорыта айтсақ, бүгінгі күні Қазақстан – әлемдегі жылдам дамып келе жеткен автонарықтардың бірі. Сауда-саттық көлемі жөнінен 100 елдің ішінде 47-шіміз. Кеден одағына кіргеннен кейін импорт 5 есе қысқарса, жергілікті өнім 4 есе өскен. Өскемен мен Қостанайда автокөлік кластері құрылуда. 2020 жылы отандық өндірушілер 300 мыңнан аса көлік шығарса, оның 100 мыңын ішкі нарыққа, 200 мыңын сыртқа сату жоспарланып отыр. Былтыр 85,3 миллион көлік сатылса, биыл АҚШ пен Қытай нарықтарының арқасында оның саны 88,6 жетеді деген болжамдар бар.

-ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН ПАЙЫЗБЕН АВТОНЕСИЕ БЕРУ СӘТТІ БАҒДАРЛАМАЛАРДЫҢ БІРІНЕ АЙНАЛДЫ. ҮКІМЕТ ЕКІНШІ ДЕҢГЕЙЛІ БАНКТЕРГЕ 15 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕ БӨЛДІ. ЕГЕР КӨЛІКТІҢ ҚҰНЫН ОРТАША ЕСЕППЕН 2,5 МИЛЛИОН ТЕҢГЕГЕ БАҒАЛАСАҚ, БҰЛ ШАМАМЕН 6 МЫҢ ТЕМІР ТҰЛПАРДЫ ТІЗГІНДЕУГЕ ЖЕТЕТІН ҚАРАЖАТ. СОЛ 6 МЫҢ МАШИНАНЫ АСТАНА МЕН АЛМАТЫ СИЯҚТЫ ЕКІ ІРІ ШАҺАР МЕН 14 ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНА БӨЛСЕ, ӘРБІР ҚАЛАҒА 375 КӨЛІКТЕН БҰЙЫРАДЫ.

Естеріңізге салсақ, қолжетімді автонесиелер Қазақстанда құрастырылған, құны 5 600 000 теңгеден аспайтын көліктерге беріледі. Жеңілдік бағдарламаның пайызы төмен. Номиналды мөлшерлеме 4%, тиімді жылдық мөлшерлеме 7,5% аспауға тиіс. Бастапқы жарна авто құнының 10-20%-на тең, несие беру мерзімі бес жылға дейін.

Мөлдір Сауытбекова, «Қазақстанның даму банкі» АҚ департаментінің директоры

-Қазір 4 банк өтініш қабылдауды жалғастыруда. Олар – Халық банкі, АТФ банк, «Банкцентркредит» және «Форте банк». Сбербанк пен Еуразия банкі өтініш қабылдауды әзірге тоқтатты. Өйткені несие алатындардың саны оларда лемиттен асып кетті. Бұл уақытша құбылыс, банктерге берілген несие бойынша алғашқы төлемдер түскеннен кейін шамамен маусым, шілде айларында өтініш қабылдау жалғасады.

ЖАЛПЫ ҚАРАЖАТТЫ ҮЛЕСТІРІП БЕРУШІ ЕКІНШІ ДЕҢГЕЙЛІ БАНКТЕРДІҢ ТАЛАБЫ НЕГІЗІНЕН БІР-БІРІНЕ ҰҚСАС. ӘРИНЕ, ТАЛАПТАР САТЫП АЛЫП ЖАТҚАН КӨЛІКТІҢ КҰНЫНА ҚАРАЙ ӨЗГЕРЕДІ. АЙТА КЕТЕЙІК, БҮГІНГІ КҮНГЕ ДЕЙІН 1700-ДЕН АСТАМ ӨТІНІШ МАҚҰЛДАНДЫ. БІР НӘРСЕ АНЫҚ. ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН АВТОНЕСИЕНІҢ АСТАРЫНДА ОТАНДЫҚ ӨНДІРІСТІ ҚОЛДАУ ДЕГЕН ІЗГІ НИЕТ ЖАТЫР.

КӨЛІК НАРЫҒЫНДАҒЫ ҚАЗІРГІ АХУАЛДЫ ТАЛДАУ МАҚСАТЫНДА БЕЛГІЛІ САРАПШЫ СҰҢҚАР ЖҰРТБАЙМЕН ӘҢГІМЕМІЗДІ ЖАЛҒАСТЫРАМЫЗ.

-Қолжетімді автонесиелер елдегі көлік нарығының дамуына қалай әсер етуі мүмкін?

Сұңқар Жұртбай, сарапшы

-Жеңілдетілген несиелер жалпы нарыққа көп әсерін тигізе қоймайды. Сонда да бұл несиелер отандық тауар өндірушілерге өте пайдалы, олар негізінен екі зауыт, Өскемен мен Қостанайдағы. Жалпы Қазақстанның нарығы жылына 164 мың жаңа автокөлік, ал 15 млрд теңгеге егер әр көлік 2,5 млн теңге түрады деп есептесек, шамамен 6 мың автокөліктен келеді. Ол толық нарықтың 2,5-3 пайызына тең болады. 2,5-3 пайызға әрі-бері өзгеріс көп әсерін тигізеді деп ойламаймын.

-Осы қарқынмен жүріп отырса, отандық көлік нарығында қандай өзгерістер болады және тағы қандай шараларды қолға алу қажет деп санайсыз?

Сұңқар Жұртбай, сарапшы

-Жылдың аяғы мен 2015-ші жылдың басындағы дағдарыс кезінде мына жаңа автокөлік шығару, жаңа автокөліктерді Қазақстанда сату өте қиын болды. Жалпы тек отандық емес, жаңа автокөліктерді сату 30 пайызға дейін кеміп кетті. Кейбір көліктер 60 пайызға дейін өз сатып алушыларын жоғалтты. Бірақ осы мамыр айында, сәуір айында Ресейде баға Қазақстамен теңесуіне байланысты, автокөліктер сату үрдісі бір қалыпқа түсті. Отандық автозауыттар жеңілдетілген несиеге байланысты, өзінің сатып алушыларын табады, былтырғы жылдың бірінші жарты жылдығындағы жетістіктерге қайта оралады деп ойлаймын нарық.

-Қырғызстанның еуразиялық экономикалық одаққа енуі осы жағдайға қалай әсер етуі мүмкін?

Сұңқар Жұртбай, сарапшы

-Қырғызстан халқының өте аз болуына байланысты көп әсер ете алмайды, бірақ оның осы Еуразиялық экономикалық одақтағы мемлекеттер арасында көршісі тек біреу ғана, ол Қазақстан, сондықтан оның алым қарым-қатынасы Қазақстан мен Ресеймен көбірек жұмыс істейді деп ойлаймын.

-ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІНІҢ СТАТИСТИКА КОМИТЕТІНІҢ МӘЛІМЕТІНЕ СҮЙЕНСЕК, ҚАЗАҚСТАНДА ТҰРҒЫН ҮЙ БАҒАСЫ БІРШАМА ТӨМЕНДЕЙ БАСТАДЫ. ОСЫ САЛАНЫ ЗЕРТТЕП ОТЫРҒАН ОТАНДЫҚ САРАПШЫЛАРДЫҢ ПІКІРІНШЕ, БАСПАНА БАҒАСЫ ҚАЗІРГІДЕН АРЗАНДАМАСА ҚЫМБАТТАМАЙДЫ. «МҰНЫҢ БАСТЫ СЕБЕБІ МЕМЛЕКЕТТІК ТҰРҒЫН ҮЙ БАҒДАРЛАМАЛАРЫНЫҢ ҚАРҚЫНДЫ ІСКЕ АСУЫ МЕН БАҒАНЫҢ ШАРЫҚТАУ ШЕГІНЕ ЖЕТУІ», - ДЕЙДІ МАМАНДАР. «ЖЕТІ КҮН» ТІЛШІСІ ЭЛЬВИРА ТАҒАЙҚЫЗЫ ТҰРҒЫН ҮЙ НАРЫҒЫНА ШОЛУ ЖАСАЙДЫ.

Айнагүл күйеуі, 3 баласымен 11 шаршы метр жерде тұрғанына біраз жыл болған. Ұстаздық қызметте жүріп, 6 жылдан бойы мемлекеттік бағдарламалардың барлығына қатысқан. Кезектің көп екенін сезген соң банктерді де жағалайды. Бірақ олар жалақы тым аз деп, құжаттарын кері қайтарады. «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы туралы естігенде, үзілген үміт қайта жалғанғандай болды.

Айнагүл Сапах, мұғалім

-Бірақ жинаған құжаттарым бойынша банкке барған кезде, жолдасым екеуміздің табысымызды қосып, балалардың күнделікті күнкөрісіне, бәріне шаққан кезде, мен тағы да ол кезек бойынша ала алмадым. Сол келген кезек бойынша тағы да өте алмадым.

Елімізде Айнагүл сияқты қолма-қол ақшасы жоқ, бірақ өз үйім болса деп армандайтындар саны 300 000-нан асады. Жылда оған тағы 60 000 адам қосылып отыр. Олар үшін қазіргі пәтер бағасы қиялға қонбайтын сандардан тұрады. «Әсіресе Алматы мен Астанадағы үйлердің құны қымбат», - дейді ипотекалық компания өкілдері.

Азамат Ибадуллаев, «Қазақстан ипотекалық компаниясының» басқарма төрағасы

-Қазіргі пәтер бағасы шектен тыс қымбат. Сондықтан біз жалдамалы пәтер беру арқылы елдегі баспана бағасын төмендетуге тырысып отырмыз. Бағдарлама аясында отандық құрылыс компаниялары мен отандық құрылыс материалдарын қолдана отырып, елдегі тұрғын үй кешінін төмен бағамен салып, арзандатылған күйде сатуды мақсат етеміз.

Материалды дайындау барысында біраз хабарландыруларға көз жүгірттік. Байқағанымыз, Астанадағы пәтер бағасы әртүрлі. Әрине, ол жерде тұрғын үйдің орналасқан жері, қабаты мен жөндеу деңгейі ескеріледі. Дегенмен кейбір бағаларды ойға қонымды деп айту қиын.

Мәселен, 1 бөлмелі пәтер үшін дәл қазір жаңа үйлерге 35 мың доллардан 250 мың долларға дейін сұрайтындар бар. Алайда сарапшылардың айтуынша, алда мүлік құны бұдан арзандамаса қымбаттамайды.

Бота Жұманова, сарапшы

-Менің ойымша, алда жаңа үйлердің бағасы біраз төмендейді. Оған мемлекеттің осы салаға ден қойып, қыруар қаражат бөлуі себеп. 2007 жылдардағыдай 1 үйдің бағасы күн сайын 10 мың долларға өспейді. Егер бұрындары халық пәтер алғысы келсе банкке жүгірсе, енді қаражаттарын Тұрғын үй жинақ банкіне салып, бір үйдің орнына бірнеше үй алғысы келеді. Бұл да нарықтағы қазіргі бағаға әсер етіп отыр.

Жақында ғана еліміздің ұлттық экономика министрлігінің статистика комитеті таратқан мәліметі бойынша, тұрғын үйлер құны төмендей бастаған. Пәтерлердің іші жөнделгендері 174 184-тен 173 345 теңгеге, ал жөнделмегендері 101 086-дан 100 659 теңгеге төмендеген. Бағаның аз да болсын бәсеңдей бастағаны әрине қуантады. Бірақ өткен жылмен салыстырғанда, үйлер әлі де қымбат. Жалдамалы пәтердің де құны қалтаға біраз салмақ түсірген.

Құрылысшылардың айтуынша, баспана бағасы кеткен құрылыс материалдары мен жұмысшылардың жалақысына қарай шығарылады. Орта есеппен 1 шаршы метріне эконом класқа 400 АҚШ доллары, ал жоғары санаттағы үйлерге 800 АҚШ долларына дейін қаржы жұмсалады. Қалғаны құрылыс компаниясының қалтасына кетеді. Жылжымайтын мүлік нарығында жүрген сарапшылардың да айтары осы.

Бота Жұманова, сарапшы

-Бизнес қашанда өзінің пайдасы үшін жұмыс істейді. Олай болмаса, оны бизнес деп айтуға болмайды. Мәселен, кез келген құрылысшы бір үйді шаршы метріне 600 доллардан сатқысы келгенімен, нарықтағы баспана бағасы 1200 доллар болса, ол әрине, сол бағаға сатады. Біздің зерттеулеріміз бойынша, алда енді қаражаты аз адамдар төмен сатыдағы үйлерді тұруға мүмкіндігі болса, шамасы жететіндер қымбат пәтерді алады. Яғни қоғам бірнеше топқа бөлінеді.

Жалпы елімізде баспаналы болудың бірнеше жолы бар. Оның бірі – «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасына қатысу, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» бірнеше жыл бойы қажетті қаражат жинау, жергілікті мемлекеттік мекемеге кезекке тұру және екінші дәрежелі банктердің бірінен ипотека алу арқылы үйлі болуға мүмкіндік бар. Ипотека демекші, несие беруді тоқтатқан банктер биыл бағдарламасын қайта бастады.

Нина Лукьяненко, Қазақстан риэлторлары біріккен қауымдастығының вице-президенті

-Ипотека мәселесі биыл біршама қалыпқа келеді деген ойдамыз. Өйткені банктер несие беруін қайта бастады. Бірақ бұл жолғы үстеме пайыз өткен жылғылармен салыстырғанда жоғары болып отыр.

Сарапшылардың айтуынша, қай елде де ең бағалысы жылжымайтын мүлік болып қала береді. Ол күнделікті жеп жүрген азық-түлік емес, киіп жүрген киім де емес. Пәтердің қымбат болуы – заңдылық. Бірақ дәл Қазақстандағы жағдайға келетін болсақ, мұндағы баспана бағасына қалталы азаматтар ықпал етіп отыр.

Эльвира Тағайқызы, тілші

-Сарапшылардың айтуынша, бүгінде тұрғынүйді қажеттілік үшін емес, бизнес үшін сатып алатындар саны көп. Олар мынадай кешендерден бір емес, бірнеше пәтерді еш қиындықсыз алып, шаршы метрге шамасы жетпей жүргендерге жалға беруде. Жылжымайтын мүлік нарығы да осы азаматтардың қалтасына қарап көсіледі. Сұраныс барда, ұсыныс бар дегендей. Демек 2-3 есе қымбатқа үй алғысы келетіндер саны азаймайынша, баспана бағасының төмендеуі де екіталай.

ӨТКЕН КҮННЕН БЕЛГІ КӨП ДЕСЕК ТЕ, ОТАН ҮШІН ОТ КЕШІП, ОМЫРАУЫН ОҚҚА ТОСҚАН БОЗДАҚТАРДЫҢ ТАЛАЙЫ ІЗ-ТҮЗСІЗ ЖОҒАЛЫП КЕТТІ. ҚАНАТЫН ҚАНҒА МАЛЫП, ХАБАР-ОШАРСЫЗ КЕТКЕНДЕР АРАСЫНДА ҚАЗАҚ ЖАУЫНГЕРЛЕРДІҢ ДЕ ҚАРАСЫ АЗ ЕМЕС. АРЫСТАЙ АЗАМАТТЫҢ АРТЫНДА АҢЫРАП ҚАЛҒАН АТА-АНАСЫ МЕН АҒАЙЫН-ТУЫСЫ КҮДЕР ҮЗБЕЙ КҮТУМЕН БАҚИҒА ОЗҒАЛЫ ҚАШАН. ҚАРАЛЫ ХАБАР ЖЕТІП, ҚАРА ҚАҒАЗ АЛҒАН ҚАНШАМА ОТБАСЫ ОСЫ КҮНГЕ ДЕЙІН «ҚЫРЫҚ ЖЫЛ ҚЫРҒЫН БОЛСА ДА, АЖАЛСЫЗ ӨЛМЕЙДІ» ДЕГЕН ҮКІЛІ ҮМІТТІҢ ЖЕТЕГІНДЕ ЖҮР. ҮМІТСІЗ ШАЙТАН ДЕГЕН. ШАРТАРАПТЫ ШАРЛАП, ШАҢ БАСҚАН АРХИВТЕРДІ АҚТАРЫП ЖҮРГЕНДЕР ҚАЗІРДЕ АЗ ЕМЕС.

«Ат басқан жерде із қалады». Соғыс соқпағымен індетіп іздеп, әулетінің «алтын тамырын» тапқандар да , қабірімен қауышып жатқандар да бар. Сөз сорабын солардың біріне бұрайық. Қазақтың қайтпас қайсар ерлерінің бірі Рәтай Сұлтанбековтың қабірі Германияда табылды. Бірнеше жылдан бері майдангердің туған-туыстары ол жайында мәлімет жинап жүрген еді.

Мұрағаттағы соңғы жазба арқылы жаужүрек батырдың 1945 жылы Берлин түбіндегі шайқаста қаза тапқаны дәлелденді. Араға 70 жыл салып, Рәтай Сұлтанбековтың жақындары Берлиннен 80 шақырым жерде орналасқан бауырластар зиратында жерленген бейітіне барды. Рухына тағзым етіп, құрмет көрсетті, құран бағыштады. Соғыста көзсіз ерлігімен көзге түскен жас сарбаз алдымен взводты, кейін рота мен бүтін бір батальонды басқарды. Бірінші Беларусь майданының шебінде барлық ұрысқа қатысқан қазақ сардары «Қызыл Жұлдыз», «Ұлы Отан соғысының I дәрежелі» ордендерімен марапатталды.

Кенішбек Сұлтанбеков, Ратай Сұлтанбековтың інісі

-Мен ойлаймын, бұл кісі батырлыққа лайықты адам еді. Қазіргі уақытта да осындай азаматтар ұмытылмайды деймін. Майдангер, халық жазушысы, қаламгер Әбу Сәрсенбаевтың жазған деректері оған нақты дерек.

«Ғалымның хаты, батырдың аты өлмейді». Сойқан соғыстан соң анасы баласын жоқтаса, енді бабасын ұмытпайтын, батырын ұлықтайтын ұрпақ өсіп келеді. Отан қорғау жолында отқа түсіп, бейбіт өмір үшін құрбан болған ұлтымыздың даңқты ұлдарын павлодарлық «Майдан жолы» атты жасақтың мүшелері де іздеуге кірісті.

БЕЙНЕТ БЕКЕР КЕТКЕН ЖОҚ. РЕСЕЙДІҢ ПСКОВ ОБЛЫСЫНДА ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНДА КӨЗСІЗ ЕРЛІК КӨРСЕТІП, ҚАЗА БОЛҒАН ЖЕРЛЕСТЕРІМІЗДІ ТАПҚАН ОЛАР 7 ЕСКЕРТКІШ ОРНАТТЫ. АЙТУҒА ҒАНА ОҢАЙ БҰЛ ҚЫРУАР ЖҰМЫС ҚАЗАҚСТАНҒА БЕЛГІЛІ АЛПАУЫТ КОМПАНИЯ ERG ЕУРАЗИЯЛЫҚ ТОБЫНЫҢ «БАТЫРЛАР ЖОЛЫМЕН» АТТЫ ЖОБАСЫ АЯСЫНДА ЖҮЗЕГЕ АСТЫ. «МАЙДАН ЖОЛЫ» ЖАСАҒЫНЫҢ ІЗДЕСТІРУШІЛЕРІ ПСКОВ ОБЛЫСЫНДА ҚАЗА БОЛҒАН ПАВЛОДАРЛЫҚ ОФИЦЕР ПАВЕЛ ДУБОВОЙҒА, ОРАЛДЫҚ ЖАУЫНГЕР МӘКӘРІМ КӨБЕГЕНОВКЕ АРНАП ҚОЛАДАН МҮСІН ҚОЙДЫ. СОНДАЙ-АҚ ҚАЗАҚТЫҢ БАТЫР ҚЫЗЫ ӘЛИЯ МОЛДАҒҰЛОВА ЖЕРЛЕНГЕН МОНАКОВА АУЫЛЫНДА ҚАН МАЙДАНДА ҚАЗА БОЛҒАН ҚАҺАРМАН ЖЕРЛЕСТЕРІМІЗГЕ МЕМОРИАЛДЫ КЕШЕН ТҰРҒЫЗДЫ. ЕҢСЕЛІ ЕСКЕРТКІШ ЕРТЕҢГІ БУЫНҒА ЕРЛІК РУХЫН СЫЙЛАП, ОТАНШЫЛ СЕЗІМІН ОЯТАРЫ ХАҚ. ӨСКЕЛЕҢ ҰРПАҚТЫҢ ӨНЕГЕЛІ ЖОРЫҚ ЖОЛДАРЫ МЕН ІЗГІ ІСТЕРІ ЖАЙЫНДА ТІЛШІМІЗ ЕРХАН ТӘТКЕН ЕКЖЕЙ-ТЕКЖЕЙЛІ БАЯНДАЙДЫ.

Ресейдің Псков өңірі – қойнауы тарихқа толы өлке. Бұл жерде Ұлы отан соғысының қан құйлы ұрыстары болған. Тарихқа үңілсек, қазақтың құралайды көзге атқан мерген қызы, Кеңес одағының батыры Әлия Молдағұлова осы Псков облысында соңғы шайқасын өткізген. Әлия Молдағұлова жерленген Монакова ауылында араға 70 жыл салып, мемориалды кешен тұрғызылды. Мұндағы бауырластар зиратында қазақстандық 700 жауынгердің сүйегі жатыр. Осы кешенде қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұловаға арнайы мрамордан жасалған құлпытас орнатылды. Оның ашылуына батырдың туған-туыстары арнайы келді.

Әліп Үсенова, Әлия Молдағұлованың сіңлісі

-Мен бақыттымын, ол жай өлген жоқ, елін қорғап, батырлықпен ержүрек жасап, жігіт орнында кеткен кісі ғой. Мен оған мақтанбасам ренжімеймін. Қазақстанның екі батыр қызы менің апам сосын Мәншүк Мәметова. Әрине, ерлік тектен-текке шықпайды.

Ресми дерек көздеріне сүйенсек, Псков облысының Монакова ауылында Ұлы отан соғысында ерлік көрсетіп қаза болған 2,5 мың сарбаздың сүйегі жатыр. Олардың ішінде әр ұлттың өкілі бар. Тұрғызылған мемориалды кешенде Әлия Модағұловамен бірге майдан даласында ерлік көрсеткен Латыш халқының батыры Ян Райнбергке де құлпы тас орнатылды.

Жұмабек Камзин, «Майдан жолы» патриоттық іздестіру жасағының жетекшісі

-Біздің Олжас ағамыз айтқандай, мынау жаңағы қырды көтере, тауды бағалай біл деген. Сондықтан да біз тек қана Әлияның атын, ол ксінің тек қана рухына тағзым етпей, анау Латыш батырына ескерткіш қойып жатырмыз.

Ермек Пірімбетов, Қазақстанның Санкт-Петербордағы бас консулы

-Өздеріңіз көріп тұрғандай, біздің елдің азаматтарының бастамасымен осындай игі істер атқарылып отыр. Осы арқылы біз тарихымызды ұмытпаймыз.

Ресейдің Псков облысында сұрапыл соғыс кезінде 11 мың сарбаз бен осынша офицерлер қаза болған. Қазіргі күнге дейін араға уақыт салып іздестірушілер мен археологтар олардың сүйектерін тауып, жер қойнауына тапсыруда. Мемориалды кешеннің ашылуынан кейін 14 жауынгердің сүйектері қайтадан жерленді. Батырлардың рухына құран оқылды.

Кремль қабырғасы негізінде тұрғызылған мемориалды кешен елімізге белгілі ERG Еуразиялық Тобының бастамасымен 27 күнде бой көтерді. Құрылысқа жауапты «Майдан жолы» іздестіру жасағының мүшелері ауа райының қолайсыздығына қарамастан, өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқара білді.

Ерлан Рахимов, «Майдан жолы» патриоттық іздестіру жасағының мүшесі

-Біз келген күннен бастап, бұл жерде жаңбыр, кейбір күндері қар жауды, кейбір күндері бұршақ жауды. Енді жауапкершілікпен жұмыс істеуге келгеннен кейін осы ата-бабаларымыздың басына ескерткіш қояйық, ұрпақтардың жадында мәңгі сақтайық деген мақсатпен келгеннен кейін ол қиыншылықтарды жеңуге тырыстық.

Бұл Псков облысының Новоржев қаласы. Мұнда Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен жерлесіміз, павлодарлық офицер Павел Дубовойға қоладан мүсін орнатылды. Павел Дубовой 19 жасында майдан даласына Павлодар облысы Ақтоғай ауданынан аттанған. 1943 жылы қаһарман жерлесіміз сұрапыл майданда көзсіз ерлік көрсетіп, әйгілі Бородино асуын жаудан азат еткен. Жерлесіміздің қоладан жасалған мүсіні Новоржев қаласының орталық көшесінде бой көтерді. Айта кеткен жөн, мүсінді орнату жұмыстары павлодарлық «Майдан жолы» іздестіру жасағының бастамасымен жүзеге асты. Сондай-ақ қажетті құрылыс заттары да Қазақстаннан әкелінген. Қоладан жасалған туындының авторы – Ресейге танымал мүсінші, суретші Борис Сергеев.

Мақсұт Жұманов, іздестіру жасағының ардагері

-Бұл жас ұрпаққа өте керек, отансүйгіштікке тәрбиелейді. Мұндай батырларды іздеп табу адамның жүрегінде патриоттық сезімді оятады. Жастар өздерінің елін, халқын, мәдениетін, жанындағы халықтардың тұрмыс-тіршілігін, олардың да мәдениетін, барлығын құрметтеуге үйретеді.

Екатерина Кабушкина, Новоржев қаласының тұрғыны

-Новоржев қаласын жаудан азат еткен батырлардің бірі – Павел Дубовой. Сондықтан біз Новоржев қаласының тұрғындары батырдың ескерткішінің ашылу салтанатына арнайы келіп отырмыз.

Сондай-ақ Псков облысының Новоржев қаласында Ұлы отан соғысында қаза болған жерлесіміз Мәкәрім Көбегеновке де ескерткіш тақта орнатылды. Мәкәрім Көбегенов сұрапыл соғыста 115-ші атқыштар дивизиясының құрамында болған. Орал өңірінің тумасы. Майдангер Псков облысының Бородино асуында ерлікпен қаза тапқан. Өкінішке орай іздестірушілер сарбаздың туған-туысқандары туралы әлі күнге дейін еш мәлімет таппаған. Осылайша Еуразиялық Тобының бастамасымен Ресейдің Псков облысында қазақстандық батырларға арналып игі істер атқарылды. Кейінгі ұрпақ бейбіт өмірді сыйға тартқан батырлардың есімін ешқашан ұмытпайды. Ер есімі мәңгілік ел есінде!

2017 жылы Астанада ЭКСПО көрмесін өткізуге дайындығымыз қалай?

БҮГІНДЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨРМЕНІ ҰЙЫМДАСТЫРУ ІСІНЕ ШЕТЕЛДІК МАМАНДАРДЫ ТАРТУ КӨЗДЕЛІП ОТЫР. МЫСАЛЫ, КҮНІ КЕШЕ ҒАНА ҚЫТАЙ ӨЗ КӨМЕГІН ҰСЫНҒАН БОЛАТЫН. АЛДАҒЫ МАҢЫЗДЫ ШАРАҒА БАСТЫ ДАЙЫНДЫҚТЫҢ БІРІ – «МИЛАН ЕХРО-2015» БОЛДЫ. ЕКІ АПТА БҰРЫН АШЫЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨРМЕДЕ ҚАЗАҚСТАН ПАВИЛЬОНЫ ҮЗДІКТЕР ҚАТАРЫНАН КӨРІНДІ. ОСЫ УАҚЫТҚА ДЕЙІН ОНЫ 20 МЫҢНАН АСТАМ ТУРИСТ ТАМАШАЛАҒАН. АҚБӨПЕ БӘКІР ЖАЛҒАСТЫРАДЫ.

Ақбөпе Бәкір, тілші

-Биылғы ЕХРО халықаралық көрмесі «тағам олимпиадасы» деп аталып кетті. Италиядағы ас мәзірі алуан түрлі болды: 145 ел, үш халықаралық ұйым, БҰҰ, Еуроодақ, Латын Америкасы мен Кариб теңізі елдерінің қауымдастығы. Италия көрмесінің дәмін татып көруге 20 миллион турист келеді деп күтілуде. Алып мейрамхананың ас үйі көптің назарын аударды. Милан қаласының мэрі өз сөзінде ЕХРО-2015 жұмыс істейтініне күмәнмен қарағандар көп болғанын айтты.

Джулиано Пизапиа, Милан қаласының мэрі

-Алып-қашпа әңгіме жүрді. 1 мамырда осы жерде тұрып, көрмені ашатынымызға сенбегендер мен скептиктер көп болғанына қарамастан, осыны жүзеге асырғанымызға қуаныштымын. Миланға қош келдіңіздер!

Алайда Милан мэрінің сөзімен келіспейтіндер де бар. Себебі мейманханаларда барар жеріңізді алдын ала келісіп алуды сұрайды, туристерді арнайы жолдармен алып жүреді, қалада жүрген қауіпсіз емес.10 мыңға жуық ереуілші қатысқан наразылық шараларының соңы бүлікшілікке ұласып кетті. Шерушілер дағдарыс пен жұмыссыздықтан бастап, жемқорлыққа қатысты жанжалдарды да еске салды. Олардың соңғылары халықаралық көрменің беделіне нұқсан келтірген болатын. Маурицио Лупи журналистермен осы кездесіп тұрған сәтте инфрақұрылым мен көлік министрлігінің бұрынғы басшысы, 55 жастағы шенеунікті павильондарды салумен айналысатын құрылыс компанияларына бірдей мүмкіндік бермеген деп айыптаған. Тергеу барысында италиялық саясаткердің отбасына «Ролекстер» сыйлап, ұшақ билеттерін төлеп, тіпті костюмдер тіккендер де болғаны анықталған. Сонда да экс-министр өз кінәсін мойындаған жоқ.

Маурицио Лупи, Инфрақұрылым мен көлік экс-министрі

-Италия дамып өркендесін десек, «ЕХРО-ға жоқ!», «Жоғары жылдамдықты теміржолдарға жоқ!» деп наразылық білдіріп, айқайлағаннан гөрі,  әркім өз жұмысымен айналысып, еліне сенуі керек. Істелген жұмыстың нәтижесін тек сырт көз ғана көре алады, менің отставка кеткенімнің себебі де сол.

Қалай болғанда да, көрме қожайынының бас павильоны барлығынікінен кеш тапсырылды. Соңғы жұмыстар ашылғанға 15 минут қалғанда бітті деген мәліметтер бар. Италиялықтар келушілерге «Қала орманын» ұсынды. Ғимараттың сырты өрмекшінің торы іспетті, ал жиектері күн сәулесінен қызғанда, зиянды заттарды сіңіріп алады. Бұрылыстар мен өткелдерде Италияның тарихынан бүгінгі күнге дейін көз жүгірте аласыз. Мәліметтер көңіл құлазытады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, ғаламшардың әр тоғызыншы адамы аш отырса, осы уақытта 2 миллиард адам семіздікке шалдыққан. Осы сынды мәселелер көрме алаңдарында талқыланды. Негізгі жайттың бірі – шикізат қорының сарқылуы, судың жетіспеуі және экологиялық апаттар.

Диас Әлімбаев, Назарбаев университетінің студенті

-1960 жылы көлемі шамамен 68 мың шаршы шақырым болса, жыл сайын тарылып, құрғай бастады. Оған 1970 жылы басты өзендер: Сырдария мен Әмударияның сағалары мақта алқаптарын суару үшін бұрылғаны себеп болды. Осыдан кейін Арал кебе бастады.

Қазақстанның павильонына адамдар көп келді. Біздің көрме орталығы алғашқылардың бірі болып ашылды. Ұйымдастырушылар ұлттық нақышты көрме тақырыбымен әсем үйлестірген, кіре берістен-ақ Қазақстанның қандай тағамдар ұсынатынын түсінесіз. Екі мың шаршы метр аумақта Қазақстан бояуларының барлық реңкі, Алматының қызыл апорты, сары бидай, жасыл дала және тағы бір тосын сый, мына хауызда бекіренің жойылып бара жатқан түрі ұсынылған. «Қазақтанда осы балықтың санын көбейту жұмыстары қолға алынған», - дейді экскурсия жетекшілері.

Әнуарбек Мусин, Еxpomilano 2015 халықаралық көрмесіндегі ҚР секциясының бас коммиссары

-Павильонның тұжырымдамасын әзірлегенде Қазақстанның артықшылықтарын ашып, еліміздің байлығы жайлы айтуға тырыстық. Тіршілік энергиясы, әлемді тамақтандыру тақырыбымен үйлестіріп, ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы мен аквамәдениетімізді көрсеттік. Азық-түлік өнімдерін шығару кезінде қоршаған ортаны сақтау керек екенін түсінеміз, сондықтан экология тақырыбы да тыс қалған жоқ. Павильонымыздың жолы «Өткеннен болашаққа» деп аталады.

Қазақстандық павильонның дәл осындай болып шығуы үшін тұтас бір халықаралық команда жұмыс істеді. Олардың алдында күрделі міндет тұрды. Көрменің тақырыбын заманауи тұрғыда ашып көрсетумен қатар, қазақы болмысқа басымдық берілуі тиіс еді.

Роберт Мюллер, «Еxpomilano 2015» көрмесіндегі Қазақстан кешенінің құрылысы жөніндегі атқарушы директоры

-Қазақстан туралы ақпарат аз болғандықтан, бізге өте қиынға түсті, алайда Қазақстанның ғылыми университетімен жұмыс істеу барысында өзіміз де көп нәрсені біліп үйрендік. Біздің пікірімізше, осы павильон – көрмедегі ең үздіктерінің бірі.

Дәйекті болу үшін сандарға да кезек берейік. Көрменің бірінші күні Қазақстан павильонына 2 мың адамға шағын экскурсиялар жүргізілді. Шетелдік туристерге еліміздің алғашқы тың игеруші агрономдарының бірі Александр Бараев туралы айтылып, Қазақстанның мал шаруашылығының белгісі алтын жылқы көрсетілді.

Олег Марко, көрмеге келуші

-Қазақстан туралы көп білмеуші едім. Сіздерде әлемдегі ең үлкен ғарыш айлағы Байқоңыр бар. Жерлеріңіздің аумағы үлкен, әлем бойынша 9 орында, ал халық саны аз екенін білемін. Енді елдеріңізге барып келгендей әсердемін, мұндайдан кейін 2017 жылы сіздерге көп турист келеді деп ойлаймын.

Қазақстандық павильонның негізгі мақсаты да осы. 2015-ті қаншалықты табысты атқарсақ, 2017-нің қорытындысы да соғұрлым нәтижелі болмақ. Сондықтан отандық мамандар Миланда шақыру, байқап-бақылаумен қатар, білген-көргендерін санаға сіңіруде.

Рапиль Жошыбаев, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары, Ехро-2017 халықаралық арнайы көрмесінің комиссары

-Қатысушалыр келіп, біздің ЭКСПО-2017 келіп қатысуға аса қызығушылығын білдіруде. Қазіргі кезде 24 мемлекет және 3 халықаралық ұйым қатысатынын ресми түрде растады. Жыл аяғына дейін 60 ел қатысатынын растайды деп сенемін.

Павильондарды қазірдің өзінде салыстыруға болады. Өз елін ұтымды жақтан көрсетуге әр қатысушы шама-шарқы жеткенше тырысқан.

Ақбөпе Бәкір, тілші

-Миланда жай күннің өзінде адам көп, ал көрме ашылардың алдында тіптен емін-еркін өтудің өзі қиын. Туристерді көптеп тарту үшін «Дю Солей» циркі өнер көрсетті, Андреа Бочелли Миланның бас алаңында ән айтты. Барлық дау-жанжал мен дағдарысқа, тіпті 13 миллиард евродан астам қаржы кеткеніне қарамастан, италиялықтар ЕХРО-ны ашты.

ӨТІП БАРА ЖАТҚАН АПТА ОСЫНДАЙ ОҚИҒАЛАРМЕН ЕСТЕ ҚАЛДЫ. КЕЛЕСІ СЕНБІДЕ ЖҮЗДЕСКЕНШЕ!

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

Әлеуметтік желілер

  1. TW
  2. FB
  3. BK

Приложение Хабар для iOS Приложение Хабар для Андроид

Хабар 24 Телеканал Kazakh TV  Телеканал ЕЛАРНА

яндекс.ћетрика

 Тумар EXPO 2017 Акорда Электронное правительство Казахстана

© 2017 «Хабар» агенттігі. Барлық құқықтары қорғалған.