Апталық жаңалықтар топтамасы - 07.01.2017 жыл - "Хабар" телеарнасы
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Апталық жаңалықтар топтамасы - 07.01.2017 жыл

  • Сенбі, 07 Қаңтар 2017 21:04

1. Елбасы Қазақстан халқын Рождествомен құттықтады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Рождество мерекесімен құттықтады. 

«Бұл жарқын мереке қоғам өміріндегі жоғары адамгершілік бастамаларды нығайтатын өшпес рухани және моральдық құндылықтарды сақтауға ықпал етеді. Рождество – бұл әлемнің жаңаруының, игілік пен әділдіктің, қайырымдылықтың және көмек пен қамқорлыққа зәру адамдарға шынайы көңіл бөлудің нышаны», – деді Елбасы өз сөзінде. 

Сондай-ақ, мұның барлығы біздің қазақстандық татулық пен жасампаздық, көркею мен даму моделінің негіздерін нығайтуға ықпал ететінін айтып, барша жұртқа бақыт, сәттілік пен амандық-саулық тіледі.

2. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің биылғы алғашқы жиынына қатысты

Осы аптаның басты жаңалықтарының бірі Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшесі қызметіне кірісіп, оның алғашқы жиынына қатысты.

Жиында Қазақстан делегациясы атынан Барлыбай Садықов қатысты. Кеңестің қаңтардағы жұмыс тәртібі бекітілді. 

Негізгі тақырыптар – Сирия мен Ирактағы химиялық қару және гуманитарлық аспект. 

Жабық жағдайда өткен сессияда бірқатар құжат қабылданды. Және Ұйым кеңесі «Қақтығыстарды болдырмау және бейбітшілікті сақтау» тақырыбында жоғары деңгейдегі ашық пікір-сайыс өткізді. 

Ал 17-қаңтарда Таяу Шығыстағы ахуалға арналған дәстүрлі жиын өтеді.

Әнуар Жайнақов, ҚР СІМ баспасөз қызметінің жетекшісі

-Отырыста қазақстандық өкіл премитивті дипломатия және сенім шараларын нығайту, ядролық қаруды таратпау, қақтығыстарды шешу және халықаралық терроризмге қарсы әрекет ету сияқты Қазақстан үшін басым мәселелерді атап өтті.

3. Сирия процесіне қатысушы елдердің барлығы Қазақстанға сеніммен қарайды

Оған қатысты келіссөздер Астанада түптің түбінде өтеді. 

«Сириядағы шиеленіскен жағдайды бір демде шешу мүмкін болмаса да, келіссөздер кей аумақтарында қантөгісті тоқтатуға сеп болады», – деп айтты осы аптада Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин.

Ерлан Қарин, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры

-Кішкентай ғана шектелген территорияда оқ ату тоқталған жағдайда, қазіргі жағдайда Сирия дағдарысы үлкен қадам, үлкен жетістік болар еді. Келіссөздер түптің түбінде өтеді. Қазақстанның халықаралық беделінің өсуіне, шетелдегі әріптестерім: «Астананың кездесулер, саммиттер өтуінің арқасында Азиялық Женева секілді мәртебеге ие болып жатыр», – дейді.

4. Елбасы Жарлығымен Қ.Омаров ҚР БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі болып тағайындалды

Осы орайда айта кетейік, Мемлекет басшысының Жарлығымен Қайрат Ермекұлы Омаров Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі болып тағайындалды.

Ол Қазақстан Республикасының Америка Құрама Штаттарындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінен босатылды.

5. Елімізде Көші-қон қызметі комитеті құрылып, бірқатар министрлік қайта жасақталады

Елімізде Көші-қон қызметі комитеті құрылатын болды. Сондай-ақ бірқатар министрліктер қайта жасақталады. 

Көші-қон үдерістерін реттеу мақсатында тиісті қызмет түрлері мен өкілеттіктер бірнеше министрліктерден алынып, бір ведомствоға тапсырылады. 

Бұл жайлы Президенттің тиісті Жарлығы шықты. Құжат мәтіні Ақорданың ресми сайтында жарияланды.

6. Сирияның Тартус портына Қазақ елінің гуманитарлық көмегі жетті

Ұн, ет консервілері, күріш, шай, макарон өнімдері, барлығы 500 тонна азық-түлік соғыстан қираған қала тұрғындарына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен жеткізілді. 

Сириялықтар Қазақстанның көмегін күткен. Сирия сыртқы ведомствосы басшысының орынбасары Фейсал Аль-Мекдад Иорданиядағы Қазақстанның елшісі Азамат Бердібаймен кездесуінде Үкімет атынан Қазақстан Президенті мен оның халқына алғысын білдірді. 

Гуманитарлық жүк келген порт Сирия астанасынан алыста орналасқан. Ол жерге қаруланған топтар күзетіп отырған елді мекендер маңындағы айналма жолдармен ғана жетуге болады. 

Алеппо, Дамаск пен басқа да провинцияларға көмек бірнеше аптада жетеді. Көмек халықтың қажеттілігіне қарай таратылады. Суық аймақтардағыларға жылы киім, тағам жоқ провинцияларға азық-түлік жіберіледі.

Ясер Диб, Тартус провинциясы кеңесінің төрағасы

-Бүгінде Тартуста Сирияның өзге де өңірлерінен келген  азаматтар тұрады. Сол себепті де бұл гуманитарлық көмектің біз үшін орны бөлек. Қазақстанның осы бір қиын-қыстау сәтте қолұшын беруі қаншама отбасының өмірге деген сенімін оятты. Бұл ретте мен барша Сирия халқының атынан Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан халқына шексіз ризашылығымды білдіремін.

Азамат Бердібай, Қазақстанның Иорданияағы Төтенше және өкілетті елшісі

-Қазақстаннан бұл гумманитарлық көмек Сирия халқына Елбасының тікелей тапсырмасымен жеткізіліп отыр. Азық-түлік пен жылы киімдер осында зардап шеккен тұрғындарға шамалы болса да көмек болады деген ойдамыз.

7. Елбасы Шахан кентінің тұрғындарына көңіл айтты

Апта басында Қарағанды облысы Шахан кентінде болған төтенше жағдайға байланысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көңіл айтты. 

Мемлекет басшысы Қарағанды облысы Шахан кентінде көппәтерлі үйдің кіреберісі құлап, адам шығынына әкеп соқтырғаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдады. 

Қазақстан Президенті қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.

Елбасы Қарағанды облысының әкіміне, сондай-ақ уәкілетті мемлекеттік органдарға зардап шеккен тұрғындардың бәріне жан жақты көмек көрсету үшін тиісті шаралар қабылдап, төтенше оқиғаның себебін анықтау жөнінде тапсырма берді.

8. Қарағандыда көпқабатты үйде қазандық жарылып, 9 адам мерт болды

Қарағанды облысының Шахан кентінде түнгі сағат 23.00 шамасында бес қабатты үйдің бір подъезі опырылып ортасына түскен еді. 

Қайғылы апатқа дербес қазандықтың жарылуы себеп болған деген болжам айтылған. 

9 адамның мәйіті үйінді астынан шығарылған. Олардың үшеуі – бала. Ал 6 адам дін аман. Екеуі түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. 

Досжан Жумкин, оқиға куәгері

-Үйде болдық. Тамағымызды ішіп, залға бардық. Бір кезде бомба түскендей гүрс ете түсті. Түрегеліп, кухняға жүгіріп келдім де, форточканы аштым. Екі жігіт: «Ойбай шығыңдар, өлесіңдер», – деп жүгіріп келді. Киініп-киініп шықтық. Содан жарым түн далада жүрдік.

Жергілікті биліктің айтуынша, бұл подъезде барлығы 25 адам тұрған. Олардың көпшілігі апат кезде пәтерлерінде болмаған. 

Құлаған үйдің үйіндісін тазалауға облыстың барлық аудан, қалаларынан 286 адам мен 55 техника жұмылдырылған еді. 

Осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Арнайы тексеру жүргізген комиссия мүшелері үйдің қалған үш подъезінде тұруға болады деген шешім шығарды. Және үйдің жанына жаңа қазандық орнатылды. Ал пәтерлері жарамсыз болып қалған тұрғындарға баспана алуға көмек көрсетілмек.

Өңірлерде зардап шеккен шахандықтарға гуманитарлық көмек жинайтын бекеттер ашылып, арнайы есепшот та ашылды. Бүгінгі таңда 41 миллионға жуық қаржы жиналған. 

Қаза тапқандардың туыстарына 1 миллион, ал зардап шеккендерге 500 мың теңгеден жәрдемақы төленбек. 

Шахандағы көпқабатты үйдің жарылыстан құлап қалған 4-ші подъезінің тұғындарына жуық арада жаңа баспана беріледі. Бұл туралы Шахтинск қаласының әкімі Сержан Аймақов мәлімдеді. Пәтерлер қоғамдық қорға жиналған ақшаның есебінен сатып алынады. 

Сондай-ақ ертең апат болған үйдің жанына жеке қазандық қойылып, жылу жіберіледі. 

Апта соңына дейін алғашқы үш подъездегі 45 пәтердің тұрғыны баспаналарына қайтып оралады.

9. Қазақстанда 62 елдің азаматтары 30 күнге дейін визасыз жүре алады

Экономикалық бірер ақпар. Әлем елдерімен жасалған екіжақты келісімдердің арқасында бұрын 19 елдің азаматтары бізге визасыз кіріп жүрсе, биылдан бастап тағы 45 елдің туристері ешбір құжаттама толтырмай-ақ жүре алады.

Демек, әлемнің түкпір-түкпіріндегі 62 елдің тұрғындары Қазақ жеріне мейман ретінде келе бастайды. Олардың ішінде дамуы көш ілгері Канада, Германия, Франция, Люксембург, Сингапур және Нидерланды да бар.

Алыс-жақын жерлерден ат терлетіп, Ұлы дала елінің мәдениеті мен тарихын, салт-дәстүрі мен тұрмысын тамашалауға келгендердің 30 күн бойы визасыз жүруге мүмкіндіктері бар.

10. Қытай Қазақстан арқылы Ұлыбританияға теміржол қатынасын ашты

Еліміз транзиттік әлеуетті арттыруға дағдарыс басталмай тұрып ден қойды. Қазақстан Батыс пен Шығыстың ортасында тұрғанын пайдаланып, Қытай мен Ұлыбританияны байланыстырды. 

Бүгін осы бағытта жүк пойызы жолға шықты. Бұл – транзиттік табыстан бөлек, Еуропаға шығар төте жол. 

Қытай Ұлыбританиямен тікелей теміржол қатынасын бастады. Жүк пойызы Қазақстан, Ресей, Беларусь, Польша, Германия, Бельгия және Франция арқылы өтуі тиіс. 

Бұрын аспан асты елі қарт құрлыққа тауарын теңіз жолы арқылы тасымалдайтын. Ал ұзақ жолды еңсеру 45 тәулікке дейін созылатын. «Енді жол жүрудің машақаты азайып, 12 мың шақырым жерге 18 күнде жетуге болады», –деп хабарлайды «Чайна Дэйли» басылымы.

11. 2020 жылдан бастап банктегі есепшоттар да табыс декларациясында көрсетілуі тиіс

Мұны Мемлекеттік кіріс комитетінің өкілдері хабарлап отыр. Яғни 3 жылдан кейін, жекеменшігіңіздегі ақша, жылжымайтын мүлік, көлік, құнды қағаз, тіпті кімге қарыз екеніңіз де назарға алынады. 

Бірақ қаржы Қазақстан банктерінде жатса, ондағы сомманың нақты қанша екенін жазбауға болады. Тек есепшоттың барын көрсету жеткілікті. 

Бастапқыда декларациялауды 2017 жылы екі кезеңмен жүргізу жоспарланған. Алайда кейін халықтың кірісін жаппай есептеу жүйесіне көшу 2020 жылға қалдырылды.

12. Жаңа жылдан бастап жол полицейлері таяқшасыз жұмыс істеуде

Енді тасада тұрып көлік тоқтатуға мүлдем рұқсат жоқ. Ішкі істер министрлігі елімізде автопатруль жүйесіне мән беруде. Яғни жолдағы барлық қозғалысты полицейдің қызметтік көлігіндегі бейнетіркеу мен көшедегі бейнебақылау камералары арқылы бақылайды. 

Бұрынғыдай көліктерді тоқтату үшін алатаяқ қолдануға рұқсат жоқ. Оның орнына ысқырық, жарық түсіретін шам мен дауыс ұлғайтқышты пайдалануы қажет. 

Жаяу жүріп машина тоқтатуға болмайды. Жалпы ережеге сәйкес полицей 2 жағдайда ғана көлікті қолмен тоқтатуға құқылы. Біріншісі, жол ережесін қиылыста реттеу кезінде.

Еркін Мүсілімов, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқарма басшысының орынбасары

-Жол апаты, кептеліс және қолайсыз жағдайлар болған уақытта жол-патрульдік қызметі қолмен көрсетіп, қай бағытта жүріп, айналып кету туралы қолмен көрсетіледі. Екіншісі, қала сыртындағы бекеттерде тексеру жүргізгенде көрсетілмек.

13. Павлодарда жарамсыз тұрмыстық техника қалдықтарын қабылдау басталды

Бұдан былай жарамсыз қалған тұрмыстық техника әр жерде жайрап жатпайды. Арнайы ұйымдар халықтан жинап алып, артынан жою орындарына жіберіледі.

Мысалы, Павлодарда қазір ірі сауда үйлерінің жанына арнайы жәшіктер орнатылып жатыр. Акция ауыл-аймақтарды да қамтымақ. 

Халықтан жарамсыз электр приборлары, тұрмыстық техника жиыстырылып, тұрғындарға түсіндіру жұмыстары да жүргізілуде.

Павел Мухин, Тұрмыстық техниканы жою компаниясының директоры

-Тұрмыстық техникада зиянды заттар көп. Бензол, стирол, сынап болады. Біз мемлекеттік мекемелермен жұмыс жасаймыз. Айына шамамен 80 тонна тұрмыстық техниканы жоямыз. Металь елімізде қалады. Пластикті Қарағандыға жібереміз, электрондық құралдар жиынтығы Еуропа не Ресейге жөнелтіледі. Ал әйнекті енді жинай бастадық.

Жасұлан Ерғалиев, Қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару департаментінің бас сарапшысы

-Тұрмыстық техниканы өндіруші немесе сатушы компаниялар, сауда үйлерінің өкілдері халықтан жинап арнайы ұйымға өздері апарса, оларға өтемақы төленетін болады. Ал ережені бұзған тұрғындар бірден айыппұл төлемейді, алдымен ескерту жасалады.

Елімізде 130 компания қалдықтарды жиюмен айналысса, оның 8-і осы электр-энергиялық құрал қалдығын тиейді. Енді сынған тұрмыстық техниканы кез келген контейнерге салуға болмайды. 

Норма бойынша ескертуді елемеген жеке тұлғалар – 10, кәсіпкерлер 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді. Бірақ әр тұрғынды қадағалау мүмкін емес. 

«Сондықтан заңнама әлі де жетілдірілуі тиіс», – дейді Энергетика министрлігінің өкілдері. 

Қазақстанда биылдан бастап қоқысты сұрыптап жинау қолға алынбақ. Ал 2019 жылдан қайта өндіруге сұрыпталмаған қоқысты көмуге тыйым салынуы тиіс.

14. Торғай геоглифтерін зерттеу халықаралық денгейде жүргізіледі

Алдағы наурыз айында Торғай геоглифтерінің табылғанына 10 жыл толады. Сақина, крест, свастика, пирамида тектес жер бетіндегі бұл бейнелер адамзаттың ең көне туындысы деп танылып отыр. 

Түркияда өткен археологтардың еуропалық қауымдастығының форумында торғайлық нысандар 2014 жылдың басты сенсациясы деп танылды. 

Ал 2015 жылдың қорытындысы бойынша америкалық блогерлердің таңдауымен Торғай геоглифтері жылдың ТОП-10 жаңалығына енді. Алайда әлем көз тіккен теңдесіз құбылысқа өз елімізде қызығушылық аз көрінеді. 

Зерттеуші Дмитрий Дей биыл осы олқылықтың орнын толтыру үшін зерттеу жұмыстарын халықаралық деңгейде жүргізу жоспарланып отырғанын айтады. Мақсат – Торғай ойпатындағы алып геоглифтерді «Кім, қашан, не үшін жасады» деген сұрақтарға жауап іздеу. 

Дмитрий Дей, зерттеуші

-Бастапқыда бұл жобаны біз тек қазақстандық деп атағымыз келген. Алайда қолдау жеткіліксіз болғандықтан, әлемдік денгейге шығаруға тура келді. Халықаралық қауымдастықтардың қазір қызығушылығы зор. Бұл жоба тарихымыздың беймәлім тұстарын ашуға үлкен септігі тиері сөзсіз. Және Қазақстанды Египет тәрізді әлемге таныта түсетіндігіне сенімдімін.

15. Универсиаданың символы бейнеленген кәдесыйлар сатылымға шығарылады

Ұлттық нақыштағы малақай киіп, мойынорауыш тағынған сұңқардың балапаны жиырма сегізінші Универсиаданың бойтұмары ретінде былтыр бекітілген.

Келбеті мультфильм бейнесінде жасалғанымен, шынайы сұңқардың кейпі өзгеріссіз қалдырылған. 

Айта кетейік, қазір байрақты шараның символы бедерленген естелік заттардың оннан аса түрі дайындалған.

Баян Болат, Универсиада-2017 Дирекциясы маркетинг және лицензиялық өнім департаментінің бас маманы

-Бұл жерде сұңқардың түсін өзгерттік. Бас формасын кішірейтіп, көздері де жетілдірілді. Ұлттық нақыш енгізілді. Оюлы малақай мен мойынорағыш орадық. Нәтижесінде Универсиаданың соңғы әрі нақты бойтұмары бекітілді.

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

Әлеуметтік желілер

  1. TW
  2. FB
  3. BK

Приложение Хабар для iOS Приложение Хабар для Андроид

Хабар 24 Телеканал Kazakh TV  Телеканал ЕЛАРНА

яндекс.ћетрика

 Тумар EXPO 2017 Акорда Электронное правительство Казахстана

© 2017 «Хабар» агенттігі. Барлық құқықтары қорғалған.