Жеті күн 18.03.2017 - "Хабар" телеарнасы
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Жеті күн 18.03.2017

  • Сенбі, 18 Наурыз 2017 21:08
Сюжеттер
1. Елбасы отандық БАҚ өкілдерімен кездесті 2. Елбасы тапсырмасы 3. Елбасы бірқатар кадрлық ауыс-түйістер жасады
4. Тағайындаулар 5. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Шығыс Қазақстан облысына барды 6. Исламдық банкинг
7. «Астана» қаржы орталығының ерекшелігі қандай болмақ? 8. ФҚЖ базалық көрсеткішті көтерді 9. Астана процесі
 
10. Ұлттық Олимпиада комитетінің құрылғанына 25 жыл 11. «Тұмар» бірінші ұлттық телевизиялық байқауы  

1. Елбасы отандық БАҚ өкілдерімен кездесті

Конституциялық реформа керегемізді кең, тереземізді тең ете ме? Дағдарыста дағдарып қалмас үшін не істегеніміз дұрыс? «Астана процесін» ұйымдастырғаннан ұтарымыз не? Ана тіліміздің абыройы қалай? Осы тақілеттес күн тәртібіндегі сан сауал ел мен жердің тағдырына алаңдайтын кез келген азаматтың көкейінде кептеулі.

Бұл мәселелерде әркім өзінше уәж айтып, өлшем қылуға тырысады. Бірақ істің байыбына барып, басын ашатын бір-ақ адам, ол – Президент.

Осы аптада Елбасы журналистермен жүздесті. Ақордадағы дидарласуда біраз түйткілдің түйіні тарқап, түбі көрінгендей.

Бізде әлемнің бір бөлігі болғандықтан, дағдарыстан шығудың амалын әуелден іздедік. Екі жыл бұрын «Нұрлы жол» бағдарламасын қабылдап, экономикалық соққының салмағын азайттық. Соның өзінде де өткен жылы елдің экспорттық тауарлары 3 есеге төмендеп, қорға түсетін қаржы 40 пайызға кеміді. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Мынандай дағдарысқа да дайындалғанбыз. Сондықтан индустриялық бағдарламамен 1000 мекемені іске қосып, талай жұмыс орнын аштық. Содан кейін өңдейтін өндірісті көтердік, соның арқасында өскен өнімнің 2 пайызын өңдейтін өнімдер тұр. Сондықтан бұл – алдымызда тұрған қиыншылыққа жауап деген сөз.

2050 жылға дейін елдегі шағын және орта бизнестің үлесі кем дегенде 50 пайыз болуы шарт. Президент Жолдауда көрсеткен өршіл мақсаттың бірі осы. Межеге жетудің жолдары жоспарда бар. Мәселен, ауылдық және қалалық жерде іс бастайтын азаматтар 16 миллион теңге несие рәсімдей алады. Елбасы іскер жандарға: «Тауар сапалы әрі бағасы төмен болса, іс ілгері жүреді», – деді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Например, стали собирать казахстанские автомобили, мы их продаем везде. Это тоже окошко, можно сказать. Начали вывозить мясо – говядину. Я знаю, что некоторые товары легкой и пищевой промышленности стали выходить на зарубежный рынок, и считаются хорошими. Без минеральных удобрений, экологически чистые.

Дамыған елдерде шағын және орта бизнестің үлесі 70-80 пайыз болса, Қазақстанда ол көрсеткіш – 25 пайыз. Еңбекті еселей білген елдерге жету үшін әуелі екпінді еңбек қажет. Сонымен қатар жаңа технологияны пайдаланып, жерді күтіп ұстау ләзім. Мысалы, Қытай шаруалары бір гектардан 25 центнер өнім алса, бізде дәл сол жерден 13 центнер бидай басамыз. Сол себепті  қолдау болса да, қозғалуы қиын сала жиында сөз болды.

Нұртөре Жүсіп, «Айқын» газетінің Бас редакторы:

-Қаншама жердің үстіндегі астығымыз бар, байлығымыз бар. Бірақ сол ауыл шаруашылығының әлеуетін көтере алмай келеміз. Тиімді жұмсай алмаймыз, ұтымды тұстарын таба алмаймыз. Неліктен бұлай деп ойлайсыз?

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Осы жағдайын сақтап қалу үшін ауыл шаруашылығына қыруар триллиондаған ақшаны беріп жатырмыз. Субсидияға жаңа комбайн мен тракторлар алып жатыр. Өмірінде көрмеген Америка мен Батыс Еуропаның тракторлары, комбайндарды көрмейсің бе? Баяғыда екі ай жинайтын, 10 күнде жинап алады. Оның 5 пайызы жерге төгіліп қалатын. Соның бәрі – мемлекеттің беріп жатқан ақшасы. Тыңайтқышқа, суармалы жерге, содан кейін ет шаруашылығына, сүт шаруашылығына ақшаны береміз. Қызылша жетпей, қантты сырттан әкеліп жатырмыз. Оған да қаржы беріп жатырмыз. Сол субсидияның бәрін жинап, басқаша қарау керек. 

Қолынан іс келетін адам, жерді де аса ыждағаттылықпен қарап, ұстау керек. Бүгінде кейбір шаруалар жалға алған аумағына жауапсыз қарайды. Ол – шындық. Салдарынан жер сорланып, өнім ала алмаймыз. Сондықтан өткен жылы жекеге беру жайы көтерілген еді. Бірақ Президент: «Жер жұмыс істейтін адамның қолында болса, өнім де көл-көсір болар еді», – деді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Қазақтың жеріне жаны ашитын екі адам болса, соның бірі – менмін. Шекараны шегендеген кезде 14 мың километрлік шекараның әр метрі үшін күрестік. Еш жерде ештеңені бермеу үшін, берсек орнына алу үшін тырыстық. Мен ол қорқыныштардың қайдан шығатынын білем. Көршілер алып қоймай ма, айырылып қалмаймыз ба дегендей. Қазақтың жерін ешкім арқалап, тиеп алып кете алмайды. Ол – Қазақстанның жері, Қазақстанның заңдары. Оны басқаларға сатуға рұқсат етпейміз. Жерді өзіміздің азаматтар, өз кәсіпкерлеріміз жекеменшікке алса дейміз, бірақ соны алатын адам жоқ болып тұр ғой. Ақшасы, қорлары жиналған жоқ. 

Бүгінде үш тілді білім беруге қатысты пікір көп. Қосарланған өзге тілдің тасасында қазақ тілі қалып қоймайды ма деген күдік те жоқ емес. Бірақ Жолдауда тасқа таңба басылғандай қазақ тілінің басымдығы сақталады делінген.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Мысалы, «Президент қазақша сөйлемей, барлық жерде ол болмайды», – деп айтатынын білемін. Қырық рудан жиналған халық, жүз ұлт пен ұлыстар отыр. Соның бәрі Президентті сайлайды. Соның бәрі Президенттің сөзін түсінбесе, сонда қалай болады. Сондықтан мен екі есе көп жұмыс істейтін адаммын. Орысша да, қазақша да. Басқалары Ресейдің Президенті тек қана өз тілінде сөйлейді, америкалық өз тілінде сөйлейді, Түркиянікі өз тілінде сөйлейді. Мен амалсыз екі тілде бірдей сөйлеп отырған адаммын. Сондықтан бұл мәңгілік бұлай болмайды. Қазірдің өзінде қазақтың саны 70 пайызға жақындап келе жатыр. Өздерің білесіңдер, 2025 жылға дейін дайындалып, біз қазақтың тілін барлық жерде енгізуге жұмыс жасаймыз.

Жыл басындағы басты жаңалықтың бірі, Президенттің кейбір өкілеттері Үкімет пен Парламентке берілді. Ата заңдағы өзгеріске сай енді Парламенттің пәрмені артады. Үкіметтің құрамын жасақтауға атсалысып, олардың жұмысын бақылайды. Бұл тұста журналист Гүлнәр Бажкенова кейбір сарапшылар сөзін ортаға салды.

Гүлнәр Бажкенова, Esquire журналының шеф-редакторы:

-Кейбір саясаткерлер мен сарапшылар мұнымен көп дүние өзгеріп кетпейді деп санайды. Олардың пікірлері бізде бір партиялы Парламент және онда бәсеке жоқтың қасы деп санайды. Бұған қатысты не айтар едіңіз?

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-То, что касается однопартийного Парламента. Вы хотели сказать, что партия «Нур Отан» занимает доминирующее количество голосов в Парламенте. В Парламенте существует три партии, у них разные направления. И коммунистическая партия присутствует, и партия бизнеса, как раз то, что мы делаем в Конституции, побуждает людей более серьезные партии создавать, объединяться и бороться за голоса избирателей на выборах в Парламент.

Жиынға келген журналистер саяси-экономикалық әңгімеден тыс, әлеуметтік мәселелерді де қозғап өтті. Мәселен, баршамыз білеміз, қалада биыл жөнделген жол ендігі жылы тағы тегістеліп жатады. Мұның себебін жұрт сапасыз құрылыс заттарынан көреді. Елбасы да үнемдеудің арты осындай жағдайға тірейтінін айтып, бұл түйткіл түйінін Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар тарқату керектігін жеткізді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Астана-Боровое точно такая же дорога была: были ямы, и каждый год ремонтировали. Весь вопрос в технологиях. Все экономим, а все дешевое – себе дороже обходится. Хорошие дороги на основе бетона по новой технологии стоят вечно. Этот вопрос обращён ко всем органам местной власти, Правительству. Надо отработать технологии, и только по этой технологии разрешать строить дороги.

Еліміз егемен болған тұстан бері биік белестерді бағындардық. Халықтың тұрмысы түзелді. Бәрі – жүйелі ой мен байыпты қадам нәтижесі. Шетелдермен экономикалық байланыс орнатып, пайдалы пайым жасау қиынның қиыны. Өйткені артыңда миллиондаған адамның сенімі тұрады. Президент бұл сенімге ие. Өйткені Елбасының көп күш жұмсалған ісін айтып тауыспаспыз.

Бейсен Құранбек, «Қазақстан» телеарнасының жүргізушісі:

-Осының бәріне күш-қуатты, энергияны қайдан аласыз?

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Шыр етіп жерге түскенде, Алланың беретін күші болады. Сол күш таусылғанша, өмір сүресің. Біткенде кетесің. Жер шарын аралап, барлығын көруге күш-қуаттың бергеніне ризамын. Сол күш-қуат бар кезде жұмыс істеп қалу керек. Сендер де тепсе темір үзетін уақытқа келдіңдер. Аянбай жұмыс істеңдер.

25 жыл бойы аянбай жұмыс істеудің нәтижесінде Қазақстан көп жұрт қызығатын ел болды. Ширек ғасырда экономикамыз 21 есеге өсті, еңбекақы 25 есеге жоғарылады. Дәл осы сандарға қарап, Қазақстанның қарыстап емес, қарыштап дамығанын аңғарамыз. Дегенмен тоқмейілсуге болмайды. Әлі де ізденіс пен еңбек керек. Өйткені шығар бигіміз әлі алда.

Автор: Сәкен Сейітханұлы

2. Елбасы тапсырмасы

Кәрі құда қыс қылышын сүйретіп, қыр асты. Ару көктем ауламызға келіп, асыр салатын күндерді асыға күтіп жүрміз. Әсіресе ат-тоңды алмастыратын шақта атқа қонған төтенше жағдайлар қызметінің тағатсыздыққа тап болары шындық. Себебі «Қазгидромет» ұсынған болжамдар құтқарушының аяғы біразға дейін құрғамайтынына кепіл. Биыл қар қалың. Қалыпты деңгейден 30-40 пайызға дейін асып тұр. Егер күн күрт жылынса, қызыл судың қырғын салатыны бесенеден белгілі.

Бұл – бүгінгі уайым. Жер кеуіп, көк шыққан соң, көңіл көтеріледі. Бірақ ол дәуреннің де күні қысқа. Шілденің шіліңгір ыстығы қысқанда тағы қиналыс. Қуаншылықтан қуарып, жаңбыр жаудыра алмай, күнде жиналыс. Бұл сценарий қашан өзгереді?

Елбасы Үкіметке: «Шағын су қоймаларын салып, соған қардың суын жинаңдар», – деп тапсырма берген. Ал су бар жерге ырыс қонады. Кәсіп ашсаң, нәсіп болады. Салаға жауаптылар жауаптылық танытып, осы істі алты жыл ілгеріде қолға алғанда, бәлкім су тасқынымен күреске кеткен 48 миллиард теңгеге жуық қаржы қазынада қалар ма еді?! Тіпті керісінше су қоймасының бойына егілген егіннен табыс түсіп, экономикамыз еселенген де болар еді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Есть такая присказка насчет бизнесменов. Один бизнесмен был очень успешный много помогал людям, много благотворительности делал. За это Бог решил его поощрить: «Я тебе разрешу посмотреть рай и ад и потом выбрать». Бизнесмен посмотрел ад. Смотрит, стол весь накрыт, и выпить есть, и что закусить есть. Но стоит шум-гам, никто никого не слушает. Когда присмотрелся, за их грехи Бог сделал так, чтобы у них руки не сгибались, чтобы кушать. Есть еда, не может взять, от этого голодные, возмущенные, орут друг на друга. Теперь пойдем в рай. В раю тоже накрыт стол, все люди сидят, уже наелись, все задремали сидят в своих креслах от скуки от всего этого. Бизнесмен говорит: «Пошлите меня в ад. Я научу их кормить друг друга». Это был великий бизнесмен. Кому-то что-то давая, ты можешь взять, вот в чем суть этого дела. Точно также бизнес и государство должны, взаимно давая друг другу, получать нормальную прибыль.

Әлемді өзгерістердің өкпек желі өбіп тұр. Әсілі, әсерін сезінгендер біледі, ол құбылыс бізге де соқты. Салдарынан былтыр тауар экспорты 3 есеге төмендеп, қазынаға түсер қаражаттың 40 пайызынан қағылдық. «Мұндай жағдайда буынымыз босап кетуі әбден мүмкін еді», – дейді сарапшылар. Бірақ ел еңсесі түскен жоқ. Себебі билік алдын ала қам қылып, қордағы дәулетпен әлеуметтің әлеуетін арттырды.

3. Елбасы бірқатар кадрлық ауыс-түйіс жасады

Дәстүрлі жүйені жалғастыра беру жарға жығады. Экономиканы түрлендіру арқылы елімізді гүлдендіру қажет. Жаһандық тәжірибе көрсеткендей, жалпы ішкі өнімнің негізгі бөлігі бизнестің үлесінде болса ғана алар асу биік. Сол себепті мемлекет кәсіп ашуға ниеттілердің бетінен қақпай, белін бууға кірісті.

Уақыт талабы тудырған жаңа міндеттерді жүзеге асыру үшін ең әуелі тізгін ұстағандардың тұрмысы емес, тірлігі түзу болуы тиісті. Яғни атқарушы органда отырғандар халықтық істе таласудан бұрын жарасуға бейім болса құба-құп. Осындай ұстаным негізінде ұйғарым қылатын Елбасы апта басында бірқатар кадрлық ауыс-түйіс жасады. Бұл жолы кімдер келіп, кімдер кетті? 

Кенді өңірге жаңа басшы келді. Президент Конституция нормаларына сәйкес облыс әкімі лауазымына Ерлан Қошановтың кандидатурасын ұсынды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

-Естественно я всегда очень серьезно думаю кто будет в Караганде работать. И перебираю в уме местные кадры и другие кадры тут который может работать. Я предлагаю кандидатуру Қошанова Ерлана Жахияновича уроженца Карагандинской области. Надеюсь вы его хорошо знаете, закончил политехнический институт. Учился в аспирантуре в Москве. В разных должностях проработал. Был заместителем министра. Последние годы руководитель канцелярии Премьер-Министра. Он знает всех министров, все министерства и его знают. И это будет помогать ему работать, приносить инвестиции в Казахстан и работать легче будет с центром.

Ерлан Қошанов – тәжірибесі мол маман. Білікті басшыны мәслихат депутаттары құп көрді. Дауысқа салып, Елбасы ұсынысын қолдады. 

ҚР Конституциясының 87-бабының 4-тармағына Қарағанды облысы мәслихатының регламентіне сәйкес ҚР Президентінің ұсынысы негізінде облыс мәслихаты шешім етті. Қарағанды облысы әкімі қызметіне Қошанов Ерлан Жаханұлын тағайындауға келісім берілсін. 

Қарағанды облысы – еліміздегі ең ірі өндіріс аймақтарының бірі. Қойнауында темір де, көмір де көп. Қазақстанның индустриялық орталығы деген атқа лайық. Демек, оған артылған міндеттің де жүгі жеңіл емес.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

-Я вас благодарю за поддержку моего предложения. У нас задача общая с вами. Что бы карагандинцы и область всегда марку держала. Как всегда это было. За эти годы не плохо поработали. Как и весь Казахстан. Экономика области объем поднялся в 23 раза. И много школ введено, больниц введено, ГЧП. По этому позвольте сказать мою благодарность акиму который здесь работал Абдибекову, пожелать ему успехов на новой работе.

Нұрсұлтан Назарбаев жаңа әкімді облыс активіне таныстырды. Алда атқарар жұмысты айқындап берді. Жолдауда жүктелген міндеттер, үшінші жаңғырту мен өңір экономикасына инвестиция тарту мәселелері әңгіменің өзегіне айналды. Кездесу соңында Қарағанды облысының жаңа әкімі Қазақстан халқына және Президентіне ант берді.

Ал Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков Елбасы Жарлығына сай Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы болып тағайындалды.

Ақмола облысында да ауыс-түйіс болды. Президент жергілікті активпен кездесіп, мәслихат депутаттары алдында жаңа әкімді таныстырды. Бұдан бұрын астықты аймақты басқарып келген Сергей Кулагинның орнына Мәлік Мырзалинді тағайындады. Бұған дейін Мәлік Мырзалин Президент іс басқармасы басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарған.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Область непростая. Столичная. Вокруг Астаны Кокшетау, Акмолинская область придаётся большое значение. Менің жарлығыммен Кулагин Сергей қазіргі істеп жүрген жұмысынан босатылды. Доработал честно, никогда не подводил. Я хочу его от себя лично поблагодарить. Пожелать ему самого доброго. Вношу на рассмотрение маслихата согласно конституции кандидатуру Мурзалина Малика. Он 71 года рождения, закончил Московский институт международных отношений, имеет научную степень. На разных должностях в разных органах работал. Будет стараться на благо граждан Акмолинской области.

Мемлекет басшысы Ақмола облысында да әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне арналған жиын өткізді. Елдегі саяси реформалар үдерісіне ерекше назар аударып, мемлекеттік биліктің барлық тармағының жауапкершілігін арттырудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ облыс тұрғындарын елдің экономикалық жаңғыруына белсене атсалысуға шақырды. Алдағы уақытта астықты аймақты ауыл шаруашылығымен бірге индустриялық-инновациялық тұрғыдан дамыту көзделіп отыр. Осы орайда өңірдің жаңа басшысына артылар міндет зор.

Сондай-ақ Мемлекет басшысының Өкімімен Дархан Мыңбай Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі қызметіне тағайындалды, ол Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайының директоры қызметінен босатылды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары қызметін бұған дейін атқарып келген Ералы Тоғжанов енді Маңғыстау облысын басқарады. Облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының облыс әкімі қызметіне Ералы Тоғжановтың кандидатурасын ұсынғаны туралы хатты мәслихат депутаттарына оқып берді. Депутаттар Президенттің ұсынысын бірауыздан қолдады.

Ералы Тоғжанов, Маңғыстау облысының әкімі:

-Қазақстан Республикасының халқы мен Президенті алдында өз Отанымды өркендету ісіне барлық күш-жігерім мен білімімді жұмсауға, мемлекеттік Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, Қазақстан халқына адал қызмет етуге салтанатты түрде ант етемін.

Бұған дейін Маңғыстау облысының әкімі қызметін атқарған Алик Айдарбаев Инвестициялар және даму Бірінші вице-министрі болып тағайындалды.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Солтүстік Қазақстан облысының да әкімі ауысты. Бұл қызметке Құмар Ақсақалов тағайындалды. Жаңа басшыны жергілікті активке Президент әкімшілігінің жетекшісі Әділбек Жақсыбеков таныстырды. Елбасы ұсынған кандидатураны облыстық мәслихат депутаттары бірауыздан қолдады.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Елбасымызға алғысымды білдеремін. Осы залда отырған біраз азаматтармен таныспын. Біраз азаматтарды көптен бері білемін. Сондықтан алға қойған Елбасының үлкен мақсаттарын бірге, алда қызмет етіп, мақсатқа бірге жетуге дайынмын.

51 жастағы Құмар Іргебайұлы – Қостанай облысының тумасы. Еңбек жолын кеңшардың бас инженерінен бастаған. Түрлі басшылық, жоғары лауазымды қызметтерде болды.

Осы аптадағы кадрлық ауыс-түйіске қатысты сарапшылар пікір білдірді. Айтуларынша, бірден 4 облыс басшысын ауыстыру – тиімді іс атқаруға жасалған ұйғарым.

Эдуард Полетаев, саясаттанушы: 

-Кадрлық өзгерістер негізінен біраз кейінгі ысырылып келді. Мемлекетіміз үшін бірінші кезекте келешек жоспарларды айқындап, оны іске асыру үшін басты заңды құжаттарды бекіту тұрды. Конституциялық реформа, Елбасының халыққа арнаған Жолдауының жария етілуі – соның айғағы. Енді айқындалған іс-шараларды іске асыру керек. Президент аймақ басшыларын тағайындау кезінде атап өткендей, жаңа әкімдерге Жолдауда айтылған міндеттерді жүзеге асыру жүктеліп отыр.

Авторлары: Бағдат Бектұрғанқызы, Мұхтар Ыбырайым 

4. Тағайындаулар

Елбасы журналистермен жүздесуде мемлекеттік қызметкерді тағайындау ұстараның жүзіндей өткір мәселеге айналғанын айтты. Әрине, сенген адамың сенімнен шықпаса, кадр таңдау күрделі болмай қайтсін?!

Дей тұрғанмен, соңғы тағайындаулардың түп төркінінде ешқандай астар жоқ. Уақытқа, сенімге, өтінішке орай жасалған шешім.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:  

-Маңғыстаудың әкімі министрлікке бірінші орынбасар болуға өзі сұранды. Кулагин де өзі сұранды. Босаттым. Қарағандыда Әбдібеков қайтыс болған Қозы-Көрпеш Жаңбыршиннің орнына келді. Сол Қарағандының тумасы Қошановты апарып қойдық. Тәжірибелі жігіт. Бәрі де жұмыс істейді деп ойлаймыз. Үкіметте де солай, қарап отырсаңыздар. Қазір Үкімет мүшелері – 1970-1973 жылдары туған тепсе темір үзетін жігіттер. Елге жақсылық істесін деп қойдық.

Бүгінде қырықтың қырқасына шыққандар мен елуді еңсергендердің аралығын құрайтын бұл толқын  кезінде «Болашақ» бағдарламасымен қыр асып, әлемнің озығына ортақ болғандар. Сол себепті Нұрсұлтан Назарбаевтың олардан үміті зор.

Ертеулі тұрған құр аттай азаматтарға жүктелген миссия – нарықтық экономиканың бар тиімді тұсын түгендеп, ел игілігіне жарату. Ал егер бұлар жаратпаса, бұрынғы коммунистік сана-сезімнен арыла алмай жүрген жандардың жарытпайтыны әу бастан-ақ белгілі болған.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Қиын қыстау күндерде бірінші Парламентіміз 1992 жылы сайланған. Оның барлығы коммунистік Парламент болды. Совет Одағы кезінде қалыптасқан. Олардың барлығының ой-санасы бұрынғы жүйемен өскен. Қазіргіні біле қоймадың деп, оған кінә қоюға да болмайды. Сол кезде біз ешбір Заң қабылдай алмадық. Бұрынғыны қойып, енді нарыққа көшу керек болды. Нарықтың жағдайы мүлдем басқа, Парламент заң қабылдау керек болды. Қабылдамайды, түсінбейді. Қабылдату үшін мен келіп, сол Парламенттің ішінде отырдым.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында нарықтық экономиканың қыр-сырын меңгерудің жолы біреу болды. Қайткенде, қазақ баласы қыр асып, осы бір жүйені жете меңгеріп келуі тиіс. Мемлекет басшысы Үкіметтің алдына осындай ауыр тапсырма қойды. Ауыр дейтіні, ақшаның жоқтығы еді. Әр студентті шетелде оқыту құны 50-ден 70 мың долларға дейін деңгейлеп тұрған. Сонда билік қазынада қалған алюминий мен мысты сатып, түскен қаржыны түгелдей студенттердің сөмкесіне салып берген.

Енді соның өтеуі сұралатын сәт туды. Бірақ өкінішке қарай, елден гөрі өз қара басының қамын күйттеп кеткендері күйдіреді

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Сеніп, қызметке қойып, тәрбиелеп, бірнеше жыл күшіңді соған салып, ақылыңды айтқанда, өзі коррупциямен, басқамен істі болып кеткенде, әрине, мен өте ренжимін. Меня это расстраивает, не думайте, что те ребята, которых я поставил в первые годы независимости. Того же Аблязова министром поставил, 30 с лишним лет было. Я все время ему хорошо делал. Видишь вот, провалился, проворовался, ходит где-то. Второй раз прости, третий раз расставайся. Я придерживаюсь этого постулата. Можно доверять до поры до времени. Однажды предавшему я никогда не верю. И я считаю, что это правильно. Может быть жестко, но правильно. Потому что обязательно он еще раз так сделает.

Шендінің жұмысы үстіндегі шекпеніне қарап емес, жұртқа жасаған жақсылығымен бағаланады. Сұхбат барысында Елбасы осыны бірнеше мәрте қайталап, жемқорлыққа жол бергендерге жаза күшейетінін ескертті.

5. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Шығыс Қазақстан облысына барды

Әр саланың, әр аймақтың басшысы артылған жүкті ауырсынбай атқаруға міндетті. Ал олар осалдық танытса, Қазақстанның үшінші жаңғыруын жүзеге асыру мүмкін емес. Сондықтан жұмыла жұмыс істейтін кезең келді. Осы мақсаттың негізінде Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Шығыс Қазақстан облысына барып, өңірдің өмірімен танысты. 

Алдымен Бақытжан Сағынтаев  Ақтоғай кен байыту комбинатында болды. Бұл – Елбасының жедел технологиялық жаңғырту талабына сай жұмыс істеп тұрған еліміздегі бірегей кәсіпорын. Сондай-ақ Бақытжан Сағынтаев өңірдегі Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасын іске асыру барысын қарап көрді. Үкімет басшысы Үлбі металлургиялық зауытының жұмысын да саралады. Өңірдің тағы бір мақтанышы офтальмология орталығында Бақытжан Сағынтаев медицина кадрларын қайта даярлаудың үш деңгейлік жүйесімен танысты.

Жұмыс сапарының тағы бір маңызды бағыты өңір кәсіпкерлерімен кездесуге арналды. Премьер-Министр Елбасының тапсырмасына сай бизнес ортаны дамыту, әкімшілік кедергілерді азайту, мемлекеттік сатып алулар жүйесін әрі қарай жетілдіру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. Бұған қоса, өңірдің ғылыми қайраткерлерінің қатысуымен жиын өткізіп, ғылым мен өндіріс ошақтарының өзара байланысын дамыту саласында атқарылып жатқан жобаларды көрді. Облыстың өнеркәсібін дамытуға бағытталған бұл жобалар Үкіметте қаралатынын айтты.

Премьер-Министр Семей қаласына да арнайы ат басын бұрып, мұндағы әуежайды жөндеу, жылу орталығын қайта жаңғырту жұмыстарының барысын көрді. Назарбаев зияткерлік мектебінің жаңа ғимаратына барып, оқу процесімен танысты. Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша, Үкімет басшысы Семей жұртшылығымен арнайы кездесіп, Конституциялық реформалардың, экономиканы Үшінші жаңғыртудың мән-маңызын түсіндірді. Өңір халқы елдегі саяси реформаларды қолдайтынын айтып, өзекті мәселелері бойынша өз ұсыныстарын жеткізді.

Авторлары: Ақбөпе Бәкір, Олжас Керейхан, Болат Көкенайұлы 

6. Исламдық банкинг

Аспаннан ақша жауа ма? Ондай жағдайға куә болмаған шығарсыз?! Дегенмен көркем фильмнен көруіңіз мүмкін. Бірақ киноның сценариімен өмір сүру мүмкін емес қой. Әрекет қылмасаңыз, бақыр тиын да бұйырмайды. 

Құрығанда, қалтаңызда, көк қағаз емес, өзіміздің 10 мың теңге болса, соны біреуге қарызға беріңіз. Сосын бір айдан соң, үстіне 20 пайыз қосып, 12 мың теңге қылып қайтарып аласыз. Америкалық ойшыл Бенджамин Франклин айтқан ақшаның көбеюшілік қасиетін көбіміз санамызға сіңіріп, осылай жоқтан бар жасауды жақсы меңгеріп алған сыңайлымыз. Қазір банк атаулының барлығы сол көк қағаздың ортасындағы кісінің айтқанымен жұмыс істейді. 

Бұл қағидаға бағынбайтын бір қаржы жүйесі бар. Бүгінде дамыған елдердің назары соған ауып тұр. Ол – Исламдық банк. Шариғат шарттары негізінде жұмыс істейтін қаржы институты ақша ақшадан туындай алмайды және туындамауы тиіс деген ұстанымға берік. Олар алма сатып, амал қылғанды құптайды.

Исламдық қаржы жүйесінің артықшылығын айту үшін алдымен дәстүрлі үлгінің құрылымына тоқталып өткен жөн.

Дәстүрлі банк – салымшылар мен қарыз алушылар арасындағы делдал. Соларға көрсетілген қызметтің пайыздары есебінен табыстары еселенеді. Сондай-ақ ақша аударымдарын жасау, несиелік карталарға қызмет көрсету, коммуналдық төлемдерді қабылдау сынды қосымша қызметтерден де пайда табады.

Ал Ислам банкі ислам қағидаларына қайшы келетін жағдайда қолдау көрсетпейді. Ең бастысы, пайыздық үстеме мүлдем жоқ. Сонда олар қалай табыс табады? 

Бүгінде банкке берешегі жоқ адам некен-саяқ. Тапқан-таянғанын банктің қарызы мен үстемақысына беретіндер үшін қуанышты жаңалық. Шариғат заңдылықтары бойынша жұмыс істейтін қаржылық ұйымдар Қазақстан нарығына қызығушылық танытып отыр. Иә, пайызсыз несие – көптің арманы. Алайда еліміздегі заңдар исламдық құнды қағаздармен жұмыс істеуге толыққанды әзір емес. Мәселен, салық жөнінен жеңілдік жоқ.

Прасад Абрахам, «Al Hilal» Ислам банкі» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі:

-Жеке тұлғаны қаржыландыруда бірқатар қиындық бар. Мәселен, біздің талап бойынша ипотекалық несие беретін болсақ, банк жылжымайтын мүлікті сатып алады да, оны жалға береді. Қарыз өтелгенше, меншік иесі банк болып қалады. Қазақстанда мүлікке салынатын салық бар. Оның мөлшері – 1,25 пайыз. Бұл біз үшін тиімсіз.

Прасад Абрахам басқаратын банк Қазақстанда 7 жылдан бері жұмыс істейді. Әзірге коммерциялық ұйымның клиенттері – тек заңды тұлғалар. Ендігі міндет – жеке азаматтармен жұмысты ширату. Бірақ оған заңдағы талаптар тұсау. Сондықтан болар ислам қаржыландыру жүйесінің біздің нарықтағы үлесі небары – 0,1 пайыз. Көптің үміті Астанада ашылатын халықаралық қаржы орталығында.

Муджтаба Халид, Ислам қаржы орталығының жетекшісі (Бахрейн):

-Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, 2008 жылы жаһандағы қарыздың артуы қаржы құрылымдарының тоқырауына алып келді. Біз тек активтермен жұмыс істейміз. Тәжірибемізді Қазақстанмен бөлісуге әзірміз.

Экономиканы сөз етсек, банк жүйесіне назар аудармау мүмкін емес. Себебі қаржыландырусыз экономика дамымайды. Ислам банкингінің дәстүрлі ұйымдардан айырмашығы көп. Табыс пен тәуекел қос тарапқа тең. Бизнестік қарым-қатынас әділетті. Банк жобаның инвесторы әрі қаржыландырады. Сарапшылардың пікірінше, исламдық банкинг жаһандық қаржылық-экономикалық дағдарыс қос бүйірден қысқан тұста тығырықтан шығаратын төте жол. Жаһан жұртын кедейшіліктен құтқарады.

Ерлан Бәйдәулет, Исламдық қаржы маманы:

-Ақша – зат - ақша, ақша – тауар – ақша болуы керек. Ақша өз-өзімен зат бола алмайды. Тек тауарды ғана сата аласыз. Тауарды сатқаннан кейін алған пайдасын қайтадан нақты экономикаға енгізу керек.

Соңғы 10 жылда әлемнің жетекші рейтингтік агенттіктері исламдық қаржыландыруға «ААА» деген бағаны беріп келеді. Ислам даму банкі алдағы 2 жылда қазақ экономикасына 300 млн доллар инвестиция құюға ынталы. Бұдан 20-30 жыл бұрын бұл жүйе тек ислам елдеріне мәлім еді. Қазір Ұлыбритания, Люксембург, Жапония, Малайзия және Қытайдың тәжірибесі көпке үлгі. Жаңа қаржы жүйесіне Қазақстанның  қызығушылығы жоғары. 2009 жылы шариғат тәртібіне сай қорлар ашуға, құнды қағаздармен жұмыс істеуге рұқсат ететін алғашқы құжат қабылданып, артынан жол картасы әзірленді. 2008 жылғы дағдарыс толқыны бірқатар банкті дефолтқа ұшыратқаны белгілі.

Қарыз күліп келіп, жылап қайтады. Халық нақылы. Әлеуметтік зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, біздегі қарыздың дені – тұтынушылық несие. Халықтың көбі тұрмыстық техника, жиһаз, автосалоннан су жаңа көлік сатып алуға әуес. Үстемесі көп несиеге абайсызда ұрынғанын аңғармайды. Қазір екінші деңгейлі банктер ірі сауда орындарында табысыңды растаусыз-ақ несие беруді жолға қойған.

Ерлан Бәйдәулет, Исламдық қаржы маманы:

-Islamic windows немесе «исламша терезелер» бізде заң бойынша тыйым салынған. Бізде оны кәдімгі банктер аша алмайды.

Тарқатып айтсақ, исламдық қаржыландыру жүйесі жұмыс істеу үшін дербес банк ретінде құрылуы тиіс. Бұл – өте ұзақ процесс. Біздегі заңның талабы осы. Әйтпесе лицензия берілмейді. Ал исламдық қаржы маманы Едіге Алпысбай дәстүрлі банктер де шариғат талабымен жұмыс істей алатынын айтады.

Едіге Алпысбай, Исламдық қаржы маманы:

-Жеке исламдық банк емес, жұмыс істеп жатқан банктердің ішінен исламдық терезелер ашу, исламдық қаржыландыру бөлімдерін ашу мәселесі қазір заңнамалық тұрғыдан ұсыныстар көтеріліп, талқыланып жатыр. Егер ондай болған жағдайда бірнеше бізде жұмыс істеп жатқан екінші деңгейлі банктер осындай исламдық бөлімдер ашуға мүдде танытуда.

Яғни, дайын банктің құрылымында өзгеріс жасауға мүмкіндік бар деген сөз. Қазақстан – ТМД елдерінің ішінде ислам қаржыландыру жүйесін алдымен заңдастырып, табысты жұмыс істеп келе жатқан жалғыз мемлекет. Қазіргі уақытта исламдық құнды қағаздарды саудалауға құқық беретін құжат әзірлеуге кірісті. 

Қайрат Келімбетов, «Астана» Халықаралық қаржы орталығының басқарушысы:

-Сукук рыногын дамыту үшін біз қазір арнайы жұмыс жасап жатырмыз. Жалпы айырмашылығы ол шариғатқа сәйкес бағалы қағаздар болуы керек. Арнайы заңнамасы болуы керек.

Сукук дегеніміз не? Сукук – шариғат заңдылықтарын сақтай отырып, әрекет ететін құнды қағаз. Сукук бойынша берілген қарыз ақша үшін ешқандай үстемеақы қосып төлеу міндеті жүктелмейді. Жобадан түскен пайдадан серіктестер өзара тиісті олжаларын бөліп алады.

Сукук – экономиканың көшбасшысы. Көбінесе ауыл шаруашылығы, энергетика секілді нақты салаларға бағытталады.

Едіге Алпысбай, Исламдық қаржы маманы:

-Әлемдік қаржы нарығында әлі де жаңа жүйе, жаңа модель деп танылғандықтан, өте тез нәтижелер де күту бәлкім қате шығар? Әр нәрсе өзінің уақытымен болу керек. Бірнәрсенің дұрыс сіңуі, жетілуі қажет шығар. Себебі менің пікірім бойынша, таза исламдық қаржы өнімдерін Қазақстанға енгізудегі бірінші мақсат тек қана сырттан инвестиция тарту болмау керек. 

Ұзақмерзімді жоспар ғана қарапайым халыққа пайдалы. Қазақстанның исламдық қаржыландыруда аймақтық көшбасшысы атануына мүмкіндік бар. Астанадағы форумға жиналғандар ынтымақтастықты арттыруға бағытталған бірнеше меморандумға қол қойды. Бізде дәстүрлі банктен бөлек, исламдық қаржыландыру жүйесі қатар жүрмек. Яғни заңы – шариғат, қызметі – шапағат. Халал ұғымы асыл дініміз арқылы бойымызға сіңген. Оны түсіндірудің өзі артық. Сондықтан төл экономикамызды сол үлгіде дамытуға бет бұрсақ, еш дау тудырмасы анық. Өйткені адал ас ішіп, өсімқорлыққа жол бермеу – халқымыздың өмірлік қағидасы.

Авторлары: Әсем Қабылбек, Бекболат Базаров, Арман Данышпаев 

7. «Астана» қаржы орталығының ерекшелігі қандай болмақ?

Ислам банкі бірнеше қызмет түрлерін ұсынады. Соның бірі – Мушарака, яғни әріптестік.

Мәселен, Сіз Алматының апортын өсіріп, экспортқа шығарумен айналысатын кәсіпорын ашуды ойластырдыңыз. Идеяны жүзеге асыру үшін 10 миллион теңге керек. Жиған-тергеніңіз бар, тамыр-таныстап сұрап алғаныңыз бар, бас-аяғы 4 миллион теңге қалтаңызда. Қалған 6 миллионды қайдан табасыз? Қарапайым банктен несие алсаңыз, 6 миллионды еселеп қайтаруға тура келеді. Ал Ислам банкіне жүгінсеңіз, жүк жеңіл. Олар бизнес-жоспарды құптаған соң, қаржы құяды. Сіз компанияның директоры әрі бас агрономы болып тағайындаласыз. Қаржы ұйымы жұмыс барысынан кез келген уақытта есеп алуға, құрылтайшылар жиналысына қатысуға құқылы. Ең бастысы, түскен табыс құйылған инвестиция көлеміне қарай үлестіріледі.

Енді табысты жобамен 2 жылдық мәміле бойынша есептесек. Алғашқы жылы 500 мың, екінші жылы 800 мың теңге пайда түсті делік. Жалпы қоржында 1 миллион 300 мың теңге бар. Осыны пайыз бойынша бөлеміз. Сізге 520 мың бұйырады. Ал банк 780 мың теңгені алады. Ал мәміленің қанша уақытқа созыларын екі тарап өзара келісе отырып, шешеді.

Біздің тарап: «Исламдық банктің игілігі көп», – деп отыр. Оған қол жеткізу үшін елімізде біраз кедергінің көзін жою керек деседі. Жойылар-жойылмасына уақыт төреші.

«Астана» Халықаралық қаржы орталығына да қарайлап отырған қауым көп. Қыркүйекте ЕХРО көрмесі аяқталған соң, сондағы 25 гектар жер бірден орталықтың иелігіне өтеді. Сөйтіп 2018 жылы толықтай іске қосылады.  Мамандардың болжамына сенсек, алғашқы он жылда шамамен 18 мың жұмыс орны құрылады. Демек, заңгерлер мен қаржыгерлерге сұраныс артады деген сөз. Бастысы, осыдан он жыл бұрын Алматыда айтылған әңгімедей әлсіз болмаса болғаны?!

Сонымен «Астана» қаржы орталығының ерекшелігі қандай болмақ? Және келетін компаниялар қай бағытта жұмыс істемек? Оларға біз не ұсына аламыз? 

Сәкен Сейітханұлы, шолушы:

-Астана Халықаралық қаржы орталығына шетелдік және отандық компанияларды тіркеу осы жылдың шілде айында басталады. Мамандар қазақ жерінде жұмыс істеуге ниетті бизнесмендер мен ірі қаржы ұйымдары баршылық екенін айтады. Рас. Өйткені орталыққа 1 жылдан астам уақыт жарнама жасалды. Оның сыртында ТМД елдерінде дәл мұндай қаржы алаңы жоқтың қасы.

Қайрат Келімбетов, Астана Халықаралық қаржы орталығының басқарушысы:

-Бүгінде Таяу Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен байланыс орнады. Сондықтан Азия нарығы қаржы орталығына ынталы деп айта аламыз. Оның ішінде Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Малайзия, Сингапур және Парсы Шығанағындағы елдер де бар. Ал Еуропа мен Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің қызығушылығы жоғары болатыны анық аңғарылды.

Орталық немен айналасады? Енді соған тоқталайық. Қаржыгерлер биікке бастайтын алты бағытты айқындапты. Бұл капитал нарығы, активтерді басқару, исламдық қаржы, қаржы технологиялары, жеке тұлғалардың әл-ауқатын басқару және жасыл қаржы саласы. Басымдықтардың басында капитал нарығы тұр. Ол – биржа. Құнды қағаздардың қайнаған ортасы.

Мирас Дәуленов, «ҚазГЗУ» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:

-Биржа болатыны түсінікті. Бірақ әлемде ірі Нью-Йорк және Токио биржалары бар. Биржа ол – нарық. Ол жерде әркім тауарын өткізуге талпынады. Мәселен, менің құнды қағаздарым болса, мен оны екі сатып алушысы бар орталыққа апармаймын ғой. Өйткені маған тауарымның өтуіне ешкім кепілдік бермейді. Ал 1000 тұтынушысы бар үлкен биржаға барсам, олжалы болатыным анық. Сондықтан біздің биржаны да ерекше тартымды етіп жасауымыз керек.

Екінші бағыт – активтерді басқару. Ол ірі холдингтердің акциялары. Саудаланатын жері – Астана Халықарылық қаржы орталығы. Есіңізде болар, осыдан 3 жыл бұрын Халықтық IPO бағдарламасы шеңберінде «Самұрық-Қазына», «Кегок» акционерлік қоғамдарының құнды қағаздары нарыққа шыққан еді. Дәл сол үрдіс орталықта жалғасын табады.

Серік Ақылбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

-Қаржы нарығында қазір «Самұрық-Қазына» активтері жекешелендіріледі. Ол үшін осы активтердің бәрі орталыққа орналастырады. Сол арқылы оның активтерін шетелдіктер де алуы мүмкін, басқалары да алуы мүмкін.

Шетелдік компаниялар біздің елде жұмыс істеу үшін, әрине, ақшамен келеді. Олар қомақты қаржыларын депозитке салады, я болмаса инвестиция ретінде ілкімді істерді қолға алады. Қазіргі күні біз Қазақстанға келіп, зауыт, фабрика ашатын кәсіпкерлерге жеңілдік жасап отырмыз. Салықтан босатамыз, визадан бөгемейміз. Алайда Мирас Дәуленов: «Оларға жасалатын жәрдемнің басқа түрлерін енгізуіміз керек», – деп санайды.

Мирас Дәуленов, «ҚазГЗУ» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:

-Егер Ұлыбритания елінің өкілі қаржы орталығына келіп жұмыс істейтін болса, салықтан босатамыз. Бірақ ол сол қаржыны Қазақстанға инвестиция ретінде салу жайын қарастырған дұрыс. Неге осы жүйені енгізбеске? Пайдасын екі тарап та көреді, қаржы құйған адамның қалтасы қалыңдайды, біздің елде кәсіпорындар көбейеді.

Астана Халықаралық қаржы орталығының даму үдерісі мұнымен тоқтамайды. Алдағы уақытта орталықты ілгері жетелейтін тетіктер қосыла береді. Барлық жұмыс ағылшын құқығы негізіне иек артады. Мәселен, бізге келетін инвестор құжат рәсімдегенде тек ағылшын заңын көрсетеді. Біріншіден, әлемдік тәжірибе болса, екіншіден, ол жүйе құжат тасып сабылтпайды.

Мирас Дәуленов, «ҚазГЗУ» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:

-Біз Астана Халықаралық қаржы орталығымен байланыс орнаттық. Орталықпен бірге біздің жүйеге ағылшын құқығын енгізу жайын қарастырып жатырмыз. Бұл жерде қаржы орталығы да, тәуелсіз сот та Қазақстан заңынан шет болмайды. Бірақ біздің заң ағылшын заңының актілеріне қарама-қайшы болмауы керек.

Осы уақытқа дейін инвесторлар кедергіге тап келіп, заңға жүгініпті деген ақпар естідіңіз бе? Жоқ. Олар өзге елдің заңын білмейді, білсе де құжат құшақтап табалдырық тоздырғысы келмейді. Өйткені ағылшын құқығы айтылған сөзді, атылған оқ ретінде қабылдайды. Екінші рет ол сөзді қателесіп айттым, болмаса сөзімді қайтып аламын деген сылтаулар қабылданбайды. Сонымен бұл жүйе жаһанға жағып тұр.

8. ФҚЖ базалық көрсеткішті көтерді

АҚШ-тың Федералды қор жүйесі осы аптада базалық көрсеткішті көтерді. Атап айтсақ, ол 0,25 пайыздан 1 пайызға дейін өсті. 2017 жылы базалық мөлшерлеме екі немесе үш рет көтерілуі мүмкін екені бұған дейін айтылған болатын. Комитеттің бұл шешімін инвесторлар мен экономистер жыл басынан күтіп отырғаны белгілі. Тіпті, бұл өсім көрсеткіштерде ескеріліп те қойған. Трамптың Ақ үйге келуі мен АҚШ-тың қаржы саясатының тұрақсыздығы салдарынан Федералды қор жүйесінің басшылығына сәл кідіруге тура келген. Bloomberg агенттігінің мәлімдеуінше, Комитет сарапшылары екі күндік отырыстан кейін бірауыздан осындай шешімге келіпті. Экономистер Федералды қор жүйесінің мұндай қадамға баруын АҚШ-та инфляция деңгейінің өсуімен түсіндіреді. 

Қазақстан үшін бұл шетелдік несиелердің қымбаттауына ғана алып келеді. Ал ол отандық банктердің жағдайын жақсартуға тиімді. Ұлттық Банк төрағасы Данияр Ақышевтің айтуынша, бұл фактордың біздің қаржы нарығымызға қалай әсер ететінін болжау қиын, себебі бұл көрсеткішке бірнеше жағдай, оның ішінде, әрине, ОПЕК шешімі әсер етеді.

Талғат Қамаров, қаржы сарапшысы:

-АҚШ Федералды резервтік жүйесінің пайыздық мөлшерлемені көтеруі теңге бағамына әсер етпейді. Өйткені біз АҚШ экономикасына бәлендей тәуелді емеспіз әрі сыртқы қарызды доллармен алуды азайттық.

Осы тұста Ұлттық банк келтірген тағы бір мәлеметті тілге тиек етсек, қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары 6,7 трлн теңгеге жетіпті. Яғни жыл басынан бері 28,5 миллиард теңгеге өскен. Енді бас қаржы институты бұл қаражатты одан әрі көбейте түсу үшін құнды қағаздар мен валюта алу және мемлекеттік жобаларды қаржыландыруға жұмсамақ.

Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банк төрағасы:

-Біз нарық мөлшерлемесі мен эмитенттің тәуекеліне қараймыз. Егер эмитенттің осы көрсеткіштер бойынша қаржылық нәтижелері бізді қанағаттандырмаса, ол бұл қаржыны ала алмайды. Біз әр салаға инвестициялау барысында ең алдымен салымшылардың ақшасын сақтап қалуды ойлаймыз, одан кейін көбейтуге тырысамыз.

9. Астана процесі

Астана процесінен соң Шам еліндегі қарулы қақтығыс сәл болса да сейілді. Қазіргі таңда оқ ату режимі доғарылған елді мекендер саны 1300-ге жетті. Қарулы қақтығыстарды тоқтатуға оппозиция құрылымдарының 60 пайызы қосылып отыр. Апта басында Ресей, Түркия және Иран елдерінің өкілдері Астанада бас қосты. Бұдан өзге Иран, Біріккен Ұлттар ұйымы өкілдері, Иордания, АҚШ және Сирия үкіметі де бар. Шам жеріндегі азаматтық соғысты тоқтату күнтәртібінен түскен емес. Осы жолғы басқосуға Сириядағы оппозициялық топтар қатысқан жоқ. Оңтүстік және Солтүстік майданның өкілдері келесі кездесуге келуі мүмкін.

Екі күндік келіссөздерде оқ ату режимі тоқтаған қалалардың жағдайы, тұтқындар туралы ақпарат алмасу жайы сөз болды. Кепіл мемлекеттер мәселені жекелеген аймақ және салалар бойынша шешкен жөн деп санайды. Үшжақты бірлескен мәлімдемеде Астана алаңы тиімді рөл атқарып жатыр. Алайда қақтығыстың тоқтатылуы туралы айтуға әлі ерте делінген.

Сергей Лаврентьев, Ресей делегациясының басшысы:

-Осы кездесуде Сириядағы жағдайды реттеу бойынша үш кепіл елдің алда атқаратын істері жайлы талқыланды. Басты мақсат – аймақта оқ атуды барынша азайтып, гуманитарлық көмекті жеткізу. Осы келісімді орындауға күш салуымыз қажет.

Бейтарап саясат ұстанған Қазақстан өз алаңын ұсынуға әрқашан әзір. Кезекті раундқа қатысушы мемлекеттер Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа және Үкіметке Астанада келіссөз ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді. Сириядағы қарулы қақтығыстарды тоқтатуға бағытталған Астана процесінің төртінші раунды 3 және 4 мамыр күндері өтпек. Ал оған дейін кеңесу үшін сәуір айында Иран астанасы Тегеранда бас қосады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Самое большое, чему мы должны радоваться, что в Астане мы договорились прекратить стрельбу. Именно в Астане. 65 млн беженцев сейчас, сотни тысяч людей погибли, и самое страшное в Сирии разбомблено богатство всего человечества. Знаете или нет, Пальмира в истории существует вместе с пирамидой Гиза. 80 тысяч лет назад там были уникальные памятники человеческой истории. Алеппо тоже упоминается с древних времен. И это все уничтожено. Мы за то, чтобы прекратились война, потому что это наш ближний сосед, наша торговая площадка, и мы хотим, чтобы в нашем окружении был мир.

Бітімгерлік дегеннен шығады, қыр астындағы айыр қалпақты ағайынның басшысы өткенде бір бұрқ еткізіп, біразымызды бұлдандырған еді. Бұл мәселені бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері ескерусіз қалдыра алмады. Кесімді ойды Елбасының өзінен сұрады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Жақында біздің Премьер-Министр Сағынтаев Қырғызстанда болып келді. Атамбаев оны қабылдады. Ағаттық кеткен екен, сонша неге көңіл бөлесіңдер деп айтып жатыр. Екіншіден, Ұлы Абайдың «қазақ-қырғыз бір туған» деген сөзін дүниеде қолданбайтын ешкім жоқ. Сондықтан біз – көршілес елдерміз. Президенттер, басшылар келеді, кетеді, екі халық қалады. Оған онша көңіл бөле бермеу керек. Саясаткер болу үшін кәдімгі пілдің терісіндей терің болуы керек. Садақ өтпейтін. Сөз деген өтімді, кетімді. Әрине, басшы болғаннан кейін ойланып сөйлеу керек.

10. Ұлттық Олимпиада комитетінің құрылғанына 25 жыл

Осыдан тура 25 жыл бұрын Ұлттық Олимпиада комитеті құрылып, отандық спорт жылнамасының жаңа парағы ашылды. Содан бері еліміз талай өткелді еңсерді. Спортшыларымыз Тәуелсіз Қазақстанның намысын қорғап 12 рет Қысқы және Жазғы Олипиада ойындарында бақ сынасты. Онда 67 рет топ жарып жеңіс тұғырына көтерілді. Саңлақтарымыз дүниежүзілік додаларда ел қоржынына 156 медаль әкелді. Сөйтіп дүниежүізілік спорт тарихына Қазақстанның жарқын жеңістері алтын әріппен жазылып келеді. Салтанатты жиында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы: «Бұл – егемендіктің жеңісі», – деді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Алдыңғы буын спортшыларды барлығы біледі. Баяғы совет одағы кезінде дүниежүзілік спорт аренасында жеңіске жетіп жүрген ұлы спортшыларымыз қатыса алмай қалған. Оған қатынасу үшін Совет одағының командасының арасына кіру керек еді. Оған талай боздағымыз жетпей қалды. Тәуелсіздіктің арқасында қазір жүздеп, екі жүздеп біздің делегациямыз барлық дүниежүзілік додаларға қатысатын болады. Бұл –қуанышты нәрсе, Тәуелсіздіктің бір белесі. Біздің мақтанышымыз.

25 жылда қазақ спорты едәуір ілгеріледі. Алты құрлыққа аты мәшһүр. Қазақстан байрақты бәсекелерге қатысып қана қоймай, әлемдік додаларды қабылдап жүр. 2011 жылғы Қысқы Азия ойындары мен жақында ғана табысты өткен Универсиада сөзіме дәлел. Екеуінде де жерлестеріміздің айы оңынан туды. «Бұл жетістіктер отандық спорт инфрақұрылымын дамытуға тың серпін берді», – деді Елбасы. Еліміздің барлық аймақтарында әлемдік талаптарға сай спорт кешендері бой көтерді. Осылайша, бүгінде салауатты өмір салтын ұстанатын жаңа ұрпақ қалыптасты деуге болады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Біздің 2050 жылға қойған мақсаттарымызда Қазақстанның болашақ буыны денсаулығы мықты, салауатты адам болу керек дегенбіз. Сондықтан спортпен шұғылдану ол елімізді көркейтумен бірдей болады. Ұлттық Олимпиада комитеті талай дарынды тауып, даңқты жолдарды жалғастыра береді деп, болшақта да сенемін. Еліміз әрдайым жеңіс тұғырынан көрініп, көк байрағымыз желбірей берсін. Әнұранымыз асқақтай берсін.

Мерейлі мерекемен Қазақстанды әлемнің түкпір-түкпірінен 15 шақты халықаралық олимпиадалық ұйымдардың көшбасшылары мен өкілдері құттықтап келді. Ең мәртебелі мейманды, Ұлттық олимпиада комитеттері қауымдастығының президенті Шейх Ахмад Әл-Фахад әл-Сабахты Елбасы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған мерейтойлық медальмен марапаттады. Салтанатты шара мерекелік концерте ұласты.

11. «Тұмар» бірінші ұлттық телевизиялық байқауы

Күні кеше тағы бір айтулы шара болды. «Тұмар» бірінші ұлттық телевизиялық байқауы өтті. Қаламы жүйрік жеңімпаздар анықталды. Жүлдегерлердің тізімінде Хабар арнасының «Тайны и судьбы великих казахов» жобасы бар. Жоба «Үздік деректі кино» аталымы бойынша үздік атанды. Ал «Хабар» агенттігінің «Қазақ ТВ» арнасында көрсетілетін «Музыкальный перфоманс» жобасы музыкалык бағдарламалардың арасынан озық шықты. Жалпы байқау 12 аталым бойынша өтті. Алғашқы сайыста 200-ге жуық жұмыс таразы табағына тасталған.

Нұртілеу Иманғалиұлы, журналист, қазылар алқасының мүшесі:

-Телевизияның өнімдерін ғылыми айналымға түсірудің алғашқы жолы осы бәйге болатын болса, бұдан кейін мұны зерттейтін ғалымдардың да, тұлғалардың да еңбектері бағалана бастаса, ол қуанатын шаруа деп ойлаймын. Сондықтан мен өте жақсы бағалаймын.

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

Әлеуметтік желілер

  1. TW
  2. FB
  3. BK

Приложение Хабар для iOS Приложение Хабар для Андроид

Хабар 24 Телеканал Kazakh TV  Телеканал ЕЛАРНА

яндекс.ћетрика

 Тумар EXPO 2017 Акорда Электронное правительство Казахстана

© 2017 «Хабар» агенттігі. Барлық құқықтары қорғалған.