Жеті күн 06.05.2017 - "Хабар" телеарнасы
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Жеті күн 06.05.2017

  • Сенбі, 06 Мамыр 2017 20:00
Сюжеттер
1. Ерен ерлер 2. Абыройлы армия 3. Астана процесі
4. ЕХРО-ға дайындық пысықталды 5. Міндетті медициналық сақтандыру 6. Туған жерге туыңды тік
   
7. Инвестор күні    

1. Ерен ерлер

7-мамыр күні Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылғанына тура 25 жыл толады. Төл армиямыз №745 Жарлық бойынша жасақталды. Әрине, «жасақталды» деп айта салу жай сөз. Себебі мұндай әрекет бұрын-соңды қазақ тәжірибесінде болмаған. Соған орай, тізгін ұстағандарға түскен салмақ тым ауыр еді. Ауыртпалығын Елбасының сол кезде айтқан сөздерінен аңғаруға болады:

«Бізде кадрлар да, тәжірибе де болған жоқ. Тәуелсіз Қазақстанның армиясы қандай болуы керектігі туралы түсінік болмады. Осындай жағдайда республика аумағындағы және Орталық Азия мен Түркістан әскери округінен қалған барлық құрылымдарды, сондай-ақ Ауғанстандағы соғыстан оралған 40-армияның бөлімшелерін Қазақстан Қарулы Күштерінің бөлімдері деп жариялау туралы шешім қабылданды. Мұндай Жарлыққа 1992 жылғы 7 мамырда қол қойдым».

Қарулы Күштердің құрылуы елдің еңсесін қайта көтеріп, әліне әл қосты. Алайда бұл желдің лебі іспетті жағдай еді. Тек сезіне ғана аласың. Ал шынайы күйге келгенде, ішкі-сыртқы қорғаныстың қабырғасы қақырап, армиямыз абдырап жатқан болатын. Себебі материалдық жағдай мәз емес. Тоқсаныншы жылдардың тоқырау кезі.

Өзгелерін айтпағанда, генералдардың өзінде өмір сондай сүреңсіз еді. Яғни жұмыс кабинеті мен тұратын үйі бір болды. Басқа барар баспана жоқ. Сөйтіп қазақстандық офицерлердің көбі, яғни әр ұлттың әскери қызметкерлері өз ата қоныстарына кетті. Біршамасы қолына ала дорба ұстап, базар жағалады.

Кей деректерге сенсек, 1992 жылдың мамырынан 1995 жылдың қаңтарына дейінгі аралықта ел армиясының құрамындағы офицерлердің саны 89 пайызға қысқарған. 

Қазірде екі мүшелді еңсерген Қарулы Күштер құрлықта қауқарлы, аспанда айбарлы, теңізде тегеурінді. Бұл Отан қорғау ісінде жанын салып, жарыса еңбек қылып жүрген қайсар жандардың жеңісі екеніне күмән жоқ. Сол себепті Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайын мереке қарсаңында ерлігімен еленген ерлерді мемлекеттік наградамен марапаттайды. 

Қазақ армиясына 25 жыл толды. Биыл әскери, арнаулы атақтар мен шендер тапсыру рәсімі осы мерейлі мерекемен тұспа-тұс келді. Бұл аралықта армияның айбыны артып, кәсіби біліктілігі жоғары әскерилердің қатары көбейді. Олардың бірсыпырасы Ақордаға табан тіреді. Ел тыныштығын күзеткен шекпенділердің шенін Елбасы өзі табыстады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Бүгінгі рәсімнің жөні басқаша. Себебі біз Тәуелсіздігімізбен бірге құрылған Қарулы Күштердің 25 жылдық мерекесін атап өтетін боламыз. Оны Отан қорғаушы күні деп жарияладық. Қазір Қазақстан Қарулы Күштері мемлекетіміздің, Тәуелсіздігіміздің мығым тұғыры, халқымыздың берік қорғаны болды. Сондықтан мемлекет қолынан келгенше, Қарулы Күштерді қолдап, біздің сарбаздар мен офицер-генералдарға тиісті көмегін аямайды. Сіздер осы Тәуелсіздігімізді нығайтуға зор үлес қосып келе жатырсыздар. Сондықтан Ұлттық армиямыздың мерейі жоғары болуы үшін жоғары құрметке лайық деп танылатын офицерлерді тиісті шендермен марапаттаймын. Баршаңызды қос мерекемен шын жүргегімнен құттықтаймын.

Ерен ерлер, еңбегі еленгендер. Жиырмадан астам офицер жоғары марапатқа ие болды. Дені генерал-лейтенант, генерал-майор мен арнайы атақтарды еншіледі. Олар – қорғаныс, ішкі істер, ұлттық қауіпсіздік комитеті мен прокуратура органдарының майталмандары.

Талғат Мұхтаров, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:

-Аса құрметті, Жоғары бас қолбасшы! Сізді Отан қорғаушы күнімен құттықтаймын. Біз үшін елдің тыныштығын туған жердің тұтастығын қорғаудан асқан абырой жоқ. Бүгін сіздің қолыңыздан жоғары атақ алу – біздің өміріміздегі толғанысты сәт. Сіздің сеніміңіз – біз үшін жоғары жауапкершілік. Біз Сіздей Елбасымыз, Жоғары Бас Қолбасшымыздың болуын мақтан тұтамыз.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Генерал деген айбынды атаққа дақ түсірмей, офицерлік намысты әрдайым биік ұстау керек. Қатардағы жүрген солдаттар мен кіші офицерлер сендерге қарайды. Сондықтан өзінің тәртібімен, әскерилігімен генерал деген атақты үлкен абыроймен алып жүру керек.

Қарулы Күштердің 25 жылдығы қарсаңында тағы 25 азамат Ақордадан олжалы қайтты. Бұл жолы мінсіз қызметі үшін әскери және құқық қорғау салаларының саңлақтары мемлекеттік наградалармен марапатталды. Бірінші, екінші және үшінші дәрежелі «Даңқ», «Айбын» ордендері мен «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін», сондай-ақ «Ерен еңбегі үшін» медальдары үздік жауынгерлерге табысталды. Сый-құрмет мұнымен шектелген жоқ. Ұлттық қауіпсіздік пен қорғанысқа бас мән беріп келетін Жоғары Бас Қолбасшысы сапта жүрген сарбаздардың жалақысы артатынын айтып, бір қуантты. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Мы высоко оцениваем нелегкую службу, ратный труд во благо народа. Поэтому в честь ознаменования 25-летия Независимости, 25-летия Вооруженных сил, я принял решение повысить должностные оклады военнослужащих Министерства обороны, КНБ, Национальной гвардии и Государственной службы охраны на 25% с 1 июля. Видите, к наградам вам еще такое довольствие. Не слышу радости. 

Әскерилер борышын абыроймен атқарып жүр. Ел қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін қорғау – игі мұрат. Оған ширек ғасыр толған армияның қауқары жетеді. Бүгінде қанат жайған қазақ әскерінің айбыны асқақтап тұрғаны да айтылды. 

Мұрат Майкеев, ҚР Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары:

-90-шы жылдардың басында Кеңес Үкіметі құлады, сол кезде ҚР армиясы болады дегенге кейбіреулер сенген жоқ. Қазіргі таңда біздің армиямыз толық қалыптасты. Біздің өз еліміздің жоғары әскери мектебі тұрғызылды. Біздің әскери қорғаныс өнеркәсібі құрылды. Бұның барлығы – сіздің батыл шешімдеріңіздің нәтижесі. Бүгінде сіздің қамқорлығыңыздың, сіздің сондай керемет әскери саясатыңыздың көмегімен Қарулы Күштеріміз нығайып, дамып келе жатыр. Қарулы Күштердің атынан, өз атымнан Сізге үлкен-үлкен алғыс білдіремін, сенімді ақтаймын. 

Сенімді ақтауға сардарлардың барлығы тас-түйін дайын. Бейбіт күннің батырлары ел үшін ештеңеден аянбақ емес. Марапат алғандар осылай деді. 

Руслан Жақсылықов, Ұлттық Ұланның Бас қолбасшысы:

-Бұл орден – маған білдірілген сенім және үлкен құрмет. Сізге үлкен рахмет. Ұлттық Ұлан сарбаздары Қазақ елін, Конституциясын және Президентін қорғауға әрқашан дайын.

Мейрбек Рахымбеков, ҚР Қорғаныс министрлігі кадет корпусының сержанты:

-Сіздің көрегендігіңізбен ашылған кадет корпусының түлегімін. Алғашқы әскери антымды қабылдаған сәттен бастап, Отаныма адал да, батыл қызмет етіп келемін. Бүгінгі кәсіпқой сержанттар елі үшін адал қызмет етеді деймін. Сіздің қырандарыңыз тәуелсіз Қазақстанды ақтық демі қалғанша қорғайды деп, шын сезіммен айтамын.

Ерен ерлігімен көзге түскен батырдың бірі – Нұржан Жидеханов. Жас сарбаз түзету мекемесінен қашқан қылмыскерлерді қолға түсіру кезінде басын қауіп-қатерге тікті.

Нұржан Жидеханов, «Ерлігі үшін» медалінің иегері:

-Қашқын қылмыскерлерді құрықтау барысында жараландым. Оларды ұстап, қылмысты уақытында тойтардық. Сол себептен осындай наградаға ие болдым деп есептеймін. Бұл менің негізгі міндетім болып саналады. 

Дәулет Оспанов, ҚР ҚМ «Батыс» Өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы:

-Елбасының қолынан 2-ші дәрежелі «Даңқ» орденін алдым. Жүрегім лүпілдеп, өте қуаныштымын. Бұл тек менің ғана орденім емес. Бүкіл сарбаздарымның, менің артымда тұрған 5,5 мың адамның жұмысының бағасы. Сол үшін көп-көп рахмет! 

Халқына қалтқысыз қызмет ету – ер азаматтың нағыз борышы. Отан қорғау, бейбіт күнде оның өркендеуіне атсалысу маңызды. Екі мүшелді еңсерген қазақ әскерінің сарбаздары екеуіне де дайын. 

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Қорғаныс министрі Сергей Шойгумен кездесті. Тараптар қорғаныс саласындағы мемлекетаралық ынтымақтастықтың қазіргі мәселелері мен перспективаларын талқылады. Елбасы Қазақстан Қарулы Күштерінің 25 жылдығының маңыздылығына тоқталып, оның аясында бірқатар салтанатты іс-шара ұйымдастырылатынын айтты. 

Авторлары: Мұхтар Ыбырайым, Айдос Меделбеков

2. Абыройлы армия

Қазақстан Қарулы Күштерінің мәселесі 1999 жылы Қауіпсіздік кеңесінде жіті қаралды. Сол жиында Мемлекет басшысы жалпы ішкі өнімнің 1 пайызын әскердің әлеуетін арттыруға жұмсау туралы шешім шығарды. Содан кейін ғана қорғаныс саласының бойына қан жүгірді. Сөйтіп бес қаруы жаңа заманның жосығына сай жасақталған, санынан бұрын сапасы сын көтерерлік айбынды армия қалыптастыру қамы басталды.

Жауынгерлік қабілетті шыңдау стратегиялық бағыттағы жинақы топтарды құруды да талап етті. Осыдан келіп, 2003 жылдың 7 мамырында Қарулы Күштер Құрлық әскері, Әуе қорғаныс және Әскери-теңіз күштері болып үш құрылымға бөлінді.

Ал Құрлық әскерлері өзі ішінен «Астана», «Оңтүстік», «Батыс», «Шығыс» өңірлік қолбасшылықтарына жіктелді.

Сондай-ақ 2003 жылы Нұрсұлтан Назарбаев «Әскери білім беру жүйесін жетілдіру шаралары туралы» Жарлықты бекітті. Осылайша, әскери білім берудегі жүйесіздік пен жүгенсіздікті жою жолдары қарастырылды. Анығы, оқу ордаларының ғимаратынан бастап, оқу базасы, оқытушылар құрамы және құрал-жабдықтар заманға сай жаңартылды.

Осы оқиғалар бүгінгі кәсіби армияның даму кіндігі, нәр алушы түбірі саналады. Міне, сол себептен біздің армия аз уақытта дамыды. Қазір ТМД төңірегінде үздік үштікке кіріп тұр. Оған қанағат қылмасаңыз, былтыр қазақ жауынгерлері «Армия халықаралық ойындарында» 120 команданың ішінен екінші орынды иеленді. Қарулы Күштердің 25 жылдық жолы жетістікке толы. 

Бүгінгінің ұраны – Дербес әскердің күш-қуатын бес қаруынан таны. Қазір жарау атқа қонып, қылышпен жауға шабатын кез емес. Тұтқиылдан төнгенді ықтыратын күшіміз бар.

Өтпелі кезеңдегі қиындықтар қорғаныс саласын тізгіндеген Сәт Тоқпақпаевтың әлі көз алдында.

Сәт Тоқпақпаев, 1999-2001 жж. ҚР Қорғаныс министрі, генерал-полковник:

-Қызмет орындарын араладым. Араласам, кейбір кабинеттерде солдаттардың кішкентай төсектері тұр. «Ей, мынау не?» десем: «Бұл генералдың орны, үйі жоқ, семьясы бәлен жерде, сол жатады»,  дейді. Тіпті подполковник, майор, төменгілерді айтып отырған жоқпын. Генералдың жағдайы сондай болатын.

Кеңес Одағы тараған тұста елде тоқырау басталды. Қысылтаяң шақта жоқшылық пен кадр мәселесі қорғаныс саласын екі өкпеден қысты. Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов Президентпен ақылдаса отырып, жұмысты жүйеледі. Әскери бөлімшелерде басыбайлы ғимарат жоқ. Техниканы айтпағанда, сарбаздарды киім-кешек және тамақпен қамтамасыз ету мұң болды. Күрделі реформа қажет еді.

Мұхтар Алтынбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, генерал:

-Мамандардың 90 пайызы тарқап кетті. Белоруссия, Украина, Ресей, тағы басқа елдер бар. Енді ол түсінікті ғой, себебі өз елдеріне қайтты. Сонда қарапайым жауынгерлер кеткен жоқ. Басшылық кетті. Мынау дивизия басшылары, армия басшылары, әскери бөлімше, полктің басшылары түгел кетіп қалды.

Сәт Тоқпақбаев, 1999-2001 жж. ҚР Қорғаныс министрі, генерал-полковник:

-Ұшақтардың 99 пайызы ұша алмайтын кез. Танктердің де сондай 99 пайызы жүрмейді. Солдаттар 2 жылға шақырылады. Бір оқ атпай, үйіне қайтады. Екі жыл борышын атқарып, тамақ ішіп кетеді. Онда да тамағы тоймайды. Сол кезде мен: «Осы да армия ма?»,  деп едім. Енді ішкі жалпы өнімнің 1 пайызын осы армияға беріліп келеді.

Қауіпсіздік кеңесінде Президент қабылдаған басты шешім – елдегі ішкі жалпы өнімнің 1 пайызын қорғанысқа бөлу. Аз уақытта қорғанысқа қатысты 4 заң қабылданды. Соның бірі – әскери доктрина. Құжат – армияның темірқазығы.

Ким Серікбаев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әскери ғылымдар докторы, профессор, полковник:

-Әскери доктрина бұрынғы одақтікі еді, содан өзімізге әскери доктрина жаздық. Жаңа аталған заңдарымызды дайындадық. Соның бәрі әскердің негізгі құжаты болып, армия құруға көмектесті.

Мұхтар Алтынбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, генерал:

-Елбасымыз әрі Жоғары Бас Қолбасшымызың шешімімен бізде мынау оқу орындары ашыла бастады. Сол кезде шекара оқу орны, құрлық әскери оқу орны, өзге де оқу орындары жоқ еді. Авиация жағынан да, сосын радиоэлектроника жағынан да оқу сол кезге дейін болған емес.

Тыңғылықты еңбектің нәтижесі көп күттірген жоқ. 25 жылда әскеріміз жаңарып, кәсіби армия құрылды. Халықаралық оқу-жаттығу жиындарына жиі қатысады. Бүгінде қазақ әскерінің қауқары артты, заман талабына сай өзгерді. Өзімізде білім алған кадрлар шәкірт баулып жүр.

Қазір жаһандағы текетірестің дені әуедегі шабуыл арқылы өрбуде. Сондықтан көктегі қорғаныс ерекше маңызға ие. Әбибулла Аманбаев жас сарбаздарға зениттік-зымыран кешендерін шынайы ұрыста қолдану барысын үйретеді. С-300 зымыранының әлеуеті зор.

Әбибулла Аманбаев, ҚР 44813 әскери бөлімінің бригада сержанты:

-Негізгі міндетім – жас сарбаздарды әскери тәртіп пен оқу-жаттығу жұмыстарына бейімдеу. Біздің әскери бөлімде физикаға басымдық беріледі. Себебі мұндағы сарбаз дер кезінде тиісті шешім қабылдауы тиіс.

Астанада өтетін әскери парадқа егіз офицерлер Асан мен Үсен қатыспақ. Алматыдағы әскери институттың түлектері. Офицерлер – әскердің қайыспас қабырғасы. Кезінде атасы Жұмаділдә сұрапыл соғыста шайқасып, 1945 жылы Қызыл алаңдағы әскери парадқа қатысыпты. Ендігі кезек немереде. Елордадағы шеруде Үсен «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының жауынгерлік көк туын ұстауға жауапты.

Үсен Жұмаділдаев, лейтенант:

-Осы жауынгерлік туды маған сеніп тапсырды. Өзімнің арқама артылған міндетті абыроймен алып шығамын деп ойлаймын.

Асан Жұмаділдаев, лейтенант:

-Әскерге келуімнің себебі, біріншіден, жастайымнан әкемнің дайындағаны, үлкен ағамның арманы десем болады. Отан алдындағы борышымызды өтейміз, әрі қарай офицер боламыз деп, жастайымыздан армандадық.

Парад ауқымды. Тағылымға толы. Сап түзеген жас ұландықтар ерлік рухта тәрбиеленіп жатқан армияның болашағы іспетті. Алдыңғы буынға қарап, бой түзейді. Құрлық, әуе қорғанысы, әскери теңіз күштері, арнайы қызмет жасағы, әскери оқу орындарының курсанттары – көпке үлгі. 5 мыңнан аса сарбаздың қызметі мен әр батырдың ерлігі паш етілмек.

Армияның бас тірегі – бес қару. Ауыр танктер, танкіге сүйеу болып, оқ өткізбейтін көліктер, шынжыртабанды жауынгерлік машиналар. Қару-жарақтың жаңа үлгілері. Арасында өзімізде құрастырылатыны бар. Мәселен, «Арлан» броньды машинасы. Жол талғамайды. 300 аттың күші бар алып техника.

Әсем Қабылбек, тілші:

-Әскери парадтың шарықтау шегі – әуедегі шоу. Бұл ұшқыштардан тыңғылықты дайындық пен жауапкершілікті талап етеді. Себебі әуежайда әр қимыл-қозғалыс секунд, минутпен есептеулі. Қазір мұнда қайнаған тіршілік. Жаттығу жүріп жатыр.

Құралайды көзге атқан ұшқыш-мергендер МИ-17, МИ-35, елімізде құрастырылатын ЕС-145 тікұшақтары, Су-30, МиГ-27 жойғыштарымен әуеге көтеріледі. Күрделі жаттығуларды мінсіз орындауы тиіс. Шеруге арнайы тарту – «Бәйтерек» атты отшашу маневрі. Бұдан өзге олар Қарулы Күштерге арнап, 25 санын әуеде өрнектеп көрсетеді. Шараға 300 техника мен 80-ге жуық әуе күштері қатыспақ. Аттан салып, ұран шақыру жаугершілік заманынан бері келе жатқаны тарихтан белгілі. Бейбіт өмірдегі шеру де сол секілді. Сарбаздардың жігерін қайрап, рух береді. Өйткені айбынды әскер – ел қорғаны.

Авторлары: Әсем Қабылбек, Азамат Сәметов, Ернар Сайлаубеков

3. Астана процесі

Біздің халықтың «бейбіт сүйгішпіз» деп мақтанатыны бар. Бұл даңғойлықтан туған дүние емес. Шын сөзі. Оған төл әскеріміз де дәлел бола алады. Өзгенікін қайдам, Қазақстан Қарулы Күштерінің тықылы бөлек. Оның болмыс-бітімі әлемдік мүддемен кіндіктес. Яғни қазақ жауынгерлері соғысу үшін жаттықпайды, керісінше соғысты болдырмау үшін жаттығады.

Бұл жайт 1993 жылы қабылданған бірінші доктринада анық айтылған.

«Егер оның өзі немесе одақтастары қарулы агрессия объектісіне айналмаса, қандай да бір мемлекетке қарсы әскери іс-қимылдарды ешқашан, ешқандай жағдайда да бірінші болып бастамаймыз. Сонымен қатар, барлық мемлекеттермен қарым-қатынасты қауіпсіздік мүддесін өзара ескеру негізінде құруға әзірміз, әскери үстемдікке ұмтылмауымыз керек», – депті Елбасы.

Жалпы қазақ әу бастан-ақ әскери үстемдікке ұмтылған емес. Сонау бағзыдан бері қас қылғанға ғана қиып түсер қылыш, ал дос боламын дегенге құшағы ашық туыс. Бүгін де осынау қасиетінен айнымай келеді. 

Елорда төрінде тірескен тараптардың кезекті тілдесуі өтті. Сонымен төртінші раунд қалай аяқталды? Оппозиция өкілдерінің бұл жолғы қалауы не? Астана процесі Таяу Шығыстағы тартысты тоқтатуға қаншалықты ықпал етпек? 

Астана процесі. Сириядағы жағдайды реттеуге бағытталған төртінші раунд. Күллі жаһан көз тіккен Сарыарқадағы жиынға қатысты пайым мен болжам көп. Ең бастысы – отырысқа Cирия билігі мен оппозиция өкілдерінің қатысуы. Кездесу жабық түрде өтті. Асад билігіне талап қоюшы қарулы топтың өкілдері шетелдік ақпарат құралдарының назарында болды. Бейтарап алаң ұсынған Қазақстан – келіссөзге қатысушы елдерге дәнекер. Әр мейманға ықыласы ерекше. Екі күн қас қарайғанша жалғасқан келіссөздер нәтижесіз емес. Сирияда қауіпсіз төрт аймақ құрылмақ. Оппозицияны террорлық топтардан осылайша ажыратып алу қажет. Ұсыныс оқ атпау режимін кеңейтіп, гуманитарлық жағдайды реттеуге бағытталған.

Александр Лаврентьев, РФ Президентінің Сирия мәселесі жөніндегі арнайы өкілі:

-Қауіпсіз аймақтар құру Сирия оппозициясы мен Үкімет әскері арасындағы қақтығыстарды бәсеңдетуге мүмкіндік береді деп ойлаймыз. Қуантарлығы, келіссөздерге қатысып отырған кепіл елдер ойларын ашық айтып, қарсы тараптарды мәмілеге келтіру үшін белсенді әрекет етіп жатыр.

Астана процесіне қатысқан қарулы оппозиция өзгелерге қыңыр мінезін көрсетті. Екі күндік келіссөзде соңына дейін үстел басында отырған жоқ. Дегенмен, қорытынды отырысқа кешіксе де, келді. Екі топтың өкілдері Ресей мен Иранның ұсынысына наразы.

Астана процесінің бірлескен мәлімдемесін еліміздің Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов оқып берді.

Құжатқа сәйкес, ең ірі шабуыл болған Хомс, Идлиб, Шығыс Гута және оңтүстік аймақта әскери әрекеттер тоқтатылуы тиіс. Мұнда оппозициялық топ ең көп шоғырланған. Оқтың иісі әбден сіңген жерлерге енді әскери техника кіргізілмейді. Ал әуе кеңістігі қатаң бақыланбақ.

Қайрат Әбдірахманов, ҚР Сыртқы істер министрі:

-Сириядағы жағдай төңірегіндегі қысымның біршама көбейгендігі бәріңізге мәлім. Онымен бірге Астана процесінің де маңызы едәуір артты. Сириядағы жағдайдың әрі қарай өршуі қайсыбір тарапқа да тиімсіз болады. Қазіргі таңда ең бастысы атысты доғару режимінің сақталуын және осыған байланысты Астана алаңында қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалуын аса маңызды деп санаймыз.

Төртінші раунд қабылданған шешімге сай қауіпсіз аймақ құрылса, оппозицияны «Ислам мемлекеті» және «Джебхат-ән-Нусра» сынды лаңкестік топтардан ажыратуға мүмкіндік бар. Сирияға кепіл мемлекеттер Ресей, Түркия мен Иран осылайша оппозиция өкілдеріне қолдау көрсетпек ниетте. Меморандум жүктеген міндет көп. Қауіпсіз аймақтарға арнайы ережелер әзірленеді. Кепілге алғандарды өзара алмасу, Шам еліндегі тарихи мұраларды сақтау да құжатта көрсетілмек.

Стаффан Де Мистура, БҰҰ Сирия жөніндегі арнайы өкілі:

-Астанадағы келіссөздердің төртінші раунды Сириядағы ахуалға оң әсер етеді деген үміттеміз. Атысты доғару режиміне сәйкес оның аумағын үлкейту көзделген. Бұл шешім Женева процесінде тағы талқыланады. Қазақстан Президенті мен Сыртқы істер министрлігіне келіссөзді ұйымдастырғаны үшін алғыс айтамын.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериш Астана процесінде қабылданған Сирия аумағында төрт қауіпсіз аймақ құру туралы меморандумды қолдайды. Бұл туралы Бас хатшының ресми өкілі Стефан Дюжаррик хабарлады. 

«Бұл келісімнің сириялықтардың өмірін шын мәнісінде жеңілдетуі аса маңызды. Бас хатшы қарудың барлық түрлерін, оның ішінде авиацияны қолдануды тоқтату және гуманитарлық көмекті қауіпсіз әрі еш кедергісіз жеткізу туралы бастамаларды құптайды», – делінген мәлімдемеде.

Алты жылға созылған азаматтық соғысты бейбіт жолмен тоқтату оңай болмай тұр. Астана процесіне қатысушылар шілдеде қайта кездесетін болып тарқасты. Қауіпсіз аймақ құруға қатысты меморандум осы айдың соңында Женевада талқыланбақ.

Авторлары: Аслан Қаженов, Әсем Қабылбек, Зайнұр Байжігіт, Марат Таубаев

Дәл осы Сирия келіссөздері төңірегінде күні кеше Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті. Әңгімелесу барысында мемлекет басшылары «Астана процесінің» кезекті кездесуіндегі келісімдер жайлы пікір алысты және күн тәртібіндегі өңірлік, халықаралық мәселелерді талқылады. Сонымен қатар екіжақты ынтымақтастықтың ырысы мен болашақ өрісі жайлы да сөз өрбіді. Айта кетейік, телефон арқылы тілдесуге бастамашы болған ресейлік тарап.

4. ЕХРО-ға дайындық пысықталды

Күн санап Астанада өтетін ғаламдық деңгейдегі шаралар саны шарықтап барады. Әрине, олардың ішіндегі ең маңыздысы – ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі. Әзірге көпшіліктің көңілі соған қарай ауып тұр. Назар аударғандардың арасында National Geographiс телеарнасы да бар. Олар «Мегақұрылыстар: Астана. Болашақтың қаласы» деп аталатын деректі фильм түсіруге кіріскен. Осы туынды аясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев арна тілшілеріне сұхбат берді. Елбасы, ең біріншіден, Астана қаласының қалыптасу тарихына тоқталып, артынша ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізудің өзектілігі туралы ойымен бөлісті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Строительство громадного объекта, как ЭКСПО, идет вследствие определенных затрат государства и в течение последних 4-х мы его строим. Фактически мы построили новый район города нашего, столицы. Красивый район. Современный. С самого начала мы думали, как после ЭКСПО использовать вложенные средства и построенные объекты. Поэтому самым главным объектом, после ЭКСПО, основных зданий, мы решили, что здесь будет Международный финансовый центр. Там будет технологический парк новый. Видите там сфера такая. Будет самое большое в мире сферическое здание. Диаметром 80 метров. Общей высотой 100 метров. Эта сфера имеет 8 этажей. Каждый этаж будет показывать один из видов альтернативной энергии. Допустим, 1 этаж это гидроэнергетика. 2 этаж – это энергия солнца. 3 этаж – это энергия ветра. 4 этаж – это биоэнергетика. Химическая энергетика. Кинетическая энергетика. Все это остается как опытный образец для показа всем. Конечно, и для нас, для казахстанцев.

Енді бір айдан соң көптен күткен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін көру мүмкіндігі туады. Жауаптылар уақыттың аз қалғанын сезген сайын сергек бола түсуде. Қалашықтың құрылысынан бөлек, көрме аясында өтетін мәдени шаралар да пысықталып жатыр.

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының Үкімет мінберінде айтқан есебіне жүгінсек, 93 күндік жоспар былай: ел бойынша 5 171 түрлі шара өтеді. Оның 4 636-сы Астанада болады деп бекітіліпті. 

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

-Осы жылдың ақпан айында іс-шаралар жоспары орналастырылған арнайы сайт іске қосылды. ЭКСПО-ның мәдени және спорттық бағдарламасы жан-жақты және толық түрде отандық мәдениет, өнер және спорт саласындағы жетістіктерімізді паш ететін болады. Біздің «Мәңгілік ел» идеямыз, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен елорда Астананың гүлденуі мәдени іс-шаралар арқылы 93 күн бойы көрсетілетін болады.

Үкіметтегілер тарихымызды танытудың бір тетігін тауыпты. Айтуларынша, көрме кезінде елдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды аралауды ақысыз ету керек. Бірақ бұл нақты шешілмеген шаруа. Тек тапсырма беріліпті.

Жалпы әлгі бес мыңнан асатын шараны шашау шығармай өткізу үшін қазынадан 9 миллиард теңге бөлінеді. Министр Арыстанбек Мұхамедиұлының сөзіне сенсек, бұл қомақты қаражаттың 90 пайызы отандық ұжымдарға төленетін көрінеді. Ал: «Арқа төсіне алыстан ат терлетіп келетін шетел өнерпаздарының шығынын демеушілер өтейді», – деп отыр.  

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі: 

-Қазақстан шетелдік мұражайлардың көрме ұйымдастыруына қаржы жұмсамайды. Бәрі демеушілердің көмегімен болады. Біз тек артефакттарды тасымалдау және оны сақтандыру мәселесін реттейміз. Барлық шығындарды ұйымдастырушылар көрмеден тапқан табыстан өтеп алады.

Естеріңізде болар, көрме алаңында ойын-сауық орталығын салу үшін зейнетақы қорынан ақша алынды. Енді кәсіпкерлер сол қарызын қайтаруға кірісіпті.

Болат Жәмішев, «Қазақстан даму банкі» АҚ Басқарма төрағасы:

-ЭКСПО алаңындағы ойын-сауық орталығының құрылысына алынған қаражаттың 5 миллиарды қайтарылды. Қазір тағы 1 млрд теңгесін қайтарып бермек. Осылайша, қарызды уақытынан бұрын жауып тастамақ. Зейнетақы қорындағы ақша «Қазақстан даму банкі» арқылы жоғары пайызбен берілді. Демек, қаражат қайтарылғанда, табысы да көп болады.

«Қазақстанның даму банкі» ЭКСПО қалашығының аумағында орналасатын болыпты. Болат Жәмішевтің айтуынша, қаржы ұйымы жаңа ғимаратқа жыл соңына дейін көшеді. Осындай маңызды мәліметтермен бөліскен қаржыгер төл валютаға да қатысты тіл қатты. Оның болжамы былай: «Теңге бағамы күрт өзгермейді. Тек аздап қана әлсіреуі мүмкін».

Болжам демекші, осы аптада Халықаралық Валюта Қоры аймақтық экономиканың дамуына қатысты есептерін елге жариялады. Олар: «биыл әлемдік экономикалық өсім 3,5, ал келесі жылы 3,8 пайыз болады», – деді.

Сондай-ақ мұнай бағасына да қатысты қуанышты хабар айтты. Қара алтынның бір баррелі 55 долларға дейін қымбаттайды екен. Тиісінше, Қазақстандағы жағдайға келгенде де жақсы жаңалықтары көп. Бұл ретте Халықаралық қордың цифрлары қазақстандық реттеушінің пайымымен сәйкес келіп тұр.

Ғалымжан Пірматов, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары: 

- Біз өзіміздің банкте төрт кезең бойынша болжам жасаймыз. Біріншісі ақпан айында аяқталды. Қазір екінші кезеңі аяқталады, оны маусым айында жариялаймыз. Біздің болжамымыз бойынша, жалпы ішкі өнім биыл 2,5%, ал келесі жылы 4,7% болады. Жалпы біздің бағалауымыз ұқсайды. Қашағанның арқасында мұнай өндірісі артады. Сондай-ақ инвестиция көлемі ұлғаяды.

Секунд сайын құбылып тұратын бүгінгідей алмағайып заманда экономиканың мықты болмағы адам капиталының сапасына байланысты. Ал адам капиталының күштілігі білім мен денсаулықтан нәр алады. Енді осы екеуінің біреуін таңдауға қойсақ, әрине, әуелгі байлық боп алға шығатыны – денсаулық. Он екі мүшеміз сау болмай бәсекеге де қабілетті бола алмаймыз.

5. Міндетті медициналық сақтандыру

Қашанғы біздің халық ауырып ем іздейді? Неге ауырмаудың жолын іздемеске? Бұл сауалдарға 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап өмірімізге енетін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жауап беретін сыңайлы. Өйткені дамыған елдердің көбі осындай бағдарламамен дені сау ұлт қалыптастыруға бағыт алған. Тек барлығына ортақ бір талап бар: жоба жақсы болуы тиіс. Ендеше Қазақстанда жасалған жаңа жобаның жайы қалай? Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановпен эксклюзивті сұхбат алдық.

Дархан Әбдуахит, тілші:

-Өзіңіз білесіз, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру заңнамасына өзгерістер енгізілуі мүмкін, тиісті құжат Мәжілісте жатыр. Біз бастапқы жоспарланған кейбір жарналардың көрсеткіштерін азайтқалы отырмыз, кейбірі бойынша өсіреміз. Неліктен? Осыны түсіндіріп айтып беріңізші? Қалай болады?

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

-Расында қазіргі күнде ҚР Парламент арнайы заң жобасын әзірлеп тапсырғанбыз. Рас, оның себептері біріншіден, еліміздегі макроэкономикалық ситуацияға байланысты. Жалпы біздің бизнес пен кәсіпорындардың жүгін төмендету үшін біз бизнеске, жұмыс берушілерге төлейтін медициналық сақтандыру жарналарын төмендетіп отырмыз. Қазіргі күндегі заңда екі пайыздан келешекте бір пайызға түсіріп жатырмыз, енді осы заң қабылданса, осы жылдың бірінші шілдесінен бастап жұмыс берушілер жұмыс беріп жатқан азаматтардың жалақысынан бір пайыз төлей бастайды, ал 2020 жылдан бастап 1,5 пайыз болады, одан кейін 2 пайызға жетеді, ал жұмыс істейтін азаматтар 2019 жылда қосылады. Өзінің жалақысынан бір пайыз төлейді, ал 2020 жылдан бастап екі пайыз төлейді, содан тоқтайды. Соңғы жылда біраз осы Ұлттық кәсіпкерлік палатамен, Ұлттық экономика министрлігімен, эксперттермен жұмысты жасадық. Халықаралық эксперттерді шақырдық.

Дархан Әбдуахит, тілші:

-Ең басында ойластырылған іс бар. Осынша қаржы кетеді деп, мысалы жоспарладыңыздар, енді қазір қорға түсетін қаржы көлемі менің білуімше, сәл кемуі мүмкін. Бұл ойлаған істі орындауға жете ме?

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

-Осы жаңа заң жобасы бойынша біз тағы жаңалықтар енгізіп жатырмыз, оның біреуі еліміздегі жеке кәсіпкерлер қазіргі күнде жалпы өзінің табысынан 5 пайыз төлеу керек еді, қазір біз оны ең төмен жалақыдан екі ең төменгі жалақыдан бес пайызға бекітіп жатырмыз. Әртүрлі бизнес болса да, барлығы сол екі пайыз төлейді.

Дархан Әбдуахит, тілші:

-Ақшаға шаққанда бұл қанша болады сонда?

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

-Ақшаға санағанда бұл ай сайын 2400 теңге көлемінде болады. Біздің ойымша ол орташа барлық жеке кәсіпкерлерге болады. Екіншіден,төлеудің төмендеуі біздің қордың бюджетіне әсер етеді, бірақ қазіргі күнде біз тегін беріп жатқан медицналық көмектің көлемі түспейді, тек қана кейбір біздің жаңа инициативаларымыз кішкене кешірек келеді деп ойлаймыз.

Дархан Әбдуахит, тілші:

-Қазір бізді көріп отырған ауылдың адамдары бар. Өзіңіз білесіз, халықтың басым бөлігі тұрады. Ауылда 3-4 бас малын ұстап, күн көріп отырған кіселер бар. Олар не істеу керек?

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

-Біріншіден, жаңа міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізгеннен кейін де біздің елімізде Конституция бойынша тегін медициналық көмектердің кепілдік көлемі сақталады. Бұл біріншіден, сақтандыру жүйесіне қатысса да, қатыспаса да, еліміздегі әр азаматқа жедел жәрдем медициналық көмек тегін беріледі. Сонымен қатар бірнеше әлеуметтік ауру, мысалы, онкологиялық аурулар, туберкулез, психиатрия, сияқты ауруларға мемлекет тарапынан қызмет тегін көрсетіледі. Екіншіден, сіз айтқан азаматтарға 2-3 түрлі мүмкіндік беріп отырмыз. Біріншіден, жұмыссыз ретінде тіркелсе, олар мемлекет тарапынан сақтандырылады, сол азаматтарға мемлекет төлейді, болмаса жеке кәсіпкер ретінде тіркелсе, олар жеке кәсіпкер ретінде төлеуге заң бойынша мүмкіндік болады. Сонымен қатар қазіргі күнде көп азамат расында да еш жерде жұмыс істемейді, үйде отырады, сол азаматтарға ертең жоспарланған медицинадық көмек беру үшін біз 2020 жылға дейін алғашқы медициналық көмекті тегін береміз, әр азамат ауылда тұрған азамат өзінің күнделікті барып жүрген емханасына барып, ары қарай да келесі, 2019, 2020 жылы үш жыл тегін мүмкіндік болды. Сондай-ақ стационарлық ем алу үшін оларға жаңа мүмкіндік ашып отырмыз. Ол ай сайын 1400 теңге төлеп, ол ең төмен жалақыдан бес пайыз, 1400 теңге төлесе, бүкіл сақтандыру қорына кіретін медициналық көмекті тегін алуға мүмкіндік ашылады.

Дархан Әбдуахит, тілші:

-Өзі үшін ақша төледі дейік, қазір бірақ аудандық ауруханаға барады білесіз, аудандық ауруханадағы қызмет жағдайы өзіңізге белгілі. Ол өзі үшін ақша төлеп отыр, сондықтан облыс орталығындағы жақсы емханаға барғысы келеді. Ондай таңдауға құқық беріле ме? Ауданда тұраса да, облыстық емханаға барып қаралуға бола ма? 

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

-Біріншіден, келешекте медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық қызметті пайдаланушы үшін ең маңызды мәселе –  алғашқы медициналық көмек. Жергілікті істеп отырған дәрігерге барып, соған тіркелуі қажет. Әрине, біз түсінеміз ауылдық жерде ондай еркін таңдау мүмкіндігі жоқ, тек қана бір мемлекеттік емхана бар, соған тіркелсе, ертең қажетті диагностикалық қызметтер, стационарлық ем алады. Әр азаматтың өзінің еркін таңдауы болады. Мысалы, облыстық деңгейде бірнеше жекеменшік немесе мемлекеттік аурухана болса, солардың арасында таңдап баруға мүмкіндік бар. Тек қана сол емхана емес, эндокринолог специалист, компьютерлік томография болса, сондай таңдау мүмкіндік беріп жатырмыз. Қазіргі күнде оның ақшасын қалтасынан төлеп жүр. Бірақ бағаларының көтеріліп бара жатқандары көп азаматтарға қиын болуда. Біздің негізгі мақсатымыз – сақтандыру жүйесімен жекеменшік клиникалардың қызметтерін кіргізіп, сол сақтандыру ретінде төлеу.

Дархан Әбдуахит, тілші:

-Өте жақсы бәсеке болғалы тұрған секілді. Өйткені қанша дегенмен білесіз, жекеменшік емханалардағы қызмет көрсету сапасы әлдеқайда жақсы. Мемлектетік емханада тіркеліп отырған адамдар жаппай соларға ауыса бастайды деп қорықпайсыздар ма, әлде шектеу қоясыздар ма?

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

-Біздің негізгі мақсатымыз – азаматтардың өзіне таңдау беру. Екіншіден, әрине, біздің мемлекеттік емханаларға бұл үлкен мәселе. Олар қазір медициналық сақтандыруға дұрыс дайындалу керек. Біріншіден, өзінің мамандарын оқыту керек, сапалы медициналық көмек көрсетуге үйрену керек деп айтуға болады.

Дархан Әбдуахит, тілші:

-17,5 млн адамның қанша пайызына мемлекет тарапынан төленеді? Кімдерге төленеді? Осыны тағы бір түсіндіріп өтсеңіз.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

-Мұндай азаматтардың 14-15 категориясы бар, оларға мемлекет төлейді. Әрине, балалар, мүгедек кісілер, зейнеткерлер, оқушылар, әскери адамдар және жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар сияқты жаңа категориялар біз қосып жатырмыз. 18 жасқа дейін мүгедектерді күтіп отырған азаматтар, соларға да мемлекет төлейді. Бір жылдың ішінде біз оралмандарға төлейміз және Қазақстанда тіркелген шетелдік азаматтар, олардың балалары мен үлкен кісілерге мемлекет тарапынан сақтандыру төлемі болады.

Дархан Әбдуахит, тілші:

-Айналып келгенде, қолда ақша бар. Ендігі діттеген мақсатымыз не? Не өзгереді? 5-6 жылдың көлемінде қандай жақсылықты көреміз?   

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

-Бірінші нәтиже – азаматтар өзінің қалтасынан жұмсап жатқан төлемдерді төмендетуіміз керек. Оны қалай жасаймыз? Ол қайда жіберіп жатыр? Консультация аламыз, түрлі зерттеу аламыз немесе дәрі-дәрмек сатып аламыз, соның бәрін біз сақтандыру пакетіне кіргізуіміз керек. Біріншіден, нәтиже сақтандыру арқылы жекеменшік медициналық қызметтерді жеке беріліп жатқан дәріні сол сақтандыру қорынан көтереміз деп сенеміз. Екіншіден, әрине, айтылып өткен бәсеке орта құрылғаннан кейін медициналық қызмет сапасы көтеріледі. 

Соңғы 1 айдың ішінде 100 мыңнан астам отандасымыз жанына жаққан, тиімді деп тапқан емханаларға тіркелген. Бұл міндетті медициналық сақтандыру шеңберінде атқарылған шаруа. Егер үрдіс қазіргі қарқынмен жалғаса берсе, келер жылға дейін 10 миллионнан астам тұрғын сақтандырылады деген болжам бар. Яғни ол азаматтар үшін 2018 жылдан бастап, тегін медициналық қызметтер қолжетімді болмақ.

6. Туған жерге туыңды тік

Деннің саулығымен қатар бойдағы ұлттық рух та өр болғаны ләзім. Онсыз елге деген жанашырлықтың қарқыны жай болады. Халықтан гөрі қара басының қамын күйттеп кету көбіне осындай себептерге байланысты. Өз өңірін шын сүйетіндер шымкенттік Серікжан Сейітжанов сынды әрекет етері сөзсіз.

Серікжан Сейітжанов, кәсіпкер:

-Кәсіпкерлік сала – экономиканың локомотиві, бизнес саласы – мемлекеттің үлкен қаруы. Ол үлкен бәсеке. Сол тарапта Сіз алдымызда тұрғанда, біз сол бәсекеден де өтеміз деп сендіремін.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Көп жұмыс істеп жүрсің. Саған рахмет! Қаражатыңды мүмкіндігінше бір жаққа апармай, Шымкентке салып жатырсың. Ең тұңғыш 5 жұлдызды қонақ үй салып бердің, университет салып жатырсың. Зауыттар салдың, елге жұмыс беріп отырсың. Елге деген жақсылық жасаған қалталы азаматтар осындай болса керек. Мемлекеттің арқасында көп азамат қаржылы болды. Сені басқа азаматтарға өнеге қылып қоюға болады. Өзінің туған жеріне жақсылып қарап, мектеп, спорт кешені, аурухана жасайтын болса, еліміз көркейеді. Туған жер деген сол.

Рухани жаңғыру аясында жүзеге асатын «Туған жер» бағдарламасының түпкі мақсаты – азаматтарды өз ауыл-аймағының ажарын келтіру ісіне тарту. Осылайша, кез келген қазақстандық еліміздің одан әрі дамып, бәсекеге қабілетті болуына үлес қоса алады. Бұл бір жағы, әрбір перзенттің кіндік қаны тамған ел мен жер алдындағы адамдық парызы. Егер сол адамдық парызынан айнымаған азамат болса, оны «бүгінгінің батыры» деп бағалауға әбден лайық. Қазір де ондай лайықтылардың қатары көп. Солардың біразымен біздің тілшілер тілдесіп қайтты. 

Сәкен Сейітханұлы, тілші:

-Тоқсаныншы жылдардың тоқырауында мына Изенді ауылы тозып кеткен еді. Ғимараттардың қабырғасы қақырап, жарамсыз күйге түскен. Жұмыс жоқ деп жұрт жыраққа кетті. Сол тұста болашақтың баянды болатынына бірі сенсе, бірі сенбеді. Сенген жанның бірі – Қанат Отарбаев. Іскер азамат жергілікті тұрғындардың басын жиып, бизнес деген ауылдың есігін батыл ашты.

Кәсіпкердің 20 жыл бұрын бастаған ілкімді ісі қазір ілгері басты. Нақтырақ айтсақ, санаулы уақ мал өсіп-өніп, қоралы қой болды. Діттеген мақсатына жету үшін Қанат күндіз-түні еңбек етті. Арқаның аязында қар жамылып, мұз жастанды. Бертін келе замана көші түзеліп, мемлекет еңбек адамдарына нақты қолдау көрсете бастады. Бұл игі шараның шарапатынан шаруа тыс қалмады.

Қанат Отарбаев, серіктестік басшысы:

-Біздің шаруашылық өзі қой шаруашылығымен айналысамыз. Асыл тұқымды малды баққанымыз үшін мемлекет тарапынан көмек беріліп тұрады. Тіпті асыл тұқымды малды сатып алған адамдарға субсидия береді. Ауызды қу шөппен сүртуге болмайды.

Ердің атын еңбек шығарады. Рас. Қанат Отарбаев жүйелі жұмысымен жұртқа танылды. Есімі елге таралса да, қарапайымдылық қасиетін жоғалтпады. Өткеннен өнеге алған ауыл ағасы, өңірін өркендетті. Әуелі мектептің кем-кетігін жамап жасқады. Ескірген еденнің өңін кіргізіп, жаңалады. Балалар бос уақытын құр өткізбесін деп, қомақты қаржыға кітапхана тұрғызды. Бүгінде білім ұясынан оқушы аяғы үзілмейді. Өйткені өресі биік өрендер өрге басудың бірден-бір кілті білімде екенін біледі.

Есенгелді Әшірбеков, Изенді ауылының тұрғыны:

-Шалғайда тұратын малшыларымыздың ауылдарында мектеп жоқ. Сондықтан олардың балаларын орталықтарға мектепке әкеліп оқытуға мәжбүрміз. Оған Қанат ініміз көп көңіл бөледі. Арнайы автобус бөліп, сенбі күні апарып, жексенбі күні әкеліп отырады.

Дана халық «Бай болсаң, халқына пайдаң тисін» деп нақыл қалдырған. Батыс Қазақстанның белсенді бизнесмені Нұрлыбай Жолдыбаев осы сөзді өміріне өзек етті. Биыл ол ауылына 6 миллион теңгеге медициналық қосын салды. Бұрын апатты жағдайдағы ескі баспанада қызмет көрсеткен дәрігерлер енді кең де жайлы ғимаратта науқастарға ем-дом жасап жүр.

Светлана Ғабдуллина, фельдшерлік қосынның меңгерушісі:

-Қазір енді бұрығыдай емес, жаңаның аты жаңа, бүкіл жағдайымыз жасалып тұр. Мынаның ішінде келген ауруларға да барлық бөлмелер бөлек өз алдына. Мына жақта күндізгі стационар бар, жаңадан келген аппараттарды алып беріп жатыр. Енді қазір жұмыс жасауға бүкіл мүмкіншілігіміз бар.

Аудан бойынша «Жыл меценаты» атанған кәсіпкер енді өз қаржысына балабақша салуды көздеп отыр. Айтқан сөзін, іске асыратын азамат қазірдің өзінде, ауыл маңынан ғимарат орнын белгілеген.

Нұрлыбай Жолдыбайұлы, кәсіпкер:

-Адам баласының арманы көп қой. Арманның бірі ауылдастарға балабақша салсақ па деп, ойлап жатырмыз. Соның жұмысымен жұмыстанып жатырмын. Жоспарымыз – 20-30 балалық бір топ болса да құру.

Нұрлыбай балаларды ерте бастан тәрбиелеуге ниет етсе, Қанат Отарбаев олардың болашағына бағдар жасап жүр. Оқушыларды озат оқуға талпындарады. Жыл сайын білім ордасымен бірігіп, үздік сынып, үздік оқушы байқауын ұйымдастырады. Жүзден жүйрік екі балаға сыйлық берсе, ұйымшыл сынып Елорданы аралауға мүмкіндік алады.

Есет Қыдырғанбеков, Нұра жалпы орта білім беру мектебінің директоры:

-Үздік оқитындар биылғы жылы 25 адам болады. Оның алдында 20-ға жетпеген еді. Жылдан-жылға балаларда талпыныс бар.

Талпынған талантты ұланның бірі – Ерхан Боранбай. Бір мәрте үздік болған оқушы, екінші рет те сыйлық алуға үмітті.

Ерхан Боранбай, оқушы:

-Мен былтыр үздік оқушы атандым. Соған Қанат ағамыз маған ролик сыйлады. Соның құрметіне мені ауыл сыртына суретімді ілді. Мен келесі жылы да үздік оқушы атамын деп сенемін.

Өзіне сенген адамның алмайтын қамалы болмайды. Бүгінде  өскен жеріне қамқор болып отырған жандар жетерлік. Ақтаулық Ұлбосын Ахметова – солардың бірі. Мұқтаж жандарға қолұшын беру, айналасына қуаныш сыйлау – кәсіпкердің өмірлік ұстанымы. Сондықтан Ұлбосын, ардагерлер, көпбалалы аналар, тұрмысы төмен отбасыларға әр мереке сайын сый жасайды. Мәселен, оларды өзі ашқан демалыс орнында тегін ем алуға жиі шақырады.

Ділдә Ғұбайдуллина, еңбек ардагері:

-Әуелі аталарды, одан кейін міне аналарды шақырып, тегіннен тегін қызмет көрсетіп, өзінің бүкіл жүрек жылуын ұсынып жатқан адамды бірінші көруім. Осыған қатты рахмет айтамын.

Қазақ: «Бота алғанша, бата ал», – дейді. Қазіргі күні әлеуметтің алғысына бөленгендер биіктемесе аласарған емес. Бұл іскер жандардың айтқаны. Олар еліміздегі әр адам сылдыр сөзден салмақты іске көшсе, – дейді. Туған жерін түлетіп, тура жолға бастаса деп тілейді.

Қанат Отарбаев, серіктестік басшысы:

-Әдемі сөйлеу бір де, нақты қолынан келетін істі істеу – екінші нәрсе. Қай уақытта болсын ұлттың қамына сөйлеген сөзді, іспен қабыстыру керек деп ойлаймын. Кей кезде көп сөйлегеннен гөрі, халыққа, елге, маңайыңдағыларға, ауылдасыңа шағын ғана бір іс тындырған бір үлкен көмек деп ойлаймын. Ол елімізге теңізге құйған тамшыдай көмек болар еді.

Президенттің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында өскен өңірін өрге бастырған азаматтарды қолдау керектігі жазылған. Мемлекет оларды ынталандыру арқалы өршіл мақсатқа қол жеткізеді. Өйткені кәсіпкерлер туған жеріне жақсылық жасаса, әуелі ол ауылдың тұрмысына әсер етеді. Жұрттың жағдайы жақсарса, елдің қуаты артады. Бұл экомикалық өсіммен қатар, өскелең ұрпаққа өнеге болады. Үлкеннен үлгі алатын жеткіншек, сайып келгенде болашағына бей-жай қарамайды. Оларда өз жерінің, елінің дамуын көксейді. Осылайша ұрпақтар сабақтастығын үздік үлгісі қалыптасады.

Авторлары: Сәкен Сейітханұлы, Ернар Сайлаубаев

7. Инвестор күні

Алматыда Инвестор күні өтті. Жиынға еліміздегі стратегиялық аса ірі «ҚазМұнайГаз», «Қазақтелеком», «Қазпошта» сынды компания басшылары мен шетелдік инвесторлар қатысты. Алыстан ат терлетіп келген қонақтарға мемлекеттік 800-ге жуық активтің сатылатыны туралы ақпарат айтылып, саудаға шығарылған мекемелерді таныстыру жұмыстары жүргізілді. 

Ірі капитал иелеріне қаражат салуға жаңа мүмкіндіктер ашылуда. Өйткені жекешелендіру бағдарламасы бойынша 782 сатылады, оның 215-сі «Самұрық-Қазына» қорына тиесілі. Бизнес үдерістерін қайта қарап, өзгеріс енгізіп жатқан «Самұрық-Қазына» Қоры инвестициялық компанияға айналып, мемлекетке кіріс әкеліп, тың салаларды дамытпақшы.

Өмірзақ Шөкеев, «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма басшысы:

-«Самырұқ-Қазына» белсенді инвесторлармен әріптестік қарым-қатынас орнатып, компания құнын арттырудың жолдарын қарастырады. Тиімді жобаларға қаржы салып, шығынды азайтуды көздейді.

5 жыл бұрын қор құрамында 600 компания бар болатын. Ал келесі жылдың соңына дейін қор активтерін екі есе қысқарту жоспарланып отыр. Қор өзінің тікелей қызметіне жатпайтын компанияларды жеке инвесторларға табыстамақшы.

Мысалы, жекешелендіру бағдарламасына қатысу арқылы жоғары санатты мынандай көлік-логистикалық орталықтың меншік иесі атануға болады. Бұл заманауи қоймалар, сауда-саттық әрі қызмет көрсететін орталық және барлық талапқа сай инфрақұрылым 2015 жылдан бері «Астана» көлік-логистикалық орталығының қоймаларына әуе, тас және темір жол арқылы түрлі жүктер жеткізіліп, тиісті температурада сақтайды.

Берік Бейсенғалиев, «Самұрық-Қазына» АҚ Активтерді оңтайландыру жөніндегі басқарушы директоры:

-Компаниялардың бәрі мемлекет бақылауында қалады. Ол компаниялар бойынша шағын, миноритарный үлес қана нарыққа шығарылады. Сондықтан бұндай үлкен компаниялар квазигоссектр-мемлекет бақылауында болады. Ондай активтер сатылар алдында келісімшартқа қол қойылады. Жұмысшылар санын азайтпау туралы. Олардың жалақы деңгейін төменге түсірмеу және профильді өзгертеу туралы сондай талаптарды инвесторлар қол қойып, ертең өз мойындарына алады. Сондықтан жекеменшік шығарылған активтердің ертең жұмыссыз қаламыз, бос қаламыз деген ондай қатер жоқ. Қайта жекешелендірген компаниялар бүгінгі жағдай көрсетіп отыр. Кейін қайта үлкейіп, кеңіп адамдар саны штаттар көбейіп, қайта тиімділігі, биік деңгейге жетеді.

Қазір 166 шағын және орта кәсіпорындардың 124-і «Самұрық-Қазына» құрамынан шығарылды. Қалғандары Қаржы министрлігінің ресми сайтында ешқандай кедергісіз әрі шектеусіз ашық саудаға салынады. Ал қалған 49 ірі актив IPO арқылы немесе екі кезеңдік байқау бойынша және тікелей сатылады.

Берік Бейсенғалиев, «Самұрық-Қазына» АҚ Активтерді оңтайландыру жөніндегі басқарушы директоры:

-Шағын кіші активтердің бәрі электрондық аукциондарға Қаржы Министрлігінің алаңына шығарылып, сатылып жатыр. Ал экономикаға әлеуметтік ықпалы бар стратегиялық активтерді оларды екі дүркін ашық жариялы конкурска шығарып, сол арқылы сатылады деп жоспарлап отырмыз.

Осы және өзге де маңызды мәселелерді тараптар Алматыда өткен Инвестор күнінде талқылады. Жекешелендіруге ұсынылған нысандар туралы бар мәлімет берілді. Бұған қоса елдегі экономикалық өсім мен инфляция деңгейі де жан-жақты айтылды.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

-Елімізде экономикалық өсім 2,5% болады деп ойлаймыз. Дегенмен өткен жылдары инфляция деңгейі 6-8% аралығында қалып отыр. Жұмыссыздық деңгейі 4,9% төмендеді. Бұл жақсы нәтиже. Халықтың жеке табысы қазір 3,8% өсті.

Өткен жылы еліміздегі жалпы инвестиция көлемі 5,5 триллион теңгеге жетіп, өсім көрсеткіші 5,1% құрады.

Луис Суарес, инвестициялық компанияның өкілі:

-Қазақстанда инвесторлар құқығын қорғайтын заңнамалық негіз бар. Мен мұнда инвесторлардың келуіне қолайлы жағдай жасалып жатыр деп ойлаймын.

Ульф Вокурка, Қазақстандағы Deutsche Вank өкілі:

-Дәл қазіргі кезде Қазақстанда жекешелендіру бағдарламасы белсенді жүріп жатыр. Осы сәтті жергілікті және шетелдік инвесторлар пайдаланып қалу керек. Қаржыны қайда жұмсайтынын өздері біледі. Біз бұл мәселеде ақпараттық базаны жасап, компания активтерін таныстыруға және олардың өміршеңдігін көрсетуге тырысамыз әрі кеңес береміз.

Инвесторлар күніне орай өткен жиында «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақ Инвест» Ұлттық компаниясы іскерлік келісімге қол қойды.

Авторлары: Алмас Садуақас, Кенже Амраев

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

Әлеуметтік желілер

  1. TW
  2. FB
  3. BK

Приложение Хабар для iOS Приложение Хабар для Андроид

Хабар 24 Телеканал Kazakh TV  Телеканал ЕЛАРНА

яндекс.ћетрика

 Тумар EXPO 2017 Акорда Электронное правительство Казахстана

© 2017 «Хабар» агенттігі. Барлық құқықтары қорғалған.