Жеті күн 27.05.2017 - "Хабар" телеарнасы
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Жеті күн 27.05.2017

  • Сенбі, 27 Мамыр 2017 22:00
Сюжеттер
1. «АҚШ – Ислам әлемі» саммиті 2. Елбасы көңіл айту жеделхатын жолдады 3. Елбасы БАӘ СІМ кездесті
4. Білім жарысының жүйріктері 5. Рухани жаңғыру 6. Жаңа нарықтарға жол ашық
7. Жаңарған жүйе 8. ЕХРО есік қағып тұр 9. Мен таңдаған мамандық

1. «АҚШ – Ислам әлемі» саммиті

Ала жіптей, пенделік пен парасат қатар өрілген мына өмірде адам баласын адастырмас темірқазық – дін, оның ішінде Ислам діні. Себебі жамандықты іле-шала жақсылықпен, күнәні дереу сауаппен жойып отыру – мұсылманға міндет. Ал оны орындауда құлшылыққа жетері жоғы – тағы белгілі. Бұл апта бұрынғыларынан басқалау. Әсіресе Ислам әлемі үшін. Оған екі дүние дәлел. Кешегі күннің «таңы – жұма, кеші – тарауық, түні – сәресі» болып, бүгін, міне, қасиетті Рамазан айы басталды. Көңілі таза көпшілік адал ниетпен алақан жайып, ауыз бекітті. Мұны бір деңіз!

Енді екінші ерекшелік. Апта басында Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядта алғаш рет «АҚШ – Ислам әлемі» саммиті өтті. Құрылтайға 55 елдің басшысы қатысыпты. Мәртебелі қонақтар қатарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та бар.

«Мұндай маңызды жиын бұрын-соңды болмаған» деуге келмес. Болған! Тек осы жолғының жөні бөлек, форматы ерек. Себебі ала-шабыр аралықтағы Америка мен мұсылман елдерінің бұлайша басқосуы – бірінші мәрте. Тарих беттерін қанша парақтасаң да, бұған балама табу қиын.

Және тілге тиек етерлік тұс. Бұл – 45-ші Президент Дональд Трамптың тізгін ұстағалы бергі шетелге жасаған алғашқы сапары. Нөмірі бірінші борттың маршрутында да сырлы мән бұғулы сынды. Алғашқы «А» нүктесі ретінде Ислам әлемінің кіндігі саналатын Сауд Арабиясын таңдап, ол жерге мұсылман мемлекеттерінің басшыларын шақыруы тегін емес. Демек, тұтқа Трамптың қолында тұрған тұста Ақ үйдің сыртқы саясаттағы сценарийі осылай жалғасуы бек мүмкін.

Дегенмен сарапшылар тарапынан: «Осының барлығы бизнесменнің кезекті бизнес-жоспары болуы ықтимал»», – деген қашарлық дәйек те айтылып жүр. Қайткенде бізде үміт басым. Ең бастысы, «Ислам мен терроризм – бір-біріне кереғар ұғым» деген түсінік түйсікке жетіп, кең етек алса дейміз-ау. Бұл ойымызға алғашқы саммит қаншалықты салмақ берді? Таяу Шығыстағы текетірес тоқтайтын күн туар ма? 

«Америка – Ислам әлемі» саммиті бұрын-соңды болмаған. Сондықтан алғашқы алқалы жиынның жолы да, жөні де бөлек. Тарихи кеңестің өтетін орны да тура таңдалған. Күллі Ислам әлемінің қасиетті мекені – Сауд Арабиясы. Корольдіктің иесі Салман бен Әбдел Әзиз Әл Сауд қонақтарына бар ықыласын танытты. Көшбасшыларды өзі қабылдап, амандық-саулық сұрасты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев басқосудың мәртебелі мейманы болғандықтан, ел Президентіне Корольдің ілтипаты ерекше.

Асыл дінімізде амандық пен тыныштықтың бастауы сәлемдесу екені айтылған. Барша мұсылманға ортақ осы дәстүр президенттерді жақындастыра түсті. Олар бір-бірінің жайын сұрап, әңгіме құрды. Бұл қатардан АҚШ Президенті Дональд Тармп та табылды. Американың 45-ші басшысы ТМД елдері ішінде бірінші болып біздің Елбасымен кездесті. Көшбасшылар екі елдің ынтымағын сөз етіп, халықаралық мәселелер жөнінде пікір алысты. АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсонмен кездесуде екіжақты қарым-қатынасты дамыту жайы талқыланды. Нұрсұлтан Назарбаев пен Рекс Тиллерсон халықаралық өзекті мәселелер жөнінде әңгімелесті. Сонымен бірге ел Президенті Кувейт, Бахрейн, Біріккен Араб Әмірліктері, Йемен, Пәкістан, Мавританияның мемлекет басшыларымен жолықты.

Қазір жаһанның жағдайы тұрақты емес. Көз алартқан елдер көп. Тартыстардың тарауы экономикадан басталып, түрлі ағымдардың алауыздығымен аяқталады.

Таяу Шығысты дәл қазір тыныш деп айта алмаймыз. Қара алтынмен және қақтығыстармен қазір аты шығып тұр. Мұнаймен дараланған елдер аракідік араздасып, қала берді қақтығысып қалатыны бар. Өткен жылғы сүннит бағытындағы Саудия мен шиіт ағымын ұстанатын Иран арасы салқындай түскен. Содан бері екі ел қатынасы қабыспады.

Жуық арада аралары жыли түседі дегенге де сену қиын. Өйткені өткен жылы Йемендегі шейіттер бүлік бастаған кезде Сауд Арабиясы билікке жақ болып, текетіресті басуға ниеттенген. Алайда Иран оларды: «Жазықсыз жандарды қырды», – деп айыптады. Бұл жазғыруға саудиттер тарапы келіспейді. Оны жиында тағы бір мәрте жариялады. Корольдің пікірінше, Ислам діні – бейбітшілік пен мейірімділіктің белгісі.

Салман бен Әбдел Әзиз әл Сауд, Сауд Арабиясының Королі: 

- Бүгінгі саммит қатысушы елдердің арасындағы байланысқа жаңа серпін беретіні сөзсіз. Қазіргі уақытта кейбір экстремистік топтар діннің атын жамылып, түрлі теріс әрекеттерге барып жатады. Араб және мұсылман елдері террорлық қауіп-қатердің кез келген түрін жойып, бірігіп күш жұмылдыруымыз қажет.

Оқ пен оттан көптен бері көз ашпаған Сирия мен соғыс бүгінде егіз ұғымға айналып барады. 6 жылдан бері жалғасқан жанжалды жаншып тастау оңай болмай тұр. Сондықтан кездесуде көптің сөзі Сирияны айналып өтпеді. Әсіресе АҚШ Президенті кез келген қауіпке мұсылман елдерімен қатар тұрып күресуге дайын екенін айтты. Ол: «Таяу Шығыстан терроризм емес, бейбітшілік лебі есуі керек», – деп сөзін түйді.

Дональд Трамп, АҚШ Президенті: 

- Бүгінде біз гуманитарлық қауіппен бетпе-бет келіп отырмыз. Және қатердің күн санап асқынып бара жатқанын аңғарамыз. Таяу Шығыстың дамуын кері тартып тұрған да осы себептер. Қантөгіс пен терроризм. Біз бұл текетірестерді тоқату үшін күш біріктіруіміз қажет. Әріптестікті арттырып, осы аймақтағы және сыртқары жерлердегі қауіпсіздікті күшейтуіміз шарт.

Трамптың бұл сөзі ізгі ниетті Қазақстанның ұстанымымен ұқсас. Біздің елдің бейбітшілікке бастар жолын әлем біледі. «Сириядағы шиеленіс шектелсін» деген, Ирактағы бітімгершілік миссияға қатысып, Ауғанстанға көмек қолын созған мемлекеттің біріміз. Қазақтың бастамалары мұнымен аяқталмайды. Жұмыр жерді бейбітшілікке шақырып, бірлікке бастар игі істерді ілгері бастыра бермек.

Авторлары: Сәкен Сейітханұлы, Айдос Меделбеков, Айдос Серікболұлы

Дональд Трамп Араб елдерімен ынтымақтастықты күшейтуге ынталы. Өйткені Ресеймен тықылы бір Иранның да өз мүддесі бар. Ол Таяу Шығыс төңірегіндегі тартыста айқын байқалады. Міне, осындай себептерге байланысты Эр-Риядта өткен саммиттің негізгі мазмұнын екіге бөліп қарастыру керек сыңайлы.

Біріншіден, АҚШ пен Араб әлемінің Иранмен қарым-қатынасы. Екіншіден, АҚШ-тың күллі мұсылман елдерімен байланысы. Бұл екеуі сырттай ұқсас болғанымен, ішіне тереңірек үңілсең, мүлдем алшақ ұғымдар.

Кім қалай десе де, біз ұстанымға берікпіз: «Біреуді бөліп-жарып, тұтас мемлекетті айыптау» – қазақ үшін бөтен қылық. Жазғыратынымыз жалғыз – жат пиғылды жандар.

2. Елбасы көңіл айту жеделхатын жолдады

Олар осы аптада тағы ойран салды. Сөйтіп Манчестердің мамыражай өмірінен маза кетірді. Америкалық поп-әнші Ариана Гранденің концерті өтіп жатқан стадионда жарылыс жасады. Салдарынан 22 адам мерт болды. 50-ден астамы жараланған. Көбі – ат жалын жаңа тартып мінген жастар. Кешті тамашалауға барғандардың арасында біздің 6 отандасымыз болған. Олардың барлығы дін-аман. Бұл ақпаратты Сыртқы істер министрлігі таратты.

Қаралы хабар дегенде, қазақтың қабырғасы қайыспай қоймайды. Елбасы өзінің және барша Қазақстан жұртының атынан Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Премьер-министрі Тереза Мэйге көңіл айту жеделхатын жолдап, британдықтардың қайғысына ортақтасты.

3. Елбасы БАӘ СІМ кездесті

Сауд Арабиясынан елге оралғаннан кейін Елбасы Таяу Шығыстағы тағы бір тату елдің өкілімен жүздесті. Астанаға Біріккен Араб Әмірліктерінің Сыртқы істер министрі, шейх Абдалла бен Заид Әл Нахаян ат ізін салды. Келудегі мақсаты – тарихы 25 жылға толған ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейту. Әмірліктегілер қазақ жерінде өсірілетін ауыл шаруашылығы өнімдеріне қызығушылық танытып отыр. Себебі олар Қазақстанның көліктік-транзиттік әлеуетінен әжептеуір әл көреді. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біздің қарым-қатынасымыздың 25 жылдығына байланысты келіп отырсыз. Сондықтан зор құрметпен қарсы аламыз. Министрлермен келіссөздер өтеді. Сіздің келуіңізге байланысты бизнес-форум өтіп жатыр. Биыл сіздердің елдеріңізде екі рет болдым. Соңғы кездескенде шейх Мұхаммедпен көп мәселе бойынша ортақ келісімге қол жеткіздік. Араб Әмірліктерінің Қазақстанның жекешелендіруіне қатысуы, мұнай және химиялық кешенге қатысуы және басқа да мәселелер бойынша келісімдерге қол жеткіздік. Сондықтан биыл екі ел арасында үлкен жаңа белес болғалы тұр. Қазақстан мен Әмірлік арасындағы қатынас – сенім, бауырлық қатынас. Соны әрі қарай жылжытуға жұмыс істеуіміз керек.

Абдалла Бен Заид Әл Нахаян, Біріккен Араб Әмірліктерінің Сыртқы істер министрі:

- Жоғары мәртебелі Президент мырза, ең алдымен шейх Халиф пен шейх Мұхаммедтің жылы сәлемін жеткізгім келеді. Менің пікірімше, екі ел арасындағы қатынас жаңа деңгейге көтерілді. Бұл байланысты одан әрі дамыту – біз үшін басты назарда тұрған мәселе.

Біріккен Араб Әмірліктері мен Қазақстанның арасы ат шаптырым жер емес. Бұрынғының тілімен айтқанда, айшылық жол. Соған қарамастан іскерлік байланыс ілгері басып келеді. Ширек ғасырда Араб Әмірліктері біздің экономикамызға 2 млрд доллар инвестиция құйған. Былтыр алыс-беріс 3 есеге артыпты. Яғни 375 млн доллардың жүгі айналған. 

Ендігі міндет – көрсеткішті 1 млрд долларға дейін көтеру. Қос елдің бизнесмендері бас қосқан форумда бұл межеге жетудің амалдары айтылды. Ақырында екі жақ іскерлік кеңес құруға келісті. Жаңадан құрылған кеңестің отырысы жыл сайын, кезек бойынша екі елде өтпек. Жұмыс нәтижелі болар. Өйткені серіктестер бір-біріне сенімді.

Әулеттің асып, дәулеттің тасуы адам капиталының сапасымен санасады. Бойыңда күш-қайратын қайнап, сыймай жатса да, ақыл болмаған соң,  амалың да ақымақтың ісінен ілгері кетпесі анық. Міне, сол себептен Елбасы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы» атты биылғы Жолдауында осы мәселеге үкі таққан. 

4. Білім жарысының жүйріктері

Бұл ретте Назарбаев Университетінің алар орны айрықша. Ол – ғылымның ордасы. Онда адам өмірін жақсартуға қажетті жобалар зерттеліп, зерделену барысында.

Президент: «Ғылымды қажетсінетін экономиканы құру дегеніміз – бұл ең алдымен қазақстандық ғылымның әлеуетін көтеру», – деген болатын. Отандық ғылым саласы дамуының бүгінгі қарқынын талдай отырып, Қазақстанның ғылыми әлеуетінің жеткілікті деңгейде жоғары екенін сеніммен айтуға болады. Осы сенімге жаңа леп беретін Назарбаев Университетінің үшінші лек түлектері бүгін үлкен өмірге жолдама алды. Салтанатты шараға Елбасы да қатысты. 

Бұлар – күндіз-түні талмай талаптанған студенттер. Бұлар – білім нәрімен сусындаған шәкірттер. Бұлар – бүгінгінің жастары, еліміздің ертеңі. Бұлар – Назарбаев Университетінің түлектері. Олар көп оқыды. Ерінбеді. Енді сол еткен еңбек пен төккен тердің жемісін көреді. Биыл 737 шәкірт білім ордасын бітіріп, маман атанды. Оның 499-ы – бакалавр, 229-ы – магистр, 9-ы – Phd докторы. Білегімен емес, білімімен белдесіп, мыңды жыққан үздіктерді құттықтау үшін Елбасы арнайы келді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бүгін маңызды шара. Халықаралық ЕХРО көрмесінің ашылуы қарсаңында осы шара өткізіліп отыр. Әлемдік деңгейдегі оқу орындарында білім алу – әрбір адам үшін асқақ абырой, мерейлі мәртебе. Баршаңызды диплом табыстау рәсіміне орай шын жүректен құттықтап, үлкен табыс пен бақыт тілеймін. Университетті мыңнан астам түлек табысты тәмамдап шықты. Біздің халықта «Білімнің басы – бейнет, түбі – зейнет» деген ұлағатты сөз бар. Оқу орнының түлектері жаңғырту жолына түскен тәуелсіз Қазақстанға аянбай қызмет істейді деп сенемін. Сол үшін осы университетті салдық. Сол үшін сіздерді оқыттық.

Университет құрылған кезден бастап студенттердің жалпы саны шамамен 4 мыңға жетті. Бастысы, мұнда оқу тегін. Яғни бай баласы мен жарлы баласы деп ешкім жікке бөлмейді. Тек біліміңді дәлелдесең болғаны. Ешбір елде мұндай жағдай жасалмаған. Сондықтан алған білімнің қайтарымы болуы қажет.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Я знаю, что есть разговоры, определенные люди, о том, что университет для особой группы людей, и сюда тратятся большие деньги и т.д. Это тратится для будущего Казахстана, этот университет - это актив нашей страны. Выпускники – золотой фонд нашего будущего. Поэтому, я считаю, что сюда, конечно, подают заявления для поступления до 10 тыс абитуриентов, но поступает 400-500. Кто преуспел, кто выдержал конкуренцию, объективно подходят, если посмотреть географию наших студентов, они со всего Казахстана, самые талантливые ребята.

Бүгінде жастар «Болашақ» бағдарламасының аясында шетелдік озық оқу орындарында білім алып жатыр. Бағдарламаға жұмсалатын қаражаттың бір бөлігін Назарбаев Университетіне бөліп, бәсекеге қабілетті отандық кадрларды дайындау қажет. Елбасының қалауы осы.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Постепенно здесь сложится собственная научная школа, с сильными отечественными кадрами. Вчерашние выпускники сами станут маститыми учеными, чьи разработки получат признание у нас и за рубежом. Пришло время направить часть средств программы «Болашак» на обучение в данном Университете.

Қазақта «7» деген қасиетті сан бар. Биыл Назарбаев Университетінің құрылғанына 7 жыл. Әрине, аз да емес, көп те емес. Бірақ осы уақыт аралығында оқу ордасы әлемдегі жетекші білім мекемелерінің қатарына енді. Инновациялардың ошағына айналды. Университеттің негізін қалаудағы мақсат осы еді. Демек көздеген меже орындалды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Университет тесно интегрирован в глобальную экономическую среду. Установлено партнерство с более чем ста образовательными и научными учреждениями. Назарбаев Университет стал соучредителем Альянса азиатских университетов, в который входят ведущие вузы Китая, Гонконга, Индии, Индонезии, Японии, Южной Кореи, Малайзии, Сингапура и других стран. Причем среди этих 50 университетов наш на 15 месте. Это радостное событие. Вместе с тем необходимо и дальше расширять международные связи, перенимать лучшее от партнеров, сохранять свою уникальность. Важно также распространять опыт университета в масштабах всей системы высшего образования страны. Управленцы и преподаватели отечественных ВУЗов должны проходить здесь обучение, а затем внедрять лучшую практику и наработки в своих учебных заведениях. Университет – это наш стратегический ответ на вызовы новой глобальной реальности. Это один из успешных реализованных проектов страны за годы независимости.

Бүгінде университетте мықты зерттеу институты құрылған. Бұл технологияларды дамытуға, білімді жетілдіруге зор мүмкіндік береді. Оқу ордасының бағдарламалары жаһанның озық оқу орындарымен бірлесіп түзілген. Енді ғылыми зерттеулер мен ізденістерді біріктіруге айрықша мән беріліп отыр. Бұл ретте Елбасы университет басшылығының алдына тиісті міндет жүктеді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сейчас ВУЗ выходит на новый уровень развития. Вместе с тем глобальная конкуренция, в условиях которой мы живем, борьба за умы усиливается с каждым годом. Поэтому должен университет активно искать таланты, искать умы, молодых ученых из других стран. Для них нужно выделить соответствующие гранты. Я знаю, что со временем университет будет переходить на платное обучение. Пока на старте поддерживает вас государство. К этому надо готовиться. Это повысит качество исследований, предоставит талантливой молодежи возможность расширить свои научные контакты.

Бұл жастар бәсекеге қабілетті білім алған. Озық технологиялардың сырын біледі. Шет тілдерінде сайрайды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- В настоящее время количество обучающихся студентов – 4 тысячи, но надо в будущем удвоить их количество. В этой связи мы будем наращивать возможности этого ВУЗа. Сегодня здесь работают ученые из 55 стран мира, которые не только преподают, но и ведут научную деятельность. Языком обучения и исследований является английский. Уже опубликовано более тысячи работ, в том числе,  в 10-ти наиболее цитируемых мировых научных изданиях. Если в среднем по казахстанским вузам эта цифра равна 4%, то НУ – 11%. Это говорит о качестве университета.

Назарбаев Университеті студенттерінің 98%-ы оқу бітірісімен бірден жұмысқа орналасады. Жұмыс беруші емес, түлектердің өзі таңдау жасайды. Бірі ұлттық компанияларда еңбек етсе, бірі халықарлық ірі мекемелерде қызмет етіп жүр.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Впервые в его истории мы подготовили 9 докторантов. За предыдущие годы из стен Университета выпущено более тысячи студентов. Половина из них продолжила свое обучение, в том числе, в самых престижных вузах мира, включая Стенфордский, Массачусетский технологический институт, Колумбийский, Лондонская школа экономики политических наук и многих других. Надеюсь, пополнив знания там, вернутся, чтобы их внедрить в нашей стране. Те выпускники, которые выходят на рынок труда, уже доказывают свою высокую конкурентоспособность и востребованность. Они работают в крупнейших компаниях нашей страны, в науке, медицине, на государственной службе. Все эти достижения связаны с эффективной образовательной моделью, которая базируется на меритократии и развитии конкурентоспособности.

Бұл түлектерге артылатын жауапкершіліктің жүгі ауыр. Елі сенім артады. Елбасы болашағынан үміт күтеді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Перед вами открывается путь профессионального становления, воплощения ваших планов и устремлений. Уверен, что вы внесете достойный вклад в развитие и процветание независимого Казахстана. Ваши успехи будут способствовать росту престижа и известности и нашего альма-матер. Бренд Назарбаев Университет должен прочно ассоциироваться с Казахстаном. Как Оксфорд с Великобританией, Гарвард с США, Сорбонна с Францией. Такой бренд делают выпускники своими достижениями, своими знаниями. От вас зависит, каким будет судьба вашего альма-матер. Для этого вы должны усердно работать и всегда двигаться вперёд к намеченным целям.

Ал Президенттің бүгінгі ақжарма тілектері жалғыз Назарбаев Университеті түлектеріне бағытталмайды. Жас та болса, талабы мықты өрендердің барлығына Елбасы бата берді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақта «Бетеге жусан – бел көркі, білімді перзент – ел көркі» деген қанатты сөз бар. Биыл Қазақстан бойынша барлық университеттерде, колледждерде, мектептерде 2180 мың шәкірт түлеп ұшайын деп отыр. Жоғары білім алғандардың саны – 155 мың түлек. Өскелең ұрпақ, сапалы білім мен сіздерге зор сенім артамын.

Биыл Назарбаев Университеті алғашқы докторанттарын түлетіп отыр. Жүзден жүйрік шығып, дараланған Әсел Мұхамеджановаға Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан диплом алу бақыты бұйырды.

Әсел Мұхамеджанова, «Назарбаев Университеті» ДБҰ Phd докторанты:

- Аса қадірменді Нұрсұлтан Әбішұлы, құрметті университет басшылығы! Біз, Назарбаев Университетінің түлектері осы уақытқа дейін қол жеткізген абыройды биік ұстауға тырысамыз. Болашақта Назарбаев Университеті әлем мойындаған университетке айналып, сіздің асқақ арманыңыз орындалады деп кәміл сенеміз.

Бұл жастардың бірі білімін шет мемлекеттерде тереңдетпек ниетте. Кейбірі бар білген-түйгенін елді өркендетуге жұмсайтынын айтады.

Нұрасыл Жарбасов, Назарбаев Университеті ДБҰ магистранты:

- Біз бизнестегі серіктесіміз екеуміз осы жоғары оқу орнында Бизнес әкімшілік магистратурасын аяқтап жатырмыз. Әлемде мұндай дәрежедегі оқу орны бар бірден-бір университет деп есептеймін. Мен мақтанышпен Назарбаев Университетінің түлегімін деп айта аламын.

Гүлдана Ахметова, Назарбаев Университеті ДБҰ Phd докторанты:

- Өте қуаныштымын. Жалпы алдымыздағы мақсатымыз – осы университет қабырғасында алған білімімізді ары қарай жетілдіру. Әрине, тек жауапкершілік емес, біз бірінші түлегіміз. Оқу бағдарламасын одан әрі қарай жетілдіру біздің тәжірибемізге негізделген.

Жомарт Момынбаев, Назарбаев Университеті ДБҰ магистранты:

- Үлкен абырой болып жатыр бәріміз үшін. Енді мен бір мекеменің директоры болып жатырмын. Мен болашақта Назарбаев Университетін бітірген студенттерді қабылдайтын боламын. 

Заузат Зекен, Назарбаев Университеті ДБҰ түлегі:

- 5 жыл ішінде білім алдым. Енді осы білімімді ақтауды алдыма мақсат қойып отырмын. Қазақстан үшін жұмыс істеп, аянбай еңбек етемін.

Ұлмекен Қайбалдиева, Назарбаев Университеті ДБҰ түлегі:

- Мен Маңғыстау облыстық мектеп-интернатында білім алдым. Мектепті бітіріп, сол жақтағы бар оқыған-тоқығаныммен Назарбаев Университетіне сәтті түсіп, бүгін химиялық инженерия мамандығы бойынша үздік диплом алып жатырмын.

Азамат Жақсылықов, Назарбаев Университеті ДБҰ түлегі:

- Мен Алматы Алматы облысы Ақсу ауданы кентіненмін. Назарбаев Университетіне 2012 жылы түсіп, бір жылдан кейін химия мамандығын таңдадым. Мен қарапайым отбасыдан шыққан бала болып табыламын.

Салтанатты шарадан кейін Елбасы «Назарбаев Университеті» мен «Назарбаев зияткерлік мектептерінің» және «Назарбаев қорының» Жоғары Қамқоршылық кеңесінің отырысына қатысты. Жиында университетті және зияткерлік мектептерді дамытудың жай-жапсары қаралып, талапкерлер санын көбейту, Қамқоршылық кеңесінің жаңа құрамын жасақтау үшін іріктеу өткізу мәселесі қаралды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Разворачивается сейчас научно-исследовательская работа. Расширяется международное сотрудничество нашего университета. Эффективно функционирует сеть из 20 интеллектуальных школ, которые мы за эти годы построили. 100 % их выпускников поступают в ВУЗы как в стране, так и зарубежом. Из них более 90% обладатели государственных и универститетских грантов. Чтобы придать новый импульс нашему университету и интеллектуальным школам, нам необходимо актуализировать их стратегии дальше.

Авторлары: Назерке Әбдірахманқызы, Ержан Қанапиұлы, Жандос Битабар 

5. Рухани жаңғыру

Қалың бұқараның рухын биіктетіп, жүрегін елжіреткен, көптің көкейіндегісін дөп басқан Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында тізілген мақсат-міндеттерді жүзеге асыру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Алты бөлімнің ішінде сан тарау, сан жоспар бар. Жалпы рухани жаңғыруды жүзеге асыру үшін қазынадан 600 млн теңгеге жуық қаржы бөлініпті. Демек, нақты әрекетке көшетін сәт туды деген сөз. Осы орайда Ақордада Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның екінші отырысы болды. Араға бір ай салып сарапшылар өңір-өңірден нақты ұсыныс-жоспарлармен келіпті.  

Ұлттық сананы жаңғырту – алда тұрған басты міндет. Оған қоғам бір кісідей атсалыспақ. Мемлекеттік органдардың басшыларынан бастап ғалым, зиялы қауым мен азаматтық қоғам өкілдері. Бұл – рухани мұраларды жаңғыртудың игі сәті. Оны әлемге паш ету тағы бар. Комиссия отырысында осы бағыттағы істелетін жұмыстар сүзгіден өтті. Жиынға Президент Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков төрағалық етті.

Әділбек Жақсыбеков, ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы: 

- Қазіргі кезде рухани жаңғыру бағдарламасын жүзеге асыру жұмысы басталды. Оған барлық орталық, жергілікті атқарушы органдар мен азаматтық қоғам институттары қатысып жатыр. Өздеріңізге белгілі, ұлттық комиссия жұмыс топтары нақты жоспарларын жасап, жан-жақты жұмыс жүргізіп жатыр. Бүгінгі отырыста біз осы аралық кезеңдегі атқарылған жұмыстардың есебін тыңдаймыз. 

Елбасы мақаласында алты бағытты айқындап берді. Білім, прагматизм, бәсекелік қабілет пен ұлттық сананы жетілдіру бойынша өңір-өңірде жұмыстар басталып кеткен. Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасының үкіметтік іс-шаралар жоспары әзірленіп, тиісті қаражат бөлінді. Қазірдің өзінде бюджеттен 591 млн теңге қарастырылып отыр.

Нұрлан Алдабергенов, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің басшысы:

Ол жылдың аяғына дейін жұмыс істеу үшін тағы 4 млрд-тай теңге бөлінеді.  Үкімет 2018 жылға дейін 54 млрд теңгені тағы жоспарлап отыр.

Алда жұмыс шаш етектен. Бұл орайда жұмыс топтарына жүктелген жүк жеңіл емес. Әр бағыт тыңғылықты зерделеніп, қабылданатын әрбір шешім мұқият қадағаланбақ. Өйткені рухани жаңғыру елдің ұлық мүддесінен туындап отыр.

Бақтықожа Ізмұхамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Елбасының осы 6 бағытына байланысты ардагерлер кеңесі жұмысты бастап кетті. Бірнеше жұмыс тобы құрылды. Ұлттық код – ең басты мәселе. Соған үлкен мән беріп отырмыз. 

Аида Балаева, ҚР Президенті Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі: 

- Қазіргі таңда біз жобаларымызды нақты жүзеге асыру кезеңіне өттік. Биылғы жылы мәдениетіміздің 4 саласы бойынша іріктеу жұмыстары басталады. Нәтижесінде жалпыхалықтық талқылаудан өткен шығармалар тізбесі жасақталып, қазақ мәдениетінің жауһарлары әлемдік мәдениеттің аудиториясына ұсынылатын болады.

Мәдениет пен білім ордасына айналған Алматы рухани жаңғыруға ерекше серпін бермек ойда. Кәсіпкерлермен бірге 20 жобаны жүзеге асыруға кірісті. Мыңжылдық тарихы бар шаһардың құндылықтарын түгендеп қана қоймай, оны төрткүл дүниеге танытсақ деген ниетте. Осы орайда биылдан бастап Азия жұлдызы жобасын өткізуді жоспарлап отыр. Мұндай игі бастамалар елдің барлық өңірлерінде жүзеге аспақ.

Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі:

- Біз «Медеу», «Шымбұлақты» көрсету үшін, Алматының туристік әлеуетін көтеру үшін «Азия жұлдызы» деген жобаны осы жылда бастайтын боламыз. Сол арқылы біз өзіміздің мәдениетімізді үлкен Азияға көрсететін боламыз. Оның үстіне «Этнолэнд» деген жобаны бастаймыз. Жалпы қала тұрғындары, қонақтар сол жаққа келіп, Алматының мыңжылдық тарихын көреді.

Ерлан Сыдықов, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры: 

- Бұл – негізінде өңірлермен жұмыс істейтін бағдарлама. Сонымен қатар бұл бағдарламаның төңірегінде сараптамалық орталық құрылған. Міне, жобалық кеңсе дайындаған құжаттардың барлығын қарап, саралап, пікірлерін айтып, қайтарып беріп отырады.

Ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері үшін жауапты кезең басталды. Туған жерге тағзым, ел дамуына елеулі еңбегі сіңген қайраткерлердің есімін анықтау, қазақ тіліндегі «100 жаңа оқулық», латын әліпбиіне көшу сияқты жұмыстар қыза түсті. 

Ерден Қажыбек, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры:

- Жылдың аяғына дейін ғалымдар қалың жұртшылықпен ақылдаса отырып, бірыңғай латын әліпбиін жасап шығарады. Жылдың аяғында бекітеміз. Келесі жылдан бастап асықпай, тұрақты түрде осы мәселені іске асыруға кірісеміз. 2025 жылға дейін бұл үлкен үрдісті бітіруіміз керек.

Бүркіт Аяған, Мемлекет тарихы институтының директоры:

- «Жүз оқулық» туралы айтсақ, ол – өте бір қызықты мәселе. Ұлттық бюро құрылып жатыр. Бұл – өте маңызды бағыт. Ағылшын, француз, неміс, голланд, қытай, орыс тілдерінде шыққан тамаша еңбектер қазақ тіліне аударылуы керек. БҒМ арнайы аудармашылар, сарапшылар тобын құрастырды. Олар енді жүйелі түрде жұмысқа кіріседі.

Президент мақаласы елдің өрісін кеңейтіп, сана-сезімін жаңғыртуға бағытталған. Рухани жаңғырусыз экономикалық қарыштау мүмкін емес. Мұны жиналғандар жиі айтты. 

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

- Бұл – бізге үлкен жауапкершілік. Осы бағдарламаны біз іске асырсақ, Елбасымыз айтқандай, Қазақстанның келешегі мүлде басқаша болады. Неге десеңіз, әр халықты қалыптастыратын – оның рухани байлығы мен сана-сезімі. Ал бұл бағдарлама біздің сана-сезіміміздің жоғары деңгейге жетуіне, жоғары құндылықтарымыздың сақталуына, сонымен бірге дүниежүзіне Қазақстанды мақтанышпен айтуға септігін тигізеді.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бүгінгі жұмыстың негізгі қорытындысында нақты жоспарлар қарастырылды. Олар мақұлданды. Ұсыныстар да болды. Ұлттық комиссияның мүшелері сөйлеп, ойларын айтып жатыр. Жалпы осы жоспарлар дұрыс дайындалған. Енді соның аясында нақты жұмыстар басталады. 

Осылайша күллі халық бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына атсалысып жатыр.

Авторлары: Мұхтар Ыбырайым, Есбол Жәмшитов 

6. Жаңа нарықтарға жол ашық

Қазақстандық мал шаруашылығы өнімдері 180-нен аса елге экспортталуы мүмкін. Оған еліміздің «аусыл ауруынан еркін аймақ» деп аталуы кепіл болмақ. Бұл мәртебеге қазақстандық ғалымдардың 15 жылдық еңбегінің нәтижесінде қол жеткіздік. Осылайша отандық өнімдеріміздің сапасы жоғары бағаланып, фермерлер үшін жаңа нарық ашылады. Жағымды жаңалық Парижде Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын сақтау ұйымының жыл сайынғы ассамблеясында жарияланды. 

Гүлмира Исаева, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары:

- Бұл мәртебе біз үшін Қытай, Иран, Парсы шығанағы елдерінің нарықтарына жол ашты. Еуразиялық экономикалық одақ аумағында да сауда-саттықты арттыруға жаңа мүмкіндік туды. Қазақстан халықаралық талаптарға сай табиғи мал өнімін шығаруға қауқарлы. Біздің фермерлер ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен бірге экспортқа да шығаруға қабілетті.

Моник Элуа, Дүниежүзілік жануарлардың денсаулығын сақтау ұйымының директоры:

- Қазақстанмен арадағы ынтымақтастық соңғы бірнеше жылда нығая түсті. Біз Астанада ұйымның өкілдігін аштық. Енді, міне, Қазақстанның аусыл ауруынан еркін аймаққа айналғаны қуантып отыр.

Қазақстандық шаруаларға Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше мемлекеттердің нарығына жол ашылды. Еліміз мал шаруашылығы өнімдерінің жоғары сапасын растайтын өзге де сертификаттар алуды жоспарлауда. Өйткені еліміздің экспорттық әлеуеті зор. Ал кеше Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері Үкіметтегі баспасөз жиынында жетістіктің артықшылықтары туралы айтты. 

Қайрат Айтуғанов, ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі:

- Аусыл ауруынан еркін аймақ мәртебесіне бүгінде ТМД аумағында Беларусь мен Украина ие. Ал Ресейде сапа стандартына сай сертификаты кей аймақтарында ғана бар. Сондықтан Қазақстанға мұндай сенім артылуы – зор мәртебе. Осыдан 2 жыл бұрын еліміздің 9 облысы аусыл ауруынан ада аймақ деп танылса, енді тағы 5 өңір қосылды. Яғни еліміз толық аусылдан таза деп танылды.

Мәселен, «ҚазАгро-2020» бағдарламасы аясында еліміз ет өнімдері экспортын 60 мың тоннаға дейін жеткізуі тиіс. Ветеринарлық қадағалау комитетінің өкілдері: «Отандық өнімнің тазалығына шет елдердің сенім артып, тиісті сапа сәйкестігі сертификаттарын табыстауы экспорттың әлеуетін екі есе арттыруы», – тиіс деп отыр.

Тұрсын Қабдұлданов, ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары:

- Аусыл ауруынан ада аймақ ретінде бізге экспортқа өнім шығаруға және біздің өнімдерге деген сұраныстың артатынын білесіздер. Иран мен Израиль елдерінен сұраныс жақсы. Халықаралық сауда тәртібіне сәйкес, өнімнің шығатын жері мен баратын жері арасында «аусыл ауруынан ада аймақ» деген мәртебе қажет. Соған қол жеткізіп отырмыз.

Бүгінде Парсы шығанағы елдері қазақстандық қой етіне қызығушылық танытып, тауардың жоғары сапасын растайтын сертификаттарды рәсімдеуде. Ал көршілес Қытай отандық балық шаруашылығы мен бал өнімдеріне көптеп тапсырыс берген көрінеді. Осылайша экологиялық таза өнімдерімізбен табыс табудың реті келіп тұр.

Тек бұл саланы жең ұшынан жалғасатын жаман әдет немесе жалқаулық жаулап кетпесе болғаны. Жақында Есеп комитеті есебін жариялаған. Солардың сөзіне сенсек, былтыр бюджеттің кірісі артқан, бірақ жоспарланған 146 миллиард теңге игерілмей қалыпты. Не себеп дейсіз ғой? Сылтауға сынық көп қой.

7. Жаңарған жүйе

«Жаман әдеттер жауламас» деген жақсы ниетіміз бар. Өйткені адаммен адамды кездестірмей, мәселені шешетін ақылды жүйе ақырын-ақырын дамып жатыр. «Ақылды жүйе» деп тұрғаным – Азаматтарға арналған Үкімет.  

Ұзын-соңар кезекте тұру. Табалдырық тоздыру. Асырып айтқанда, жалыну, жалбарыну. Өткеннің еншісінде қалған құжат рәсімдеудің естелігі осы. Еске алып, езу тартатын да жөніңіз бар.

2007 жылы Қазақстанда алғаш рет Халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылды. Сөйтіп «Бір терезе» қағидаты енгізілді.

Шолпан Башенова, қала тұрғыны:

- Мысалы, мен жер алдым. Саяжайды өзіме рәсімдеу үшін үш ай жүрдім. Ол кезде жердің мекемесі басқа, сәулет басқа жерде, соның барлығына кіріп шығу керек болатын. Сосын біреуі 15 күннің ішінде орындалады, біреуі 10 күннің ішінде орындалады. Ол кезде телефонмен хабарласып: «Дайын болды», – деп айтпайды, сен күнде келесің. Осындай қиыншылықтар болған. 

Бүгінгі күні мемлекеттік қызметтің 723 түрі бар. Оның 542-сі «Азаматтар үшін Үкімет» корпорациясы арқылы іске асып жатыр. Мамандар бұл жұмыс алдағы уақытта тағы ширай түсетінін айтады. Жақында бөлімаралық комиссия тағы 37 қызмет түрін таңдады. Осылайша жылда жұрттың өтініш беру мен құжат алу жұмысы жеңілдей береді.

Шолпан Башенова, қала тұрғыны:

- Мекенжай анықтамасын үйдегі компьютерімнен ала аламын. Мемлекеттік қызметке тапсырыс беру арқылы өзіме керек құжатымды үйде де ала аламын. Салыққа қанша қарыз екенімді де көре аламын.

Сарапшылардың пікірінше, халықтың бәрі Шолпан секілді компьютерден құжатты рәсімдей алмайды. Қағазбастылықты қалыңдатып, жеңіл жұмысты одан да оңайлатуға тырысады.

Ғазизат Имақова, саяси ғылымдар кандидаты:

- Халық бюрократиялық белестерден тек қана субъективті түрде өтуге үйренген. Олар таныс болмаса, олар оны ала алмайды.

Бұл пікірмен мемлекеттік корпорация өкілдері келіспейді. Өйткені тек осы жылы жұртшылыққа 36 млн рет қызмет көрсетілген. Оның 24 млн-ы – анықтамалар. Дегенмен қоғам мен қызметкерлердің арасын әлі де алшақтату көзделді. Мәселен, енді сіз ұялы телефон арқылы да қажетті құжатыңызды қарай аласыз, рәсімдейсіз.

Ерлан Шүренов, «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясының департамент директоры:

- Біз электронды-цифрлы кілттен алшақтағымыз келеді. Қазірдің өзінде сіз бір ғана құпия сөз арқылы 20 қызмет түрін ала аласыз. Жақын арада ең көп сұралатын ақпараттық анықтамалардың 20 түрін осы принцип бойынша енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұлар: мекенжай анықтамасы, жылжымайтын мүлік жоқтығы туралы анықтама, зейнетақы жарналары туралы анықтама және тағы да басқа.

Қазір жұмысқа орналасу үшін құлаш-құлаш құжат керек. Сотталмаған, мекенжай, медициналық анықтамалар, осылай кете береді. Ең қызығы, қағаздың ең көбін білім ордасына жұмысқа тұру үшін сол парақтан бас алмайтын мұғалімдер жинайды екен. 

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

- Біздің білім саласындағы мекемелер қазір жұмыс істеп, мемлекеттік білім жүйесіндегі мемлекеттік органдарға ақпараттық жүйені ашып береміз. Сондықтан олар адамдарды жібермей, өздері ақпараттық жүйеден керек құжаттарды ала алады.

Тағы бір кедергі жуық арада жойылады. Ол – жеке куәлік немесе паспорт алу уақыты. Қазір өзіңізді куәландыратын құжатты бір-екі аптада алсаңыз, алдағы уақытта күн емес, екі сағатта жұмысыңыз бітеді.

Ерлан Шүренов, «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясының департамент директоры:

- Халыққа қызмет көрсету орталықтары оңтайланып жатыр. Мәселен, фронт-кеңселердан бөлек бэк-кеңселерді де орналастыру жоспарланды. Барлық мемлекеттік органдардың өкілдері бір ғимаратта болып, қоғамға қолайлы қызмет көрсетеді. Дәл сол жерде сізге куәлікті небәрі екі сағатта ұсынады.

Байқасаңыз, бүгінде сауда орталықтарында Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары отырады. Жүйенің жаңғыруы аясында перзентханалардан да бөлімшелер бой көтерді. Қазір 206 перинаталдық орталықта жұмыс жүйесін тапқан. Яғни бала өмір есігін ашқан сәтте мамандар оны тіркеп, туу туралы куәлік береді, жәрдемақы алуға өтінім түсіреді, балабақшаға кезекке қояды.

Ғазизат Имақова, саяси ғылымдар кандидаты:

- Бұл дегеніңіз – аналар үшін Үкімет тарапынан жасалған қамқорлық. Бұл дегеніңіз – Үкіметтің жауапкершілігінің ең жоғары сатысы, көрінісі. Оны алғыспен қабылдап жатыр. 

Расымен бұл жүйе қалаларда нәтижелі жұмыс істеп тұр. Ал еліміздің ауылдарында қалай? Белгілісі, сол елді мекендерде интернет әлсіз, болмаса жоқ. Ақпарат және коммуникациялар министрлігі бұл олқылықтың орнын толтыруға кірісіпті.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

- Ауылға интернет баруы керек. Өйткені қала мен ауылдың цифрлық айырмашылығын азайтуымыз керек. Сондықтан біз бұған арнайы бағдарлама жасадық. 3 жылдың ішінде 1900 ауылдық мекенге интернет жетеді. Ол жай ғана интернет емес, сапалы, жоғары деңгейдегі интернет болады.

Қазақстаның алға қойған басты мақсаты – әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылу. Дамыған елдермен тереземіз тең болу үшін мемлекеттік басқару жүйесінің тиімді болуы шарт. Осыны ескерген прокуратура да азаматтарды қабылдау орталығын ашқан. Қазірдің өзінде мамандар келушілерге кеңес береді, өтінішерді жазуға көмектеседі. Сондай-ақ барлық деңгейдегі прокуратура басшыларының қабылдауына жазады.

Райхан Ансариева, Атырау қаласының тұрғыны:

- Бұрын тұратынбыз. Прокурордың телефонын беретін. Оны бір сағаттай ала алмайтынбыз. Қазір кіресің, жағдайыңды айтасың, кезекші прокурор қабылдайды. Кеңес береді. Жолды көрсетіп береді.

Халыққа қолайлы қызмет көрсетудің үздік үлгісі елімізде әлі қалыптасып жатыр. Қоғам еш кедергісіз қажеттілігін алу үшін бүгінде мемлекеттік корпорациялар жұмысын 08:00-ден кешкі 20:00-ге дейін ұзартты. Мұның өзі – жұртқа жасалған жайлылық. Сайып келгенде мемлекет азаматтар үшін Үкімет ашықтығын қамтамасыз ету шараларын жасауда. Мұның бәрі жемқорлықтың жолын кесіп, ел дамуына серпін береді.  

Авторлары: Сәкен Сейітханұлы, Азамат Сәметов, Аманжол Байғазин 

8. ЕХРО есік қағып тұр

ЕХРО есік қағып тұр. Ашылуына екі апта қалды. Мамандар: «Дайынбыз»», – дейді. Бірақ көптің көңілінде күдік жоқ емес, бар. Болуы да орынды шығар. Өйткені баяғы былықтар мен сынықтар әсер етпей қоя ма?! Сол сенімсіздікті сенімге айналдыруды алғы мақсат қылып қойғаны болар, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басқарма басшысы Ахметжан Есімовтің өзі көрменің барысы жайында барлық мәліметті жария етті. Анығы, отандық және шетелдік телеарна тілшілеріне сұхбат берді.

Ахметжан Есімов, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» басқарма төрағасы:

- Алты жылда жасалатын істі біз небәрі 21 айда аяқтадық. Осы уақыт аралығында түрлі кедергіден өттік. Жүйелі жұмыстың арқасында 300 млрд-тан аса теңге үнемделді. Осы аптада Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы Висенте Лоссерталес мырза әзірлік барысымен танысты. Оның айтуынша, 27 жылдық тәжірибесіндегі ең жоғары деңгейдегі дайындық. Шара аяқталған соң көрме аумағындағы ғимараттардың біраз бөлігі Қаржы орталығына беріледі. «Нұрлы әлем» сферасы «Болашақ энергиясы» музейіне айналады. Энергияға қатысты озық жобалар сонда сақталмақ. БҰҰ-ның қолдауымен Халықаралық «жасыл» экономика орталығы жұмыс істейді. Мұндай ұсынысты Президент Нұрсұлтан Назарбаев жасаған болатын. IT-стартаптар құрамыз. Былайша айтсақ, көрме аумағын келешекте қолдануға қатысты ұсыныс нысандардың санынан да көп. Шараның пиарын жасап, турист шақыру үшін аянған жоқпыз. Жер шарындағы 1 млрд-тан аса адам Астанада көрме өтетіндігінен хабардар. Қазір 1 млн билет саттық. Бұл көрсеткіш 43 елді қамтиды. Көрмеде көретін дүние көп. Келіңіздер, өкінбейсіздер!

9. Мен таңдаған мамандық

Шіркін, уақыт. Зырлайды-ау?! Жүйрік аттай. Міне, тағы да кезекті рет сыңғырлап қоңырау соғылды. Бұл жолы 136 мыңнан аса түлек алтын ұядан арман қуып ұшқалы тұр. Әзірге барлығының басында ҰБТ. Жаңарғаны жарылқай ма, әлде қалай? «Жеңілдеді» деген соң, желпініп жүргендері де рас. Бірақ қорқыныштың бойдан кетпегені де белгілі.

Осы аптада еліміз бойынша 136 мың түлек мектеппен қоштасты. Үлкен өмірге қанат қаққан жеткіншектер мамандық таңдаудың алдында тұр. Бұл – өте жауапты іс. Себебі күллі ғұмырыңмен байланысты. 

Жантілеу Шерімов, түлек:

- Инженер болғым келеді. Анығырақ айтсам, инженер-құрылысшы. Бұл мен үшін бұл өте маңызды болып саналады. Өйткені болашақта бұл мамандық өте керекті болады.

Жамбыл облысындағы мектеп бітірген 8826 түлектің бірі – Жантілеу. Оның талабы таудай. Күні-түні мемлекеттік емтиханға қызу дайындалып жүр. Дәрігер, есепші, ғарышкер, мұғалім, агроном. Түлектердің арманы шексіз. Айта берсе, тізім көп.

Фахруза Шанкарова, түлек:

- Заңгер мамандығын таңдадым, әкемнің жолын ақтағым келеді. Әкем – заңгер. Біздің сыныпта екі заңгер, қалғандары – экономистер.

Байқасаңыз, бұрынғыдай «сәнге» айналған экономист, мұнайшы, кеден ісі секілді мамандықты таңдаушылар әлі де кездеседі. Алайда көп емес. Қалтасы қалың мамандықтың аты қызықтырғанымен, жұмыс табу қиын. Қарапайым мысал. Қазіргі таңда Қазақстанда заңгер мамандығын оқығандар саны 250 мыңнан асты.

Динара Тоғайбекова, №1 мектеп-гимназиясының мұғалімі:

- Заман ағымына сәйкес біздің бітіруші түлектеріміз техникалық мамандықтар мен дәрігер мамандықтарын көптеп таңдауда. Елбасымыз білімді ұрпақтарға сенім артып отыр. Осы жолда біздің түлектер дәрігер болып, адам жанының арашасы болғысы келіп, осындай мақсатта игі істер атқармақшы.

Қазір  жұмысшы мамандықтардың қадірі артқан заман. Мәртебесі мен маңыздылығы өсіп келеді. Біріншіден, елімізде кәсіптік білім алу тегін. Тоқырау жылдары зауыт-фабрикалар жабылып, өндіріс тоқтады. Сол кезден бастап жұмысшы мамандарды даярлау ісі мүлдем кері кетті. Енді кәсіптік білім беру өз бағытын қайта тапқандай. Оған дәлел – WorldSkills халықаралық қозғалысы өткізетін жарыс. Оның мақсаты – жастар арасында жұмысшы мамандықтарын кеңінен насихаттау. Биылғы байқауда әр өңірден келген 300 маман өзара шеберліктерін көрсетті. Әрқайсысы жүзден жүйрік. Себебі аймақтағы жарыста топ жарған.

Кирилл Казаку, графикалық дизайнер, жарысқа қатысушы:

- Мамандығым IT саласымен байланысты. Бірақ дизайнер болып жұмыс істеймін. Ешқандай қиындығы жоқ. Үнемі ізденісте жүремін. WorldSkills-те өз шеберлігімді көрсеткім келді. Бір шетінен тәжірибе алмасуға мүмкіндік.

Мұнда кәсіптік білім аламын деушілердің ешкім қолынан қақпайды. Өндіріс білікті мамандарға зәру. Жұмыс бұрынғыдай ауыр емес, барлығы автоматтандырылған. Басты талап – жаңа технологияның тілін білу шарт. Мұның сыртында елімізде жыл сайын 30 мыңнан аса мемлекеттік грант бөлінеді. Соның тең жартысы техникалық мамандықтарға тиесілі.

Бауыржан Бейсембаев, политехникалық колледждің бөлім басшысы:

- Біздегі сабақтар 5 жылдан бері дуальдық жүйе бойынша өтеді. Яғни 60%-ы өндірісте. Теориялық сабақтарды шеберханада өткіземіз. Дәнекерлеушіге сұраныс өте жоғары. Ең бірінші кезекте сол мамандыққа баулимыз. Жұмыс берушілер үнемі бізбен тығыз байланыста. Олармен де ақылдасамыз.

Ақмола облысы аймақтағы тапшы мамандарды өздері даярлауға кірісіп кеткен. Стипендия тағайындау – облыс әкімінің идеясы. Сұранысқа сәйкес белсенді жастарды іріктеп, білім береді.

Ринат Галямов, Ақмола облыстық жастар саясаты жөніндегі басқарманың жетекшісі:

- Көбінесе педагогтарға сұраныс жоғары. Орыс және ағылшын тілдері, математика. Мәдениет саласына тоқталсақ, актерлeр мен қойылым режиссері керек. Тіпті дін саласындағы теологтарды оқытып жатырмыз. Ауыл шаруашылығында агроном мен ветеринарлар өте аз.

Атаулы гранттарды жағдайы төмен отбасынан шыққан балалар, жетімдер немесе талабы зор мүгедек жандар иеленеді. Шәкіртақы көлемі қомақты. Қазір 30 бала білім алуда. Басты талап – оқу бітірген соң облыс аумағында 3 жыл жұмыс істеуі шарт.

Астанада жылдан-жылға халық саны көбейіп келеді. Былтыр 14 мыңнан аса адам жұмыссыз ретінде тіркеліп, жартысы жаңа кәсіпті игерген. Биыл 4,5 айдағы көрсеткішке тоқталсақ: 6 мың 413 тұрғын екі қолға бір күрек таппай жүргендердің қатарында. Соның ішінде 2 мың 358 маман орталықтың көмегі арқылы жұмысқа орналасқан.

Бас шаһардағы жұмыссыздық жайы үнемі басты назарда. Мамандардың айтуынша, ЕХРО халықаралық көрмесіне қарай қонақ үй бизнесі жанданып келеді. Бірақ көбіне ағылшын тілін білмеу кедергі.  

Бағила Орынбетова, Халықты жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы:

- Қазіргі кезде Астана қаласында еңбек нарығына байланысты сұраныстар – IT мамандықтар, логист мамандықтар. Елордамызда ЕХРО көрмесіне байланысты осы 2-3 жылда қонақ үй ісі мен туризм саласы бойынша мамандықтар басым.

Жұмыспен қамту орталығы мамандық таңдайтын жастарға кеңес беруден жалыққан емес. Шешім қабылдарда нарық талабын ескермеске болмас.

Бағила Орынбетова, Халықты жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы:

- Алдын ала мониторинг жасаймыз. «Бағдар беру» деген бөлім бар. 9-11 сыныптар түлектеріне мамандық таңдау алдында бағыт-бағдар беру жұмыстарын жүргізіліп жатыр.

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, қазір Астанада қызмет көрсету саласы ақсап тұр. Жұмыс берушілерден 645 өтініш түскен. Білім мен құрылысқа да білікті мамандар қажет. Қалада іздесең таппайтын кәсіп иесінің бірі – коммуналдық қызметтің мамандары. Ақпарат және байланыс саласында да жағдай мәз емес. 

Алысты болжамасақ, жұмысты жүйелеу қиын. Жақын болашақта қай кәсіп иелері сұраныста болмақ? Сарапшылар Астанада аудармашыларға сұраныс азаятынын болжап отыр. Өзге салаларға сұраныс бар.

Ал Қазақстан бойынша жалпы нарықта үнемі бақылау жасап, мыңдаған жұмыссыз азаматқа қол ұшын созатындардың пікірі басқа. Жылдар бойы зерттеу жүргізетін мамандардың түлектерге берер кеңесі мынадай.

Мәдина Денисова, HeadHunter.kz порталының маркетинг және PR жөніндегі директоры:

- TOP-5-ті сауда саласындағы мамандар, менеджерлер иеленеді. Өйткені осы адамдар компанияға тікелей ақша түсуіне ықпал етеді. Екінші орында әртүрлі санаттағы IT саласының мамандары тұр. Үшінші орында – қаржы және есепші мамандары. Ал төртінші орын маркетинг саласының иелігінде. Бұл тікелей маркетологтардың өздері және PR мамандары. Ал бесінші орында біз құрылыс мамандарын көріп отырмыз.

Демек осы мамандықтар бойынша білім алғандардың ұпайы түгел. Бұл да уақытша дүние. Бәсекеге қабілетті маман болып қалу үшін үнемі кәсіби даму қажет.

Авторлары: Әсем Қабылбек, Бекболат Базаров 

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

Әлеуметтік желілер

  1. TW
  2. FB
  3. BK

Приложение Хабар для iOS Приложение Хабар для Андроид

Хабар 24 Телеканал Kazakh TV  Телеканал ЕЛАРНА

яндекс.ћетрика

 Тумар EXPO 2017 Акорда Электронное правительство Казахстана

© 2017 «Хабар» агенттігі. Барлық құқықтары қорғалған.