20:55 Әрі қарай эфирде: «Большая политика» программа
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

«Хабар» арнасында «Таңғы Хабар» ақпараттық-танымдық бағдарламасының тұсауы кесілді

«Хабар» арнасында «Таңғы Хабар» ақпараттық-танымдық бағдарламасының тұсауы кесілді

«Хабар» арнасында жаңа жобаның тұсауы кесілді.

Ақпараттық-танымдық бағдарлама тікелей эфирде көрсетіледі. Бірнеше айдарда түрлі тақырып қаузалады. Аптасына 5 рет, дүйсенбіден жұмаға дейін эфирге шығатын бағдарлама мәдениет, өнер, кино, спорт салаларының жетістіктері мен жетімсіз тұстарын жіпке тізеді.

Камера. Мотор. Бұл – «Хабар» арнасы Алматыдан Астанаға көшкелі көрерменге тікелей эфирде жол тартқан алғашқы таңғы бағдарлама. Ерекшелік – Қазақстанның әр аймағындағы Агенттіктің жылжымалы стансалары арқылы өңір жаңалықтарын тарату. Бұдан бөлек шет елдердегі журналистер қосынының көмегімен жаһандағы қандастар жайлы ақпараттан қанық бола аласыздар.

Айдос Тұрысбек, «Хабар» телеарнасының бас продюсері:

- Тағы да журналистердің өз айдары құрылады. Олар – мәдениет, өнер, кино, спорт және руханият саласы. Тың ақпараттарды, қызықты мәліметтерді журналистер өздері осында келіп, айдарларын өздері жүргізіп, шоу жасайтын болады. Көрінбей кеткен елімізге танымал тұлғаларды іздеп, студияға шақырып, сұхбат алатын боламыз.

«Таңғы Хабар» ақпараттық-танымдық бағдарламасының жүргізушілері кастинг арқылы таңдалған. Оның қорытындысы бойынша тізгінді көрермендерге танымал көгілдір экран майталмандары – Олжас Сыдықбек, Гүлбаршын Зайырова, Нұрсұлтан Құрман мен Раушан Әріп ұстаған.

Нұрсұлтан Құрман, «Таңғы Хабар» бағдарламасының жүргізушісі:

- Телевизиядағы сегіз жылдық тәжірибенің ішінде 14 түрлі бағдарлама жүргізіппін. Оның ішінде саясат, экономика, мәдениет, спорт сынды түрлі танымдық тақырыптар бар. Бірақ таңғы бағдараламаны жүргізіп көрмеппін.

Риат Шони, тілші:

- Жоба тек қазақ тілінде, тікелей эфирде шығады. Уақыты таңғы 8:10-нан 9:00-ге дейін. Көрермендер де студия қонақтарымен тікелей байланысқа көрсетілген нөмірлерге қоңырау шалып, сауалдарын жолдай алады. Сонымен қатар түрлі викториналық сұрақтар қойылып, ойындар ойнатылады. Сондықтан таңсәріде таңмен таласа тұрып, «Хабармен» бірге болыңыздар!

Авторлары: Риат Шони, Аманжол Байғазин, Болотбек Табалдиев