Өзекті

«Хабар» телеарнасы «Тағы да сүй» романтикалық телехикаясын көрермен назарына ұсынады

«Хабар» телеарнасы «Тағы да сүй» романтикалық телехикаясын көрермен назарына ұсынады

«Хабар» арнасы 10 қыркүйектен бастап «Тағы да сүй» деп аталатын романтикалық телехикаяны көрермен назарына ұсынғалы отыр. Жастардың өмірінде жиі кездесетін шынайы оқиғаларға негізделген романтикалық кинотуындының алғашқы көрсетілімі Алматыда өтті.

Фильмнің басты кейіпкері Аян – дәулетті отбасының баласы. Білімді, сымбатты жігіт. Екі жыл бұрын оның сүйген қызы Асыл жол апатынан қаза табады. Қайғы құшқан жігіт көп ұзамай Мерей есімді қызбен танысып, бас қосады. Бірақ сюжет желісі күтпеген жерде шиелністерге ойысады.

Ринат Кертаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасының бірінші орынбасары:

- Мұнда бүгінгі қоғамда болып жатқан жастар арасындағы қарым-қатынас, махаббатқа адалдық, достыққа жақын болу, отбасы мүшелерінің арасындағы қарым-қатынас секілді мәселелер алдыңғы орынға шығарылған. Сондай-ақ телехикаяда қарапайым қазақ отбасыларының өмірінде күнделікті болып жатқан түрлі үдерістерді, дүниелерді көріп білуге болады. Сонысымен де көпшілік көрерменге қызық болады деген сенімдеміз.

Телехикая Алматы қаласы және Алматы облысының көрікті жерлерінде түсірілген. Кинотуындының режиссері – Асхат Мұсабай.

Асхат Мұсабай, «Тағы да сүй» телехикаясының режиссері:

- Негізінен актерлік құрамды, елге танылмаған жаңа есімдерді ашуға тырыстық. Басты рөльдегі қыз бен жігіттің дебюттік рөлдері. Үлкен рөлді сомдаған – Шалқар Құдайбергенов деген алматылық жігіт.

Шалқар Құдайберген, Аян рөлін ойнайды:

- Түсірілім барысы қатты қиын болған жоқ. Шынын айтқанда, қызық болды. Қызықты жағдайлар көп болды, локациялар қызықты әрі көп. Өз рөлімді жақсы алып шыққан сияқтымын.

Нұрсәуле Әубәкірова, Мерей рөлін ойнайды:

- Образ өзіме жақын. Тәрбиелі, ақкөңіл, ақылды. Бірақ керек кезде өзін де көрсете алатын қайсар қыз. Маған өте ұнады. Өйткені өмірден алынған оқиғалар. Жастарға арналған.

Көрерменді тарту үшін телехикаяда түрлі тәсілдер қолданылған. «Әуе шарларымен ұшу, аспалы жолдармен жүру, өзен-көлде қайықпен серуендеу сынды көріністермен сценарийдің сюжетін толықтыруға тырыстық», – дейді режиссер. Сонымен қатар заманауи графикалық әдістер де кеңінен қолданылған.

Телехикая 10 қыркүйектен бастап «Хабар» арнасында дүйсенбі мен бейсенбі аралығында көрсетілетін болады.

Авторлары: Индира Оразалинова, Мұхит Құдықбаев