07:00 Әрі қарай эфирде: ҚР Әнұраны
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Сарапшы пікірі: АЭФ алдыңғы қатарлы халықаралық форумға айналды

    Сенбі, 19 Мамыр 2018 18:40

Елордада өткен Global Challenges Summit форумында халықаралық «Астана» қаржы орталығы таныстырылды.

Сарапшылардың айтуынша, аймақтық орталық үшін бұл – өте маңызды оқиға. Яғни ол Қазақстанға инвестиция тарту, сондай-ақ елдегі экономикаға серпін беретін стратегиялық қадам болып отыр. Еуропалық және халықаралық зерттеулер орталығының еуразиялық сектор жетекшісі Юрий Кофнер: «Астана экономикалық форумы әлемдік сарапшылардың пікір алаңына айналды», – дейді.

Юрий Кофнер, Жоғары экономика мектебінің сарапшысы:

– Былтырғы Астаналық экономикалық форумы өңірлік Еуразиялық экономикалық деңгейден өте маңызды әрі ауқымды, алдыңғы қатарлы халықаралық форумға айналды. Бұл әрине, алдымен Қазақстанның ұстанған саясатының арқасы. Сондай-ақ Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасындағы 2050 жылға қарай қазақ елін үздік мемлекеттер қатарына енгізуге жасалған үлкен қадам деп білемін.

АЭФ-те жаһан жұртының экомобильдерді қолдану жолдары қарастырылды

    Сенбі, 19 Мамыр 2018 14:37

Әлемдегі он адамның тоғызы ластанған ауамен тыныс алады.

Салдарынан жыл сайын 7 миллионға жуық тұрғын уақытынан бұрын көз жұмады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жантүршігерлік көрсеткіштері Астанадағы халықаралық форумда талқыланды.

Жан-жақтан жиналған мамандар тығырықтан шығудың жолдарын қарастырды. Оның ішінде экомобильдер қолданысын кеңейту мәселесіне басымдық берілді.

Болат Есекен, сарапшы:

- Электрлі көліктер экологияға қатысты біраз мәселені шешіп бере алады. Ол үшін үкімет тарапынан ынталандыру тетіктері болуы керек. Мысалы, басқа елдерде оны сатып алуда белгілі бір жеңілдіктер жасалады немесе салықтан босатады. Бізде де осы бастамалар қолға алынса деймін. Өйткені қазір Қазақстан қалаларында ауаның ластану деңгейі артып келеді.

Азаматтық қоғамның болашағы АЭФ алаңындағы пікірталасқа арқау болды

    Сенбі, 19 Мамыр 2018 10:29

«Азаматтық қоғамның болашағы. Жаңа азаматтық белсенділік».

Бүгін Астаналық экономикалық форумы аясында өткен панельдік пікірталасқа осы тақырып арқау болды. Шараға Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев қатысты. Министр азаматтық қоғамның дамуы жөнінде бірқатар өзекті мәселеге тоқталып, еліміздің әлемдік трендтермен бір бағытта дамып жатқанын айтты.

Сондай-ақ жиында үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, кәсіпкерлер, белгілі сарапшылар мен саясаттанушылар пікірін ортаға салды.

Гүлмира Қорғанбаева, AlmaU университетінің ректоры:

– Азаматтық қоғамның дамуы – өркениетті ел болудың негізгі тетігі. Бірінші кезекте азаматтық көзқарасты жаңғырту қажет. Әлбетте, әлеммен бірге жаһандану жолында ақпараттық, коммуникациялық технологияларға, әлеуметтік желілерге ден қойған жөн. Тек сол арқылы қажетті мағлұматқа қол жеткізіп, бағытымызды кез келген сәтте түзетіп отыра аламыз.

АЭФ: 2050 жылғы қалалар келбеті қандай болады?

    Жұма, 18 Мамыр 2018 17:59

Астана экономикалық форумында Президент атап өткен 5 жаһандық тренд ішінде әлемдік демографияның ұлғаюы жөнінде айтылды. Бұл тенденцияны шетелдік және өзіміздің сарапшылар да растап отыр.

Мәселен, 2050 жылы әлемдегі адам саны 10 миллиардқа дейін жетсе, Астана, Алматы мен Шымкент қалаларының әрбірінде өмір сүретін адамдардың саны 20 миллионға дейін жетуі мүмкін екен. Осыншама халық қай жерлерде мекендейді? 2050 жылғы қалалардың келбеті қандай болады? Жаһандық форумда осы сауалдарға жауап берілді.

Тура отыз жылдан кейін республикамыз бензин және дизель секілді жанармайдан толық бас тартып, электро-көліктермен жүретін болады. Болашақ қалалар келбеті тақырыбында өз болжамдарымен бөліскен отандық мамандар осылай дейді. «Жасыл технологиялар арқасында экология жақсартындықтан, демографиялық көрсеткіштер де ұлғаяды», – дейді олар.

Досым Қадырбаев, Rakurs Consulting Group басқарушы серіктесі

-2050 жылға қарай ірі қалалардың экономикасы шағын және орта бизнестің арқасында өседі. Тұрғындар электрокөліктерге отырып, мәселен, Алматының ауасы 80 пайызға тазарады деген болжам бар. Бастысы электромобильдерге көшкенде, қуат көзін көмір тұтынатын станциялардан алмау қажет. Себебі онда экологиялық талаптарға қол жеткізе алмаймыз. Оның орнына күннің көзі және жел энергиясымен жұмыс істейтін станцияларды көптеп салу керек. Осының арқасында экологиялық ахуал жақсарып, адам өлімі деңгейі төмендеп, демографиялық көрсеткіштер жақсарады.

Ал қытайлық сарапшылардың сөзінше, 2050 жылға қарай ауылдар мүлдем жойылуы мүмкін. Сондықтан аспанасты елі мамандары қазір үлкен мегаполистерден бөлек, шағын қалашықтар салып жатыр екен. Мәселен, Шоань қаласы толықтай электро жүйемен қамтылған шаһар. Бұнда қоғамдық көліктер, көшедегі жарық жүйелері, тіпті пәтерлердегі тұрмыстық техниканың бәрі баламалы қуат көздерімен жұмыс істейді.

Ли Синьюй, Қытай халықтық достық қоғамының бас директоры

-Болашақта адамдардың барлығы қалаларда тұратын болады. Бүгінгідей бір қабатты баспаналар мүлдем жойылады. Ақылды қала жүйелері дами түседі. Күн, жел және су энергиясын пайдалану аясы кеңейеді. Роботтық технологиялар енгізіліп, адамның бос уақыты ұлғаяды.

Шетелдік сарапшылар, келешекте жас пен кәріге арналған жеке-жеке қалашықтар да бой көтеретінін айтады. Яғни зейнеткерлердің жағдайын жақсарту үшін қажет технологиямен қамтылған аудандар салынады. Ал жастарға түнгі клубтары мен сауда үйлері көп жеке аудандар тұрғызылады.

Параг Ханна, Ли Куан Ю атындағы Сингапур мемлекеттік басқару мектебінің қызметкері

-Болашақта тек жұмыс істеуге арналған арнайы аймақтар құрылады. Оларды кәсіпкерлердің өзі салатын болады. Қалашықтарды жас айырмашылықтары бойынша және түрлі жұмыс салаларына бөліп салатын болса, экономикалық тиімділігі қазіргіден артық болады.

Қалашықтардың саны ұлғайып, олар қаншалықты цифрлық технологиялармен жабдықталғанымен, экологиялық маңызды ұмытпай қажет дегендер де болды. Мегаполистерді экополиске айналдыру қажет. «Мәселен, Астана аумағын айнала өскен жасанды орман, болашақ қалалардың жобасына енгізілуі керек», – дейді қонақтар.

Херберд Жирарде, World Future Council мүшесі

-Болашақ қалаларының бәрі экополистерге айналуы тиіс. Адамның денсаулығы қоршаған ортасына тікелей байланысты. Сондықтан тұрғындарды таза ауамен қамтамасыз ету, көліктік жүйені баламалы энергия көздеріне көшіру маңызды. Бүгінде болашақ шаһарлардың жобасы осы негізде жасалып жатыр.

Болашақ қалашықтардың үлгісін бүгінде Ұлыбританиядан кездестіруге болады. Мәселен, One Brighton және Zero Carbon шағын аудандарындағы пәтерлердің бәрі жасыл технологияларға көшкен. Нәтижесінде тұрғындарының денсаулығы да жақсарған. 2002 жылдан бері жүргізілген зерттеулер осыны дәлелдеген. Британиялық сарапшылар экономикалық форумда қазақстандық мамандармен бұл бағытта тәжірибе алмасып жатқандықтарын жеткізді.

Авторлары: Жұрағат Баман, Болатбек Табалдиев