Жаңалықтар

Ғалымдар қартаймаудың жолын зерттеуде

Ғалымдар қартаймаудың жолын зерттеуде

Ғалымдар ұзақ өмір сүрудің құпиясын ашудың аз-ақ алдында тұр. «Алдағы бірнеше онжылдықта өліммен күресетін дәрі ойлап табылады», – дейді мамандар. Ал егер адамдардың өмір сүру ұзақтығы 200 жас немесе одан да көп болса, азық-түлік тапшылығы пайда болмай ма? 

Айбар Төлжанұлы, тілші
-Таң алакеуімнен мұнда сабылысқан халық. Көптен күткен сарапшылар мен ғалымдардың төрт көзі түгел жиналды. Абыр да сабыр болып жатыр. Бүгін айтылып жатқан ақпараттың барлығы қызықты. Ал менің қазір айтарым, екінің біріне, жасқа да кәріге де қатысты. Ұзақ өмір сүру әлемі, оның ішінде бүгін адамның мәңгі өмір сүруі жайында айтылды. Бәріміз де ұзақ өмір сүргіміз келеді, әрине, алайда аңыз бен ақиқат бар. Сарапшылар ерте ме кеш пе дәрі шығатынын айтты. Ол ақиқат. Бірақ ол дәрі өлімге қарсы тұра ала ма, ол сұрақ. Ғалымдар адамды қартайтпайтын дәрінің болашақта емес, қазір шыққанын қалайды. Ол үшін не істеу керек? Не істеу керектігін сарапшылардан тыңдайық.
Обри Ди Грей, геронтолог
-200 жыл бұрын адамдар қартайғаннан емес, түрлі инфекциялардан өлетін еді. Қазір заман дамыды, инфекцияларды жоюға болады. Адамдардың инфекциядан өлуі азайды. Қартаю деген былайша айтқанда, иммунитеттің жетіспеуі, яғни адамның қауқарсыз қалуы. Мысалы, кейбір клеткалар өздігінен қалпына келмейді. Ғалымдар қазір осыған бас қатырып жатыр. Мысалы, автокөліктің мерзімі – 15-20 жыл. Бірақ бөлшектерін ауыстырып, жөндеп отырсаңыз, 100 жылға дейін жарай береді. Сол секілді ғалымдар адамның да ағзаларын жаңартуды зерттеуде. Түбі біз ұзақ өмір сүрудің нақты кілтін табамыз.
Айбар Төлжанұлы, тілші
-Ұзақ өмір сүргіміз келеді. Егер жер бетіндегі адамдар қазіргіден екі есе, тіпті одан да көп өмір сүрсе, су мен тамақ тапшылығы болуы мүмкін. Асқазанның қамы үшін адамдар соғысуы да мүмкін. Ғалымдар сондықтан бұл мәселені жан-жақты қарастырып жатыр. Тағы бір мәселе бар. Жер бетіндегі барлық халықтың жағдайы бірдей емес. Тамақ түгілі, тамшы суға зар болып отырған мемлекеттер де бар. Негізі адамды қартайтпайтын дәрі шығаруға кей мемлекеттер қазірдің өзінде дайын. Оған ғылым да кедергі емес. Бұл туралы бізге ғалымдар айтты.
Энтони Атала, Регенеративті медицина институтының
-Негізі біздің клеткамыз бен теріміз күн сайын жаңарып отырады. Оны білмеуіңіз де мүмкін. Бірақ бұл регенерация жас ұлғайған сайын әлсірейді. Адамның бәрі салауатты өмір салтымен жүрмейді ғой. Сондықтан біз қазір регенерация жүйесін әбден зерттеудеміз. Қазір біз адам организмінің кейбір клеткарын жаңартатын әдісті енгіздік. Адам бір ғана клеткадан жетіліп, өсіп шығады ғой. Сол секілді ағзаларды да өсіріп, жетілдіруге болады. Әрине, оған уақыт қажет.
Айбар Төлжанұлы, тілші
-Қартаюды зерттеп жүрген ғалымдардың айтуынша, алдағы 20-30 жылда осы мәселеге нақты нүкте қойылады. Ал қазір әлемнің менмен деген ғалымдары адам ағзасын, оның ішінде өздігінен қалпына келмейтін клеткаларды зерттеп жатыр. Бұл туралы әлі талай жаңалықтардың көп болатыны белгілі.