Жаңалықтар

Жуырда Ілияс Есенберлиннің «Ғашықтар» романы экранға шығады

Жуырда Ілияс Есенберлиннің «Ғашықтар» романы экранға шығады

«Ғашықтар». «Хабар» арнасынан көрермен назарына ұсынылатын телесериал осылай аталады.

Тың туынды Ілияс Есенберлиннің романы желісімен түсірілген. Онда 1968 жылғы махаббат хикаясы, заманауи көріністе суреттелмек.

Осыдан 50 жыл бұрын жазылған Ілияс Есенберлиннің «Ғашықтар» романы өміршеңдігін көрсетті. 1968 жылдан бері талай оқырманды тәтті арманға жетелеген махаббат дастаны алғаш рет көгілдір экранға жол тартпақ. Бұл жолы автордың шығармасы қаз қалпында суреттелмейді. Оқиға желісінде аздаған өзгерістер бар.

Ардагер Сантыбаев, продюсер:

- Сериалда мүсінші Жантас деген жігіт туралы баяндалады. Бірақ біз оны өзгерттік. Себебі 50 жыл бұрын ол кездегі өмір басқа болатын. Енді Жантас Италияда оқып, Астанаға жұмыс істеу үшін келген суретші-дизайнер болады. Бірақ біз романды барынша қаз қалпында сақтауға тырыстық. Тек санаулы адамның қызметі мен техникалық құрылғылар өзгерген.

«Ғашықтар» хикаясындағы басты рөлдерде талантты әрі танымал әртістер ойнайды. Олар: Азат Тұрарбеков, Гүлмира Хасанова, Азат Сейітметов және Ербол Идрисов.

Ербол Идрисов, актер:

- Осы ғашықтар сериалында менің сомдап жатқан рөлім – Әбілқас деген кейіпкер. Адами тұрғыда жақсы көрсеткен, оны сомдап шығуға қолымнан келгенше бар күш-жігерімді салып жатырмын. Енді алдын ала тон пішіп ештеңе айтпай-ақ қояйын. Кино барысында көре жатарсыздар. Бағасын халық өзі берер.

12 сериялы махаббат хикаясы Алматы облысынан бастап Астана, Бурабай маңында түсірілген. Ондағы қыж-қыж қайнаған қазіргі қала өмірі мен тұмса табиғат ғашықтар тағдырын әрлей түседі. Картина көрерменге шілде айында жол тартады.

Гүлбаршын Абуова, режиссер:

- Сериалды көріңіздер. Махаббатты көрсетеміз. Махаббат негізі әртүрлі ғой. Шынайы махаббат та, құмарлық та болуы мүмкін. Негізінен осы екі мәселе көтеріледі. Жай жеңіл-желпі сериал емес.

Әйгілі шығарманың 50 жылдығы мен Астана қаласының 20 жылдығына тарту ретінде түсірілген телесериалды «Хабар» арнасынан көре аласыз. Жылдар бойы талай оқырманның жата-жастана оқыған шығармасы енді үздіге көретін сериалға айналар деген үміттеміз.

Авторлары: Бірлік Берікұлы