×

Warning

JUser: :_load: Unable to load user with ID: 154

Сұхбат

Сырым Қашқабаев: «Тарих. Тағдыр. Тұлға» бағдарламасында архивтерден құпия ақпараттарды ақтарамыз

Сырым Қашқабаев: «Тарих. Тағдыр. Тұлға» бағдарламасында архивтерден құпия ақпараттарды ақтарамыз

31 наурыздан бастап «Хабар» телеарнасынан «Тарих. Тұлға. Тағдыр» бағдарламасы көрерменге жол тартады. Жобаның жүргізушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кино және театр актері Сырым Қашқабаевтан сұхбат алуды жөн көрдік.

– Әңгімеміздің әлқиссасын «Тарих.Тағдыр.Тұлға» бағдарламасынан бастасақ. Жобаның бағыты қандай?

Сырым Қашқабаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кино және театр актері, тележүргізуші:
– Бұл жаңадан шығып жатқан бағдарлама емес. Бұл – Мая Бекбаеваның авторлық бағдарламасы. Өзім жақсы көріп қарайтын бағдарлама болатын. Өйткені дәл сол бағдарлама шыққан кезде біздің театрдың сахнасында Сәкен Сейфуллин туралы «Сәкен – сұңқар» деген қойылым шыққан еді. Мезгілсіз, қыршыннан қиылған қазақ зиялыларының тағдыры әрбір қазақтың жанына бататын дүние ғой. Сол кісілер туралы мұндай бағдарлама шыққан кезде, әрине, оған қуана қарамасақ, ешкім бұл жаман бағдарлама деп айтпас. Неге қазақша шықпады деген іште бір әттеген-ай жататын. Періштенің құлағына шалынды ма, білмеймін. Бір күні хабарласып, осы бағдарламаға жүргізушілікке ұсыныс білдіріп, кастинг өтіп жатқанынан хабардар етті.

– Жобаның өзге бағдарламалардан ерекшелігі неде?

Сырым Қашқабаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кино және театр актері, тележүргізуші:

– Мен телевизия саласында көп нәрсе тындырдым деп айта алмаймын. «Орталық хабарды» жүргізгенмін. Бұл бағдарлама «Орталық хабармен» салыстырғанда айырмашылығы жер мен көктей.

– Жаныңызға қайсысы жақын?

Сырым Қашқабаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кино және театр актері, тележүргізуші:

– Актер болғаннан кейін, қазақ болғаннан кейін осы бағдарлама тартымдырақ болды. «Орталық хабарда» журналистік тұрғыдан келгенде кішкене қысылған болсам, «қалай болады екен» деп қатты күмәнмен барсам, мынаған 80 пайызға өзімді дайынмын деп бардым. Өйткені бұл материал да өзімнің жаныма жақын.

Түсірілім жұмыстары басталды ғой?

Сырым Қашқабаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кино және театр актері, тележүргізуші:

– Қазіргі таңда екі бағдарламаны түсіріп, монтаждап бітті деп естідім. Екеуі эфирге дайын тұр. Қалғанын енді түсіреміз.

Бағдарлама барысында санаңызды дүр сілкіндірген ақпараттар болды ма?

Сырым Қашқабаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кино және театр актері, тележүргізуші:

– Біз Мағжан Жұмабаев туралы бағдарламадан бастадық. Мен мысалы, Мағжанның ауылында Мағжанның музейі барын білмеппін. Көре-көре көсем боласың, сөйлей-сөйлей шешен боласың дей ме? Сол Қызылжар қаласына барып, Мағжан Жұмабаев ауданындағы ауылдан сол музейді көріп таң қалдым. Кәдімгідей біраз ақпарат алатын музей бар. Ауылдың ішінде тұр. Ол ауылды үлкен ауыл деп те айта алмаймын. Мағжанның өзінің қолымен ұстаған заттары бар, кітаптары бар. Бөлмесі бар. Сол музейді көріп, таң қалдым. Кішкентай ғана ауыл. Әлеуметтік жағынан да асып-тасып жатқан ауыл деп те айта алмаймын. Анадай музейді ұстап отырған жандарға мың да бір алғыс. Егер Мағжанның шығармашылығымен танысқысы келетін жандар болса, барып көруіне әбден болады. Кәдімгідей үлкен дүние.

– Бағдарламаның жариялылығы қаншалықты? Құпия тың ақпараттар бар ма?

Сырым Қашқабаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кино және театр актері, тележүргізуші:

– Бар деп айтуға болады. Біраз жыл бойы «темір шымылдық» дей ме, ақпараттар халыққа таратылған жоқ қой. Олар жабық түрде архивтерде жатты. Сол архивтерден алынған құжаттарды оқып отырсаң кәдімгідей төбе шашың тік тұрады. Оның барлығын тізбектеп айтудың қажеті жоқ шығар. Көрермен өзі бағдарламаны көріп, керегін ала жатар. Көп айтылмай келген дүние осы бағдарламада ашылады.

– Спектакльге дайындық барысы бір бөлек, ал сіз эфирге қалай дайындаласыз?

– Дәл осы бағдарламаның актерлықтан айырмашылығын қатты байқап тұрған жоқпын. Өйткені актердың қаруы не? Ол – сөз. Сөзді көрерменге жеткізе білу. Сөз саптауың дұрыс болу. Бұл бағдарламада журналистік тұрғыдан гөрі сол мәтінді көрерменге жеткізе білу керек. Сол сенің берген эмоция арқылы, импульсың арқылы, көрермен солай қабылдайды. Спектакльге қалай дайындалсам, бұл бағдарламаға да сондай дайындықпен келесің. Бір жұма бұрын тексті сұратып аламын, оны оқып шығамын, сіңіремін, тілге жеңіл болуы үшін, иірімдері құлаққа жағымыз болып тұрса, өзгертемін. Мына жерін өзгерттім деп ескертемін. Спектакль болсын, бағдарлама болсын, дайындық бірдей.

– Бала күніңізде диктор болуды армандапсыз. Сол туралы айтайықшы...

Сырым Қашқабаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кино және театр актері, тележүргізуші:

– Жалпы қазақ халқы жалқаумыз ғой. Соның ішіндегі жалқаудың жалқауы болғам. Мен үшін диктор болу ең оңай, ең бір жалқаудың жұмысы болып көрінетін. Шықтың, отырдың, оқыдың, кеттің. Қалжың ғой, әрине. Дариға Тұранқұлова, Мұрат Әбзелбаев ағаларымыздың жаңалық жүргізген кезде дауыстарына өздерінің салмақтылығына сөзді қалай жеткізетіндігіне қатты таңқалатынмын. Және солай болғым келді. Сондықтан диктор болуды армандағанмын.

– 4 жыл бұрын сұхбат беріпсіз. Келбетті, ауқымды образдарды сомдағым келеді деп. Жылда не өзгерді?  

Сырым Қашқабаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кино және театр актері, тележүргізуші:

– Көрерменнің жүрегінен орын алатын ауқымды бір рөл сомдағым келеді. Театр сахнасында болсын, ал егер кинода болып жатса, тіпті жақсы. Кинода үлкен бір рөл сомдағым келеді. Тарихта қалатындай, көрерменнің есінде қалатындай, спектакль әрине ол – жақсы, бірақ кейінгі ұрпақ сенің қазіргі жасап жүрген спектакліңді көріп, оған бағасын бере алмайды. Киноның бір жақсылығы сен таспада қаласың. Оны кейінгі ұрпақ та көре алады.

– Кино ма, спектакль ме? Қайсысы жаныңызға жақын?

Сырым Қашқабаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кино және театр актері, тележүргізуші:

– Театр. Онда келесі қойылымда қателігіңді түзетуге мүмкіндігің бар. Ал киноның бір қиындығы – бір түскенің түскен. Қабылданып, монтаж жасалып, көрерменге ұсынылғаннан кейін, «қап» дегенмен, оны түзету мүмкін болмайды. Мен үшін театр бірінші орында.

– Сомдаған рөлдеріңіздің бәріне көңіліңіз толады ма? Көрерменге жетей қалды ау деген образдар болды ма?

Сырым Қашқабаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кино және театр актері, тележүргізуші:

– Ондай қойылымдар өте көп. Әрбір қойылымның бір әттеген-айы болып жатады. Бүгін мына сахна жақсы шықса, келесі жолы басқа сахна жақсы шығып кетуі мүмкін. Әрбір қойылым өткен сайын қап бұл қойылымда ана сахнам жөнді шықпады-ау дегендей. Ол өзің ғана емес, әріптестеріңе де байланысты. Бүгін әріптесіңнің көңіл-күйі жақсы болуы мүмкін, кейде бүгінгідей болмауы мүмкін. Тетар – бір адамның емес, ұжымның еңбегі. Қасыңда жүрген әріптестеріңе мұқият болуың керек. Бүгін кешке ойнайтын әріптесіңнің таңертең көңілін аулайсың. Жастарға да айтып қоямын, партнерларыңа абай болыңдар, еркелігін көтере беріңдер деп . Сенің кейіпкеріңді кейіпкер етіп шығаратын – сенің айналаңдағылар. Әттеген-ай міндетті түрде іште жатады.

– Әкеңіз актер болуға қарсы болды...?

Сырым Қашқабаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кино және театр актері, тележүргізуші:

– Иә, өйткені қазір өз басымда бар. Менің балам қазір 6-сынып бітіреді. «Актер боламын», – дейді. Осы бастан айтамын. Әй ойлан, қайтесің. Бір құрбым айтқан еді. «Осы актерлыққа да оқу керек пе?» деп. Не шықтың, жыртың-жыртың күлдің, текстыңды айтып бердің да кеттің. Сол сөзі кәдімгідей намысыма тиген. Бір рөлге күн-түн демей тер төгесің, қаншама жүйкең тозады. Олар келеді де көріп кетеді. Бәрі тамаша, керемет. Сол кереметтің қандай жолмен келетіні көрерменге қызық емес. Халықтың алдына шыққаннан кейін, артқа кете алмайсың. Не үшін шыққаныңды халыққа жеткізе біліп, халықтың қошеметін алып кетсе, онда абырой,

– Актер Сырым үйде қандай әке, сіз бір сұхбатта айтыпсыз, «Менің трагедиям – балаларымның орыстілділігі», – деп.

Сырым Қашқабаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кино және театр актері, тележүргізуші:

– Ол 6 жыл бұрын айтылған дүние болатын. Мен оны эмоциямен айтқан жоқпын. Әдейі балаларым естісін деп айттым. Олар білсін деп айттым. Ол үшін үйде де әңгіме болды. Халықтың алдында жүргеннен кейін автоматты түрде сендер де оған жауап бересіңдер. Сендер нашар болсаңдар, мен қанша жерден нашар болайын, кесірлерің маған тиіп жатады деп саналы түрде айтқанымды жеткіздім. Қазір құдайға шүкір жөнделдік. Қазақша сөйлейміз, қазақша ойлаймыз, қазақша оқимыз. Бір сұхбаттың өзі қаншалықты керек дүние болды. Үйде қандай әкемін? Бұл сұраққа өтірік айтқым келмейді, шынайы жауап берейін десем, ұяламын. Уақыт жоқ. Баланың тәлім-тәрбиесімен айналысып жатқан толықтай аналары. «Жақсы әкемін» деп айта алмаймын. Тырысып бағудамыз енді. Уақытым жеткенше, қолымнан келгенше, балаларымның қасында болуға тырысамын.

Телевизияға қайтадан ойысайықшы, осы ұғымды қалай түсінесіз?

Сырым Қашқабаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кино және театр актері, тележүргізуші:

– Мен үшін телевизия – үлкен жауапкершілік. Теледидардан айтылған әрбір сөз үшін қаншама адам жауапты. Өтірік айтуға болмайды. Ұят жібермейді.

– Телевизия саласындағы қай буын өкілдерін ерекше атап өтер едіңіз?

Сырым Қашқабаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кино және театр актері, тележүргізуші:

– Мен үшін совет үкіметі кезеңінде қалыптасқан азаматтар, әрине, олар ең алдыңғы буын. Оларда сапа. Сапалы дүние, қомақты дүние, цензура болсын. Соның өзінде олар үлкен дүние қалдырып кетті. Қазіргі буын оларға қарағанда бақытты. Өйткені аз да болса еркіндік бар. Сол кісілердің ірілігі жетіспейтін сияқты. Біз майдаланып барамыз ба деп қорқамын. Біздің ақсақалдарымыздың сол ірілігін таба алсақ, ең бақытты жандар біз боламыз деп ойлаймын.

– Қазіргі жас ұрпаққа не жетіспейді деп ойлайсыз?

Сырым Қашқабаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кино және театр актері, тележүргізуші:

– Адамгершілік. Менің 16 жастағы кезіммен қазіргі 16 жастағы балаларды салыстырғанда анағұрлым ақпараты мол, білетіні көп, Олардың білетінін біздің әке-шешеміз де білмейтін шығар. Қай жағынан алып қарасақ та. Қазіргі балалармен сөйлесуге де қорқасың. Өзіңді тығырыққа тіреп тастайды. Көп біледі, бірақ робот сияқты.

– Болашақтағы жоспарыңыз...

Сырым Қашқабаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кино және театр актері, тележүргізуші:

–Болашақта жоспар көп. Арман-жоспарларымды ашып айтатын адамдар қатарынан емеспін.

– Тележүргізушілік қызметтегі қызық бір оқиғаны еске түсірейікші...

Сырым Қашқабаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кино және театр актері, тележүргізуші:

– Орталық хабарды түсіріп жатқан кезіміз. 4-5 бағдарлама қатар түсіретін болдық. Таныстар хабарласып, Бурабайда Елбасы келіп, үлкен форум болайын деп жатыр. «Елбасын хабарлап беруге көмектесші» деп. Келіп, 1 бағдарламаны түсірдім, кешкісін шықтым да Бурабайға барып, дайындығына қатысып, қайтадан Астанаға шықтым. Үйге келіп, шайынып алып, қайтадан студияға кеттім. Студияда қонақтар келеді, сұхбаттасу керек. Бір кезде режиссерымыз айтты түріңізден көріп тұрмын, қатты шаршап тұрсыз-ау, бірақ мұның барлығы эфирге шығады гой деп. Айнаға қарап қалсам, көз қып-қызыл, бет ісіп кеткен, көрермен не ойлайды? Бетті қайта-қайта салқын сумен шайып, сөйтіп бір күнді әрең өткізгем, сол есімде қалыпты. Сол кезде ойладым. Қайран менің әріптестерім, журналистері-ай.

– Актер сырымды білеміз, тележүргізуші сырымды білеміз. Қазақтың бір әнінен әуелетсек...

Сырым Қашқабаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кино және театр актері, тележүргізуші:

– Оқуға түскен кезде Ақан серінің «Қараторғай» әнін айтып түсіп едім. Қазір соны орындап берейін.

– Әңгімеңізге рахмет! 

 Сұхбаттасқан: Айғаным Достанбаева