Хабар телеарнасы

«Жеңіске құрмет!» шарасы аясында павлодарлық ардагерге сыйлық табыс етілді

Үш күн, үш айдан кейін қарияның туған күні екен. Амандық болса 98 жасқа толады. Жалғыз тұратын қарт: «Енді ішім пыспайтын болды. Уақытымды теледидар көріп өткіземін», - деп қуанды. 

Сүйегі асыл қарт көлікті әлі күнге дейін өзі басқарады. Жүргізушілік өтілі 60 жылдан асатын Ефим Емельянович дүкенге өзі барып, керек-жарағын әкеліп алады. Зайыбы осыдан бес жыл бұрын өмірден өткен. Жалғыз тұратын ардагерге әлеуметтік қызметкерлер, мектеп оқушылары қарайласып тұрады. «Хабар» агенттігі ұйымдастырған «Жеңіске құрмет!» шарасы аясында алынған теледидарға ардагер  балаша қуанды. 

Ұлы Отан соғысы басталғанда Ефим Петренконың жасы 19-да ғана екен. Әскери борышын өтеп, үйіне қайтар шақта соғыс басталады. Жас жігіт қанды қырғынның 4 жылға созылатынын қайдан білген? Соғыс жарасы ауыр болды. Мина жарылып, бір аяғын жұлып әкетті. Қиындыққа мойымаған жауынгерді туған елге деген сағынышы  алға жетеледі. 

Ефим Петренко, Ұлы Отан соғысының ардагері  

-Уақыт жүйрік, міне 3 күн, 3 айдан кейін мен 98-ге толамын. Әрине, қартайған шақта денсаулығым аздап сыр бере бастады. Көңілім алаңдаулы деп тағы айта алмаймын. Қамсыз, қайғысыз өмір сүріп жатырмын. Бәрі жеткілікті менде. Рахмет. 

Ефим Петренко сынды Отан қорғауға Шарбақты ауданынан 5 мыңнан астам жерлестері аттанған. Олардың тең жарымы қайтып оралған жоқ. Қазір ауданда 5 соғыс ардагері ғана қалыпты. Бәріне тиісті құрмет көрсетіліп келеді. 

Ефим Петренко, Ұлы Отан соғысының ардагері  

-Теледидар сыйлағандарыңа көптен-көп рахмет. Қуаныштымын, ризашылығымды білдіремін. Енді үнемі көріп отырамын.

Ефим Петренко мерекелік сыйлықпен қатар тағы бір марапатқа ие болды. Жергілікті билік бүгін Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мерейтойлық медалін табыстады.  

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков, Алексей Омельницкий