Хабар телеарнасы

Республика күніне орай шетелде түрлі мәдени шаралар басталып кетті

Қазақстанның Республика күніне орай шет елдерде түрлі мәдение шаралар басталып кетті. Осы және өзге де мәдени жаңалықтарға қысқаша тоқталып өтсек:

Берлинде Қазақстанның Республика күніне арналған концерт өтті. Еліміздің атынан маңғыстаулық әртістер өнер көрсеткен. Жетіген, домбыра, дабыл, қылқобыз. Мерекелік кешті ашқан «Ақшағыл» этно-фольклорлық ансамблі неміс тыңдарманын таңдай қақтырды. Себебі әр өнерпаз аталған 5 аспапта ойнай алады. Ансамбль Құрманғазы атындағы Ұлттық консерватория түлектерінен құралған. Құрманғазы, Дәулеткерей, Нұрғиса дарабоздардың және Себастьян Бахтың туындылары ойналды. Ал ширек ғасырдан бері сахна төрінде жүрген ақтаулық «Жорға» ансамблі қазақтың бекзада би өнерін паш етті. Мұндай концерт Мюнхен мен Франкфурте де өтеді. 

«Сазген сазы» ұлттық фольклорлық-этнографиялық ансамблі Люксембург пен Бельгияда өнер көрсетті. Республика күні қарсаңында ұйымдастырылған мәдени шараны шетелдік өнер сүйер қауым ыстық ықыласпен қабылдады. Ансамбль қазақтың халық әндерін паш етті. Жиналған қауым ұлттық аспаптың үніне елтіп, керемет кештің куәсі болды. Орындаушылар Құрманғазы күйлері, Шәмші Қалдаяқов әндерінен бастап, атақты еуропалық Витторио Монти, Астора Пиаццола туындыларын шеберлікпен орындады. Музыканттар Брюссельде де үлкен концерт қойды. Бельгиялық көрермен қазақтың бай музыкалық мұрасымен танысты.

Ал АҚШ астанасында Түркі елдерінің фестивалі өтті. Жиналған қауымға қазақ, түрік, әзербайжан және өзбек халқының өнері мен мәдениеті кеңінен таныстырылды. Ұйымдастырушылар: «Биылғы фестивалді 20 мыңнан астам адам келіп тамашалады»,— дейді. Шараға жыл сайын Америкада тұратын қазақтар мен отбасы мүшелері де белсенді қатысады. Мәселен, қазақ келіні америкалық Лена Нилас «Қамажай» билеп, ұлттық мәдениетімізді паш етті. Ленаның айтуынша оның мақсаты — жергілікті халыққа қазақ халқының бай өнерін таныстыру.