Хабар телеарнасы

Nur Otan партиясы Президент сайлауына үміткер ұсынды

Съез жұмысына қатысқан 623 делегаттың ішінде қалыс қалғаны жоқ.

«Бұл – ел үшін өте маңызды, қазақстандықтар үшін дұрыс шешім», – дейді Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин. Оның ойынша алдағы сайлау елдің дамуына тың серпін бермек.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:

- Съезде қабылданған шешім жан-жақты ойланған, еліміз және халқымыз үшін өте дұрыс шешім деп есептеймін. Себебі Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан тәуелсіздік алған күннен бастап Елбасының жанында жүріп, көптеген лауазымды қызметті абыроймен атқарды. Еліміздің ішкі және сыртқы саясатын өте жақсы біледі. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы жұмысында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың саяси бағытын одан әрі тиімді жалғастырып, еліміздің дамуына жаңа серпін береді деп сенеміз.

Сенім, бірлік һәм тұрақты даму. Елбасы мен партия мүшелерінің пайымдауынша қоғамға қазір керегі осы үшеу. Дегенмен осы үш компоненттің ішінде ең маңыздысы – елдің бірлігі, тыныштығы. «Сонда ғана Қазақстан алдағы стратегиялық мақсаттардың барлығына сүрінбей жетеді», – деген пікір айтады өңір басшылары.

Амандық Баталов, Алматы облысының әкімі:

- Бұл сайлаудың ерекшелігіне келер болсақ, Елбасымыз өзінің шәкіртін ұсынып жатыр. Ол кісі Н.Ә.Назарбаевтың бастамаларын әрі қарай жалғастырады. Сол жолмен жүреді. Оның нәтижесін халық көреді. Елбасы 30 жылдың ішінде елімізді қандай дәрежеге жеткізді?! Бейбітшілік болса, экономикамыз дамып, үлкен дәрежеге жетсе, бізге керегі тек сол.

Нұрлан Ноғаев, Атырау облысының әкімі:

- Бұл заңдылық дейміз. Себебі Қасым-Жомарт Тоқаев – Елбасының сенімді серігі, үзеңгілес көмекшісі. Оның әр деңгейдегі қызметтерде жинаған білімі, біліктілігі, өмірлік тәжірибесі Мемлекет басшысы ретінде елдің әл-ауқатын көтеруге, тыныштығын, ұлтаралық және дінаралық татулықты қамтамасыз етуге жеткілікті деп Нұрсұлтан Әбішұлы өзі айтты.

Елбасы сенген адамға ел де сенеді. Елдің ендігі тағдырына жауап беретін тұлға тегеурінді болуы тиіс. Себебі алдағы күндердің жүгі жеңіл бола қоймайды. Съезге қатысқан аға буын өкілдері Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасының іргелі саясатын сақтайтын ірі тұлға боларына үлкен сенім білдіріп отыр.

Нұрлан Оразалин, Мемлекет және қоғам қайраткері:

- Қиын кезеңдерден аман-сау өткізіп келген ең үлкен іргелі саясатын сақтайтын, оны жалғайтын тұлға керек. Н.Ә.Назарбаевтан кейін тізгін ұстап, сол кісінің бүкіл жолын әрі қарай алып жүретін тұлға қазаққа, Қазақстанға аса қажет деп есептеймін.

Жақсылық Үшкемпіров, Қазақстанның Еңбек ері:

- Өмір жолының бәрі бізге мәлім. Жылдар бойы Қазақстанның игілігі үшін шетелдерде оқып, тәлім алып, барша қазақ халқының кім екенін дүние жүзіне танытты.

Nur Otan партиясы мүшелерінің ойынша, Қасым-Жомарт Кемелұлының Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 30 жылдың сарабдал саясатын әрі қарай жалғастырып алып кетуге қауқары жетеді.

Омархан Өксікбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев ол кісіге сенетінін және осы саясатын жалғастырушы ретінде танитынын айтып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі тұрақтылықты, қазіргі саясатымыздағы көпвекторлық жағдайымызды, сыртқы, сондай-ақ ішкі экономикалық-әлеуметтік мәселелерді шешіп, мемлекетімізді әрі қарай дамытуды жалғастырады деп ойлаймыз.

Бірғаным Әйтімова, ҚР Парламент Сенатының депутаты:

- Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, кез келген электоралды кампания дамудың оң және теріс тұстарын көрсетіп береді. Сондықтан алдағы науқан арқылы мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын, оның қаншалықты адамдарға жеткенін анықтай аламыз. Сонымен қатар қабылданған заңдар мен кодекстердің дұрыстығына көз жеткізе аламыз. Сондықтан ең жоғарғы электоралды кампания – барлығын сараптауды ғана емес, алдағы жоспарлар мен бағыттарды айқындап беретін әлеуметтік науқан.

Асқар Нұрша, Әлемдік экономика және саясат институтының жетекші маманы:

- Съез Қасым-Жомарт Тоқаевты билік партиясы атынан президенттікке үміткерлігін жариялады. Енді басқа партиялар өз үміткерлерін ұсынуы керек. Меніңше, саяси үрдістің барлық қатысушысы билік партиясы көрсеткен тәжірибе бойынша өз стратегияларын анықтайды деп ойлаймын.

Сонымен Nur Otan партиясы алдағы саяси додаға өз кандидатурасын бірауыздан келісіп ұсынды. Ешқандай кереғарлық болған жоқ. Ендігі кезек елдегі өзге де саяси партияларда.