Хабар телеарнасы

Алматыда 60 адамға шетелден жұмыс тауып беруге уәде еткен азамат іздестірілуде

Оларды Алматының орталығында орналасқан күмәнді компания Балтық жағалауындағы елдерге жұмысқа шақырып, «дәнекерлеушінің өзі 3,5 млн теңге көлемінде жалақы алады» деп сендірген. Бірақ әрқайсысынан 600 мың теңгедей ақша жинап алып, ізін суытқан.

«Шетелде қомақты қаржы табамыз» деп алданған азаматтар тақырға отырғызған компания өкілдерінің үйіне келді. Зардап шеккендердің айтуынша, осы кіреберісте тұратын екі келіншек жеке кәсіпкерлік ашып, қазақстандықтарды шетелге жұмысқа шақырған. Ал қазір ол кеңсенің орны да, аты да, сайты да жоқ. Ақшасын қайтаруды талап етіп, Тараздан арнайы келген Жайдар Омаров – үш баланың әкесі. Дәнекерлеуші болып жұмыс жасайтын ол бар-жоғы 70 мың теңге көлемінде айлық алады екен. Оған беймәлім компания Финляндиядан 3,5 млн теңге табыс көзін ұсынған. Сөйтіп ол астындағы көлігін сатып, делдал компанияға өткен жылдың қараша айында 500 мыңдай ақша әкеліп беріпті.

Жайдар Омаров, Тараз қаласының тұрғыны:

- Негізі мен Кореяға немесе басқа бір шет елге жұмысқа кетпекші болып жүрдім. Сөйтіп сайттарды іздеп көрдім. Сосын  осы сайтты көзім шалды. Айлығы басқа қалаларға, мемлекетке қарағанда жоғарырақ болды. 3000-3500 млн-ға дейін айлық береді екен.

7 жасар мүгедек баласының еміне ақша іздеген ана да осындай уәдеге сеніп, қызын көндіреді. Оған күйеу баласы мен құдасы қосылады. Бір отбасынан 3 адам шетелге барып жұмыс істеуді ұйғарады.

Индира Қадырбаева, Алматы қаласының тұрғыны:

- Фирмасын, лицензиясын және беретін чектерін көрсетті. Барлығын заңды түрде тексердік. Мен өзім 1,5 млн қолына ұстаттым. Екі күннен соң келдік, кеңсе жабық болды. Біз еш нәрсе дәлелдей алмадық.

«Шетелге жұмысқа жібереміз» деген компания: «Жолы мен тұратын жер және сақтандыруды есептегенде 600 мың теңге болады», – деп әр азаматтан осынша қаржы алған. Бірақ құр уәдемен уақытты созады. Жеке кәсіпкерліктің аты да өзгеріп отырған. Бұл жерде шикілік барын сезген азаматтар полицияға арыз түсіреді. Нәтижесінде мамыр айында компания басшысы «П» есімді азамат қолға түскен. Қазір ол тергеу изоляторында отыр. Ал жапа шеккендер есігін қағып іздеп жүрген азаматшалар бұл істе тек куәгер ретінде қаралып отыр. Айта кету керек, бұл компанияның көмегімен ешкім шетелге шықпаған.

Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі:

- Қылмыстық іс материалдарына сүйенетін болсақ, қылмыстың бұл әдісін ойлап тауып, оны жүзеге асырып, осы механизмді қолданған «П» есімді азаматтың өзі болып шықты. Ол өз кінәсін толығымен мойындауда. Оның компаниясында жұмысшы болып жалданған адамдар куәгер ретінде сұрастырылды. Олардың кінәсі дәлелденген жоқ.

Бұл іс аудандық сотқа жіберілді. «Ең бастысы, бізге ақшамыз қайтарылса екен», – дейді жапа шеккендер. Қазір жапа шеккендер саны еліміз бойынша 64-ке жеткен. Бұл белгілісі ғана.

Белгілі сайттарды ашсаңыз, шетелден млн-нан астам қаржы ұсынатын шақыртулар әлі де көптеп кездеседі. Бір қызығы оларға сіздің біліміңіз бен тәжірибеңіз керек емес. Демек. дәл қазіргі таңда жүздеген, тіпті мыңдаған адам дәл осылай алданып жүр.

Авторлары: Алуа Маханбет, Нұрдәулет Жақсыбай