Хабар телеарнасы

«Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры құрамындағы компаниялардың әлеуеті анықталды

Бұл туралы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев қорды басқару жөніндегі кеңестің отырысында айтты. Елбасы қор басшылығы жүйелі мәселелерді шешіп, өндірістік көрсеткіштер бойынша оң динамикаға қол жеткізгенін атап өтті. Сондай-ақ халықтың және бизнестің қор қызметіне деген сенімін арттыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізуді тапсырды.

«Самұрық-Қазына» АҚ құрамына елдегі ең ірі стратегиялық компаниялар кіреді. Энергетика, мұнай-газ, атом өндірісі, көлік тасымалы, байланыс саласындағы алыптар шоғырының нарықтағы құны шамамен 70 млрд доллардан асады. Мұнда ел байлығының ең ауқымды үлесі шоғырланған. Елбасыға қордың даму стратегиясы мен оны жүзеге асыру барысы баяндалды.

Ахметжан Есімов, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы:

- Еліміздің ұлттық экономикасында «Самұрық-Қазына» қорының алатын орны ерекше. Қор алдында үлкен міндеттер тұр. Трансформациялаудың жаңғыртылған тапсырмаларын орындауға негізгі басымдықтар берілді. Оның ішінде цифрлық технологияларды енгізуге ерекше көңіл бөлінді. Қойылған мақсаттарды жүзеге асыру барысында ауқымды тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижеде 60 млрд теңге үнемделді. Сондай-ақ жаңа кешенді бағдарламаларды енгізу нәтижесінде ҚТЖ-ның 90% ақауларын анықтау мүмкін болды. Трансформациялау бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде 70 млрд таза пайда түсіру көзделіп отыр.

Көлік-логистикалық орталықтарының отандық желісі жыл сайын жаңашылдықтарымен қуантып отыр. Мұндай дамыған инфрақұрылым өзге мемлекеттермен транзиттік тауар айналымын реттеуге үлес қосатыны сөзсіз.

Сауат Мыңбаев, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

- Өндіріс көрсеткіштері бойынша межелік тапсырмаларды орындап жатырмыз. Бұл өткен жылғы жоспармен салыстырғанда жоғары. Жолаушыларды тасымалдау төмен. Жолаушылар тасымалында вагондардың жетіспеу проблемасы бар. Қытай – Еуропа – Орталық Азия транскаспий бағыттары бойынша жүк тасымалдарын арттыру қарастырылып отыр. ҚТЖ-ның қаржылық бағыттарын оңтайландыру және жүк тасымалын арттыру бойынша бірқатар тапсырма берілді.

Осыдан 10 жылдай бұрын «Самұрық-Қазына» қорын құрарда Елбасы басты мақсат ел байлығын еселейтін, жоғары технологиялы әрі тиімді компания құру екенін ескерткен.

Алик Айдарбаев, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

- 9 айда «ҚазМұнайГаз» барлық бағыт бойынша қарқынды өсім көрсетіп отыр. Мұнай мен газ конденсатын, газ өндіру, мұнайды тасымалдау және өңдеуден түскен пайда өткен жылмен салыстырғанда анағұрлым жоғары. Ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ Елбасыға Сарыарқа газ құбырының құрылысы жөнінде есеп берілді. Жыл соңына дейін газ құбырын тексеру жұмыстары аяқталуы тиіс. Мен Елбасыға екі ірі мұнай-газ химиялық-инвестициялық жоба жөнінде есеп бердім.

Ғалымжан Пірматов, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы:

- Тура бір жыл бұрын Елбасы бізге «Қазатомпромның» акцияларын АХҚО-ның биржасында сатуды бастап берді. Қазір инвесторларға компанияның 18,8% тиесілі. Бір жыл ішінде кәсіпорынның құны 3-тен 3,5 млрд теңгеге артты. Қиын нарықтық жағдайға қарамастан «Қазатомөнеркәсіп» әлемдегі ең ірі уран өндіруші компанияның бірі болып табылады.

Трендке айналатын трансформация термині ұлттық қор активтерінің құнын еселеп жатыр. Елбасының көктемдегі жиында берген тапсырмалары жүйелі орындалып келеді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- За короткое время, как вы заметили, руководству новому удалось решить системные вопросы, особенно сокращение долгов группы Фонда, в целом. Производственные показатели имеют положительную динамику, как мы сейчас заметили. И это важно сохранить до конца. Финансы. В прошлом году Фонду удалось на 88% увеличить объём чистой прибыли к уровню 2017 года. В этом году наблюдаем рост ещё на 40%. За 9 месяцев показатели выше годового показателя прошлого года. Хорошая динамика. Системно занимаетесь сокращением административных расходов и других неэффективных затрат. Это все оценивается положительно.

Алғашқы рейсін 6 ай бұрын әуе кеңістігіне шығарған «FlyArystan» компаниясының адымы жаман емес. Әзірге олар еліміз бойынша алты қалаға қатынайды. Компания жарты жыл ішінде жарты млн жолаушы тасымалдап үлгерді. Ал 2022 жылға қарай 4 млн-ға жеткізуді көздейді. Тек Қазақстанда ғана емес, ТМД мен Орталық Азия шаһарларына да рейс ашу жоспары бар. Құны арзан әрі қауіпсіз әуе қатынасын қалыптастыруды Елбасы тапсырған болатын.

Питер Фостер, «Air Astana» әуе компаниясының басшысы:

- Өткен жылдың 2 қарашасында Елбасы тиімді, арзан әуе компаниясын ашу туралы тапсырма берген еді. 1 мамырда әуе компаниясы алғашқы рейсін орындады. Алғашқы 5-6 айдың қорытындысы бойынша бұл бастаманың нәтижелері күткенімізден асып түсті деп айта аламыз. Қазір орташа тариф 13 мың теңге, яғни 33 долларды құрайды. Біз арнайы зерттеулер жүргізіп, өзге елдердегі тарифтермен салыстырдық. Біздің тарифтер ең арзан. «FlyArystan» рейстеріне сұраныс жоғары. Өткен аптада әуе компания 500 мыңыншы жолаушысын тасымалдады. «FlyArystan» қазақстандық авиация нарығын әлемдегі ең жылдам дамып келе жатқан нарыққа айналдырды. Қазір әуе компанияда 3 ұшақ бар. Келесі жылы ұшақтар саны 10-ға жетеді деп жоспарланған.

Қордың қаржылай табысы 268 млрд теңгеге жеткен. Бұл өткен жылдан екі есе көп екен. Президент осы қарқыннан таймауды тапсырды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- Работа «Самрук-Казына», его прибыль и деньги абсолютно прозрачны, и все используется на благо народа. Поэтому нам, как совету по управлению фондом, так и совету директоров, надо провести планомерную работу по повышению доверия. Наши граждане должны понимать, что все это принадлежит Казахстану и его народу.

Қордың басты міндеті – активтерді көбейту, табысты арттыру және ұлттық компанияларды дамыту. Қор активтерінің экономикамыз үшін стратегиялық маңызы бар. Бүгінде бюджетке түсетін барлық салық түсімінің шамамен 10% қор компаниялар тобына тиесілі.

Авторы: Шынар Асанқызы