Хабар телеарнасы

Қызылорда облысында газ турбиналық электр станциясы іске қосылды

Қуат өндіруші кешеннің ашылуы мұнай кеніштері мен газ құбырларын толық электрлендіріп, автоматтандыруға мүмкіндік беріп отыр. Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов: «Электр станциясының ашылуы – 120 жылдық тарихы бар қазақ мұнай өнеркәсібіндегі айтулы оқиға», – деп бағалады.

Батыс Тұзкөл кен орнындағы газ турбиналық электростанциясының қосылуымен бұрынғыдай ілеспе газ бостан-босқа жағылмай, терең өңделеді. Кешен жобалаушысы мен тапсырыс беруші – «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясы. Бас мердігер «ТрансАзияКонстракшн» серіктестігі құны 9 млрд теңгеден астам жобаны мерзімінде бітірді.

Болат Көшербаев, «ПККР» АҚ вице-президенті:

- Әр ұңғыма төңірегінде дизельді электр станциясы тұр. Олардың бәрінен құтыламыз, босатамыз. Жұмсалған қаржының бәрін мекеменің басқа жағына, халықтың жағдайын көтеруге жұмсауға көп мүмкіншілік береді.

Электр станциясында өндірілетін қуат көлемінің барлығы кеніш қажеттілігіне жұмсалады. Кен орнындағы ұңғымаларды электр тоғымен толық қамтамасыз етудің арқасында қара алтынмен қатар ілеспе газды өңдеу көлемі арта түседі.

Серік Қонақбаев, «SSM-OIL» ЖШС экономикалық байланыстар жөніндегі директоры:

- Газ турбиналық қондырғының іске қосылуы біздің компанияны жоғары өнімділікке жеткізіп, дамуына үлкен серпін береді деген сенімдемін. Біз жуық арада көмірсутек шикізатын шетелге экспорттауға лицензия алуды жоспарлап отырмыз.

Аймақ басшысы Қуанышбек Ысқақов барша сала мамандарын жаңа жобаның жүзеге асырылуымен құттықтап, үздік энергетик, мұнайшыларды алғыс хатпен марапаттады. Сондай-ақ кен орнындағы жұмысшылардың жағдайымен танысып, жатын орын, асхана, өрт сөндіру депосын аралап көрді.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Айтмұхамбет Бәйділдаев