Хабар телеарнасы

Ұлттық ядролық орталық өткен жылды табыспен қортындылады

Соның бірі Токиода өткен халықаралық ядролық жобалар жиынында мәлім болғандай, біздің ғалымдар жұмысына «Азиядағы ең үздік зерттеу орталығы» деген баға берілді. Ал тышқан жылы қазақстандық материалтану ТОКАМАК қондырғысында термоядролық синтезге бағытталған маңызды жобалар жүзеге аса бастайды.

Ұлттық ядролық орталық мамандарының 22 жылдан бері тер төгіп келе жатқан ірі жобасының бірі – ТОКАМАК қондырғысы. Өткен жылғы қарашаның 20-сы күні қондырғыны физикалық іске қосудың екінші және соңғы кезеңінің талаптарын қанағаттандыратын плазмалық разряд алынды. Сынаққа сутегі қолданылған. Бұл – Қазақстанның әлемдегі ғылыми-техникалық әлеуеті жоғары алпауыт мемлекеттермен терезесі теңелді деген сөз.

Бауыржан Шектібаев, ҚР ҰЯО термоядролық зерттеулер бөлімінің жетекшісі:

- ТОКАМАК қондырғысы біз сияқты жас ғалымдардың ізденіп, отандық термоядролық синтез саласын терең зерттеуге үлкен мүмкіндіктер беріп отыр. Болашақта мұнда магистрлік, докторлық еңбектер қорғалып, еліміздің атомды бейбіт мақсатқа қолданудағы жетістіктерін еселей түсеріне сенім мол.

Осылайша қазақстандық материалтану токамагын салу жобасы аяқталып, жаңа кезең омдық жұмыс режимінде разрядтың жобалық параметрлеріне шығару кезеңі басталды. Яғни термоядролық синтезге бағытталған технологияларды игеруге жол ашылды деген сөз.

Эрлан Батырбеков, ҚР ҰЯО бас директоры:

- 2019 жыл сөзсіз ҰЯО тарихында ең бір айтулы жыл болды деуге әбден болады. Көптеген жобамыз жүзеге сәтті асып, қаржылай табыстарымыз да молая түсті. Әлемде теңдесі жоқ ТОКАМАК қондырғысын екінші мәрте іске қосуымыз отандық ғылым үшін зор жетістік!

Қазірдің өзінде қазақстандық ТОКАМАК-ты бірлесіп пайдалану жөнінде ТМД-ның 6 мемлекетімен келісімге қол қойылған. Ал Испания, Италия және Ұлыбритания елдері ынтымақтаса жұмыс істеуге ниетті.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы