Хабар телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абайдың туғанына 175 жыл толуына арналған мақаласы жарық көрді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетінің бүгінгі санында жарық көрген «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында осылай деді. Президент Абай сөзінің бүгінгі замандағы өзектілігі, ақын шығармаларынан халқымыз қандай тағылым алуы тиіс екендігі жөнінде ойын білдірген. Мақала «Ұлттық болмыстың үлгісі», «Мемлекет ісінің мүдделесі», «Жаңа қоғамның жанашыры», «Әлемдік мәдениеттің тұлғасы», «Торқалы тойдың тағылымы» сынды бірнеше бөлімнен тұрады.

«Ақын ел-жұртын түрлі өнерді игеруге үгіттеді. Соның бәрі уақыттың талабы екенін ол анық аңғарып, ұлтына ертерек үн қатты. Тіпті қазір айтып жүрген интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алды деуге болады. Ұлы ойшыл әр сөзімен ұлттың өресін өсіруді көздеді. Сондықтан Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн. Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы. Осыған орай, Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет», – деп жазды Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Абай қазақтың әр баласын ұлтжанды азамат етіп тәрбиелеуге шақырғанын атап өткен Президент ақынның мұрасы – парасатты патриотизмнің мектебі, елдікті қадірлеудің негізі екенін, сондықтан азаматтарымыздың көзі ашық болсын десек, Абайды оқудан, ақын өлеңін жаттаудан жалықпаған жөн екенін атап өтті. «Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек. Ұлы ақын ұлтының кемшілігін қатты сынаса да, тек бір ғана ойды – қазағын, халқын төрге жетелеуді мақсат тұтты», – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.