Хабар телеарнасы

Қостанай облысында әлсіз интернет ұстаздар жұмысына қолбайлау болып отыр

Мысалы, Арқалық қаласының мектептері ғаламтор желісімен толық қамтылғанымен, сапасы көңіл көншіптейді. Соның салдарынан ұстаздар электронды күнделік толтыруға біршама уақыт жоғалтады екен. Тіпті бір пәнді толтыру үшін ұстаздар сағаттап отыратын көрінеді. 

Арқалық қаласында 26 мектеп бар. Соның барлығына интернет желісі тартылған. Алайда оның жылдамдығы мардымсыз.

Гүлбану Қарабаева, мұғалім:

- Қайта-қайта «қате» деп шыға береді. Сосын біз бетті жаңартамыз. Бір сыныптың бағасын қою үшін көп уақыт жоғалтамыз. Кейде қайта жазуға тура келеді.

Арқалықтағы Кейкі батыр атындағы №4 мектеп үздіктердің санатында. Ғимараттың әр қабатында Wi-Fi құрылғысы орнатылған. Соның өзінде де мұндағы интернеттің жылдамдығы баяу.

Гүлнұр Мақсұтжанова, оқушы:

- Кей кезде уақыт тапшы болып қалады. Кей ақпаратты көріп үлгермей қаламыз. Интернет желісінің жылдамдығы жоғары болғанда жақсы болар еді.

Нұрсұлтан Қалтай, информатика пәнінің мұғалімі:

- Бізде бір нүктеде 4 мб/сек деп тұр. Бірақ оны басқа құрылғылар арқылы қолданған кезде, жылдамдық азаяды. Кейде жылдамдығы 1 мб-ке толмай қалады.

Мұндай мәселе бар екендігінен Білім басқармасындағылар да, қала басшылары да хабардар. Олар: «Мектептерді интернетпен толық қамту жағын жақын арада шешеміз», – деп отыр.

Есламбек Мәметеков, Арқалық қалалық білім бөлімінің басшысы:

- Мәселені шешеміз. Біз бюджеттік сұраным бердік. Бізге облыстық Білім басқармасынан қаражат бөлінді. Осыған байланысты біз алдағы уақытта 100% шығамыз.

Ал ресми мәліметке сүйенсек, облыс бойынша орта білім ордаларының 91% кең жолақты интернетке ие. Алдағы оқу жылына дейін 100% толық қамтылмақ. Бұл мақсатқа бюджеттен 160 млн теңге бөлініп отыр.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг