Хабар телеарнасы

Қостанай облысындағы мектеп заңсыз сатылып кеткен

Жаңа иесі оны бұзып алмақшы. Бес жыл бойы қаңырап, бос тұрған ғимараттың тағдырын шенділер осылай шешіпті. Бірақ ауыл тұрғындары мектепті бұздырмаймыз деп отыр.

Ахмет Байтұрсыновтың атын иеленген бұл мектеп 1993 жылы салынған. Бала санының азаюына байланысты бастауышқа айналып, осыдан бес жыл бұрын жабылған. Биыл ғимарат 19 млн теңгеге бағаланып, аукциондық саудаға шығарылыпты. Бірақ мұндай қаржыға өтпеген соң құны төмендеп, Арқалық қаласының тұрғынына 4,5 млн теңгеге сатылған.

Жаңыл Батырғалиқызы, Мирный ауылының тұрғыны:

- «Мектепті бұзамын» деген соң қарсылық білдірдік. Сатып алған ағаздарын көрсеттті. Содан әкімдікке, прокуратураға бардық, сотқа бердік.

Білім бөлімінің басшысы: «Мұндай қадамға амалсыз бардық», – дейді. Бес жыл бойы бос ғимаратты ұстау тиімсіз екен. Есесіне осыдан сегіз жыл бұрын мектепті жабу туралы тұрғындар өздері бастамашы болған. Мұның бәрін қолдағы құжат қағаздарда ақ-қарасымен көрсетілген.

Есламбек Мәметеков, Арқалық қалалық білім бөлімінің басшысы:

- Бүгінгі таңға дейін мектепке 12 млн теңгедей ақша жұмсадық. Төрт күзетші болды. Құлап жатқан ғимаратты әрі қарай ұстай беретін болсақ, біріншіден, бюджетке шығын келтіреміз. Өйткені 12 млн деген 5 жылда үлкен шығын. Сондықтан біз әкімшілікпен келісіп, мектепті сатуға қойдық.

Тұрғындар сатылым туралы ешкім ескертпегенін айтады. Соның кесірінен олар саудаға қатыса алмаған.

Есламбек Мәметеков, Арқалық қалалық білім бөлімінің басшысы:

- Аукционды жариялаймыз. Оны тығып, ешкім сата алмайды. Ол порталға шығады. Сол жерден кез келген адам көре алады.

Жеңісбек Дәуғарин, кәсіпкер:

- Аукцион кезінде алдық. Ауылдың тұрғындары оны біледі. Алты адам қатысты. Соның ішінен сатып алдық.

Қазір Мирный ауылында екі оқушы бар. Оның бірі Арқалық қаласында, енді бірі көрші ауылда оқиды екен.

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

- Жергілікті шаруалар қосылып, сол 4,5 млн теңгеге мектепті сатып алмақшы болған. Ғимаратты қайтарып, ауылға балалы отбасыларды тартып, білім ұясын қайта ашпақ еді. Жаңа иесі де бағасына келіссе, ғимаратты кері қайтаруға қарсы емес еді. Бірақ сатып аламын деген тұрғындар кейін хабар-ошарсыз кеткен.

Тұрғындар қалай да мектепті бұзғызбауға қарсы. Адвокат жалдап, сауданың заңсыздығын дәлелдеуге тырысады. Кейін ғимаратты өз меншіктеріне алуды көздейді.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров