Хабар телеарнасы

Маңғыстауға Ақмола облысынан 10 вагон арпа жеткізілді

1 кәсіпкерге 100 қаптан артық сатылмайды. Құны нарықтағы бағадан 20 теңге арзан. Десе де шаруалар бұл бағаны қымбат көріп отыр. Маңғыстауда қуаңшылық салдарынан соңғы 3 айда 1 мың 400 бас мал қырылған болатын. Жергілікті шаруалар шығынға батып, қолындағы төрт түлігін арзанға сатуға шығарды.

Биылғы қуаңшылық Ырзабек Атшыбаевқа ауыр соқты. Жер бусанған наурызда малдары көтерем болып, қозы-лақтары өлі туылған. Қаужаңдаған 200 шақты төрт түлігі жұтаң топырақты жалап, қу тақырдан тіске басар таппаған. Енді малы ашығып, арам өлеме деп алаңдайды.

Ырзабек Атшыбаев, шаруа қожалығының иесі:

- Жағдай қиын. 2-3 жылда жауын-шашын болмаған соң, жердің ешқандай мүмкіншілігі жоқ. Шөп өспей жатыр. Бүйте берсе, бағып отқан малдан айырылып қалатын түріміз бар.

Шаруалардың айтары бір. Соңғы 3 жылда жаңбыр жаумай, далада төрт түлікке талғажау болатын шөп шықпады. Салдарынан мал азығын қымбатқа сатып алуға мәжбүр. Мәселені шешу үшін облыс қазынасынан 200 млн теңге бөлініп, жедел штаб құрылған болатын. Әзірге атқамінерлер уәде еткендей, 10 вагон арпа жеткізілді. 620 тонна арпаның 1 келісі 92 теңгеден сатылуда. Ал аймақтағы арпаның орташа бағасы – 112 теңге. Алайда шаруалар бағаны әлі де арзандатса деп отыр.

Қуанғазы Тұрақбаев, кәсіпкер:

- Мына келіп жатқан 2 вагон арпа аздық қылады. Қазірдің өзінде міне 100 қап алып отырмыз. Мысалы, 100 қап маған 40 күнге жетеді. Бағасы 92 теңгеден болғанмен, кішкене жоғары болып тұр. Одан да төмен болса, жақсы болар еді.

54 млн теңге қаражатқа алынған арпа 4 аудан мен Жаңаөзен қаласының шаруаларына тең бөлінді. Бір кәсіпкерге 100 қаптан артық сатылмайды. «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының мәліметінше, облысқа келесі айда тағы 1 мың 96 тонна арпа жеткізілмек.

Амантай Жарылғапов, «Каспий» ӘКК бас маманы:

- Мынау бастамасы. Осы 637 тоннаны бүкіл халыққа таратқаннан кейін бұдан түскен қаражатқа 1 096 тоннасын келесі айда алдырамыз. Әр аудан бойынша 2 вагоннан бөлінді. Жаңаөзенге, Түпқарағанға, Мұнайлыға, Маңғыстау ауданына 2 вагон.

Сондай-ақ келесі айдан бастап жыл соңына дейін өңірдегі бес ауданға 2200 тонна мал азығы сатып алынбақ. Ақтөбе облысының Алға, Байғанин, Мәртөк, Мұғалжар, Қобда, Темір аудандары басшыларымен келісіп жасалып, уақытша жайылымдық жер алынды.

Авторлары: Әйгерім Ашықбаева, Саламат Бекбаев