Хабар телеарнасы

ШҚО-дағы жаңа үйлер сапасыз салынған

Өткен қыста ғана көшіп кірген үйлерінің қабырғасы көгеріп, еденінен суық үрлеп әбден әбігерге түскен. «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша салынған баспаналардың құрылысы мүлдем сапасыз жүргізілген екен. Сондықтан жергілікті әкімдік, сот арқылы мердігер компанияны келесі жылдың мамыр айына дейін барлық кем-кетіктерді жоюға міндеттеп отыр. 

Кіре салғаннан бастап міне көгерген енді суық түскеннен кейін қайта көгеріп келе жатыр. Сағыныш Солтанбековаға бұл үй өткен қыста берілген. Содан бері шұрық-тесігін бітеумен жүр. Бір жерін жөндесе, мен мұндалап екінші жері шығады. Қабырғалар жарылып, қайта-қайта көгеріп жатыр. Еденінен жер үрлейтіні тағы бар. «Үкімет көпбалалы аналар үшін осындай кең, жарық үй салыңдар деп жағдай жасап отыр. Ал мердігер компаниялардың жауапсыздығы сол қамқорлықты «жуып-шайып», аяқ асты етті»,— деп ашынады Сағыныш.

Сағыныш Солтанбекова, Зайсан қаласының тұрғыны: 
-Бірақ енді сол мемлекеттің бөлген дүниесін дұрыс пайдаланбаған сол мердігерлер,мердігерлердің арқасында Үкімет жаман болып отыр. Ең бастысы сол стена, төбе, едені ғой. Басқа жерін бәрін көпбалалы ана болсын, кім болсын өз үйіміз болғаннан кейін біртіндеп,ақырындап өзіміз реттеп жөндеп алар едік.

Сағыныштың көршісі Әсемгүлде де осыған ұқсас жағдай. Кешке дейін көгерген жермен алысып, терезеден сорғалаған суды сүртумен уақыты өтеді. Айтуынша, бар гәп төбенің жұқалығында.

Әсемгүл Емелбаева, Зайсан қаласының тұрғыны: 
- Төбесі өте жұқа. Мердігерлер шыдай тұрыңыз, қажетті материалды әкеліп өзіміз істеп береміз деді.

Істеп бермеске шара жоқ,мердігер компанияда. Өйткені тұрғындардың наразылығынан соң, жергілікті әкімдік құрылысқа жауапты мекемеге қатысты сотқа арыз түсірді.

Данияр Серіков, Зайсан ауданы ТҮКШ бөлімінің басшысы:
-Қазіргі уақытта сот процесі жүргізілуде,қазіргі таңда мердігер компания осы ақауларды жөндеу жұмыстарын бастады. Негізі келесі жылдың мамырына дейін белгіленген мерзімдері осы белгіленген мерзімге дейін жауапкершілікті өзіне алып отыр.

Сонымен «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасымен сапасыз салынған отыздан астам үйге қазірден бастап ұсақ-түйек реттеу жұмыстары басталды. Ал күн жылына сала, төбе, еден сынды күрделі тұстары жөнделеді. Бұның барлығын жергілікті әкімдік қатаң бақылауда ұстаймыз деп отыр.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов