Хабар телеарнасы

Еліміз бойынша 17 ауыл қала мәртебесін алуы мүмкін

12 қыркүйекте «Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасына» өзгеріс енгізу жобасы жарияланды. Құжатта көрсетілген тізімде Маңғыстаудың Бейнеу ауылы, Түркістан өңіріндегі Қарабұлақ және Алматы облысына қарасты Ұзынағаш ауылы бар.

Бейнеу — еліміз бойынша халық саны ең көп ауылдардың бірі. Қазір мұнда 55 мыңдай адам тұрады. 1973 жылы аудан болып құрылған елді мекен тоғыз жолдың торабында тұр. Ежелгі «Жібек жолы» өткен Бейнеудің әлеуеті тәуелсіздік жылдары қарқынды дамып, еліміздің Орта Азияға шығатын қақпасы атанды. Қала мәртебесін алған жағдайда жаңадан әлеуметтік нысандар салынады. Өндіріс орындарын құру үшін инвесторларды көптеп тартуға мүмкіндік болады.

Ақмоншақ Баужанова, Маңғыстау облысының құрметті азаматы:
-Әр жағы Өзбекстан, Қарақалпақстанмен шектеседі. Қуғын-сүргін кезінде кеткен халық әлі де келіп жатыр, келе береді де. Көшуге дайын отырған халық көп. Басқа елмен шекаралас Бейнеу қала болған уақытта еркін экономикалық аумағын ашып, жұмыс жасауға мүмкіндік болар еді деп ойлаймын. Халықтың жағдайын жақсартуға да оң әсерін тигізеді.

Қарабұлаққа қала мәртебесі беріле ме? Түркістан облысының Қарабұлақ ауылында адам саны ресми түрде 58 мыңнан асты. Тұрғындардың негізгі табыс көзі — ауыл шаруашылығы. Төрт түлікті семіртіп, жылына 11 мың тоннадан аса ет өнімін ел аумағында саудалап келеді. Соның нәтижесінде өңдеуші кәсіпорындар салына бастады. «Қарабұлаққа қала мәртебесі берілсе инженерлік-инфрақұрылым жақсарып әрі кәсіпкерлікті одан әрі дамытуға мүмкіндік туар еді»,— дейді жергілікті халық.

Ал сарапшылардың пайымдауынша, экономиканы әртараптандыру үшін шағын қалаларды дамытуға басымдық берудің маңызы зор.

Сәкен Мәжінбеков, саясаттанушы:
-Қала статусын алып жатса біріншіден ол жердегі мәдени-ұлттық идеологиялық мәселенің артуы қала деген статусы болғаннан кейін. Екіншісі бизнестің жандануы. Сонымен қатар ұтатын жағы бұл жерге қаржының бөліну мәселесі. Моно қалаларды дамыту бағдарламасы бар.

Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, 17 ірі елді мекеннің мәртебесін өзгерту кезең-кезеңімен жүзеге асады. Құжат 26 қыркүйекке дейін ел ішінде көпшілік талқыланады.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Нұрсұлтан Мұхамеджан, Саламат Бекбаев