Хабар телеарнасы

Нарынқол ауданы – омарта ісімен айналысуға қолайлы мекен

Алматы облысының Нарынқол ауданы омарта ісімен айналысуға өте қолайлы мекен. Таулы жерде сан алуан дәрілік шөптер мен гүлдер өседі. Қанатбек Мүсірәлі бал өндіріп, араның ерекше түрлерін ұстайды. Бұл іспен шұғылданып жатқанына 2 жыл болды. Омарташылықтың қыр-сырын одан әрі танып білгісі келеді. 

Қанатбек Мүсірәлі көп жыл ата кәсіппен айналысты. 50 еңсеріп, жасы ұлғайғанда мал бағу қиынға түскен. Сол сәтте інісінің омарташылық кәсібін бастаңыз деген ақыл-кеңесін алды. Алатаудың Нарынқолға жалғасқан тау сілемдері мен Сарыжаз жазығында небір дәрілік өсімдік шығады. Табиғат берген байлықтан бал өндіруді үйренді.

Қанатбек Мүсірәлі, омарташы:
- Ғылымда да және пәниде де діниде де былай айтады екен. «Ара жер шарынан жоғалып кетсе, адамзат төрт жылда жоғалып кетеді»,- дейді. Ал енді өсімдіктердің 85% ара арқылы шаңдасады, будандасады, тозаңданады. Анадан-анадан сол арқылы гүл ашады. Осындай ерекшеліктері бар. 

Ерекше кәсіпті меңгерген еңбек адамы Қанатбек Мүсірәлінің бал аралары туралы айтары көп. Әр күн сайын жаңа ақпарат алып, таным көкжиегін кеңейтіп отыруға әуестігі артқан. Туған бауыры Тұрғанбекпен бірге «карпатка» бал арасын асырайды. Бұл аралар өз бетінше ешкімді шақпайтын жәндік. Таулы өңірде өмір сүретін араның бал өндіру қуаты мол.

Қанатбек Мүсірәлі, омарташы:
- Аллаға шүкір, жақсы. Жаман деуге келмейді. Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей»,- дейді. Еңбектенудің арқасында тиісті өзімізге Алланың берген ырзығын алып жатырмыз. 

Тұрғанбек Қойекеұлы, омарташы: 
- «Карпатка» деген жолақтары сәл ірі болады. Мыналар сияқты ірі . Одан кейін бал тарту қуаты жоғары. Бұлар негізі табиғи таудың , таудағы бөлініп шыққан аралар ғой осы. Таудан жиналған. Жабайы арадан бой сындырған. «Мынау балды жақсы тартады. Одан кейін бұның балының сапасы дәрілік рөлі өте жоғары болады». 

Өз ісін оншақты омартамен бастаған шаруа «Әр кәсіпкер бал арасы сынды адал еңбек етуі керек»,- дейді. 1 грамм бал беру үшін араның жүздеген шөпке қонып, бірнеше шақырым жерді шарлауы мүмкін. Бір айда бір омартадағы мыңдаған ара 50 келіден астам бал жинайды.

Авторлары: Алмас Садуақас, Аят Дүйсембаев, Аманжол Жөнкешов