Хабар телеарнасы

Сарапшылар: әкімдердің жауапкершілігі артады

5 қарашада Қазақстанда аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерінің сайлауы өтеді. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы хабарлағаны белгілі. Ал оның ережесі қандай? Ауыл әкімдерінің сайлауынан нендей айырмашылығы бар? Сараптама орталығынан тілшіміз Дамир Берікұлы сөз алады.

Дамир Берікұлы, тілші: 
- Бұған дейін ауыл әкімдерін сайлаған қазақстандықтар енді аудан әкімдерін де өздері сайлайды. Бұл – Президенттің Жолдауда айтқаны әрі елдегі саяси реформалардың бір бөлігі. Ал саяси науқанның ережесі әдеттегідей. Кандидаттарды тіркеу 15 қыркүйекте басталды. Ол сайлау күніне бір ай қалғанда аяқталады. Аудан әкімдері мен облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау елімізде алғаш рет өткізілмек. Орталық сайлау комиссиясы берген мәліметке сүйенсек, саяси науқан 3 қала мен 42 ауданды қамтиды. Ал үміткерлер саяси партиялардан және өзін-өзі ұсыну арқылы тіркеле алады. Өзін-өзі ұсынған азаматтар сайлауға түсіп отырған аумақтағы тіркелген сайлаушылардың жалпы санының кемінде 1% қолдауын жинауы қажет және 350 мың теңге көлемінде жарна төлейді. Бір орынға ең азы 2 кандидаттан тіркелуі міндет. Одан кем болса, «Сайлау туралы» заңға сәйкес аумақтық сайлау комиссиясы кандидаттарды ұсыну мерзімін ұзартуға құқылы немесе бір облыс әкімі кандидатты ұсына алады.

Ал кандидаттарға қойылатын талаптар қандай? Үміткер ең алдымен жасы 25 асқан Қазақстан Республикасының азаматы болуы тиіс. Сондай-ақ жекелеген мемлекеттік саяси лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптарына да сәйкес келуі міндет. Бірақ мемлекеттік қызметте жұмыс тәжіри­бесінің болуы талап етілмейді. Бастысы – кемінде 5 жыл жұмыс өтілі болуы шарт. Ал оның ішінде қызметкерлерінің саны кемін­де 50 адам болатын ұжымды кемінде 2 жыл басқарғаны ескеріледі.

Ал жаңа әкім 4 жыл мерзімге сайланады. Бір адам қатарынан екі рет сайлана алмайды. Яғни өкілеттілігі аяқталған соң қайта сайлануына жол жоқ. Ең қызығы – әкім өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамаған жағ­дай­да жергілікті мәслихат депутаттары облыс әкіміне шағымдана алады. Тіпті оны қызметтен босату жайлы ұсыныс жасауға да құқылы. Мұның барлығы елде саяси бәсекелестікті дамытуға және халықтың саяси белсенділігін арттыруға бағыт­тал­ған шаралар. Сарапшылар бұл өзгерістер әкімдердің де жауапкершілігін күшейтінін айтады.

Қуаныш Сайлау, саяси сарапшы:
- Тікелей сайлау, жанама сайлаудан айырмашылығы – әкімнің кімге жауап беретіні. Яғни бұрында ол өзінің үгіт-насихат жұмыстарын тек қана сол мәслихат депутаттарына өткізсе, осы жолы ол тек қана мәслихат депутаттарына емес, сайлаушылардың көңілін өзіне аударып, осылайша қолдау жинап, дауыс беруге шақыртуы керек. Яғни ол ертең осы лауазымға ие болса, ол ең біріншіден, осы кісілердің алдына қойған бағдарламасын, қандай да болсын ұсынылған ұсыныстарын, бәрінің жауапкершілігі мәлихатқа емес, халыққа болады.

Дамир Берікұлы, тілші: 
- «Сондай-ақ сарапшылар бұл сайлау халықтың билікке деген сенімін одан әрі арттыра түседі», - дейді. Естеріңізде болса, былтырдан бері Қазақстанда ауыл әкімдерінің сайлауы өтіп келеді. Жыл соңына дейін 200 жуық ауылда халық өзі қалап, сайлап алған су жаңа әкім жұмыс істейді. Бұл барлық ауылдық округтердің 10%. Салыстырма ретінде айта кетейін, бұл жолы бүкіл аудан әкімдерінің төрттен бірі ауысады. Келесі жылы тағы 25% халық өзі сайламақ. Дәл осындай ретпен 2025 жылы барлық аудан әкімі толық жаңарады. Ал елімізде қазір 186 аудан бар. Келешекте жергілікті халық облыс әкімдерін де өздері таңдайтын болады. Бұл да Президенттің пәрмені.