Хабар телеарнасы

Павлодар облысында жылқы қырылып жатыр

Павлодар облысында жылқы малының неден қырылғаны белгісіз. Осыдан үш күн бұрын Максимовка ауылынан 47 жануардың өлексесі табылған. Мал дәрігерлері өлген малдан алынған сынаманы зертханалық сараптамаға жіберді. Дегенмен улануы мүмкін деген алдын ала болжам жасалды. Өйткені 400 жуық тарта ауыл жылқысы қарабидай алқабында жайылған екен. Биыл қуаңшылық салдарынан егін шықпай қалған.

Қырда шөп жоқ. Сондықтан есептен шығарылған алқаптарға мал жаюға рұқсат беріліпті. «Ал серіктестік өкілдері жер өңдеуге химиялық тыңайтқыштар қолданбадық»,- дейді. Аман қалған жануарлар ветеринарлық бақылауға алынды. 

Рашид Нұрбеков, облыстың бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторы: 
- Материалдар облыстық зертханаға жіберілді. Бізде жылқы малы әлдебір нәрседен улануы мүмкін деген күдік бар. Жануарлар дірілдеп жүре алмай қалған.

Әмір Әбілғазинов, ветеринарлық фельдшер: 
- Біз жылқылардың нақты неден қырылғанын білмейміз. Сондықтан инфекция таралмас үшін ор қазып, өлекселердің бәрін бір жерге жинап, жанармай құйып, өртедік. Қалдығын көміп тастадық. Өйткені басқаша жою мүмкін емес.