Хабар телеарнасы

«Сақтық сөмкесіне» не салу керек?

Дәрі-дәрмек, ысқырық, қолшам... Жер сілкінгенде ала шығатын «Сақтық сөмкесіне» не салу керек? Зілзала болған жағдайда қарапайым ережелер өміріңізді сақтап қалуы мүмкін. Айтпай келетін апатқа қаншалықты дайынбыз? 

Алматылық Жанар Амантай Жапонияда білім алған. Сейсмикалық қауіпті белдеуде орналасқан елде тұрақтап көрген ол, төтенше жағдайда өзін қалай ұстайтынын жақсы біледі. «Өйткені жапондықтар шетел азаматтарының өзіне қарапайым ғана қауіпсіздік ережелерін тәптіштеп түсіндіреді»,— дейді. Түндегі жер сілкінісін сезген. Десе де, үрейге бой алдырмағанын айтады.

Жанар Амантай, қала тұрғыны: 
-Бізді Жапонияда жер сілкінісі болады дегенде дайындайтын. «Жалғыз болғанда қорықпаңдар» деп арнайы орындарға апарып, 7-8 баллға дейін өзімізді сезіндіруді үйретті. Газ, ток, суды сөндіру керек. Мен видеодан көрдім, көбі сатымен түсіп шығып жатты. Жер сілкінгенде саты мен жеделсатыны қолдануға болмайды.

Алматыдағы жер сілкінісі кезінде жұртшылықтың көбі сақтық шараларынан бейхабар екендігі байқалды. Абдырап қалған, кей адам жеделсатымен түскен.

Мамандар кез келген төтенше жағдайға қажетті заттардың тізімін атады. Яғни сөмкеңізде дәрі-дәрмек, жылы киім, құжат және бірнеше күнге жететін су, консерві болуы тиіс. Жәй телефон да керек. Оның қуаты ұзаққа жетеді, әрі қолшам ретінде қолдануға болады. Ең бастысы ысқырықты ұмытпаңыз. Ол көмек шақыруға таптырмайтын құрал. Мұндай қарапайым қағидаларды әр адамның білгені жөн. Сондай-ақ мамандар жер сілкінісі кезінде жанар-жағар май бекетіне бару да қауіпті дейді.

Бекболат Бұлабаев, Алматы қаласы ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы:
-Үрейге салынбау керек, үрейге салынбау үшін өзінің іс-әрекетін нақты білу керек. Ол үшін өзіңіздің алдын ала жер сілкінісі болмай жатып, қай жер қауіпті, қай жер қауіпсіз екенін белгілеп қою керек. Үйдің ішінде, мысалы, қауіпті орындар ол жиһаздың қасы, терезенің тұсы, лифті қолдану ол да қауіпті болып саналады. Баспалдақты қолдану өте қауіпті.

Зілзала кезінде ең әуелі сабырлық сақтау маңызды. Мамандар жоғарыда тұрған ауыр заттарды төмен түсіріп қоюға кеңес береді. Сондай-ақ үйдегі қауіпсіз тұстарды балаларға алдын ала айтып қойған дұрыс. Дүмпуді сезген бетте сіз үшін қауіпсіз жер — үйдің бұрышы.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы