Хабар телеарнасы

Алматыда бүлінген ғимараттар тексеріліп жатыр

Алматыдағы жер сілкінісінен кейін тұрғындар бүлінген үйлері мен ғимараттардың видеосын әлеуметтік желіге әлі жүктеп жатыр. Қабырғасына сызат түскен нысандардың арасында Наталия Сац атындағы балалар мен жасөспірімдер театры да бар. «Ғимаратқа күрделі техникалық тексеру керек. Қала әкімдігі бұл мәселені дереу қолға алмаса, театр күшті дүмпуге шыдамауы мүмкін»,— дейді өнер ұжымының басшылығы.

Бұл «Орбита -3» ықшам ауданындағы 11-үй. Зейнеткер Гүлсағат Ысқақова 4-қабатта тұрады. «Жер сілкінгенде үй теңселіп кетті»,— дейді. Түпкі бөлме мен асханадағы қабырғасының әрі түсіп, сызат пайда болған.

Гүлсағат Ысқақова, қала тұрғыны:
-Жер сілкінісі болғанда ана жердің штукатуркасы түсіп жатыр . Үйде болдық. Шай ішіп отырдым. Тартпа, ыдыс-аяқ қимылдады. 

Көпқабатты үй 1970 жылы салыныпты. Тұрғындардың айтуынша, содан бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Инженерлік жүйелері де жаңартылмаған. Ал зілзаладан кейін кіреберістегі қабырға ажыраған.

Қабырғадағы жырық кеңейіп кеткендіктен ішкі есік, не ашылмайды, не жабылмай қалды. Кешегі дүмпуден кейін еденде мынадай сызат пайда болды. Тұрғындар бетонның жертөлеге түсіп кетуінен қауіптенеді.

Ал Сәтбаев көшесіндегі 18-үйдің шатырымен өтетін су құбыры жарылды. Су төртінші қабаттағы пәтерге аққан. Пәтер иесі апаттық құтқару қызметін шақырады. Мамандар суды тоқтатқан соң, бүлінген құбырды дәнекерлеу жұмысы бастады.

Азамат Бекмолдаев, апаттық құтқару қызметкері:
-Темір жарылып кеткен, жер сілкінісі болғанда жұлып алған ғой. Бітіреміз ғой 1 сағат, жарты сағатта.

Жер сілкінісінен мәдени нысандар да зардап шекті. Наталия Сац атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының жағдайы жабырқаулы десек артық айтпағандық. 1980 жылы салынған ғимараттың қабырғалары бүлініп жатыр. Зілзала кезінде адамдарға қорған болады деген қабырғалардың өзіне сызат түсті. Төменгі қабаттағы жағдай да мәз емес. Ескі құбырдан су тамшылайды. Нысанға күрделі сараптамалық зерттеу жасау керек. Жалпы кешегі жер сілкінісінен мектеп пен балабақша, студенттер жатақханалары да бүлінген. Қазір әр ауданда нысандардың зақымдануын анықтайтын жұмыс топтары құрылған.

Еркебұлан Сембаев, қалалық урбанистика және жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары:
-Сол қорытындының нәтижесінде қайсысы қауіпті, қауіпті еместігі туралы анықталады. Сосын барып ол әлеуметтік ғимараттар болатын болса, мемлекеттік бюджеттің есебінен қаражаттар бөлінеді. Ал жеке сектордағы ғимараттар болса, оны қосымша тағы сараптаманың нәтижесі арқылы қорытынды бере аламыз.

Бүлінген нысанның нақты саны әзірге белгісіз. Урбанистика басқармасының дерегінше, зақымданған ғимараттардың тірек конструкциялары бұзылмапты. Тек сылақ, кафель және қасбетті әрлеу сияқты материалдары ажырап түскен. Айта кетсек, бұған дейін 23 қаңтарда болған жер сілкінісі салдарынан 200-ге жуық ғимаратқа нұқсан келген еді.

Авторлары: А. Садуақас, С. Бейсекенов