Хабар телеарнасы

Киіз үй шығаратын Қостанайдағы жалғыз кәсіпорын биыл өндірісті кеңейтпек

Сән-салтанаты келіскен этноөнімге шетелдіктер тарапынан қызығушылық бар. «Баба мұрасын жаңаша стильмен үйлестірсек, оның тартымдылығы арта түспек», – дейді мамандар.

Цехтан енді шыққан кезекті он екі қанатты ақ боз үйдің шаңырағы көтерілді. Стандартқа сай жасалған жабдықтарын құрастырудың еш қиындығы жоқ. Бар жасауын малындырып, құрап шығуға әрі кетсе бір сағат уақыт жоғалтасың. Ал енді оның керек-жарақ бұйымдарын дайындауға кемі екі-үш апта кетеді. Әр киіз үйдің пішіні көлеміне байланысты ағашты кесіп, жонып, қиыстыру аса дәлдікті қажет етеді.

Азат Жайсанов, ағаш шебері:
-Арнайы ағашын таңдау болады. Сосын қалыпқа саламыз. Кептіріледі. Бір-біріне жалғап, осылай шеңбер қылып шығарамыз. Содай кейін әшекейлеу басталады. Оюлары бар, бұрыштарын алу. Он екі қанатты үйдің шаңырағын істеу үшін екі-үш аптаның көлемінде уақыт кетеді.

Киіз үйдің керегесіне кей кездері қарағай мен терек қолданылады. Ал уық пен шаңырақ міндетті түрде қайыңнан жасалады. Бұрын бабаларымыз уықты отқа, шоққа қыздырып иетін. Қазіргі кезде технологияның дамыған кезеңінде бұны арнайы қондырғыда бір-екі минуттың ішінде қажетті қалыпқа келтіруге болады.

Ағаштардың қасиетіне байланысты оларды бояудың өзіне бап керек. Ал бұл тұста тігін цехында киіз үйдің жасаулары тігіліп жатады. Он жылдан астам этнодизайнер болып істейтін Лариса Ягудинаға бұл бұйымдар таңсық емес. Ісмер жанның қолынан шыққан сырмақ, желбау, басқұрылар көз тартар сәнділігімен ерекше.

Лариса Ягудина, тігін цехының дизайнері:
-Мәдениет, тарихқа қатысты әдебиетті оқимыз. Бұрынғы қолөнер туындыларын зерттеп, қарап жүреміз. Соларды негізге ала отырып, бұйымдарға заманға сай жаңаша сипат беруге тырысамыз. Яғни ою-өрнек жасау дәстүрін бүгінгі технологияға бейімдейміз.

Бұл кәсіпорын жылына бар жабдығымен 100 киіз үй шығаруға қауқарлы. Алты қанаттыдан бастап, хан ордасы саналатын 24 қанатты ақ боз үйді құрап бере алады. Қазір этноөнімге Қазақстаннан тыс, шетелден де сұраныс бар.

Айдар Бейсенбаев, кәсіпкер:
-Қазаннан жігіттер келеміз деп жатыр, алдын-ала сөйлесіп қойдық. Бізге заказ береміз деді. Дайындалып жатырмыз. Олар үлкен этноауыл жасаймыз деді. Мынау Татарстанда. Жігіттермен қазір келіссөз жүріп жатыр. Соларға келісеміз дей ойлаймын. Оларға да жасаймыз.

Бұл кәсіпорын ағаш өңдейтін, бұйымдар тігетін бірнеше өндіріс ошақтарынан тұрады. Биыл олардың қатарын киіз басатын тағы бір цех толықтырмақ.

Авторлары: Мағауия Қалиев. Сергей Трахтенберг