Хабар телеарнасы

Су шайып кеткен үйлерге қанша қаржы бөлінеді? – министр жауап берді

Өңірлерде су тасқынына байланысты авариялық-құтқару жұмыстары жалғасуда. Бүгінге дейін 15 мың адам құтқарылды. Оның ішінде 6 мыңнан астамы кәмелеттік жасқа толмағандар. Қазіргі уақытта уақытша орналастыру пункттерінде 4  мың адам орналстырылған. Ал апат қаупі әлі қайтқан жоқ. Осы аптада тіпті екінші толқыны болуы мүмкін. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды.  

Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:
- Жағдайдың дәл бүгінгідей болғанын ешкім қалаған жоқ. Дегенмен болуы мүмкін екені осыдан үш ай бұрын ескертіліпті. Қазгидромет сол хабарламасында тіпті аймақтарды да атап көрсеткен екен.

Ол Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Қарағанды, Абай және Шығыс Қазақстан облыстары. Синоптиктер наурыз айында дабыл қағып бастаған. 100-ден астам дауылды ескерту жасапты. Апаттың ауқымына қарағанда тыңдайтын құлақ болмаған сияқты. Жергілікті жерлерде 20 төтенше жағдай жарияланды. Халық қар суымен әлі арпалысып әлекке түсіп жатыр.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Көріп отырғанымыздай, мемлекеттік органдар су тасқынының нақты қаупін жете бағалай алмады. Біз жұмысты барынша күшейтуге тиіспіз. Орын алған қателіктерден сабақ алып, жұмысты жаңадан тиімді етіп ұйымдастыру қажет. Тез арада апаттан келген шығын көлемін бағалап, зардап шеккен адамдарға материалдық көмек көрсетуге кіріссін. Зардап шеккендердің ешқайсысы назардан тыс қалмайды. Бәріне көмек берілетін болады.

Алдын ала болжам бойынша 1,5 мың үйді су басқан. Олардың орнына салынатын ауданы 80 шаршы метрлік бір баспананың құны 22 млн теңге болуы мүмкін. Қаражат жергілікті және республикалық бюджет есебінен бөлінеді.

Қанат Шарлапаев, Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
- Оның бір шаршы метрі 281 мың теңгені құрады. Үйлерді жаңадан тұрғызу керек болады, осы қаражатты жұмсаймыз.  Жергілікті атқарушы билік бүкіл ақпаратты жинасын. Одан кейін тиісті қаражат бөлінеді. Қазір бір үйдің бағасы 22 млн теңге болуы мүмкін. Осындай баға бекіттік.

Бүлінген өзге мүлік пен суға кеткен төрт түліктің қалай бағаланатыны әзірге белгісіз. Ресми мәлімет: «Адам шығыны жоқ», - дейді. Бірақ кеше Абай облысында төртінші адамның суға кеткені расталды.

Ал су тасқынының алдын алуға және онымен күресуге шамамен 3 млрд теңге қарастырлыпты. Қаражат көлемі тағы артуы мүмкін. Үкімет енді бұлай шығындалмаудың жолын іздеді. Жаңа жоспар 2029 жылға дейінгі кезеңді қамтымақ.

Нұрлан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:
- Бүгінгі күні 20 су қойманы салуды жоспарлап отырмыз. Одан бөлек 15 гидротехникалық нысанды қайта жөндеуді қарастырып жатырмыз. Осы жұмыстардың арқасында 134 елді мекенді су басу қаупін төмендетуге мүмкіншілік береді.

Бұл алдағы уақыттың шаруасы. Дәл қазір апат ауқымының бұдан әрі артуына жол бермеу маңызды. Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында күрделі жағдай сақталуда.

Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:
- Қазгидромет болса су тасқынының екінші кезеңі болады деп болжап отыр. Ол осы аптаның ішінде орын алуы мүмкін. Үкімет басшысы салалық министрлерге су тасқынына жол бермеу үшін  жан-жақты шаралар қабылдауды тапсырды.