Хабар телеарнасы

Су тасқыны басталғалы 7 адам қайтыс болды

Қазір әрбір оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатыр. Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев Сенат қабырғасында берген сұхбатында осылай деді. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше тілсіз жаудан осы уақытқа дейін 117 мыңнан астам адам құтқарылып, қауіпсіз жерге көшірілді. Оның 44 мыңы бала. 7 мыңға жуық адам уақытша орналастыру бекеттерін паналап отыр.

Солтүстік Қазақстан облысында Сергеев су қоймасындағы су деңгейі тағы көтерілді. Бөгет үстімен асып жатқан ағыс деңгейі 2 метр 81 сантимтерге жетті. Енді онсыз да ернеуінен шыққан Есіл қайта тасуы мүмкін. Ал өзеннің қала маңындағы арнасы біртіндеп төмендеп келе жатқан еді. Қазір Петропавл мен Бескөл ауылы арасындағы су едәуір тартылып, көлік қатынасы жанданды. Жалпы бүгінгі күні облыс бойынша 3,5 мыңға жуық үй суда тұр. Табиғи апаттан зардап шеккен адамдар эвакуациялық пунктерге жайғастырылған. Оларға гуманитарлық көмек көрсетіліп жатыр.

Кирил Иванников, облыстық ТЖД басқармасының бастығы:
-Сергеев су қоймасы екінші рет шарықтау шегіне жеткеннен кейін Есіл өзенінің ағысы 7–10 күнде Қызылжар ауданы мен Петропавлға жетеді. Бірақ қазіргідей алапат болмайды.

Ал Ақтөбе облысында 2,5 мыңға жуық үйді су басып, жүздеген баспана бұзылған. Қала мен 6 ауданда төтенше жағдай жарияланды. Тасқыннан зардап шеккен аймақтарда залалды қалпына келтіру жұмыстары басталып кетті. Осы уақытқа дейін 143 млн теңге төленді. Арнайы құрылған комиссия өкілдері күніне 140 тұрғынның мәселесін зерделейді.

Гүлбағда Көбеева, облыс әкімінің баспасөз хатшысы:
-Бүгінгі күнге дейін арнайы комиссияға 2953 құжат қабылданды. Оның басым бөлігі қаралып болды. Одан кейін тәуелсіз бағалау жүргізілді. Соның қорытындысы негізінде тиісті төлемдер жүргізіліп жатыр. Бүгінгі 18 сәуірге ақпарат бойынша 69 отбасына 143 млн теңгеден астам төлем жүргізілді.

Су басқан аймақтардағы ауызсу сапасы да назардан тыс қалмайды. Мәселен, Қостанай облысында эпидемиологиялық жағдайды бақылау күшейтілді. Мамандар күн сайын топырақ пен судағы қауіпті инфекциялардың қоздырғыштарын анықтау мақсатында тексеріс жүргізуде. Әсіресе өзендер мен орталық су жүйелері ерекше бақылауда. Бүгінге дейін жеті жүзге жуық сынама алынды. Зерттеу қорытындысы бойынша бактериологиялық көрсеткіштер қалыпты. Дегенмен тасқын жүрген аудандар мен қалаларда су зарарсыздандырылады.

Бауыржан Баймұхаметов, санитариялық–эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары
-Талдау қорытындысы бойынша біз орташа жылдық статистиканы ескереміз. Барлығы қалыпты шекте. Кішкене ауытқулар бар. Бірақ эпидемиялық тұрғыдан су қауіпсіз. Қазір суда аздаған лай бар. Ол су тасқынына байланысты жұқпалы аурулардың таралуын болдырмау мақсатында су жүйелерінде хлорлау жүргізіледі.

Ал Каспийдың тартылуына жол бермеу үшін Жайықтың теңізге құяр сағасы тереңдетіліп жатыр. Бұл аймаққа келген нөпір суды еш кедергісіз теңізге жіберуге мүмкіндік береді. Соңғы 20 жылда Жайық өзені тасымағандықтан, сағасы біраз бекітілген. Сондықтан бүгін жұмыс қызу. Тереңдігі 40-50 см шамасындағы арнаны 1,6 метрге дейін қазады. Бұл жұмысқа 12 адам мен 4 техника жұмылдырылды.

Авторы: Дана Әлиева